• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 18:09:42
Алматы
+35°

18 Наурыз, 2019 Экономика

Жәрдемақы көбейгенмен, мәселелер азаймайтынын Үкімет біле ме?

Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік бюджет қызметкерлерінің жалақысын өсіру үшін Ұлттық қордан 980 млрд теңге алынады

Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап  мемлекеттік бюджет қызметкерлерінің жалақысын өсіру үшін Ұлттық қордан 980 млрд теңге алынады. Бұған қосымша 300 млрд теңге көп балалы аз қамтылған отбасыларға жәрдемақы төлеу үшін алынып отыр. Бұған қоса жағдайы жоқ, үй-жайы жоқ отбасыларға әлеуметтік тұрғын үй салу құрлысына 7 жыл қатарынан 50 млрд теңге тағы алынып отыратын болды.

Дегенмен, осыған байланысты біз тілдескен бірқатар сарапшылардың айтып отырғанындай,  жәрдемақы көлемін өсіре беру  мәселенің түйінін шешпейді. Бұл ретте қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша,  әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан жәрдемақы төлеу олардың тұрмысын оңтайландыратын ең төте жол емес. Бұл олардың өмірлік проблемаларын тұрақты шешпейді.

«Әрине, бұл бір жыртығын жамауға көмектесін шығар, бірақ қоғамдағы мәселелер толық шешілмейді.  Мысалы, мен өзім білім алған Германия елінде «сенің жағдайың жоқ екен ғой, төрт балаң бар екен ғой, алтық алқа иегері екенсің» деп мемлекет жыл сайын жәрдемақы көлемін өзгертпейді. Оларда бұған қатысты белгіленген меже бар. Олардың үкіметі халыққа «қармақ беріп, балықты өзің аула» дейді.  Ал біз керісінше, балықты халыққа өзіміз аулап беріп отырмыз.  Өз басым, халыққа бюджеттен бөлінетін жәрдемақы көлемін арттыра бергенше, халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу керек деп есептеймін. Жұмысқа жарамды азаматтарға отбасын асырай алатын деңгейде жалақы төленсе, оның мемлекетке де пайдасы тиеді, отбасын да асырайды» деді Арман Мусин.

Міне, маманның пайымдауынша, біз халықты осындай бағытқа жетелеуіміз қажет. Сонда ғана тек  жәрдемақымен күн көріп отырған ағайынның табысы артып, еңсесі тіктеледі. Арман Мусиннің байыптауынша, біз 2003 жылдан бері «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне арналған жәрдемақыны бірнеше мәрте ұлғайттық. Бірақ бұдан экономика да айтарлықтай  алға жылжыған жоқ. Халықтың жағдайы да аса түзелген жоқ. Біз маманның сөзі дәллелді болу үшін жәрдемақы көлемін қалай өсіргеніміз туралы деректерді арнайы сызбамен көрсеттік.

пособия

Сызбада 2017 жылға дейінгі деректер нақты көрсетілген. Ал 2018 жылдан бастап елде халыққа төленетін атаулы әлеуметтік көмек мөлшері 16 мың теңгені құрады. 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап көп балалалы аз қамтылған отбасыларға әрбір адам басына 21 мың теңгеден жәрдемақы төленбек. Жалпы, мамандардың пайымдауынша, ауылды-аймақтарда халықтың  80 пайызы жәрдемақымен күнелтіп отыр. Болашақта бұл бізді алаңдатуы тиіс дүние. Күні ертең мұндай салмақты ел бюджеті көтере алмай қалуы мүмкін. «Ауылды жерлерде жұмыс орындарының аздығы, жұмыспен қамту жайының әлі де шешілмей отырғандығы рас. Ауыл халқының 80 пайызы үкіметтен бөлінетін жәрдемақыны талғажау етіп күн көріп отыр. Мұны мен жақсы білемін. Тіпті бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақыға күнелтіп отырғандар да баршылық. Қол аяғы балғадай қарулы жігіттердің өзіне ауылда жұмыс жоқ. Сондықтан қазір біз үшін жұмыспен қамту жағына баса мән берген жөн. Азаматтарды жұмыспен қамтып адам капиталының күшін арттырған абзал. Бізде «Жұмыспен қамту-2020»,  «Өңірлерді дамыту-2020»,  «Моноқалаларды дамыту – 2020» бағдарламасы бар еді. Осы  бағдарламалар сауатты жұмыс істегенде ауыл халқын жұмыспен қамту, өндіріс орындарын ашу жайттары  тиянақты шешілер еді. Сондықтан Үкімет болашақта осы мәселелерді ескеруі керек. Халықты жұмыспен қамту, шалғай ауылдарды дамыту мәселелері шешімін табуы керек» деді Арман Мусин.

Сондықтан біз болашақта мамандар тарапынан айтылып отырған төмендегі ұсыныстарға назар аударғанымыз жөн:

А) Бірінші жәрдемақыны жыл сайын үш рет өсіргеннен гөрі,  «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы, «Өңірлік даму-2020» бағдарламаларының жұмысы жандануы керек.

Ә) Бұқара мемлекеттік қолдауды нақты сезінуі үшін халықтың шағын және орта кәсіппен айналысуына жағдай жасалуы тиіс. Бұл да болса халықтың өз жағдайын өзі жасауына мүмкіндік беретін жоба.

Б) Ауылға тартылатын инвестиция көлемі артуы керек. Себебі қазірде ауылды-аймақтарда тек қана жәрдемақыға күнелтіп отырғандардың саны артып келеді. Ауылға жекелеген инвесторлар инвестиция салып, жұмыс орындарын ашуға күш салса, ауыл азаматтарын жұмыспен қамту мәселесі де жеңілдеп, олардың отбасына табыс көзі кірер еді де, «екі қолға бір күрек ұстаған шаруа» мемлекетке масыл болмас еді.

В) Ауылды-аймақтарда мал өсіруге қолайлы жағдай жасалуы керек.  Қолында малы бар шаруаны да жеңілдіктермен қамтып, мал басының көбеюуіне ықпал ету керек.

«Міне, алдымен осы айтылған жайттар ескерілсе, біртіндеп мәселелер де азаяр еді. Сондықтан аталған мәселердің орындалуы үшін тиісті инстанциялар айтылған ұсыныстарға мән берсе жөн болар еді» дейді мамандар... 

Қарлығаш Зарыққанқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір