• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

09 Мамыр, 00:35:18
Алматы
+35°

23 Қазан, 2018 Әлем

8 қазанда болған оқиға Ресейде үлкен резонанс тудырды.  «Зенит» футбол клубының шабуылшысы Александр Кокорин, оның інісі Кирил Кокорин және «Краснодар»  футбол құрамасының жартылай қорғаушысы Павел Мамаев ресейлік екі шенеунік Денис Пак пен Сергей Гайсинді ұрып-соққаны үшін айыпталып отыр. Бұзақы футболшылардың тағы бір төбелеске қатысы бар екені анықталып отыр.

Оқиға былай болған. 8 қазанда Александр Кокорин мен оның інісі және Павел Мамаев ресейлік тележүргізуші Ольга Ушакованың көлік жүргізушісін ұрып-соққан. Бір топ жігіт пен жәбірленушінің арасында келіспеушілік туындайды. Кейін бұл төбелеспен аяқталады. Көлік жүргізушісі ауыр жарақаттармен ауруханаға түскен. Ольга Ушакова аталған іс бойынша полицияға арыз жазды. Дәрігерлердің айтуы бойынша, жәбірленушінің мұрны сынған және бастан ауыр жарақат алған.

Араға бір сағат салып бұзақы футболшылар тағы да шу шығарады.

Александр Кокорин мен Павел Мамаев жергілікті кафелердің бірінде ішімдік ішіп, әңгімелесіп отырған. Олардың жанында белгілі бір мәселелерді ақылдасып отырған ресейлік шенеунік Денис Пак пен Сергей Гайсин болған. Кейін шенділер жұмыстарына кедергі жасап отырған футболшыларға шуламай, тыныштық сақтауды сұраған. Бұл ішімдікке мас болған Кокориннің шамына тиіп кетсе керек, ол Денис Пактың ұлтына тіл тигізгенімен қоймай, үстелмен ұрып, балағаттаған. Бейнебақылауға түсіп қалған бұл жайт ресейлік БАҚ-тарда жарияланды. Кейін Мамаев Кокоринді тоқтатпақ болған.

Денис Пак аталмыш жайтты жайдан-жай қалдырмайтынын айтқан. Сонымен бірге сол күнгі төбелестерге Кокориннің інісі де қатысқан. Ресейлік шендінің айтуы бойынша, Павел Мамаевтың бұл жайтқа қатысы жоқ.

«Мен Мамаевтың маған қатысты балағат сөздерін естімедім. Оның бұл іске қатысы жоқ», -деп мәлімдеді Денис Пак. Бірақ Денис Александр Кокоринді кешірмейтінін айтты.

11 қазанда Мәскеудің қақ ортасында болған төбелеске қатысты қылмыстық іс қозғалып, Тверск аудандық соты 8 желтоқсанға дейін Кокорин мен Мамаевты тұтқындады. Қазір Александр Кокорин мен Павел Мамаев тергеу изоляторында отыр. Оларды 7 жыл бас бостандығынан айыруы мүмкін. Алайда сот шешім шығарғанға дейін тергеу изоляторында отырады. Тергеу изоляторының қызметкерлерінің айтуы бойынша, танымал футболшылар кезектесіп әжетхана жуып жүр. Бұл өздерінің қалауы екен. Сонымен бірге Александр Кокорин мен Павел Мамаев аталмыш жайтқа байланысты жәбірленушілерден кешірім сұрап үлгерген.

Кезектесіп әжетхана тазалап жүрген футболшылар спортзалды аңсап жүр. Бір күндік өмірлері мынандай: тез дайындалатын кеспе, ботқа, шай, теледидар, кітап. Шалқып өмір сүрген футболшылардың жаңа өмірі осылай өтіп жатыр. Сонымен бірге оларға ата-анасы, туған-туысымен хабарласып тұруға мүмкіндік берілген. 

"Таңертең ботқа жеймін. Келген бойда спортзалдың бар-жоғын сұраған едім. Күнделікті жаттығу үшін спортзалға барып тұруға рұқсат сұрап, өтініш те жазып қойдым. Маған көптеген хаттар келіп жатыр. Қазір сол хаттарға жауап беруге тырысып жатырмын. Бірін қалдырмай оқимын",-дейді "Зениттің" ойыншысы. 

Ал "Бутырка" түрмесінде спортзалды қолдану ақылы болып шықты. Футболшылар физикалық формасын жоғалпау үшін күніне 400 рубль төлеп, спортзалды қолдана алады. Сонымен бірге жаттығудан кейін душ қабылдауға рұқсат етілген. Негізі жазасын өтеушілер аптасына бір рет қана душты қолданады. Қазір екі футболшы да теледидары бар, барлық жағдай жасалған камерада отыр. Бірақ Кокорин теледидар қарағаннан гөрі кітап оқығанды жөн көреді екен.  

Сонымен қоса Рамзан Қадыров Александр Кокоринге өзінің "Ахмат" командасының ойыншысы болуына мүмкіндік беретінін айтып қолқа салыпты. Кокорин Рамзан Қадыровке қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. 

Бір айта кететіні, тергеу изоляторында артық қимыл-қозғалысқа шектеу қойылған. Бірақ белгілі бір ауыр жұмыстарды істеуге болады. 1 сағат серуенге рұқсат берілген, ал қалған 23 сағат бойы төрт қабырғаға қарап отырғаннан басқа амал жоқ.

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір