• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

30 Сәуір, 08:30:31
Алматы
+35°

04 Тамыз, 2016 NEWS

Астанадан 200 шақырым жерде жеке мемлекет бар деп жазады «Время» газеті. Аумағы 27 мың гектар болатын жер учаскесін Роберт Шумахер есімді Германия азаматы 2009 жылдан бері иеленіп келеді. Неміс азаматының пайдалануындағы бұл жер ерекше күзетіліп, ұзындығы 67 километр болатын траншеямен қоршалған да көрінеді.

Жер заңнамаларын талқылау барысында қоғам белсенділері шетел азаматтары мен компанияларының Қазақстан азаматтығы жоқ болса да жер учаскелерін жалға алу мүмкіндігіне ие болып отырғаны көп айтылды. Р. Шумахер де сондай мүмкіндікті пайдаланған көрінеді. Алдымен ол «Ақ құлын» ЖШС –нің құрылтайшылары қатарында болып, кейін компанияны толықтай меншігіне алған. Ақмола облысы Қорғалжын ауданында тіркелген серіктестік әр жылдары 10, 49 жылға жер учаскелерін жалға алып келген. Бүгінде компанияның пайдалануына 27 мың гектар жер өтіп кеткен.

Астанадан 200 шақырым жердегі ен далада орын тепкен Р. Шумахер «мемлекетіне» жету де оңай еместігін жазады басылым. Сол ен даладағы жер учаскесіне Р. Шумахер мырза айнала транщея қазып, көлік кіретін шлагбаум қойған. Ол шлагбаумның ар жағы – шетел азаматының территориясы. Арнайы күзет қойылмағанына қарағанда учаскесін шетел азаматы тек «жеке меншік» көліне мал өтпесін деп қана қоршаған сияқты.

Сол жердегі «Өркендеу» ауылының тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысатындарын, аталған аумақты айналып өтуге тырысатынын, қоршау-траншеяға түн ішінде қаншама ірі қара түсіп кетіп, әуреге салғандарын айтады.

«Алып аймаққа он мыңдаған ірі қара жаюға болады. Шетелдіктердің ондай малы жоқ. Ал, біздің сиырларымыз бен жылқымызды мұнда кіргізбейді», - дейді олар.

Басылым тілшісі Р. Шумахер шаруашылығының меңгерушісі Ермек Көшеров деген азаматпен жолыққанын, оның 15-20 адамнын тұратын шаруашылыққа басшылық жасап отырғанын жазады. Е. Көшеров өзінің жер иесіне қатысты ештеңе білмейтінін, жұмыстарын істеп жатқанын, жалақыны уақытылы алатындарын ғана айтқан.

«Арал-мемлекет» орналасқан аумақ – Амангелді ауылдық округының орталығы Өркендеу ауылында 490 адам тұрады. Округ басшысы Мүбарак Болатбеков жердің шетелдік азаматқа жалға берілуі, сатылуы туралы шешімді жоғары басшылықтың шығаратынын, ауыл әкімінің құзыретіндегі мәселе еместігін айтқан.

Қорғалжын ауданының басшылары да Р. Шумахер пайдаланып отырған жердің болашақтағы тағдырына қатысты қандай да бір пікір білдіруден бас тартқан. Аудан әкімі Қайыр Рыскелдиновтың орынбасары Бауыржан Сембаев Р. Шумахерді танитындарын, оның аудандағы жалғыз шетел азаматы екенін жеткізгенімен, жеріне, оған тиесілі компанияға қатысты нақты ештеңе айтпаған.

Айдос Сарым, Үкімет жанындағы Жер комиссиясының мүшесі:

Біз бұл мәселеде көп дауластық. Шетелдіктерге жерді жалға беруге болмайтынын айтып жатырмыз. Бірақ, көріп отырғанымыздай, осы уақытқа дейін шетел азаматтары еш кедергісіз жерді жалға алып келді. Осы компания басшылары өздеріне қарсы рейдерлік шабуыл жасалып, ықпалды топтар бизнестерін алып қойғанына шағымданғанын естігенбіз. Ал, мына жағдайда біз мүлдем басқа мәселені көріп отырмыз. Компания жерін траншеямен қоршап, делимитация жасап қойыпты. Бізге шетелдік инвесторлар туралы айтқанда, жаңа технологияларды, озық техникаларды алға тартады. Ал. Біз мына жерде тек қазылған орды көріп отырмыз. Мен жақында өтетін комиссия отырысында вице-премьер Асқар Мырзахметовтің алдына осы мәселені қоюға дайынмын. Билік шетел азаматының қалай ЖШС-ға мүше болып, артынан толық иесі болып шыққанын, оның осыншама жерді қалай пайдаланып отырғанын түсіндірсін. Өйткені, компанияның жер учаскесін бұлай қоршауы «Мен осы жердің қожасымын. Не қаласам, соны істеймін» деп қыр көрсетуі сияқты.

Бізге жер реформасы осы салада тәртіп орнатады дейді. Бірақ, біз керісінше жердің шетелдіктерге беріліп қойғанын, олар ол жерді қалай болса солай пайдаланып жатқанын көріп отырмыз.

Дайындаған: Дархан Мұқантегі

Darkhan Muqantegi

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір