• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 06:18:36
Алматы
+35°

12 Ақпан, 2019 Экономика

Отандық өнімді Ресей мен Беларусьтің қақпанынан қалай алып шығамыз?

Ресейдің ашып кеткен қою айраны дүкендерімізде қаймақ деп сатылады. Қазақтың кілегейі мен Ресейдің қаймағын салыстыруға да келмейді.

Қазір біздің дүкендерімізде Ресей мен Беларустің сүт және сүт өнімдері самсап тұр. Қазақтың қаймағы Ресейдің айранына өкпелеп жүр. Себебі Ресейдің ашып кеткен қою айраны дүкендерімізде қаймақ деп сатылады. Қазақтың кілегейі мен Ресейдің қаймағын салыстыруға да келмейді. Майлылығы аз, сапасы төмен өнімдер қаптап кетті. Өзгелер осындай сапасыз өнімдерін бізге өткізу арқылы  мол табыс табады.  Ал біз экспортқа агроөнім түрлерінен ұн, ет, союға жарамды мал басын ғана шығарамыз. Қатық, құрт, қазы, қарта, қымыз, айран, шұбат деген өнімдерді молынан экспортқа шығара алмай жүрміз. «Бұған себеп – мемлекеттік агросаясаттың дұрыс қалыптаспауы» дейді мамандар.

Бұл ретте мал шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Макен Тойшыбековтың айтуынша, бізге шағын кластерлер құру көмекке келер еді.

«Шағын кластерлер құрылып, жан-жақты өнім өндіруге бет бұрылса, бұл аса қиындық туғызбас еді. Мысалы, жылқы өнімдерін өндіретін мемлекеттік шағын кластерлер құрылса, ол жерде жылқының еті мен қымызынан бастап, қазы-қарта, жал-жаясына дейін соңына дейін өңделіп, содан кейін ол өнімдер экспортқа жол тартса жақсы емес пе?! Сол тәрізді сүт және сүт өнімдері кластері құрылуы керек. Ол арада қаймақ, құрт, ірімшік өндірілсе... Әрине менің бұл ұсынысыма «ауылдың халқында мал басы аз. Олар қалай өнім өндіреді?» дейтіндер табылады.  Бірақ бұл арада асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар бар, ірі ет экспортымен  айналысатын отандық өндіріс орындары бар. Бұларға мемлекет арнайы қолдау білдіруі керек. Субсидиямен қамтып, дотация беруден бөлек, агроөнім өндірушілерге қаржыны өсімпұлсыз «каникулға» беріп,  бөліп-бөліп қайтарасың десе, бұл істен нәтиже шығаруға болар еді», - деді Макен Тойшыбеков.

Маман алға тартып отырғандай, мұндай бастамалар іргеміздегі қырғыз елінде, Өзбекстанда нәтижесін беріп келеді. «Қырғызстан қазірде сүт өндірушілерін қолдап, ет және сүт өнімдері соңғы өнімге дейін өңделіп экспортқа шыға бастады» дейді маман.

Экономист-ғалым Атамұрат Шәменовтың пайымдауынша, біз осы уақытқа дейін агросаясатымызда экспорттың көлемін ұлғайтып, одан пайда көру мақсатында   бірқатар шараларды атқардық. Агроөндірісті қолдау үшін бірнеше бағдарлама қабылдадық, жобаларды жасадық, «ауылдың экономикалық әлеуетін арттырамыз» деп «Ауыл жылын» жарияладық. Ауыл шаруаларына субсидия, дотация бөлу  жағын халықаралық талапқа сай еттік. Не керек, үкімет агроөнімдерімізді бәсекеге қабілетті етудің барлық шараларды қарастырып-ақ жатыр. Бірақ  «біздің осы бағытта ұстанған агросаясатымызда кемшін тұстар жетіп-артылады.  Біз ең негізгісі ауыл тұрғындары түсінетін агро-саясатты ұстанып отырған жоқпыз» дейді маман.  

«Бізде әр министр келген сайын бір реформа ұсынып ауылдың халқын дүбара етті. Мысалы, Асылжан Мамытбековтің кезінде «Агро-бизнес-2020» бағдарламасы қолға алынды. Қазір ол бағдарламаның өзі қайда, нәтижесі қайда?! Бұдан соң жайылымдық жер мәселесі көтерілді. Мал шаруашылығын оның ішінде мал суаруды жетілдіру үшін 4 мыңға жуық құдық қазу қолға алынды. Нәтижесінде құдықтар құрдымға кетті. Жұрт құдық қазғызып, ақыры мемлекеттен оның қайтарымды ақшасын ала алмай зар болды. Бұдан соң министр Асқар Мырзахметов келгенде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің басын біріктіру саясатын ұстанды. Жақсы ұстаным болатын. Республика бойынша 467 кооперативтер құрылып, олар 220 сүт қабылдау  және  103 мал сою пунктерінің, оған қоса 12 мың отбасылық мал бордақылау алаңдарының басын қоспақшы болған. Оның қорытындысы бойынша 135 мың жеке үй шаруашылықтары мен шаруа қожалықтары жұмыспен қамтылатын болған. Бірақ бұл да аяқсыз қалды. Ал қазір Өмірзақ Шөкеев мырза  бес жыл ішінде еңбек өнімділігі мен өңделген өнімдер экспортын 2,5 есе ұлғайту керек деген саясатты ұстанып отыр. Әрине, саясат жақсы. Нәтижесі оң болса тіптен дұрыс. Бірақ осындай реформалардың ауыса беретіндігі ауылдың халқын әрі-сәрі етті. Шындап келгенде ауылдағы жұртшылық біздің агросаясатты ұқпай жүр», - деді экономист-ғалым Атамұрат Шәменов.

Экономист-ғалымның пайымдауынша, бізге алдымен осы мәселені реттеп алу керек. Алдымен ауыл халқына ұғынықты саясатты ұстанып алып, ол реформа нәтижесін бергенде ғана келесі жаңашылдыққа ауысқан жөн. «Олай етпесек, біз ауылға арналған реформалар легінен шатасып кеттік» дейді ғалым.

 Мамандардың пайымдауынша, болашақта бізге агроөнімдерді экспорттауда, ұн мен еттің экспортына сүйене беру пайданы еселемейді. Бұл ретте мамандар «болашақта өзіміздің ішкі нарықты қамту үшін де, ұн қажет болады. Нан және нан өнімдерімен халықты қамту үшін экспортқа шектеу қоюға тура келеді. Сондықтан бізге ұнды өңдемей сыртқа шығара бергеннен, одан өнім өндіріп кептірілген кеспелер, макарон өнімдерін, салма, жаймаларды сыртқа шығарып үйренген абзал» дейді.

Сол тәрізді ет экспортына қатысты да сала мамандары шикі етті экспорттай бергеннен дайын өнімді өндіріп шығарғанның пайдасы барын алға тартып отыр.

Бұл ретте  экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов «Біз сыртқа ет өткіземіз. Ал өзімізде ет және ет өнімдерінің бағасы қымбат. Ұн экспорттаймыз, өзімізде ұннан шығарылатын өнімдер қымбат. Біз шетелден ет және ет өнімдерін тасымалдаймыз. Ресей, Беларус, Польша, Мексика, Канада елдерінен Қазақстанға енетін ет және ет өнімдерінің бағасы бізде аса қымбат. Біз отандық өнімдерімізбен ішкі нарықтың 80 пайызын қамтығанда  қазіргідей «отандық өнім импорттың татасында қалды» деп отырмайтын едік. Өкінішке қарай, қазір бізді импорт басып алды. Осыдан барып қымбатшылық та желкелеп тұр. Агросаясатты жетілдіруді ауылдан бастау керек. Кеңседе отырып алып агросаясат ұсынып, реформа жасаймын деу қисынсыз. Министр малдың жайын түсінбесе, мал шаруашылығы қалай дамиды? Одан өнім қалай алынады? Сондықтан жылы кеңседен шығып, ауылға қарай барып, бәрін көзбен көрмей реформа жасау қисынсыз. Егер агросаясатта жетістікке жетеміз десек, шикізаттан өнім өндіру формуласы дамуы керек. Ең соңғы өнім өндіріп, қазақы бренд қалыптасқанда ғана пайда еселеніп, түсім көбейетін болады. Сонда ғана біз Ресей мен Беларустің қақпанынан отандық өнімді құтқаратын боламыз. Ал олай етпсек, таяу үш жылда ішкі нарықты Ресей мен Беларусьтің өнімі жаулап алады. Сондықтан қазірден бастап сауатты қадамдар жасау керек»,- деді Жаңабай Алдабергенов.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір