• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 03:43:59
Алматы
+35°

18 Наурыз, 2019 NEWS

Жайықтағы балық қоры қалпына келу үшін қанша уақыт керек?

Атырау тұрғындары Жайық өзенінен ауланған балықтарды сатып алуға қатты қорқып отыр.

Осы аптада аймақ басылымдары балығы қырылған Жайық өзенінің ахуалын талдаған.  Балық аулау өнеркәсібінің маманы Бостан Сүлейменов Жайықтағы балық қоры қалпына келуі үшін қанша жыл керектігін мәлімдеді  деп  Qamshy.kz ақпарат агенттігі azattyq.org сайтының дерегін негізге ала отырып хабарлайды

Атыраулық “Ақжайық” басылымы осы аптада Жайық өзенінде қырылған балықтар туралы бірнеше мақала жариялаған. Олардың бірінде өзенді өлі балықтардан тазартуға жергілікті тұрғындардың да атсалысып жатқаны айтылады. 

Наурыздың 11-і күні жариялаған мақалада басылым “ең оптимист сарапшылардың болжамы бойынша, балық қорын 2018 жылғы деңгейге дейін қалпына келтіру үшін кем дегенде үш-бес жыл қажет” деген мамандар пікірін келтірген.

“Әрине, қынжыларлық жағдай. Балық саласы үшін, балық аулау өнеркәсібі үшін бұл қасірет. Ең оптимистік болжам бойынша, балықты қалпына келтіру үшін кем дегенде үш жыл, қаракөз үшін - 2-3 жыл, сазан, көксерке, ақмарқа үшін 5 жыл қажет” деген басылымға балық аулау өнеркәсібінің маманы Бостан Сүлейменов.

Жайық-Каспий Орхус орталығының директоры Шынар Ізтілеуова басылымға берген сұхбатында “міндетті түрде тәуелсіз сараптама қажет”, “билік жұртқа ашық ақпарат жеткізіп отыруы тиіс” деп айтқан.

Ал Қазақстанның батыс өңірінен ақпарат тарататын Mgorod.kz сайты Атырау тұрғындарының Жайық өзенінен ауланған балықтарды сатып алуға қатты қорқып отырғанын жазған.

“Мұнай астанасындағы көп базарда балық бағасының жанына міндетті түрде “Қиғаш” (Қиғаш өзенінен ауланған) деп жазып қоятын болды” деп жазды басылым.

Балықтардың жаппай өлуі былтыр желтоқсаннан бері айтыла бастады. Ауыл шаруашылығы министрлігі Атырауда 7-11 наурыз күндері Жайық өзінен 3,1 тонна өлі балықтан тазартқанын хабарлаған.

Атырау облыстық полиция департаменті балық қырылуына байланысты "Бөтен біреудің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру" (204-бап, 2-бөлім) және "Суды ластау, қоқыстау немесе сарқу" (328-бап) баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.

15 наурызда ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мемлекеттік "Хабар" арнасына берген сұхбатында "Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуы бойынша төрт компанияның күдікке ілінгенін" айтқан.

Оның сөзінше, арнаулы комиссия "балықтар қырылуына химиялық улану себеп болды" деген қорытындыға келген.

 

Ұсынған: Фариза Жомартқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір