• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 14:08:22
+35°

24 Қаңтар, 2019

Иса пайғамбардың найзасын Гитлер де тығып ұстаған

Иса пайғамбардың найзасы кімнің қолына түссе, сол әлемді билейді деген түсінік бар.

   2018 жылы Армения астанасы Ереванда  революция болды. Үкімет толық құрамда доғарысқа кетті. Қан төгілмесе де, қалың жұрт митингіге шықты. Сол кезде «Арменияда сақтаулы Христостың найзасын құпия түрде шет елге шығарып жіберіпті» деген жел сөз халықтың құлағын  көтеріп жіберді. Жұрт жапа-тармағай  Ереванға тиіп тұрған Эчмиадзин қаласындағы  храмға  басып кіріп, діндарлардан  «Тағдыр найзасын» көрсетуді талап етті. Шынында да дәл сол кезде найза Нъю-Йорктегі көрмеге әкетілген екен.  Армян шіркеуі елге амалсыз елу жыл бойы көзден таса етіп келген найзаның көшірмесін көрсетуге мәжбүр болды.

Христиан дінінің қасиет тұтар заттық белгісі, Иса пайғамбардың біздің заманымызға жеткен найзасы шынымен де Айастан елінде ме?

 Ағылшын мамандарының ең соңғы зерттеулері анықтаған­дай, Иса пайғамбардың найза­сының түпнұсқасы Арменияда сақтаулы тұрған шолақ найза делінген-ді. Ал Вена мен Римдегі (Ватикан), Краковтегі  найзалар жасанды көшірме деп танылған. Айтып отырғанымыз, айшық­қа таңылған Исаның жан төзгісіз азабын тоқтатып, ажал құштырған Лонгиннің найза­сы туралы болып отыр. Шір­кеудің жеткізуінше, Иса пай­ғамбардың қабырғасын найза­мен сөккен және одан аққан қан­нан көз ауруынан жа­зылған жауынгер – дәл осы аты аталған Лонгин. Иса пай­ғамбарды керіп өлтіргеннен кейін Лонгин өзінің жасағы­мен Иса ғалейкум ассаламның жат­қан орнын күзетеді. Иуда болса оларды Құдайдың құді­ретімен көкке ұшып кеткен Исаның дене­сін шәкірттері ұрлап кеткені жө­нінде жалған түсінік беруге үгіттеп, алтын­мен сатып алмақ болады. Ал Лонгин мен оның екі серігі алтын­ның буына арбалмай, христиандықты қабылдап, Иудадан сырт айналып, Иса пайғамбардың өсиетін орын­дау үшін ел аралауға шығады. Сол үшін бастары алынып, мәйіттері қоқысқа тасталған. Кейіннен азаппен өлген Лонгин мен оның серіктері шіркеу тарапынан қасиетті әулиелер сапына қосылған. Ал аталған қасиетті қару кімнің қолына түссе, сол әлемді билейді деген түсінік берік қалыптасқан.

 Жоғарыда аталған қасиетті найза қазір Арменияның ру­хани астанасы Эчмиадзиндегі көне храмда сақтаулы дедік. Ал оның күзеті ең соңғы сақтану-дабыл құралдарымен жарақ­тан­ған жә­не оған жауапты монахтар ядро­лық бомбаны күзеткен әскерилерден де сақ. Хрис­тиандар найзаны құдірет­ке ие қылар кілт дегенге иман­дай сенеді. Найза кімнің қо­лына түссе, сол бүкіл адам­затқа би­лігін жүргізбек-дүр.

 Екі мың жылдың ішінде өткен христиан патшалары мен императорлары Исаның қасиетті қаны жұққан қару өздеріне әлемді билеу мүмкін­дігін сыйлайды деп санады. Тарихи жылнаманың куәлік етуінше, көптеген ел билеуші­лер қасиетті найзаның түп­нұсқасына ие болғандарына өздерін сендіріп келген. Соған орай өздерін де ұлы жау­лаушы сезінген. Бірақ олардың ешқайсысы әлемді жеке-дара билей алған жоқ. Қасиетті найзаны қолына алғандардың арасында ғұндардың билеушісі Еділ патша (Атилла), Рим императоры Юстиниан І, ко­роль Ұлы Карл, Генрих ІV, Фридрих Барборосса, Карл ІV, т.б. аттары аталады.

 Ғасырлар көшіне ілескен қару қоңыз мұрт Гитлердің де қолына түскен. Тарихшылар­дың айтуынша, жас шағында мистикаға қатты еліккен Адольф Венадағы өнер тарихы музейіндегі найза қойылған сөре алдында сағаттап тұра­тын болыпты. Кейін Австрия Үшінші рейх құрамына өткен кезде, Гитлер тарихи қаруды «империяның құтты қазы­насы» етіп жариялаған. Және «Тағдыр найзасы» арқылы бүкіл әлемді билеп-төстей­тініне сенімді болған. Яғни екінші дүниежүзілік соғысты бастарда мистикалық қару­дың жеңілмейтін күшіне деген соқыр сеніміне қылаудай дақ түсірмеген. Тіпті 1945 жылы Германия күйрей жеңілген кезде де фюрер асыл затты жа­сыруға тырысқан. Бұған Гит­лердің найзаны Антарктидаға суасты қайығымен аттандыру­ға бұйрық бергені жөнінде сақталып қалған құжаттық дә­лелдеме куә. Бірақ бұйрықты орындауға үлгермеген, со­ғыс­тың соңғы сағаттарында Нюрнбергтегі құдық ішіне жасырған делінеді.

 Құдықтағы қаруды амери­калықтар 1946 жылы тауып, Австрияға қайтарды. Бірақ найзаның түпнұсқасы АҚШ-та қалдырылып, Венадағысы тек көшірме екендігі жөніндегі сөз бертінге дейін, яғни найзаны жан-жақты сарап­тау­дан өткізгенге дейін толас­таған жоқ. Ақырында талай әміршінің қолының табы қал­ған найзаның тарихы өте көне болғанмен, бар болғаны «Тағ­дыр найзасының» көшірмесі екендігі анықталды. Бәлкім, әлемді жеке-дара билемек болған қанды жаулаушы­лардың жолының болмаған­дығы осыдан емес пе екен?

 Венадағы өнер тарихы музейінде сақтаулы тұрған найзаны жаңа физикалық әдіспен зерттеген – профессор Роберт Фрезер. Оның дәлел­деуінше, аңызға айналған қару жасалған темір VІІ ға­сырда өндірілген. Дегенмен жарты метрден сәл ғана ұзы­­н­­ырақ шолақ найзаның дәл ортасында өте көне заманда жасалған темірдің бөлігі бар көрінеді. Зерттеушілер мұны найзаға сіңірілген көнеримдік шеге деп тауыпты. Бәлкім, Исаның денесіне аяусыз сұ­ғылған темір де сол болар! Найзадан «Құдайдың найзасы мен шегесі» деген жазуды да оқуға болады. Дегенмен әлем­дік оқымыстылар найзаның түпнұсқасы Арменияда сақ­тау­лы деген пікірге бірауыздан тоқтап отырғанын айтып өттік.

          Иса пайғамбардың денесіне сұғылған «Лонгиннің найзасы» екендігіне материалдық дәлел­деме де бар. Ол – өлген Иса­ның мүрдесін ораған зығырдан тоқылған кенеп мата. Бұл матада жарадан қалған іздің белгісі сақталынып қалған. Криминалист-сарапшылар матаға оралған марқұм қа­быр­ғасының арасынан шама­мен ұзындығы жарты метрлік найзадан жарақат алғанын дәлелдеп шықты. Дәрігерлер­дің пікірінше, найза өкпені көктей өтіп, жүректі зақым­даған. Матаға сіңген дақтағы қанның тобы – А+.Дегенмен матаның жасын зерттеушілер оны 800 жылдың ар жақ-бер жағы деген-ді. 1532 жылы болған өрттен кейін монахтар матаның жанып кеткен бөлігін қалпына келтірген. Оқымыс­тылар дәл сол кейін қалпына келтірілген матаға тексеру жүргізгендіктен де матаның жасы 800 жылдан аспайды деген қорытындыға келген-дүр. Ал америкалық химик Рей­монд Роджерстің зерттеу қорытындысы бойынша, ма­таның жасы үш мың жылды құрайды.
           Ал Ұлыбританияда түсіріл­ген «Христің найзасы» атты деректі фильм авторлары болса, қасиетті найза Амери­када өте құпия жағдайда сақтаулы деген ой айтады. Қару Құдыстан (Иерусалим­нен) 326 жылы табылған кө­рінеді. Алдымен Құдыста, кейіннен Константинопльде, Римде сақталған. ІХ ғасыр басында Рим Папасы оны салтанатты түрде император Ұлы Карлге тапсырған. Осы қарумен Карл 47 ұрыста жауын жеңіп шыққан. Аңыз бо­йыеша, кезекті жеңісінен орал­ған императордың қолынан қасиетті қару абайсызда сусып жерге түскен, осыдан кейін император көп ұзамай қайтыс болған. Карлден соң найза Рим империясының әр уа­қыт­та өмір сүрген 45 билеушісінің қолында ойнаған. Фильм тү­сірушілерінің айтуынша, 1945 жылы көктемде АҚШ-тың 7- армиясының арнаулы бөлім­шесі қасиетті найзаны табу және иемдену жөнінде жоға­рыдан тапсырма алған. Ұзақ іздеуден соң әрең табылған найзаны АҚШ генералы Пат­тон Австрия үкіметіне қай­тарған. Қазір ол Вена музейін­де сақтаулы. Дегенмен оның тыңғылықты зерттеулер нәти­жесінде жасанды болып шық­қандығын жоғарыда айтып өттік. Фильм түсірушілер оның түпнұсқасы АҚШ-та өте құпия орында сақтаулы де­седі.

 Бұл рас та шығар. Қазір әлемдегі шіркеулерде Иса пайғамбардың найзасы делінетін 30 найза бар. Армениядағы найза да соның бір көшірмесі  болса керек. Ал шын найза  біз білмейтін белгісіз жерде болат сейфте жатуы мүмкін.

 

 

Төреғали Тәшен

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір