• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 03:17:03
Алматы
+35°

11 Қазан, 2018

Жанар Байсемізге 0 теңге беріп, 365 күнге азық болар энергия сатып алдым

2018 жылы Жанар тағы алдымнан шықты... Тренер, мотиватор ретінде...

 

 

6 жыл туралы 6 абзац

2012 жыл. Алматыға алғаш келген кезім. Хабарда «Сонымен, солай дейік» деп жүргенде «Қазақстан» арнасына, «Айтуға оңайға» Құдайдың (Серік Абас-шах кейпінде) өзі тап қалды. Жанар Байсемізова деген есімді де ұлттық арна төрінде алғаш естідім. Сөйтсем, біздің бастық екен. «Айтуға оңайды» қалайда эфирден сәтті шығарамыз деп жүргенде жиі кездестік.

Айтқанынан қайтпайтын, өз ісін тиянақты тындыратын, кәсіби маман екендігі бірден байқалатын. Мен де өзімді жаңа ортада, жаңа қалада еркін ұстауға тырыстым. Жанар Байсемізова да соны сезген болуы керек, бірде мені мақтап, әпкелік мейірімділік танытқаны қатты есімде қалыпты. Одан кейін ол кісіні ұлттық арнаның Алматыдағы филиалынан көрген емеспін.

Бір жылдан астам уақыттан кейін мен де ұлттық арнамен қош айтыстым. «Продюсер бол» деген ұсыныстан бас тартып, жан тыныштығын орнатуды қаладым. Себебі «Айтуға оңайдан» кейін біраз есеңгіреп қалғаным рас. Арада жылдар зулап өтті.

 2016 жылдың қыркүйегінде Байсемізова деген фамилия қайтадан алдымнан шықты. «Қамшыға» енді ғана орналасқан кезім болатын, таныс фамилияның «The lobster немесе қазақ қоғамындағы «нетактичный» сұрақтар» деген атаумен блог жариялағанын көзім шалып қалды. Қалай кіріп, бір деммен оқып шыққанымды байқамай қалдым. «Байдалыдан Байсемізоваға жауап» деген мақаламды редактор Дархан Мұқантегінің «Жаны ашыған кейіппен жынға тиетін сұрақ қоятындар бар. Ол қандай сұрақтар?» деп өзгерткенде ішім біраз ашыды.

2018 жылы Жанар тағы алдымнан шықты... Тренер, мотиватор ретінде... Екі жыл бұрын жазылған Байсемізова блогының мағыналық тереңдігін, артар жүгінің ауырлығын жете түсінбегенімді енді түсіндім.

Алты жылдан кейін Жанарға инстаграмдағы «дайрект» (хабарлама) арқылы хат жаздым. Алматыда тренинг ұйымдастыратынын естігенімді, мен де соған қатысқым келетіндігін өтініш ретінде айттым. «Жоқ» демеді.

Жанар Байсеміз

 

7 қазан. 700 теңгенің жыры

Тренингке қайын әпкем Назгүл екеуміз бірге баратын болып шештік. Негізі журналист Жанардың мотиваторға айналып кеткендігін Назгүл арқылы білдім. Біртіндеп өзім де Жанардың іліміне қызығушылық таныттым. Қазанның жетісі күні керемет көңіл-күймен оянып, тренинг өтетін жер –Атакенттегі «Аталанта» қонақүйіне жетуге асықтық. Яндекстің таксиін шақырдық. 700 теңге екен. Атакенттегі аты шулы тиіннің артында орналасқан «Аталантаға» жетуіміз мұң болды. Сөйтсем, велосипедшілердің марафоны болып жатыр. Біз болсақ хабарсызбыз. Екі-үш рет айналып, әйтеуір жақын маңнан түсіп қалдық. Бағдаршамның жасыл түсі қашан жанады деп тұрғанымызда жанымызға Жанар жақындады. Алты жылдан кейінгі кездесу осылай болады деп кім ойлады. Ең құрығанда бір шоқ гүлді сатып алмағаныма өкіндім. Себебі бақыттан бал-бұл жайнаған Жанардың бейнесі көзіме оттай басылды. Рухани практикамен айналысу үшін атағы дүркіреп тұрған тұста журналистикадан кетуі мен үшін ерлікке пара-пар. «Менімен жағаласып, марафон ұйымдастырғандарын қарасаңшы. Менің келетінімді қайдан біліп қойған» деп әзілдеген ол аздап қобалжып тұрғанын жасырмады. Мен іштей керісінше ризашылық білдірдім. Жанардың арқасында қаншама ел-жұрттың аузынан түспеген Алматының атақты тиінін бірнеше ракурстан асықпай көріп шықтым.

Жанар Байсеміз

                                          18 орын туралы 18 сөз

«Аталанта». Дәліз. Үнділер. Тізім. Сымбат. Селфи. Конференц-зал. 500. 18. Тұрсынбаева. Асанберді. Сатыбалдиева. Диктофон. Концентрация. Жарық. Шапалақ. Фотограф. Жанар...     

Жанар Байсеміз

2016 жыл туралы 9 сөйлем

Жанар тренингті бастап кетпес бұрын қасына құрбысы Айнұр Асанбердіні шақырды. Ол өз кезегінде «үлкен тұрғанда сөйлемеймін» деп кішілік танытып, сахнаға айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваны шақырды. Құрмет білдіріп, тренингке қонақ ретінде келген халықтың сүйіктісі өз өмірінен сыр шертті. «2016 жылы көптеген адамға ауыр жыл болған секілді. Мен үшін де солай болды. Депрессия дегенге ұшырадым. Тұңғиыққа батып бара жатқан жерімнен аман қайттым. Мені құтқарған дүние осындай тренингтер болатын. Қазақ «Қайғы түбі – тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің» деп бекер айтпаған. Қасірет шеккеннен өмір оңалмайтынын түсінген мен тәуекелге бел будым. Шүкір дестім. Тренингке барудан қорқудың қажеті жоқ» деп ойын қорытындылады ол.

Айнұр Асанберді

Жароков 124

Айнұрдан кейін қолына микрофон алған журналист, нумеролог Айнұр Асанберді армандар картасын 10 жыл бұрын жасағанда туған-туысы таң қалысын жасырмай, жолдасы екеуін қиялиларға балағанын ашып айтты. Уақыт өте келе армандары айна-қатесіз орындалғанда олардың таңырқағандары әлі есінде екен. «Бүгінде жолдасым екеуміз 1000 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Бәрі-бәрі тренингтердің арқасында. Адам өз ойын бақыласа, армандай білсе, алынбайтын қамал жоқ екеніне көзіміз әлдеқашан жеткен. Біреулер бизнес ашарда бұл менің сәтті жылым ба деп нумерологтардың көмегіне жүгінеді. Бір айта кететіні, сәтсіз периодтың өзі максимум 2 жылға дейін жалғасады. Табандылық танытып, мақсатыңыздан айнымасаңыз, бірнеше айда, жарты жылда-ақ барлық кедергілердің көзін жоя аласыз. Мына бизнесім сәтті болады ма, болмайды ма деп болжағанша маркетингтік зерттеу жүргізген абзал. Ұсақ-түйекке дейін бәрі есептеулі болса, бизнес міндетті түрде сәтті болады. Мысалы, өз басым Алматыдағы «Тонус клубты» ашпас бұрын Жароковтың бойында күндіз-түні ары-бері өткен қыз-келіншектердің санын санаумен айлар өткіздім. Клубтың тұрған орнын таңдаудан қателеспегеніме көзім әбден жеткенде ғана кеңсені сатып алдым да бизнесті бастап кеттім» деді Айнұр.

 тренинг

33 жас, 38 жас

33 жасында Иса пайғамбарды (ғ.с.), 63 жасында Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с) Алла Тағала көкке алдыртқан дейді. Сондықтан да Жанар ханымның айтуынша, бұл жасқа келгенде адам өзгеріске дайын тұрады. Өз-өзін іздей бастайды. «Мықты журналист болсам», «тексті күшті жазсам» деп армандап жүргенде Жанардың санитарка болып жұмыс істегені мен үшін сенсациялық жаңалық болды. «Өз мамандығыммен жұмыс істесем» деп Құдайдан жылап та, сұрап та тілеген тілектің орындалғанын білеміз. Әлемнің жартысын аралап, «Шетелдегі қазақ балалары» жобасын көк жәшікке шығарып, қазақ телевидениясын дүр сілкіндірген, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының иегері Жанар Бейсеміз-Колесникова 33 жасында рухани практикаға ден қояды.

Жанар Байсеміз

38 жасында тұрмысқа шығып, журналистикамен қош айтысады. Қыз-келіншектерге арналған «Ешнәрсеге қарамастан бақытты бол» деп аталатын авторлық тренингтер өткізумен айналысатын Жанар «Сіз тренингке келдіңіз, асыға күткен жексенбілік демалыс күніңізді маған арнадыңыз, ілім жинауға келдіңіз, демек сіз өзіңізді тануға жол салдыңыз, сол үшін де сіздерге алғысым шексіз» дегенді сан мәрте рет қайталап айтты.  Жалпы, әр күнді Аллаға мадақ айтудан, таң атқанда тірі болып оянған үшін рақмет айтудан бастауға кеңес берді.Жанар Байсеміз

 

5 минут=5 сағат

«Таңертең ерте тұруды әдетке айналдырыңыз. Ерте тұрған әйелдің бір ісі ғана артық емес. Ерте тұрған адамның бойында ерекше күш-қуат, энергия болады. Оятқыштың дыбысын ести сала «Бес минуттан кейін тұрамын» деген ойдан арылып, бірден тұрып кетіңіз. Бес минуттан кейін тұрсаңыз, өміріңіздің бес сағатын зая кетірдім дей беріңіз. Бір минут артық ұйықтағанның өзінде бір сағатыңыз кемиді. Мұны тікелей мағынасында түсінбеген абзал. Сағаттың тілі өз орнында тұрғанмен, берекесі болмайды» дейді Жанар.

 

тренинг

40 минуттық құлшылық

«Оянғаннан кейін бірден тұрып кетуге асықпаңыз. Тірі болып оянғаныңыз үшін рақмет айтыңыз. Бүгінгі күнді Алла разылығы үшін өткеретініңізді айтыңыз. Дүниеге әкелген әке-шешеңізді елестетіп, оларды ренжіткен сәттер болса, кешірім сұрап, жасаған қамқорлықтары үшін іштей алғыс білдіресіз. Ата-енеге де сөйтіңіз. Ата-анаға да, ата-енеге де сәлем салуды абырой санаңыз. Сол арқылы өз менменділігіңізді басасыз. Күн сайын душқа түсуге кеңес беремін. 3 рет рақмет айтып, су ішеміз.  Жалпы, су ішерде жақсы ой ойлап, судың мөлдірлігі мен тәттілігіне мән беріп, ішкен абзал. Сосын рухани практикамен айналысыңыз. Күніне 40 минут Құдайға құлшылық етсеңіз, өміріңіз өзгереді»,- дейді Жанар Байсеміз.

тренинг

Әйел адамның фигурасы = 8

 «Әйел адамның фигурасы қандай болуы керек?» деп ортаға сауал тастады Жанар. Залда отырғандардың біреуі «гитарадай» деп айғайлады. Зал ду күлді. Сөйтсек, жауабы сегіз деген сан екен. Жыр-дастандарда әдемі қызды қыпша бел деп суреттейтінін білеміз.     Алайда оның рухани практикаға, әйелдің энергиясының молаюына қатысы бар деп еш ойламаппын. Жанардың айтуынша, нәзік жандының белі жіңішкерген сайын энергиясы тасиды.

 тренинг

Кәрі қыздарға 7 кеңес


-Жігіт іздеймін деп түнгі клубқа, ресторанға бармаңыз;

-Сүймегенге сүйкенбеңіз;

-«Кәрі қызбын» деп жылап-сықтамаңыз. Бәрі уақытша екендігін түсініңіз. Жалғыздықты қабылдаңыз. Осы уақытты мағыналы өткізіңіз; 

-Жұмысқа тым берілмеңіз. Карьера қуамын деп энергияны сарқып алмаңыз!

-Отбасылы адамға алданбаңыз. Жоламаңыз;

-Физиология үшін, денсаулық үшін деп күнәға батпаңыз. Бәрі бос әңгіме;

-Рухани практикамен айналысыңыз.

 тренинг

85 бет = 3000 теңге

Жанар Байсеміз кішкентай кезінде жазушы боламын деп те армандағанын айтып берді. Бірақ «не туралы жазамын?» деген сұрақ маза бермегенін жасырмады. Күні кеше ғана «Жанар Байсеміздің рухани практикасы» деген кітап қалың оқырманның қолына тиді. Өз-өзіне сеніп, ақылы мен қайраты алып шыққан Жанардың кітабын сатып алуға асыққан жандардың бірі мен болдым. 85 беттік дүниені екі сағаттай уақытта оқып шықтым. Бірақ көңіліме тоқып шықтым дей алмаспын. Бұл кітап қолымнан түспейтін кітапқа айналатынына шүбәм жоқ. Алдын-ала ескертейін, Жанардың бұл кітабында ешқандай ғылыми жаңалық жоқ. Алайда шынайы өмір бар. Әпкенің сіңлілеріне айтар ақылы бар.

 

Қалғаны құпия болсын…

 

 

 

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір