• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 14:35:12
Алматы
+35°

09 Қаңтар, 2019 Саясат

АҚШ-та жағдай қиын болайын деп тұр. Басты мәселе­­ - Мексикамен арадағы қабырға. Бірақ демократтар бұл қабырғаның тұрғызылуына қарсы. Қазір АҚШ-тың Ауыл шаруашылығы, Әділет министрлігі, тіпті мемлекеттік департаменттің өзі 22 желтоқсаннан бері жұмысын тоқтатты. Өйткені қазынадан ақша бөлінген жоқ. Қазір конгресс Мексикамен арада қабырға салуға қарсылығын білдіріп жатыр. Ал Трамп айтқанынан қайтатын емес. Тіпті сайлауалды кампаниясында Дональд Трамп «Мексика шекарасында қабырға салуға уәде еткен». Міне, сол айтқанын орындатуға күш салуда. Бірақ оған қарсы күштер әлі де жеткілікті. Әсіресе, демократтар наразылығын білдіруде. Алайда, кеше АҚШ президенті Дональд Трамп америкалықтарға телеүндеу жасады.

­-Елдің қауіпсіздігін сақтау үшін Мексика қабырғасын тұрғызу керек. Онсыз болмайды. Елде қылмыс көбейді. Мұның барлығын Мексика арқылы келетін мигранттар жасап отыр. Сондықтан қандай жағдайға қарамастан демократтар бұл жағдайды түсінуі керек. Біз шекарамызды осылай қорғауымыз керек, -деді ол халыққа арнаған үндеуінде.

Ел қауіпсіздігі үшін Трамп демократтарға жеңілдік жасауға дайын екенін айтты. Сонда президенттің айтып отырғаны не? Рас, Трамп бұрын қабырғаны бетоннан тұрғызуға уәде берген. Енді оны арзанырақ болуы үшін металдан жасамақшы. Бұл енді бір-екі күнде шешіліп қалуы мүмкін.   

Дональд Трамптың ойынша, «Мексика қабырғасы» өзін-өзі ақтайды. Президенттің ойынша, содан кейін барып Мексикамен сауда келісімін тиімді бағытта жүргізуге болады. Әрине, Дональд Трамптың жобасы дәл қазір АҚШ бюджетіне ауыр салмақ түсіруі мүмкін. Бірақ кейін өзі айтқандай,  мұның пайдасы зор болады. Ақиқаты, өз-өзін ақтайды. Өйткені...

Бүгінгі таңда Мексика арқылы АҚШ-қа заңсыз келетін есірткілердің құны шамамен жылына 500 миллиард долларды құрап отыр. Сондықтан да президент конгрестен қабырға үшін 5,7 миллиард доллар сұрап отыр. Ал депутаттар бар-жоғы 1,3 миллиард доллар беруді ғана мақұлдаған сықылды.

-Қабырғаны тұрғызғаннан кейін біз кеткен шығынның барлығын Мексикамен арадағы тиімді сауда келісімшарты арқылы ақтап аламыз, - дейді Ақ үй қожайыны.

Егер бұл жобаға демократтар көнбесе, онда ел бюджетіне қол қоюдан бас тартатынын мәлім етті Дональд Трамп.

Қалай айтқанда да, Дональд Трамп бизнестегі адам ғой. Мұның бәрін алдын-ала кесіп, пішіп отырған болар. Осыдан біраз уақыт бұрын G20 саммиті аясында АҚШ, Канада және Мексика арасында USMCA сауда келісіміне қол қойылғаны белгілі. Трамп осыны меңзеп отырған болар...

 

 

 

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір