• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 09:34:44
Алматы
+35°

19 Қыркүйек, 2018 Айтты-ей, бауырың!

Бүгін саяси тұтқын Мұхтар Жәкішевтің анасы Раиса Жәкішеваның жерлеу рәсімі өтті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Мұхтар Жәкішев анасының қайтыс болуына байланысты жерлеу рәсіміне қатысуға рұқсат сұраған болатын. Алайда билік бұған қарсылық білдірді. Осы жайтқа қатысты белсенділер фейсбук желісі арқылы өз ойын ішке бүгіп қалмай, пікірін білдіріп, қайғылы жайтқа көңіл айтты. Қоғам белсенділерінің әлеуметтік желіге жариялаған жазбасын Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырман назарына ұсынуды жөн көрді. 

Әміржан Қосанов. 

Мұхтар Жәкішевтің анасы қайтыс болғаны белгілі болды. Анасы баласының да, өзінің де өмірін құртқан жүйені қалай қарғағанын көз алдыма елестете де алмаймын.

Билік тарапынан жасалған осындай масқара тыйым — біздің буындағы көзге түсе білген өкілге саяси тұрғыда жасалған зәбірдің анық көрінісі.

Президенттен күннен күнге денсаулығы асқынып бара жатқан Мұхтар Жәкішевті босатуын сұраймыз!

Әйтпесе билік  еліміздің өркендеуіне үлес қоса алатын талантты басқарушыға қарсы жасалып отырған жеке бастың, саяси тұрғыдағы қанды кектің бар екенін жасыра алмайды.  

Мен Мұхтар мен оның отбасы, туған-туысына көңіл айтамын!

Ерлан Қалиев 

Саяси тұтқын Мұхтар Жәкішевтің анасы қайтыс болды. Ал түрме әкімшілігі Мұхтар Жәкішевті анасын соңғы сапарға шығарып салуына рұқсат бермеген. Мен осы жайтқа байланысты билікке біздің кеңестік заманда емес, ата-бабаның салтын ұстанып, «О дүниелік болған адамды мәңгілік мекеніне шығарып салу – отбасының, ағайынның парызы», -деген заңдылықты ұстанатын халық екендігімізді ескерткім келеді.

Мұхтар Жәкішев адам өлтірген қанды қол қылмыскер емес. Оған қасына жендеттерді жіберіп болсын анасын соңғы сапарға шығарып салуына мүмкіндік беру керек. Мүмкіндік берілмеген жағдайда, халықтың бұл қарсылықты  ата-баба дәстүріне қарсы шығу деп бағалағаннан басқа амалы қалмайды.  

Жанболат Мамай 

Жүрек түкпірінде әділдіктің орнап, Мұхтар Жәкішевті анасын соңғы рет көруге рұқсат береді деген сенім мен үміт оты тұтанғандай болып еді. Бұл заңда кодекс ретінде де көрсетілген. Түптеп келгенде бұл адамгершілік пен адамдық қой, құрып кеткір. Жазасын өтеушінің мейлі мыңдаған жендетпен бірге болсын өмірдегі ең қымбат жан болған анасымен қоштасуында тұрған не бар?

Егер Жәкішевті өзі жасаған қылмысқа бола жазалаған болса, ол жеткілікті деңгейде зардап шеккен азамат. Басқа да жемқор және ұры шенді-шекпенділер түрмеде қанша жыл отырған еді? Көп дегенде бірнеше жыл, тіпті бірнеше ай түрмеде отырып емін-еркін бостандыққа шыққандар бар.

Жемқор, бұрынғы «Қазинжиниринг» компания төрағасының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков 2 млрд теңге төлеп, бостандыққа шықты. Ол әлгі ақшаны қайдан алды? Қалай тапты? Бұған ешкім мән бермейді. Бостандыққа шығаруға шешім қабылдады, шығарды.

Ал антимонополиялық комитеттің бұрынғы басшысы Мұрат Оспанов мүлдем түрмеге отырмады. Ол да айыппұлмен құтылды. Бұл секілді мысалдарды ұзақ уақыт санамалап отыра беруге болады.

Ал Жәкішев не үшін түрмеде отыр? Ол 9 жылын онсыз да тар қапаста, лагерде өткізіп, денсаулығынан айырылып, мүгедекке айналды. Енді тіпті анасымен қоштасуына да, соңғы рет көрісуіне де рұқсат бермеді. Әділдік қайда? Жәкішевті анасымен кездесуіне қарсы болған адамдардың адамгершілігі қайда? Егер ол анасымен кездесе салса, мына опасыз жалғанда не өзгерер еді?

Кремльге, ресейлік билікке қараңыздаршы. Саяси режимнің жауы Михаил Ходорковский қандай қылмыс жасаса да, билік соңғы рет анасымен кездесуіне мүмкіндік берді. Ол  анасының мына өмірдегі соңғы сәттерінде қасында болды. Ходорковский бұл сәттерді ешқашан ұмытқан емес, үнемі айтып отыратын.

Ал Жәкішевтің анасымен қоштасуына рұқсат беруге не кедергі? Енді билік ойланып, Мұхтар Жәкішевке анасының жерлеу рәсіміне баруға рұқсат етеді деп үміттенемін. Ол анасын тірі кезінде көре алмады, ең болмаса соңғы сапарға шығарып салсын.  

Дина Елгезек

Мұxтар Жәкішевтың анасы қайтыпты. Апталдай азаматы түрмеде қуарып, солып бара жатса, қай ананың жүрегі шыдасын... Айтуға сөз таппай отырмын...
Мұxтар Жәкішевтың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Бұл отбасының трагедиясын, Мұxтар кешкен тағдырды, анасы көрген қасіретті ешкімнің басына бермесін. Талай тау тұлғамызды қолдан құлатып, бала-шағасын жылатқан жүйеге тоқтам болмай тұр.
Мұxтар қоршаған ортаға қауіпті қылмыскер емес еді. Анасымен соңғы рет бақұлдасуға рұқсат етпегендер, ақтық сапарға шығарып салуға да мүмкіндік бермеген шығар... Боркемікпіз... Қазақ xалқына қайғырып көңіл айтамын...

Расул Жұмалы

Бұған дейін кейбіреуде күмән болса, енді Мұхтар Жәкішевті анасымен қоштасуға жібермеген жүйе өзінің бет-пердесін толық ашты. Не деген жауыздық. Өмірін Қазақ атом өндірісін дамытып оны Ресейден тәуелсіз етуге арнаған Мұхтардай азаматты ұлықтау орнына түрмеде шірітіп қою ешбір қисын мен адамгершілікке жатпайтыны өз алдына. Сондықтан анасынан айрылған Мұхтар мен оның туыстарына ғана емес, бүгінгі өмір салтымен келіскен, намысы мен бостандықтары аяққа тапталған күллі Қазаққа қайғыра көңіл айтамын.

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір