• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Мамыр, 20:38:29
Алматы
+35°

10 Тамыз, 2018 Әлеумет

«Қазконтент» АҚ директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры Константин Горожанкиннің Facebook әлеуметтік желісінде қазақ ұлты туралы жазған пікірі қызу талқыланып жатыр. Ол 6 тамызда Түркістан облысы, Абай ауылында зорланған 7 жастағы баланың ісіне қатысты жазылған жазбаның астында пікір қалдырған.

«Мәселе генде. 19 ғасырда Қазақстанда саяхаттаған саяхатшылардың жазбасында жергілікті тұрғындар малмен жыныстық қатынасқа түсетіні және гомосексуализм туралы жиі айтылды» деп жазған.

Жазба

Желі қолданушылары оны бүтін бір қазақ ұлтының намысына тигенін айтып, жазба авторын жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Заңгер Руслан Түсіпбектің айтуынша, Горожанкинді жауапқа тарту үшін оның үстінен арыз түсіру керек. Заңгер қазір қоғам белсенділермен ақылдасып, 1-3 күннің ішінде Горожанкиннің үстінен арыз жазу мәселесін шешетінін айтады.

Руслан Түсіпбеков

- Константин Горожанкинді ҚР Қылмыстық кодекстің 174 бабы бойынша жауапқа тартуға болады. Егер оның кінәсі дәлелденсе, ол 3, 5 немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оны 3 жылға дейін бас бостандығынан айыра отырып, қылмыстық айыппұл да салуы әбден мүмкін.

Бұл тұста мәселе оны абақтыға отырғызу емес, сол бап бойынша оны жауапқа тарту. Сот оны міндетті түрде соттайды деп айта алмаймын. Сот қандай шешім шығаратыны белгісіз. Біздің міндетіміз арыз жазып, оны қылмыстық жауапқа тарту, ал соңғы үкімді сот шешеді, дейді заңгер. 

Айта кетейік, Константин Горожанкиннің жазған пікірі қоғамдық талқылауға ұласып, халық арасында наразылық тудырғаннан кейін, ол  Facebook парақшасы арқылы халықтан кешірім сұрады. Онда өкінетінін және зорлау, педофилдерге қатысты мәселені түсіндіргісі келгенін айтқан.  

«Менің жазбама ренжігендердің барлығынан кешірім сұраймын. Біреуді ренжіту ойымда болған жоқ. Әсіресе ұлты бойынша, деп жазыпты Горожанкин.

Константин Горожанкин қызмет ететін «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Евгений Кочетов қызметкерінің әрекетіне қатысты пікір білдірді. Онда Константин Горожанкиннің жазбасы компанияның ұстанымын білдірмейтінін жазыпты.

Жазба

«Ардақты ағайындар, Константин Горожанкиннің пікірі оның жеке көзқарасы, бұл – Qazcontent компаниясының ұстанымын білдірмейді. 
Қазіргі уақытта бүкіл мән-жай анықталуда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сай әрекет жасайтын боламыз» дейді Евгений Кочетов.

Сарапшы Руслан Түсіпбеков «Қазконтент» компаниясы мемлекеттің ақшасына «күн көріп», мемлекеттік идеологиямен айналысып отырғандықтан, өз қызметкерлерінің әрекетіне жауап беруі тиіс» деген ойда.

- Евгений Кочетов қандай шара қолданады, мәселе сонда. Ол Горожанкинді жұмыстан шығару керек.  Кочетовтің жекесіне жаздым, бір тәулік өтті, ешқандай жауап жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін де желіде қазақ ұлтының намысына тиетін жазба қалдырған бірнеше жағдайлар болды. Қазақтарға тіл тигізуіне жол берілуін әркім әртүрлі топшылайды. Бірі мұны қазақтардың жуастығынан десе, енді бірі заңның әлсіздігінен деген пікірде. Руслан Түсіпбековтың бұл туралы өз пікірі бар.

- Оның екі себебі бар. Ресейдің әсері және ұлттық идеологияның дұрыс жұмыс істемеуі. Ресейдің жүргізіп отырған сыртқы саясаты халықтың көз алдында. Мәселен, Украина, Қырым мәселесі. Путиннің әрбір айтқан сөзі Қазақстанда бейбіт, тыныш жүрген этникалық орыстарға әсер ететін болу керек.

Екіншіден, біздің идеологиялық жағдайдың мүшкіл екендігінде. Әр әкімшіліктің идеология бөлімі бар. Алайда олардың жұмысы мәз емес сияқты. Қауіпсіздік қызметі саясатқа келгенде жақсы жұмыс істейді. Ал мәселе идеологияға тірелгенде неге осалдық танытатынын түсінбеймін. Идеология деген біз үшін ең өзекті әрі күрделі мәселе ғой. Қазақ халқына, тәуелсіздігіне қарсы шығу, сепаратистік мәндегі пікір білдіру дұрыс емес. Біздің құзыретті органдар мұндай жағдайларды қадағалап, бірден қарсылық таныту керек.

Сарапшы кім де кім ұлтқа біреудің тіл тигізгеніне куә болса қызу қандылыққа салынбай, заң аясында ғана әрекет ету керек екенін ескертеді.

- Бірден арыз жазып, құзыретті органдарға шағымдану керек. Ұлттық қауіпсіздік қызметі, прокуратура, сот, ішкі істер министрлігі бар. Мәселе кейде әкімшілік, кейде қылмыстық істің шеңберінде шешіледі. Оларға заңсыз жауап берсек, олар да заң шеңберінен шығып жауап беруге құқылы. Мен пікір жазғанның өзінде Горожанкин секілділерге «сіз» деп жазамын. Жеке басына тиіспеймін. Мәдениетті түрде, әдептен озбаймын. Олар өздері түсінеді, олар да біздің азаматтарымыз.

Руслан Түсіпбеков халық сотқа сенім білдіргені жөн деген ойда.

- Халықтың көбі «Қазақстанда заң орындалмайды. Барлығын жемқорлық жайлап алған» деген пікірде. Десек те, ешкімді менсінбей, «мықты» болып жүргендер өз ісі үшін соттың алдында жауап беруге келгенде өзгеріп кетеді. Сол уақытта соттың құдіретін сезінесің.

Бүкіл ұлттың шамбайына тиетін сөздерді ашық түрде, ашық дереккөздерді «айқайлатып» жазуы мәселенің қаншалықты ушыққанынан хабар береді. Бұған дейін де жеке адамның емес, бүкіл халықтың, ұлттың намысына тигендер «заң», «сот», «жаза», «шара» секілді сөздерді естігеннен кейін, бірден есін жиып, түрлі себептерді айтып, сылтауратады. Жеке парақшасына белгісіз біреу бұзып кіріп, пікір қалдырғанын айтып, кешірім сұрап құтылып кетеді. Барлығы ұмытылады. Көп уақыт өтпей екіншісі қазақтарды қорлайды. Халық тағы шу етеді де, басылады. Мұндай жағдай қайталанбауы үшін мәселенің ақ, қарасын, нақты кімнің жергілікті ұлтқа тіл тигізгенін анықтап, заңды белшесінен басқандарды ҚР Қылмыстық кодексінде көрсетілген бап бойынша жауапқа тарту қажет. Бұл өзгелерге де сабақ болады. Себебі ұлттың намысына тию – заңды бұзу. Ал заңды бұзғандар әркез жауапқа тартылуы тиіс.

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір