• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:56:17
Алматы
+35°

Астана қаласында бүгін кезекті Үкімет сағаты болып өтті. Жиында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев 4 ақпан күні Астана қаласында болған қазалы оқиғаға байланысты  бес баланың қазасынан кейін жауапты шенеуніктер жазаланғанын айтты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Сонымен, Бақытжан Сағынтаев бүгінгі жиында ТЖК төрағасының орынбасары Барат Дұзақбаевты қызметінен босатты.

-Барат Оспанұлы ұзақ жылдар бойы Астананың төтенше жағдайлар департаментін басқарып келді. Соңғы кезде ғана комитетке ауысқан, - деді Сағынтаев.

Сондай-ақ, премьер-министр "өрт қауіпсіздігі және оның алдын алу шараларын тиісінше атқармады, бақылау жүргізбеді" деп  Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Викторович Ильинге және Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккерге қатаң сөгіс жариялады.

Жазаға іліккен шенділер қатары астаналық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Марғұлан Топашұлы Аманбаевпен толықты. Оған да премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қатаң сөгіс жариялады.

«Қазіргі уақытта қандай мәселелерді шешуіміз керек? «Баяғы жартас, сол жартас» деген сөз бар. Су тасқыны келеді, үйлер судың астында қалады, қыс келеді, үйлер өртеніп жатады. Ал бәріміздің баяндамамыз керемет. Министрлер қандай кемшіліктердің бар екендігін айтты, сол туралы жауап беру керек. Не себептен қаржыландыру мәселесі шешілмеді? Неге берілмеді, неге іске қосылмады? Өртке не себепті жол берілді? Қандай тексеріс жүргізіліп, недей шаралар қабылданды? Ол туралы бір ауыз сөз жоқ. Айтатындарыңыз «бәрі керемет, бәрі жақсы, қатаң бақылауда». Қандай бақылауда екендігін көріп отырмыз», - деп айтып өтті Бақытжан Сағынтаев.

Ұсынған: Назерке Лабихан

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір