• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 06:29:10
Алматы
+35°

05 Қазан, 2018 Аймақтар

Маңғыстауда Қарақия ауданының 45 жылдығы тойланды

Құрылғанына 45 жыл болған Қарақия ауданында бүгінде 37 мыңға жуық тұрғын бар

Қарақия ауданының 45 жылдығына орай Құрық ауылында салтанатты жиын өтіп, бір топ еңбек ардагерлері, геолог-барлаушылар, осы ауданда көп жылдар басшылық еткен, ауданның құрылуы мен қалыптасуына атсалысқан азаматтар «Қарақия ауданының 45 жылдығы» мерекелік төсбелгімен марапатталды. Сонымен қатар бінеше азаматқа «Қарақия ауданының құрметті азаматы» атағы табысталды.

Марапат алғандар қатарында Төкен Жұмағұлов, Тұрсынғали Көшенұлы, Светқали Нұржан, Мырзатай Болат, Орын Құлсариев, Есен Күмісқали, Саламат Нұрұлы, Данияр Аралбаев, Асқар Рзаханов, Чапай Әбілов сынды елге танымал тұлғалар бар.

Құрылғанына 45 жыл болған Қарақия ауданында бүгінде 37 мыңға жуық тұрғын бар. Аудандағы 16 мектепте 7,5 мыңнан аса бала білім алып жатыр.

Ауданның құрылуына, қалыптасуына С.Қырымқұлов, Ө.Озғанбаев, Т. Көшенұлы атсалысса, Орын Құлсариев, Ақсұлу Құдабаева, Айгүл Қосанова, Лұқпан Жолдасов, Ақмарал Ерімбетова, Жоламан Көшкіновтер өнерімен құт мекен Қарақияны әлемге танытып жүр. Төрт түлік малдың жайын бір кісідей білетін, оны дамытуға үлес қосқан Қалпақ Наурызмағанбетов те осы ауданның азаматы. Қаламына тіл бітірген, өлең-сөздің марғасқалары Светқали Нұржан, Мырзатай Болат осы қасиетті топырақтан шыққан.

«Мәшһүр Жүсіп атамыз елінен адам шықпаған елді қатарға қоспайды екен. Бұл кісілер мақтауға мұқтаж емес. Бірақ осы топырақта туып, оның қасиетін бүкіл елге көрсетіп жүрген тұлғаларды өскелең ұрпақ біле жүрсін деген ниетпен аттарын атап отырмыз. Бұл қасиетті мекеннен әлі де талай азамат шығады деп сенеміз», — деген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов Қарақия ауданының танымал өкілдерінің атын атап, әрқайсысына өз алғысын жеткізді. Елге танымал ақын Мэлс Қосымбаев ауданның мерейтойына тарту ретінде өлең жолдарын арнады.

Сондай-ақ салтанатты шараға келген қонақтар Қарақия ауданының 45 жылдығына орай аудан кәсіпкерлері әзірлеген ұлттық өнімдер мен қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Ауданның 45 жылдығына арналған шаралар «Ынтымақ» алаңындағы мерекелік концертпен жалғасып, өңіріміз бен республикаға танымал өнер иелері көңілді кештің көрігін қыздырды.

Құрық ауылының орталық стадионында ауданның мерейтойына орай футбол сайысы өтті. Бұдан соң спорттық мерекеге қатысушылар қол күресінен сайысып, жүгіруден эстфета ұйымдастырылды. Сонымен қатар осы күні ауданның орталығы Құрық ауылында жаңадан салынған бірнеше нысан ашылып, пайдалануға берілді. Олардың қатарында кең спорттық зал мен мұражай да бар.

Естеріңізге сала кетейік, былтырдан бері аудан көлемінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жәдігер жерде қалмасын», «Музейге сый тарту» акциялары ұйымдастырылып, ел арасында елеусіз жатқан маңызы зор құнды жәдігерлерді жинақтаған болатын. Кешкісін Қарақия ауданының 45 жылдығын арналған салтанатты жиын өтіп, мерекеге орайластырылған шаралар гала концертпен аяқталды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір