• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 04:53:53
Алматы
+35°

08 Тамыз, 2018 NEWS

Кинорежиссер Еркін Рақышев медицинаға бет бұрыпты

Бұған дейін ашаршылық пен қуғын-сүргін жайлы тың деректер тауып, тарихшыларды біраз тұқыртып тастаған Ерекең, енді денсаулық саласына бет бұрыпты

Қазақтың танымал кинорежиссері Еркін Рақышев – өзінің тағы бір жаңа қырынан танылды. Мұны сұмдық «сенсация» деп айқайлап атасақ та – артық емес. Бұған дейін ашаршылық пен қуғын-сүргін жайлы тың деректер тауып, тарихшыларды біраз тұқыртып тастаған Ерекең, енді денсаулық саласына бет бұрыпты. Сонымен, Ерекеңнің әңгімесіне құлақ түрелік...
 
– Ереке, сізді жүрек қан-тамырлары ауруларының алдын-алу мәселелерін зерттеп жүр деп естідік. Осы жайлы айтып берсеңіз...
– Иә, бұл тақырып маған таныс болған соң зерттеп жүргенім рас. Бүгінгі күні Қазақстан жүрек қан-тамырлары ауруларынан қайтыс болатындар жөнінен әлемде алдыңғы орындардың бірін алады. Осы дерттен түрлі деректерге қарағанда, жылына 50 мыңнан аса адам өледі екен. Мұндай ауыр жағдайға ұшырауымыздың басты себебі, халықтың ол аурулардың алдын-алу жолдарын білмегендігінен және еліміздегі емдеу жүйесінің қателіктерінен болып отыр. Өкінішке орай, біздің халық аурудың алдын-алуға келгенде, әлі де сауатсыз. Көпшілігі денсаулығына күтім жасамай, «ауыра қалсам, дәрігер емдейді» дегенге сеніп қалған. Ал, дәрігерлер аурудың алдын-алудың орнына, қалыптасқан белгілі бір жүйемен, дәрі-дәрмекпен ғана емдейді.
Қазір мен осы проблемалар жайлы арнайы жоба дайындап жатырмын. Жобаның басты мақсаты – халыққа жүрек және қан айналу жүйесінің бұзылуынан болатын аурулардың алдын-алу жолдарын түсіндіріп, денсаулығының жақсаруына ықпал ету.
 
– Жүрек ауруының қыр-сырын қамтитын ауқымды жоба жасауға қалай келдіңіз?
– Мен осыдан біраз жыл бұрын екі жылда үш рет жүрекпен, екі рет «миға қан жетіс­пеу­шілік» («сужение сосудов головного мозга») деген диагнозбен ауруханаға жатып шыққанмын. Бесінші рет ауруханадан шық­қанымда дәрігерлерге: «Сендер мені емдейін деп жүрген жоқсыңдар, емдесеңдер неге жазылмаймын?» – деп қатты ренжіп кеттім .
Содан енді «не істеймін» деп көп ойлан­дым. Дәрігерлерден үміт жоқ. Олар емдегендей болады, бірақ неге жазылмай, қайтадан ауыра беремін? Қысқасы, не керек, сол күннен бастап, жүрек ауруларын зерттей бас­тадым. Көп ізденістердің нәтижесінде бар мәселе – аурудың алдын-алуда екенін түсіндім.
 
- Өзіңіздің жүрегіңізді дәрігерлердің неліктен емдей алмай жүргенін анықтай алдыңыз ба?
- Ия. Дәрігерлердің жүрегімді не үшін жаза алмай жүргенін білдім.
ДДС (Дүниежүзілік денсаулық сақтау) ұйымының мәліметі бойынша, жүрек емінің 1/3-і дәрі-дәрмекпен емдеуге, ал қалған 2/3-сі алдын алуға (профилактикаға) байланысты. Көрдіңіз бе, көп нәрсе, жүрек ауруларын емдеуге емес, оның алдын-алуға байланысты екен. Бірақ, біздің дәрігерлер ол жайлы айтпайды, ал қарапайым халық оны білмейді. Сондықтан, біздің елімізде жүрек ауруынан қайтыс болатындар саны өте көп.
Одан кейін жүрек ауруының бастапқы себептерін біліп алмай, оны бауыр және басқа ағза мүшелерімен қоса емдемеу – дұрыс емес. Инфаркт, инсультпен ауырған науқастарды емдеу өте қиын, олардың бір бөлігі қайтыс болса, біразы жарымжан мүгедек болып жатады. Аман қалғандары өмір бойы дәрі ішіп өтеді. Ал, науқастар сол аурулардың алдын-алғанда оған ұшырамас еді. Мысалы, сіз гүл ектіңіз делік. Сол гүлдеріңізді суғармай, күтім жасамасаңыз, оны арамшөп басып, тамыры өледі. Уақтылы суғарып, шөбін жұлып тұрғаныңызда, гүліңіз күз келмей солмайтын еді. Жүрек ауруын емдеу де сол сияқты. Оған ең бастысы – күтім керек. Дәріні тек ауру асқынған төтенше жағдайда ғана аурудың уытын басу үшін қабылдау қажет.
 
– Дәрігерлік біліміңіз жоқ. Жобаны неге сүйеніп жаздыңыз?
– Сол білімді алу үшін де оқып, іздендім ғой. Алдымен, жүрек ауруларының шығу себептерінен бастадым. Одан кейін осы ауруларды шетелдерде қалай емдейді, соны зерттедім. Біраз мемлекеттердің жүрек ауруларын емдеу жүйесімен таныса келіп, үш мемлекеттің Жапония мен Тибеттің және Финляндияның осы аурулардың алдын алу әдістерін негізге алып, өз жобамды жасадым.
 
– Неге бұл мемлекеттерді таңдадыңыз?
– Жапондар – әлемде ең ұзақ жасайтын халық. Халқының орташа өмір сүру жасының ұзақтығы – 84 жыл .Оның басты себептерінің бірі, Жапонияда жүрек және басқа да ауру­лар­дың алдын алу өте жоғары дейгейге қойылған.
Тибеттік халық медицинасының көне заманнан келе жатқан терең тарихы бар. Тибет дәрігері аурудың шығу себебін анықтап алғаннан кейін оны бүкіл адам ағзасымен қоса емдейді, біздің дәрігерлер сияқты дәрі-дәрмекті үйіп-төгіп бермейді. Өмір сүру салтын өзгертіп, дұрыс тамақтануға кеңес береді. Осының өзі-ақ көптеген жүрек ауруларын болдыртпай, еміне шипа болады. Бүгінде Тибет медицинасының тиімділігін бүкіл әлем мойындап отыр.
Финляндияға келетін болсақ, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында оларда да біздегідей проблема болған. Солтүстік Каролина деген аймағында жүрек ауруынан қайтыс болатындар саны өте көбейіп кеткен. Өкімет бұның себебін анықтап, тиісті шаралар қолдану үшін кардиологтардан арнайы комиссия құрады. Комиссия жұмысының нәтижесінде жүрек ауруларының алдын-алу жобасы дайындалады. Бүгінде Финляндия кардиологтардың Меккесіне айналып, көп елдер жүрек ауру­ларының алдын алуды солардан үйренуде.
 
– Сонда жүрек ауруларын болдыр­маудың алдын қалай алуға болады?
– Жүрек қан-тамыр ауруларының, оның ішінде инфаркт, инсульттың алдын алу үшін, алдымен, сол аурулардың туындауына себеп болатын қауіпті факторларды анықтап алу керек. Ондай факторларды алғаш рет 1948 жылы Фраминген қаласында жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде, америкалық кардиолог ғалымдар анықтаған. Жүрек ауруына алып келетін негізгі қауіпті факторлар: қан қысымының артуы, қанның құрамында холестериннің шамадан тыс көбеюі, стресске ұшырау, дұрыс тамақтанбау, дене қимылының аздығы, семіздік және т.б.
Мұндай қауіпті факторларға ұшыраған адамдар ерте ме, кеш пе, жүрек ауруына шалдығуы мүмкін. Жүрек ауруларының алдын алу үшін оны тудыратын факторларды мейлінше азайту керек. Бұл факторларды жою арқылы басқа да көптеген аурулардан емделуге болады. Мысалы, жүрек ауруына алып келетін факторлардың бірі, қан қысымының көтерілуі –гипертонияны алайық. Ол – қан тамырының тарылуынан басталады. Ал жүрек ауруының басты себептерінің бірі де, осы тамыр түтікшелерінің бітеліп тарылуынан, қанның қоюлануыннан болатыны белгілі. Бұған дер кезінде ем қолданбаса, бұның арты жүректің ишемиялық ауруына, миға қан құйылуына – инсультке алып келеді.
Біздің дәрігерлер гипертониямен ауыратын адамдардың қан қысымын өлшейді де дәрі беріп, өмір бойы соған тәуелді етіп қояды. Бұндайда дұрыс тамақтану, дәрілік шөптер мен басқа да емдеу әдістері, мысалы Неумывакиннің әдісі арқылы, дәрі-дәрмекті өте аз мөлшерде қолдана отырып, тарылған тамырларды тазалап, кеңейтуге болады. Нәтижесінде, науқастың қан қысымы екі-үш айда қалыпқа келіп, жүрек ауруына шалдықпайтын болады.
 
– Ал, сол қауіпті факторларды қалай анықтап, жоюға болады? Ол үшін қандай шаралар қолдану қажет?
– Адамды не мазалайтынын, жүрегі ауыратын-ауырмайтынын жан-жақты сұрап-біліп алғаннан кейін, оның қанының құрамын тексереміз. «Гемосканер» деген жапондық ап­паратта қанның тамшысы мыңдаған есе үл­кейтіледі. Емделуші монитордан өзінің қан жасу­шаларының қалай істеп тұрғанын көріп, қаны­ның анализдерін екі-үш минутта біле алады.
Егер оның қанынан аурудың белгілері білінсе, науқас өзінің санасына өзгеріс жасап, «жазыламын» деп ниет етіп, денсаулығына деген жауапкершілікті күшейтуі қажет. Одан кейін дәрі-дәрмексіз бірнеше түрлі емдеу әдістерімен ем алуы тиіс. Олардың негізгілері: дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, уайым-қайғыдан арылу, фитотерапия – емдік қасиеті бар дәрілік шөптер қолдану халықтық медицинамен емделу. Бұның бәрін білікті мамандар түсіндіріп, көрсетеді. Жоғарыда айтылған елдердің тәжірибесіне сүйеніп жасалған бұл емдеу әдістері – бірге, кешенді қолданғанда ғана нәтиже береді. Егер сырқаттың ауруы асқынған болса, онда дәрігерге қаралып дәрі-дәрмек қабылдағаны дұрыс.
 
– «Дұрыс тамақтану» дегенді қалай түсінеміз?
– Дұрыс тамақтану дегеніміз – қанды қоюландырып, тамыр түтікшелерін бітейтін қуырылған, майлы, тұзды тамақтардан шектеліп, керісінше, қанды сұйылтып, қан-тамырларын тазартатын тағамдар мен көкөніс жемістерді көбірек пайдалану деген сөз. Жалпы ,дұрыс тамақтанудың – еш қиын­дығы жоқ. Күнделікті бір мезгіл ботқа, әсіресе сұлыдан жасалған жеп тұрған дұрыс. Аптасына 2-3 рет балық жеп, сорпасын ішіп тұру керек. Шайды қантпен емес, балмен, лимонмен ішкен абзал. Жаңғақ, өрік-мейіз, айран, қымыз-қымыранның жүрекке пайдасы зор.
Бүгінде әлемде қайтыс болатын адамдар­дың 60% дұрыс тамақтанбаудан болатын аурулардан екенін ескерсек, мұның маңызы өте зор. Бірақ, адам дұрыс сапалы тамақтану үшін мамандармен кеңесіп алғаны абзал. Онсыз денсаулығына зиян келтіріп алуы мүмкін. «Ауру – астан» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Мысалы, сарымсақтың жүрекке пайдасы зор. Бірақ, оны асқазан дерті бар адамдарға қолдануға болмайды. Балды барлық ауруға ем деп жатады, бірақ, қант диабетімен ауыратын адамдарға оның пайдасынан зияны көп.
Одан кейін, салауатты өмір салтын ұстанып, қан айналым жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі үшін адам мүмкіндігінше көбірек қозғалуы керек. Жүрек ауруларына тиімді дене шынықтыру жаттығулары мен массаждың, әртүрлі процедуралардың түрлері көп. Мысалы, орта жастан асқан жапондардың барлығы дерлік күніне 10-15 минут жылы ваннада отырады екен. Жылы судың қан тамырларын кеңейтетінін ескерсек, бұның да пайдасы орасан зор.
 
– Жүрек ауруына ұшыраудың негізгі себептерінің бірі, адамның уайым-қайғыға беріліп, жүйкесінің тозуы, стресс жағдайына түсуі деп жатады...
– Бүгінгі күні әр қазақтың отбасында кемінде бір-екі несиеден бар. Банктердің «үйіңді тартып аламыз», «өзіңді сотқа береміз» деген қоқан-лоқысынан кейін, байғұс қазақтың жүйкесі тозып, жүрегі ауырмағанда қайтеді?
Стресстен шығу үшін психологиялық емдеу әдістері, сенім мен илану арқылы сезіміңді өзіңе бағындыра білу керек. Бірақ, оны үйрену өте қиын. Сондықтан, да біз бұл проблеманы шешу үшін Құранға жүгінеміз. Құран Кәрімде жүрек жайлы 132 жерде айтылуы – бекер емес. Алла Тағала ауруды жаратқан соң, оның емін де берген. Құранда адамды сабырлыққа шақыратын хадистер мен дертіне шипа болатын дұғалар бар. Араб елдерінде ашуланып, уайым қайғыға беріліп, күйзеліп жүрегі ауыратындардын саны аз екені – Аллаға сеніп, иман келтіргеннен екені белгілі. Адам бойындағы қоюланған арам қанды алатын тәсіл – хиджаманың да пайдасы орасан. Бұл халықтық медицинамен ұштасады. Сүлік салу (гирудотерапия) арқылы да қоюланған қанды алғызып тұрған абзал.
«Таза ауа – дертке дауа» демекші, таза ауаның да жүрекке пайдасы зор. Қанның тазалығы үшін таза ауада жиі серуендеп, ұйықтағанда терезені ашып жатуға дағдылану керек. Ауруханада жатқан науқастар бір-екі апта бойы сыртқа шықпай, таза ауамен дем алмайды. Жүрек ауруының бірден бір емі – таудың таза ауасымен тыныстап, тау бұлағының суын ішіп емделуде. Мен өз тәжірибемнен білемін: осындай ондаған емдеу әдістерін кешенді түрде қолдансаңыз, дәрі-дәрмексіз-ақ жүрек ауруынан аттай болып жазылып кетесіз.
 
– Сонда, Денсаулық сақтау министрлігі жүрек ауруларының алдын-алуға байланысты бағдарламалар жасамаған ба? Үкіметтің 2016-2019 жылдарға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы бар емес пе?
– Иә, ондай бағдарлама бар. Сол «Денсау­лық» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – «ауруды басқару бағдарламасы – ПУЗ (программа управления здоровьем)» деп аталады. 2013 жылдан бастап енгізілген бағдарлама қант диабеті, артериалды гипертензия, жүрек қан-тамыр ауруларын алдын-алуға бағытталған. Бұл бағдарлама, бір қарағанда, тәп-тәуір сияқты көрінеді. Бірақ, нәтиже қайда?.. Аурудың алдын алу негізінен екі бағытта жүру керек. Ал, «ПУЗ» бағдарламасы бір бағытта, скрининг бойынша науқас адамдардың ауыруын анықтап-емдеу үшін жекелеген емханаларда ғана жүзеге асуда. Екінші бағыт, «популяционный» – аурудың алдын алуға халықты жаппай сауаттандырып, жұмылдыру қажет. Бұл – тек дәрігерлердің жұмысы емес, оған, мемлекет, қоғам болып атсалысуы керек. Бұл екі бағыт – құстың екі қанаты секілді бірге жүргенде ғана нәтиже болады.
«ПУЗ» бағдарламасы – үш мыңнан аса науқасқа көмек берді, дейді. Ал елімізде 3 миллиондай адам түрлі қан қысымы, қант диабеті, жүрек қан-тамыр ауруларына шалдыққан. Олардың саны жыл сайын ұлғая түсуде. Ең қауіптісі, мұндай аурумен жастар да көбірек ауыра бастады. Ал, бұлар сырқаттардың небәрі 0,1 пайызын ғана қамтып отыр. Бұл бағдарлама – жай әшейін көзбояушылық.
 
– Дәлеліңіз көңілге қонымды десек те, Үкімет осындай бағдарламаларға қыруар қаржы бөліп жатыр ғой?
– Бұл да басқа бағдарламалар тәрізді «задумано – хорошо, получилось – как всегда» дегендей болып тұр. Бұл жерде дәрігерлерді кінәлай беруге болмас. Олар белгілі бір бекітілген емдеу жүйесінің ауқымынан шыға алмайды. Бұның бәрі ДДС (Дүниежүзілік денсаулық сақтау) ұйымының берген кеңесімен жасалып отыр деп ойлаймын. Оларға көп сене беруге болмайды.
ДДС ұйымы – негізінен шетелдік фармацевтикалық компаниялардың мүддесін қорғайды. Егер олар, шынымен, Қазақстанға көмектескісі келсе, неге тиімділігі баяғыда дәлелденген «Финляндияның жүрек ауруларының алдын алу жүйесін өздеріне ыңғайлап жасап алыңдар» – деп кеңес бермейді? Себебі, оларға қазақтың сау жүргенінен – ауырып жүргені тиімді...
«Адамның өмір сүру жасын ұзарту» деген бағдарлама да – халықтың денсаулығын жақсартып, өмір жасын ұзартуға бағытталған сияқты. Бірақ, тағы да нәтиже қайда? Бүгінде жасы жүзден асқан жапондардың саны 50 мыңнан асқан. Ал бізде саусақпен санарлық қана. Оның себебі, жүрек және қан айналу жүйесінің бұзылуынан болатын аурулардың алдын алмай, адамның өмір сүру жасын ұзартамын деу – бос әурешілік. Ғалымдардың айтуынша, жүрек ауруының алдын алуға ниеттенген адам өмір сүру жасын 15-18 жылға дейін ұзарта алады екен. Сол үшін үкімет, алдымен, жүрек ауруларының проблемасын шешіп алып, одан кейін ұзартатын жасын ұзарта берсін.
 
– Жобаңызды Денсаулық сақтау министрлігіне ұсынып көрдіңіз бе?
– Министрліктің мамандарымен кездесіп, біраз пікір таластырдық. Олар «жоба қызық екен, бұл жайлы бастықтарға жеткіземіз» деген. Содан бері жарты жыл өтті. Тыныштық. «Қолдары тимей» жүрген шығар. Бұрынғы министр Тамара Дүйсеновамен кездесіп, осы мәселе бойынша ұзақ сөйлестік. Ұлтжанды, жақсы кісі көрінеді. «Мемлекеттік бағдарламаға лайық жоба екен, тек бәрін дұрыстап жазып, алып кел» деді.
Одан кейін онкологиялық аурулардан жазы­лып кеткен адамдардың емделу тәжіри­бесін зерттеуімді өтінді. Ол енді басқа әңгіме...
 
Сұхбаттасқан Қажымұқан Ғабдолла
Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір