• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 23:05:38
Алматы
+35°

06 Қазан, 2018 NEWS

Қасымов мырза! Полиция ұрыны тапты. Ал 133 бас малды кім табады?

Бүгінде мал ұрлығы қоғамдық проблемаға айналып кеткен

Мал шаруашылығы – қазақтың ежелгі заманнан бері жалғасып келе жатқан күн көріс кәсібі. Бүгін де қаланың қарбалас өмірінен, көпшіліктен жырақта отырып мал шаруашылығын кәсіп еткен азаматтар аз емес. Алайда барымташылық қазіргі таңда көбеймесе, азаяр түрі жоқ. Тіпті, бүгінде мал ұрлығы қоғамдық проблемаға айналып кеткен тәрізді. Әсіресе, ауыл-аймақтарда көп орын алатын бұл қылмыстың көбісі жабулы күйінде қалған, бірі айтса, бірі «құдайдың бізге берген сынағы болар, бұйырмаған мал екен» деп жылы жауып қоя салады. Ал жүзден аса мал басы ұрланса, қайтпек керек? Тіпті, ойлаудың өзі қорқынышты. Күн демей, түн демей күзетіп, бағып, бірнеше жыл бойы сарп еткен еңбегің бір түнде зая кеткені қандай жаман. Өкініштісі, мұндай жағдайлар қоғамда көптеп орын алып жатыр. Осындай мәселемен Qamshy.kz редакциясына Бейсенбек Болатбекұлы есімді азамат хабарласқан болатын.

Мал ұрлығы

Белгілі болғандай, бұл азаматтың 133 бас қойын қыркүйектің 16-нан 17-не қараған түні ұрлап кеткен. Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты «Төрегелді» мал шаруашылығында қызмет ететін Бейсенбек Болатбекұлының айтуынша, ұрланған малдың 30 шақты басы өзінікі болса, қалған 100 бас қой өзгелердікі екен, ал оның 70 басы бір адамға тиесілі.

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі оқиға орнына барып, жапа шеккен азамат пен құзырлы органдармен сөйлесіп қайтқан болатын.

«Үш жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып жүрмін. Бұл уақытқа дейін де мал ұрлығы көп болды, бірі табылса, бірі табылмай қала берді. Ал бұл жолы 130 бас қой мен 3 ешкімді ұрлап кетіпті.

Оқиға 16-нан 17-не қараған түні орын алған. Олар қорамнан 300 басқа жуық малды айдап шығып, трасса жаққа апарып тиеген. Айдап бара жатқан жолда 70-80 бас бөлініп қалған, камаздың қасына алып барғаннан кейін жүзден аса малды тиеп, қалған 50 шақты қой мен 20 шақты ешкі қалып кеткен. Таңертең үйден шықсам, қораның қасында 80-дей мал жүр екен, қораға кіргізіп санаған кезімде 180-нен аса мал басы кем болып шықты. Төңіректі қарап іздеп жүріпғ тағы 70 шақты малды тауып алдым. Қалған малды іздеп таппадым, трассаға жақын жерден қойдың және адамның іздерін көрдім, сонымен қатар жеңіл көлік пен камаздың да іздері болды. Сөйтсем, 130 бас қой мен 3 ешкіні тиеп алып кеткен екен», - дейді Бейсенбек Болатбекұлы.

Мал ұрлығы

Мал ұрлығы

Мал ұрлығы

Ол мал ұрланғанын білгеннен кейін дереу 102-ге хабарласқанын айтты.

«Полицияға хабарласқаннан кейін бір топ тергеушілер келіп, арыз жаздырып алып кетті. Бірақ келген тергеушілер жан-жақты түбегейлі қарап, көршілерге барып ешнәрсе сұраған жоқ. «Бір хабар болса, айтамыз» деді де кетті. Арада бірнеше күн өткеннен кейін де еш хабар болмады. Таныстарымызға хабарласып, жан-жаққа айтып, қылмыстың басы ашылғанын қаладық. Мұндай қылмыстың құрбаны болып отырған адамдар бүгінде көп, сондықтан да бұл мәселені қоғам білсе екен дейміз. Себебі, бүгінде мал ұрлығы өршіп тұр», - деп айтып өтті жапа шегуші.

Мал ұрлығы

Жамбыл ауданының Ішкі істер басқармасына барып, басқарма басшысымен тілшіміз кездесіп, істің мән-жайын білгісі келген еді, алайда «бастықтардың әдеті бойынша» орнында болмай шықты.

Бейсенбек Болатбекұлы аудандың Ішкі істер басқармасы мал ұрлығын зерттеу үшін Әлішер Нұрәлім есімді тергеушіні бекіткендігін айтқан болатын. Тергеушінің өзімен кездескенімен, тілші келгенін білген бойда «мен ешнәрсе де айтпаймын, тергеу жұмыстары құпия түрде жүргізіледі» деді де, кабинетіне кіріп кетті.

Иә, елемей өтіп кете салатын мәселе емес. Себебі, мал шаруашылығынан түсетін өнім – бұл кәсіппен айналысатындар үшін жалғыз тіршілік көзі. Аталмыш мәселеге байланысты ҚР ІІМ мен Алматы облысының ІІД-ге сұрау салған болатынбыз. Ресми сауалымызға «қылмыскерлер қолға түсті» деп бір қуантып қойды. Біреудің бірнеше жылдық еңбегін зая кетіріп, оңай жолмен олжаға кенелмек болған қылмыскерлер ұсталғанымен, жоғалған малдар әлі күнге дейін табылмапты.

«2018 жылғы 17  қыркүйекте Алматы облысының Жамбыл аудандық Ішкі істер басқармасына Б.Бейсенбек деген азаматтан ұсақ малының ұрланғандығы туралы арыз түсті.

Бұл факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша (ірі мөлшердегі ұрлық) тіркелді.

Аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен 3 адам ұсталды. Тергеу амалдарының нәтижелері бойынша оларға қатысты процестік шешім шығарылатын болады.

Қазіргі уақытта ұрланған малдардың қай жерлерге жасырылғанын анықтау мақсатында қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, аудан аумағында мал мен ет өнімдерін сататын орындарға рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Мал ұрлығын ашу және тергеу, осындай құқық бұзушылықтардың алдын-алу жөніндегі жұмыс Алматы облысының Ішкі істер департаментінің, сондай-ақ Министрлік басшылығының ұдайы бақылауында», - делінген ҚР ІІМ бізге берген жауабында.

Мал ұрлығы

Министрліктің бұл жауабынан кейін араға бір күн салып облыстық Ішкі істер департаментінің жауап хаты келіп түсті. Белгілі болғандай, қолға түскен қылмыскерлер 5 адам екен. Алғашында үшеуі ұсталса, кейіннен тағы екі қылмыскер қолға түсіпті.

«Бейсенбек Болатбек есімді азаматтың малдарын ұрлау фактісі Жамбыл ауданының полицейлері тарапынан ашылып, қылмыстық топ құрықталды. Топ құрамындағы 5 адам да Жамбыл облысы Қордай ауданының 28-36 жастағы тұрғындары болып шықты. Олар негізінен қой ұрлауды және оны өткізуді қолға алған екен. Аталған топтың оннан астам мал ұрлығы дерегіне қатысы бар екені әшкереленді. Оның алты дерегі Алматы облысы Жамбыл ауданында тіркелген. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», - дейді Департаменттің баспасөз қызметіндегілер.

Мал ұрлығы

Qamshy.kz редакциясы Алматы облысының әкіміне 25 қыркүйекте төмендегідей сауалдар жолдаған болатын:

1. Алматы облысында мал ұрлығы неге өршіп тұр?

2. Малы ұрланға азаматқа мемлекет, әкімият тарапынан қандай қолдау көрсетіледі? Қандай қолдау көрсеттіңіздер?

3. Бейсенбек Болатбектің ісі бойынша хабарыңыз бар ма?

4. Жамбыл аудандық әкімияты Бейсенбек Болатбекке қандай қолдау көрсетпек?

Арада 10 күн уақыт өтсе де, ресми сауалымызға жауап берілмеді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, тергеу жұмыстары құпия түрде жүргізілетін болғандықтан, қылмыскерлердің аты-жөнін білу мүмкін болмады.

Бұл іске қатысты жапа шегуші азамат өзінің көршісінен де аздап күдіктенетінін айтқан болатын. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми расталған жоқ.

«Жау сырттан келмейді ғой. Ірі көлемде ұрлық жасау үшін оның шаруасынан, тіршілігінен хабардар болу керек. Бір түнде білдірмей жүздеген малды айдап алып кету соншалықты оңай іс емес. Не де болса істің соңын күтеміз...» - дейді жапа шегушінің ағасы Дәулетбек Болатбек.

Мал ұрлығы

Ресми деректерге сәйкес, жыл басынан бері облыс көлемінде 906 мал ұрлығы тіркелген екен. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда шамамен 14 пайызға төмен. Тәртіп сақшылары ашылған деректер бойынша өзгенің малын ұрлау фактілеріне қатысы бар 308 тұлғаны анықтап, оларды жауапкершілікке тартуда.

Сонымен қатар, мал ұрлығының салдарынан облыс тұрғындарына 121 миллионнан астам теңге материалдық шығын келіп, оның 42 193 964 теңгесі өндіріліпті.

Ұры табылды, ұрланған мал әлі жоқ. Дегенмен жуық арада сүйінші хабар болып қалар деген үміттеміз.

"Төрегелді" мал шаруашылығы:

Мал ұрлығы

Мал ұрлығы

Мал ұрлығы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір