• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 05:49:15
Алматы
+35°

30 Қыркүйек, 2016 NEWS

Әңгіме неден басталды? «Қазақстан» ұлттық арнасы сайтындағы блогында Жанар Байсемізова адамдар арасында сондай бір өмірлік маңызы жоқ, яки, жауабына қарай қандай да бір шешім қабылдауды, көмек көрсетуді мақсат етпесе де жиі қойылатын сұрақтарды тізіп шыққан екен. Жанардың жазғаны ешкімге жасырын емес. Бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты, адамдардың да түр-түрі болады. Біреуі аңғалдығынан аңдамай сөйлеп жатса, енді бірі жаны ашығансып тұрып жабырқата салады. Өйткені, ондай сұрақтар қоюшыны сондай қатты мазалайтынына күмәнім бар. Ал, қойылған адамның, жауап берушінің кей жағдайда жынына тиетіні анық. Өмірде өзіме жиі қойылған сондай «мақсат-мағынасыз» сұрақтардың біршамасын мен де тізіп шыққанды жөн көрдім.

2013 жылдан бастап «Жігітің бар ма?», «Неге жігітпен жүрмейсің?» деген сұрақтар қойылмайтын болды. 2014 жылы «Қашан үйленесіңдер?», «Жүргендеріңе көп болды ма?» деген сұрақтар кезеңін аман-есен артқа қалдырдық. Құдайға шүкір, отбасы болып отырғанымызға, міне, екінші жыл. «Аяғың ауыр болып қалды ма?», «Үйленгендеріңе қанша болды, көтердің бе?», «Неге көтермей жүрсің?» дейтіндер де жоқ. Аякөз есімді қызымыз өсіп келе жатыр. Шын айтсам, күйеуге шығып, бала туғаннан кейін маған енді ондай «нетактичный сұрақтар» қойылмайды деп ойладым. Сөйтсем, оңбай қателесіппін.

Сонымен, жауап алуды емес, жынға тиюді мақсат ететін сондай он сұрақ:

1-орын

Күйеуге шыққаннан кейін бойыма бірден бала бітпеді. «Жүктісің бе?», «Баланы жоспарлап жатырсыңдар ма?» сұрақтары жығылғанға жұдырық болды.

Жауап: Бәрі Алла Тағаланың қолында. Менің емес.

2-орын

Аяғымның ауырлағанын естіген ағайын-туыс, көрші-қолаң, тамыр-таныс «Ұл ма, қыз ба?» деп қызығушылық танытты. «Қыз бала» деген жауапты алысымен бірі «Қыз деген ата-анасына жаны ашығыш болады. Бүкіл жақсылықты ұлдан емес, қыздан көріп отырмыз» деп құттықтап жатса, бірі «Қыз деген де жақсы ғой. Әйтеуір аман болсын» деп жандары аши жөнелді.

Жауап: Қыз да, ұл да – бала. Қызың да, ұлың да болғанға не жетсін, әрине. Бастысы дені сау, саналы болса болғаны.

3-орын

Бір үйде алты адам болып тұрамыз. Атам, енем, біз және қайын әпкем. Жұрт менен «Ата-енеңмен бірге тұрасыңдар ма?», «Неге бөлек шықпадыңдар?», «Бірге тұру қиын емес пе?», «Сонда барлығың бір үйде тұрасыңдар ма?» деуден шаршар емес.

Жауап: Күйеуім үйдің жалғыз ұлы болғандықтан ата-анамызбен бірге тұрамыз. Бүкіл өмірін бала тәрбиелеуге, соны оқытуға, тамақ табуға үйреткен жандарды қалайша жалғыз тастаймыз, бұл адамдық па? Бөлек тұрғанның несі жақсы? деп қарымта сұрақ қойғым келеді.

4-орын:

Бір жыл бұрын қайын сіңлімді ұзаттық. Тойға бесік арқалап апарғанымызды көрген жұрт таңданысын ашық білдірді. «Бесікке жата ма?», «Бесікке қазіргі кезде жатқызуға бола ма?», «Басы жалпақ, дәу болып кетеді ғой» деп жан-жақтан шулады. Кейбіреулер не дерін білмей, көздері бақырайды да қалды.

Жауап: Мен бесікке жатқанмын. Аяғым түзу, басым да әп-әдемі. Қызым да бесікке жатты. Басқа балаларымды да бесікке бөлеймін. Бесік мен үшін манежден де, бесік арбадан да, бәрінен де ыңғайлы. Бесік ең бастысы ұлттық тәрбиенің бастауы.

5-орын:

Аякөз қазір бір жастан асты. Жүгіріп жүр. Қайда барсақ та баланы өзімізбен бірге ала жүреміз, сондықтан ел көзінше емізуге мәжбүрмін. Әйелдер «Әлі емізіп жүрсің бе?», «Балаң қазір қаншада?», «Қашанға дейін емізесің?», «Емшектен шығару керек», «Емізе бергеннен пайда жоқ. Сенің сүтіңде нәр қалмады» деп қынжылтады.

Жауап: Мүмкіндік болса (денсаулық жағынан) екі жасқа шейін емізе бергім келеді. Емізген қатты ұнайды. Емізген сайын өзімді бақытты сезінемін. Тұла бойым мейірімділікке толады. Ботқа дайындап, дайын қоспа сатып алып уақыт жоғалтпаймын әрі ақшам кетпейді. Кез келгенде жерде баланың қарны ашса, мазасы қашса болса емізе қоямын. Бөпенің қарны тояды әрі көңіл-күйі көтеріліп, тынышталады. Ауырып қалса да негізгі ем-дом – сол ана сүті. Емізу – ең дұрысы.

6-орын:

Құрсақ көтергеннен кейін жұмыстан бірден шығып кеттім. Жеті айға шейін шыдап жұмыс істеуге денсаулығым жарамады. Сонымен үйде отырғаныма шамамен екі жыл. «Жұмысқа қашан шығасың?», «Әлде шықпай үйде отырасың ба?»  деген сұрақтар өзекті.

Жауап: Жақында жұмысқа орналастым. Менің мақалаларымды енді qamshy.kz сайтынан оқи аласыздар.

7-орын:

«Сені теледидардан қашан көреміз?»

Жауап: Көк жәшіктен кезінде көрінгенбіз. Болашақта да көре жатарсыздар.

8-орын:

«Сен бұрында «Айтуға оңайда» істеп едің. Бейсен Құранбектің ұялысын берші?» немесе «Айгүл Иманбаева мен Алтынай Жорабаева шынымен де жақсы араласа ма?»

Жауап: Байланыс телефоны 8 (717) 3932275; Білмедім.

9-орын:

«Айлығың қанша?»

Жауап: ҚР Ұлттық экономика министрлігінің айтуы бойынша 143 650 тг.

10-орын

«Екіншіні қашан жоспарлап жатырсыңдар?»

Жауап: Бірінші сұраққа қараңыз.

Пы/Сы: Сұрақ қойғанда тұрған дәнеңе жоқ шын мәнінде. Тек біреулер шынайы қызығушылықпен сұрап, ақыл-кеңестерін айтып жатса, кейбіреулер тиіскісі, көңіл-күйді түсіргісі, құр мазаны алғысы, тыныштықты қашырғысы келіп сұрақ қояды. Сол себепті сұрақтың «тактичный» не «нетактичный» болуы сұрақ қоюшыға, оның ниетіне тікелей байланысты.

Жазира Байдалы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір