• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 14:51:08
Алматы
+35°

10 Қыркүйек, 2018 Сұхбат

"Жүз жаңа есім" жобасы жеңімпазға не береді?

Қазақ болсын, мейлі өзбек, неміс, орыс болсын, мемлекеттік тілді білмесе, халыққа үлгі тұлға етіп көрсетудің өзі ұят.

«Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек», - деп ескерткен еді Елбасы «Жүз жаңа есім» жобасы жайында. Биыл екінші мәрте өтетін шараға дайындық басталып та кетті. Былтырғыдан біраз айырмашылығы да бар. Бұл жөнінде толығырақ Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов жауап берді.

Бабамұратовтың айтуынша, «Жүз жаңа есім» жобасы республикалық маңыздағы үздік тұлғалар, әрі әрбір облыстың,  ауданның, тіпті әрбір мектептің, ұжымның үздік жүз тұлғасын тізімдеп шығу деген сөз. Яғни өзінің батыры мен ақынын іздеп тауып, қолдау көрсету.

–Жоба жастарға не береді?

«Жүз жаңа есім» жобасының басты мақсаты – «Рухани жаңғырудың» негізгі критерийлеріне жауап беретін дарынды жастарды іріктеу. Әрі бұл жоба - жастар үшін үлкен мотивация. Біріншіден, олар Елбасымен кездеседі. Екіншіден, тізімге енген адамды қоғам таниды, мойындайды. Өздерінің идеяларын, бизнес жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндер алады.

–Былтырғы жобадан айырмашылығы қандай?

Былтыр жастар өздерін ұсынып, дауыс жинайтын еді. Дауыс әр аймақтың қолдауымен жиналатын.  Ал биыл жобаға үкіметтік емес ұйымдар (әрі қарай – ҮЕҰ) араласатын болады. Ұйым мүшелері ауыл-аймақты аралап, дарынды жастарды өздері ұсынып, қоғамға таныстырады. Мәселен, «Болашақ» жастар қозғалысы әр аймақтан дарынды, алайда танылмай жүрген жастарды тауып, оларға портфолио дайындап, халыққа ұсынады. Тек біз емес, Қазақстанда 25 мың ҮЕҰ бар. Әрбірі өз тарапынан адам ұсынады. Тіпті ұйым ұсынған адам «Жүз жаңа есім» тізіміне енбей қалғанның өзінде, әлгі азаматтың танылуына мүмкіндік жасалады. Себебі ҮЕҰ мүшелері танылуға лайық азаматтарды іріктейді.

– «Жүз жаңа есім» жастарының қоғамдағы рөлі қандай?

Кеудесіне тағатын төсбелгі жай темір емес. Қоғам таныған адам – капитал. Ал ол капиталды қалай жарататыны адамның өз қолында. Мемлекет «Жүз жаңа есім» тізіміндегі азаматқа ақша үлестірмейді, сый табыстамайды. Тек танылуына ықпал етеді. «Жүз жаңа есім» тізіміндегі азамат» деген бірауыз сөз жеткілікті. Оның өзі идеяларын жүзеге асыруға айтарлықтай ықпал етеді.

Бүгінде елімізде қаншама жас жазушылар, ақындар, кәсіпкерлер, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азаматтар бар. Бірақ халық оларды танымайды. Міне, біздің мақсат – сол азаматтарды қоғам алдына шығару, халыққа үлгі ету.

Бірақ біз тек танылуына ықпал етеміз. Әрі қарайғысы әр адамның өз қолында. Мемлекет қаржы немесе басқа да сыйлықтар ұсынбайды, ондай тетік жоқ. «Жүз жаңа есім» мүшесі деген тіркестің өзі – алғашқы капитал.

–Жоба жалғасын таба ма?

Жалғасын табу керек, себебі ол қоғам үшін, жастар үшін өте маңызды. Ең бастысы профанация болмау керек. Халық мойындауы тиіс жастарды шығарсақ, пайдалы іс болары анық. Былтыр 100 адам іріктелді, тіпті жүз екі, жүз үшке дейін жетті. Бірақ, бір байқағаным, көбісі атаққа мұқтаж жандар емес. Әрбірінің басында бір-бір кәсіптен бар. Ал биыл идеялары шарықтап тұрған, алайда соны жүзеге асыруға мүмкіндік ала алмай отырған азаматтарды іріктейміз. Ал ондай азаматтар біздің елде жүз есе көп. Ал жобаны әр жыл сайын қолға алсақ, жастардың мотивациясы да артып, бизнес-жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алары анық.

–Жоба қоғамды рухани жаңғырта ала ма?

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында еліміз бәсекеге қабілетті болған жоқ. Ғылым мен білімнен ада едік. Төрт-бес миллион қазақ болды, бәрі дерлік ауылда қой бақты. Мұны көрген Алаш зиялылары қазақтардың көзін ашуға тырысты. Білім-ғылымсыз жүре берсек, ұлттығымыздан айырылатынымызды түсіндіруге тырысты. Сол уақыттарда небәрі 300-ге жуық Алаш зиялысы 4 миллион қазақты бірауыз сөздерімен бағындырды. Бүгінгідей интернет, әлеуметтік желі жоқ заманда ауыл-ауылды аралап, пайдалы дүние жазып, халықтың көзін ашты. Зиялылардың арқасында қазақтар балаларын мектепке берді, қазақ мектептері ашылды. Жаңа заманға аттанып бара жатқан пойызға қазақтарды ілестіріп жіберді. Әліпби қанша мәрте ауысты, бәрін жүйеге келтіріп, тілдік жүйе қалыптастырып кеткен де сол Алаш зиялылары. Әдебиет, тарихты жасап кеткен де сол Алаш зиялылары. Жүздеген, мыңдаған ғылыми кітаптар жарық көрді. Досмұхамедов, Асфендияровтар медицинаны жазды, Әлімхан Ермековтер математиканы жазды. Байтұрсынов тілдік жүйені қалыптастырды. Біз әлі күнге дейін сол еңбектерді пайдаланып келеміз. 1910-1930 жылдар аралығында небәрі 20 жыл ішінде зиялылар арпалысып жүріп, бізді бүгінгі күнге жетеледі. Бүгінгі біз айтып жүрген «Рухани жаңғыру» Абайдан бастау алған. Ғылымды, әдебиетті, тарихты, математиканы олар кітапқа салып кетті. Ал біздің міндет – соның бәрін техникаға салу. Міне, Рухани жаңғыру деген сол.

Бүгінгі рухани жаңғыру – кешегі Алаштың жолын қайталау, ізімен жүру, қайта түлету, жаңғырту. Оған «мазақ» ретінде қарайтын болсақ, өшкеніміз. «Прагматик бол, бәсекеге қабілетті бол, тілдерді меңгер, салауатты өмір салтын ұстан, кітап оқы, білім ізде, ұлттығыңнан айырылма, тіліңді сақта, дәстүріңді сақта. «Рухани жаңғыру» деп осыны айтып отыр Елбасы. XIX-XX ғасырда алаш зиялыларының сөзіне қалай құлақ ассақ, бүгінгі зиялыларды да тыңдайық.

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің ұсынысы

Былтыр жобаның нәтижесі дайын болып, тізімге енгендер анықталғанда редакциямыз үздік жүздікпен тілдесіп, сұхбат алған болатын. Сонда көңілімізді қатты қынжылтқан бір жайт болып еді. Біз хабарласқан жүз азаматтың 80 пайызы қазақ тілін меңгермеген. Тіпті ұлты қазақ бола тұра қазақ тілінен мақұрымдары көп еді. Осыған орай үміткерлерге қойылатын талаптардың қатарына – «қазақ тілін жетік меңгерген болу керек» деген бірауыз сөзді қосып қоюды ұсындық. Бұл ұсынысымызды Дәурен мырза да құптай кетті. Себебі мемлекеттік тілін меңгермеген қазақстандықтары көп елде «Рухани жаңғыру» деп жар салу құр бекершілік дейді.

«Қазақ болсын, мейлі өзбек, неміс, орыс болсын, мемлекеттік тілді білмесе, халыққа үлгі тұлға етіп көрсетудің өзі ұят. Ұсыныстарыңыз орынды, рақмет. Мұны ескереміз», - деп жауап қатты Дәурен Бабамұратов.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір