• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 18:26:53
Алматы
+35°

13 Наурыз, 2019 Кәсіпкер

Илон Маск: Адамды жұмысқа аларда бір-ақ сұрақ қоямын (видео)

Мен физиканы аналитикалық ойлауды қалыптастырудың ең жақсы негізі деп есептеймін. Физикаға тән бейнеге қол жеткізуге кеңес берер едім.

Илон Ривс Маск - канадалық-американдық инженер, кәсіпкер, өнертапқыш және инвестор, миллиардер. SpaceX және X.com компанияның негізін қалаушы (соңғысы Confinity-мен бірікті, атауы PayPal деп өзгертілді және 2002 жылы 1,5 млрд долларға сатылған болатын, 2015 жылы $44 млрд-қа бағаланды).

SpaceX компаниясының негізін қалаушы, иесі, бас директоры және инженер; Tesla Motors бас дизайнері (Chief Product Architect), бас директор және директорлар кеңесінің төрағасы.

Миллиардерлер журналы  Forbes рейтингісінде 2016 жылы оның дәулеті $10,7 млрд (дереккөз: Уикипедия).

 Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырмандар назарына Илон Масктың 2017 жылы Дубайда өткен Бүкіләлемдік Үкімет Саммитіндегі сұхбатын ұсынады.

 

- Бүгінде айналысып отырған ісіңізге қалай келдіңіз? Өмірлік мақсатыңыз не?

- Сұрағыңызға жауап бермес бұрын, алдымен саммитке шақырғаныңызға алғыс білдіргім келеді. Осында келу — мен үшін үлкен мәртебе. Балаларыммен Дубайда уақытты керемет өткіздік. Егер мұнда әлі келіп көрмеген болсаңыздар, бұл керемет қаланы өз көздеріңізбен көруге кеңес беремін. 

Егер мотивация туралы айтар болсам... Оны жай сөзбен түсіндіре алмаспын. Бала кезде «Өмірдің мәні не? Өмірге не үшін келдік? Мұның бәрі не үшін керек?» деген сұрақтарға жауап іздейтінмін. Сосын «ең бастысы —  дұрыс сұрақ қоя білу» деген қорытындыға келдім. Адамзаттың санасы қаншалықты жоғары болса,  сұрақтар да соншалықты дұрыс болады.

Меніңше, болашағымыз жарқын болу үшін қажетті бірнеше негізгі нәрселер бар. Ұзақ мерзімді болашақта мұндай нәрселердің мысалы ретінде жасыл транспорт пен жасыл энергетиканы алуға болады.Сонымен қатар, ғарыштық өркениет болуға деген мүмкіндік, жұлдыздарға сапар шегу және ғаламшараралық байланысты орнату. Адамзаттың күн көрісі үшін бұл стратегиялық тұрғыда маңызды. Бұл бірінші себеп. Қорғаныс аргументі,  сақтандыру. Өмірді біз білетін күйінде сақтап қалу.

Бірақ мен үшін үлкен мотивация  — шытырман оқиғалар сезімін тудыру. Адамдардың өмірге деген қызығушылығын ояту. Егер болашақтың екі нұсқасы туралы айтар болсам, біріншісі  — қандай да бір апат болмайынша жер бетінде қалу, ал, екіншісі —адамзат өзге ғаламшарларды зерттеп, тіпті Күн жүйесінен тыс жаққа шыға алады. Меніңше, екінші нұсқа қызықты әрі адамды жігерлендіреді.Сіздер әр таңда асыға оянуларыңыз керек. Өмір тек қиындықтан ғана тұрмайды. Әйтпесе, мұның бәрі не үшін керек?Адам бірнәрсеге құштар болып, сол үшін өмір сүруге талпынуы тиіс.

- Сонымен, сіз үшін өмір деген не? Біз ол туралы айтып өттік. Өмір — қиял ма, шындық па? Бәлкім, ол миллион Д үлгісіндегі әлдебір кинотеатр шығар? Илон Масктың ойынша өмір деген не?

- Жасым ұлғайған сайын бұл сұраққа қиын, шиеленіскен, белгісіз жауаптар тауып келемін... Егер атап айтсам, мысалы, соңғы  қырық жылда видеоойындардың қалай дамығанына қарап көрейік. Ол кездері ең танымал ойын «Арканоид» немесе «Понг» болды. Экранда бар болғаны екі тіктөртұрыш пен допты бейнелейтін нүкте ғана болатын. 

- Мен де бұл ойынды ойнағанмын...

- Иә, мен де! Дәл солай. Бұл ойынды бәрі де ойнаған. Сол уақытты бұл ең керемет, қызықты ойын болатын! Бірақ бүгінде видеоойындар барлығына да қолжетімді. Тіпті бір мезетте миллиондаған адам қатар ойнай алады. Бүгінгі таңда  виртуалды шындық пен қосымша шындық қалай дамып жатқанын өздеріңіздер де көріп отырсыздар. Мейлі қандай жолмен болсын, тіпті жылдық пайыздың оннан бір үлесі ғана болса да, егер бұл үрдісті болашақта дамытатын болсақ, түптің түбінде мұндай ойындарды шындықтан ажырату мүмкін болмай қалады. Олардың шындыққа қатты ұқсайтыны сонша, сіздер тіпті осындай ойын мен біз білетін шындықтың арасындағы айырмашылықты көре алмай қаласыздар.

Бұл  жағдай бұрын да болған шығар, кім білсін?! Мүмкін біз дәл сол ойынның ішінде жүрген шығармыз? 

- Қызық...

- Солай болуы мүмкін...

- Иә, бұл өмірде бәрі де болуы мүмкін...

- Кез келген нәрсе дамып, бірнәрсеге жетуге ұмтылады.

- Егер соңғы 100 жылдағы өркениеттің дамуына көз тастар болсақ, үрдістің өте қарқынды түрде жылжып келе жатқанын байқаймыз. Ал соңғы 20 жылда бұл қарқынға тіпті көз ілеспейтін болды.  Сонда алдағы 20, 30 немесе 100 жылдан біз не күтеміз? Білім саласы қалай болады? Сіз оны қалай елестетесіз?

- Меніңше, бұған нақты болжам жасау өте қиын. Тарту күші бар ұшақтың алғашқы басқарылатын ұшуын алып қарайық. 1903 жыл, ағайынды Райттар. Осы оқиғадан 66 жылдан кейін адамды Айға жібердік. Яғни, менің айтқым келгені, егер 1900 жылы адамдардан Айға ұшып бару мүмкін бе деп сұрасаңыз, сізді  есі ауысқан адам деп қабылдар еді.

Егер де біреу-міреумен ғаламтор туралы әңгіме өрбіткіңіз келсе, сізді мүлдем түсінбес еді. Мұны барып тұрған ессіздік деп қабылдар еді.

Бірақ бүгінде сіз 100 доллар тұратын видеоқұрылғымен кіммен болса да видеожиналыс ұйымдастыра аласыз. Ол тіпті жердің басқа бөлігінде тұрса да мейлі. Wi-Fi-байланысыңыз болса, сіз ол жиналысты тегін жүргізе аласыз. Кіммен болса да лездік визуальды байланысты тегін орната аласыз. Тіпті бір топ адамдармен де. Егер әлеуметті желі туралы айтсақ, онда миллиондаған адам болуы да мүмкін. Сіз кез келген сұрақты ғаламторға жаза аласыз. Ол сіз кез келген сұрақ қойып, сол сәтте бірден жауап ала алатын бәрін білетін оракул іспетті. Мұндай нәрселерді алдын ала болжау өте қиын болатын. Тіпті өткен заманда да мүмкін емес еді.  Яғни, тек бір нәрсеге ғана сенімді бола аламыз. Бүгінде қандай болжам жасасақ та, біздің қателесуіміз әбден мүмкін.

Меніңше, мен тек өзім қалайтын нәрсенің бағытын ғана жобалай аламын, бірақ шын мәнінде қалай болатынын білмеймін. Мүмкін өзім қалайтын нәрсені шындық деп қабылдайтын шығармын.

Марсқа табанымыз тиеді деп үміттенемін. Тіпті Юпитердің серіктеріне де барып қалармыз. Мүмкін Күн жүйесінің айналасында тұрақты ұшып‑қонып жүретін де шығармыз. Тіпті көрші жұлдыздар жүйесіне ұшуға да дайындалармыз. Меніңше, осы аталғандар алдағы 50 жылда орындалатын сияқты. Ол өте қызықты болады. Дербестік пен жасанды интеллект саласындағы  қарқынды дамуының куәгері болатын шығармын деп ойлаймын.  Айтпақшы, соңғы аталғаны анағұрлым ертерек орындалады.

Он жылдан кейін автоұшқышпен жабдықталмаған жаңа көліктер сирек кездесетін болады деп ойлаймын.Он жылдан соң.

- Он жылдан кейін дейсіз бе?

- Иә, меніңше, конвейерден шыққан барлық көліктер автоұшқышпен жабдықталады. Бүгінде «Тесла» шығарып жатқан барлық көліктерде оған қажетті арнайы құрылғылар бар. Құрылғының есептеу күші көлікті адамнан да қауіпсіз басқаруға жеткілікті. Шын мәнінде, бағдарламалық қамтамасыз етуге қажетті өңдеу мен тігуге байланысты. Бірақ егер есептеу күші жеткіліксіз болса да, аппараттық бөлігін оп-оңай жетілдіре аламыз.  Бұл 2016 жылдың қазан айынан бастап шыққан «Тесланың» барлық автокөліктеріне қатысты. Басқа өндірушілер де біздің соңымыздан ереді. Көлікпен жүру лифтімен жүргендей болады. Сіз қайда бару керектігін айтасыз, ал көлік сізді қауіпсіздікпенайтқан жеріңізге жеткізеді. Бұл қалыпты жағдайға айналады. Бұл лифттің жағдайына  ұқсайды. Кезінде лифтті басқарып отыратын. Тетікті қозғап отыратын арнайы адам бар болатын. Бірақ бүгінде біз жай ғана лифтіге кіріп, батырманы басамыз. Бұл әдеттегі қалыпты жағдай сияқты.

Дербестік жалпы құбылыс болады. Меніңше, болашақта ең мазалайтын сұрақтың бірі ол — жасанды интеллект.Мен автомобильді автоұшқышты сонық қатарына жатқызатын шектеулі жасанды интеллект туралы айтып тұрғаным жоқ. Ол белгілі бір қызметті атқарумен ғана шектелген. Мен терең, жалпы -  жер бетіндегі ең ақылды адамнан да ақылды жасанды интеллектіңіз туралы айтып жатырмын. Бұл өте қауіпті жағдай деп ойлаймын.

- Неліктен? Оның қаупі неде? Екі пікір бар. Кейбір адамдар жасанды интеллект адамзаттың көмекшісі болады деп есептейді. Ал басқалары оның қауіп төндіретінін айтады. Не үшін бұлай?

Меніңше, екі теория да дұрыс. Бір жағынан, егер ойлап қарасақ...Он немесе ең әрі кеткенде жиырма жылдан кейін бөгдеғаламшарлық тіршілік иесімен, жоғары интеллектуалды өзге ғаламшардан келген тіршілік иесімен кездесуді елестетіп көріңізші. Жоғары ақыл иесімен! 

- Сонда, сіздің ойыңызша, жиырма жылдан кейін бөгдеғаламшарлықтардың келуі мүмкін бе?

- Сандық жоғарғы ақыл өмірдің өзгеғаламшарлық түріне ұқсайтын болады деп айтар едім.

- Бөгдеғаламшарлықтарға ұқсайтын бола ма?

- Иә.

- Жерден басқа жақта ақыл иелері бар деп ойлайсыз ба?

- Мүмкін. Меніңше, бұл физиктер мен жалпы ғылымның ең үлкен мәселесі. Біз неліктен бөгдеғаламшарлықтардың бар екенін білмейміз? Мүмкін олар біздің арамызда жүрген шығар? Кейбіреулер мені бөгдеғаламшарлық деп ойлайды. Бұл өтірік. Өтірік....

- Біздің өзіміз бөгдеғаламшарлық болсақ ше? Барлық адамар. Айтайын дегенім, егер шығыс өркениетін алып қарасақ, онда олар өздерін Жерден емес, басқа жақтан келдік деп есептейді. Адам Ата мен Хауа Ана басқа әлемнен келді деп сенеді. Яғни, барлық адамдар негізінен бөгдеғаламшарлықтар. Қалай ойлайсыз, алдағы 50 жылда бөгдеғаламшарлықтармен байланыса аламыз ба? 

- Бұл өте қиын сұрақ. Егер басқа бір жақта жоғары ақыл иелері, өзге ғаламшарлық өмір бар болса, олар бізді ендігі зерттеп жүрген болар. Бірақ олардың бар екенін сезінуге біздің зердеміз жетпейді.

Егер ойлап қарасақ, біздің галактикаға қоныстанғысы келетін кез-келген жоғары ақыл иелері  мұны тез арада жүзеге асыра алар еді. Қоныстану жарықаралық жылдамдықпен, айталық, жарық жылдамдығының 10 немесе 20 пайызымен болған күннің өзінде бұған 10, ең көп дегенде 20 миллион жыл керек болар еді.   Ал астрономиялық масштабпен алып қарасақ, бұл түкке тұрғысыз өлшем.

- Бірде сіз Марста дүние салғым келеді деп едіңіз? Неліктен?

- Бәрін анықтап түсіндірейін. Мен Марста дүние салуға тырысып жүрген жоқпын. Бірақ, түптің-түбінде бәріміз бұл өмірден кетеміз ғой. Сол үшін белгілі мекенді таңдау керек болса, неге Марсты таңдамасқа? Егер Жерде дүниеге келсең, Марста өлуден неге бас тартасың? Бұл қызық емес пе. Мұндай таңдау жасайтын болашақта мен «Неге солай істемеске?» дер едім. Мен Марста өлер едім. Бірақ бұл жай ғана әуестік емес. Егер Марста өлсем де, мен оған жай ғана жоғарыдан құлап, өліп кеткім келмейді.

-Түсінікті. Енді жердің мәселесіне оралайық. Сіз Твиттерде Вашингтонның астынан туннель тұрғызамын деп жазыпсыз. Осы туралы айтып берсеңіз.

- Бұл енді, құпия жоспар ғой... Айтайын, бірақ екеуміздің арамызда ғана қалсын.

- Бұл туралы ешкім білмей ме?

- Дәл солай. Мұны құпия түрінде қалдырайық. Бұл ақылға сыймайтын, бос сөз болып көрінер. Осылай айтып жүргеніме бірнеше жыл болды. Бірақ, соған қарамастан, мен ірі қалалардағы жол қозғалысы мәселесін шешудің кілті туннель жүйесін дамытуда деп есептеймін. Мен жалпақ екі метрлік туннельдер жүйесі туралы емес, көп деңгейлі шешім туралы айтып отырмын. Шын мәнінде тереңге кеткенше, жоғарыдан құрылыс тұрғызған жеңіл. Ең терең шахталар биік ғимараттарға қарағанда тік сипатта болады. Яғни, туннельдердің 20, 30, 40 немесе 50 деңгейі болуы мүмкін. Негізі деңгейлердің саны бұдан көп бола береді. Бұл кез-келген, тіпті әлемдегі ең қозғалысы көп қаланың өзінде көшелердегі кептеліс мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Мәселе тек мұны тезірек істеуге мүмкіндік беретін, өзіндік құны төмен және қауіпсіздік деңгейі өте жоғары бұрғылау әдістемесінде болып тұр. Яғни, туннельді тез, арзан әрі қауіпсіз бұрғылауды  үйренгеннен кейін біз жақын арада қала көшелеріндегі көлік кептелісі мәселесін шеше аламыз. Міне, сол себепті мен осы мәселеге көбірек көңіл бөлемін. Вашингтон, Колумбия аймағы, Лос-Анжелес, Америкадағы және әлемдегі кез келген үлкен қалалар көлік кептелісінен зардап шегеді. Бұл жоғары деңгейде мұндай қалалардағы ғимараттардың биіктікке қарай созылғанына байланысты. Олар үш өлшемді. Ал жолдар екі өлшемді, бір деңгейлі. Ал адамдар үйлерінен бәрі бір уақытта шығады. Сол себепті кептеліс пайда болады.

- Сіздің Дубайға байланысты жоспарыңызға оралайық. Өткен жолы сізбен 2015-жылдың 4-шілдесінде Space X кеңсесінде кездескен болатынбыз. Мен сізден БАӘ нарығына шығатын ниетіңіз бар ма деп сұрағанмын. Сол кезде, қазір Қытайға басымдық беріп отырмын. Бірақ болашақта бұл мүмкін деп айқан болатынсыз. Содан бері бір жарым жыл өтті. Бүгін тағы осында кездестік. Енді Әмірліктерге кезек келді деп ойлайсыз ба?

- Меніңше, Қытаймен жұмысымыз жақсы жүріп жатыр. Қызмет көрсету желілеріне және зарядты станцияларға байланысты кейбір ұйымдастыру жұмыстарынан кейін Қытайдағы шаруамызды біржақты еттік...Қазір осы аймаққа толық масштабты енудің сәті туған сияқты. Енді Дубайдан бастаймыз.

- Сіздің ойыңызша келесі үлкен технологиялық секіріс не болмақ?

- Жаңа технологиямен бе?

- Иә. Біздің ойымызды, өмір салтымызды, іс жүргізуімізді түбегейлі өзгертетін не нәрсе?

-Жақын арадағы технологиялық көзқарас бойынша ойын ережесіндегі үлкен өзгерістер дербес жүргізумен байланысты болады. Мен мұны кейбір адамдар ойлағаннан да тезірек болады деп айтар едім. Автоұшқышты машиналар  - бұл өте ыңғайлы. Екінші жағынан, әлемде осы арқылы ақша табатын көп адам өмір сүреді. Егер...Меніңше, көлік жүргізу - халықтың көбі жұмыс істейтін саласы. Бұл жұмыс орындарының ірі көзі. Сондықтан біз осы адамдардың рөлін қайта қарап, оларға қандай жұмыс беру керегін ойластыруымыз керек. Өйткені бұл оларды қатты есеңгіретіп жіберуі мүмкін әрі бұл өте жақын арада болатын оқиға.

Менің «жақын арада» деген сөзімді анықтап алу керек. Өйткені «жақын арада» деген сөзді әр адам әртүрлі түсінеді. Әлемде 2 миллиард автокөлік бар. Бұл көрсеткіш 2,5 миллиард жеңіл және жүк көліктеріне жетуі мүмкін. Автомобиль өндірісі әлем бойынша жылына 100 миллион көрсеткішке жетті. Осылай болуы да заңды. Өйткені автомобильдердің жарамдылық мерзімі орта есеппен 20-25 жыл.

Толық автономды автоұшқыштың пайда болуы бірден әлеуметтік дағдарысқа алып келмейді. Автоұшқышты көліктердің жеткілікті санын шығарғанша, жұмыссыздық мәселесі ушыққанша біраз уақыт керек. Бұл мәселе 20 жылдан кейін нағыз өзекті мәселеге айналады. Соған қарамастан 20 жыл дегеніміз соншалықты көп уақыт емес. Бұл мерзім біткен кезде жұмыс істеп жүрген адамдардың 12-ден 15 пайызына дейін жұмысынан айырылады.

- Бұл әр елдің үкіметтерінің ең үлкен саммиті. Мұнда 140-қа жуық елдің ресми тұлғалары жиналды. Билік шеңберінің өкілдеріне болашаққа дайындалу туралы қандай үш кеңес берер едіңіз?

- Ең бірінші берер кеңесім – жасанды интеллектің дамуына қатты назар аудару керек. Жасанды интеллекті қалай енгізетінімізді мұқият бақылауымыз керек және жұмысқа қатты беріліп кеткен ғалымдардың шектен шығып кетпеуін қадағалауымыз қажет. Өйткені бағдарлама жасаушылар кейде жұмысқа қатты беріліп кетеді де, өз әрекеттерінің салдары жайлы ұмытып кетеді. Яғни, бұл қоғамдық қауіпсіздік мәселесі. Үкімет жасанды интеллектіні қадағалап және оның халыққа зиян келтірмеуіне көз жеткізу керек.

Екіншіден, қазіргі тасымал көліктерін қайта қарастыру керек. Тасымал құралдарын электрлендіру, қалпына келетін көлік бағыттары бар. Бірақ мұның бәрі  ұзақ мерзімді. Бұл автоұшқышты автомобильден кейін келетін жағдайлар. Электрлі автомобильдерге толық көшу 30-40 жылдан ерте жүзеге асуы мүмкін емес. Бұл электрэнергиясын тұтынудың көбеюін түбегейлі өзгертеді. Әлемдік энергия қажеттілігі туралы айтар болсақ, бүгінде оның үштен бірі – жылу, үштен бірі – көлік және қалған үштен бірі – электр үшін пайдаланылады. Уақыт өте келе осындай энергия көлемінің жүз пайызының барлығы электр энергиясы түрінде болады. Электрге деген қажеттілік уақыт өте келе үш есе артады. Бұл үлкен мәселе. Мұндай электр энергиясын өндірудің артуын немен қамтамасыз етуге болады?

- Иә, соншалықты қиын емес сияқты. Бар болғаны осы, мемлекеттік секторлар алдында басқа ешқандай шақырту керек емес пе?

- Бұл нәрселердің барлығы өзара байланысты. Жаппай жұмыссыздық қаупі бар. Бұл біздің қоғамның үлкен мәселесі болады. Нәтижесінде, біз барлығына ортақ жалпы кіріс сияқты бірнәрсе енгізуге тура келетін сияқты. Одан басқа амалымыз қалмайды деп ойлаймын.

- Барлығына ортақ жалпы кіріс?

- Барлығына ортақ жалпы кіріс. Меніңше, ол керек болады.

- Яғни, жұмыссыз адамдар бүкіл әлемде мемлекет қамтамасыз ете ме?

Иә.

- Машиналар мен роботтар барлық жұмысты атқарғандықтан, оларға жұмыс болмай қалғандықтан ба?

- Иә. Роботтар адамнан артық істей алмайтын жұмыстар өте аз болады.

Менің дұрыс түсінсеңіз екен деймін. Бұл менің қалауым емес, бұл тек болуы ықтимал нәрсе. Егер менің болжамым дұрысқа шығып, осындай жағдай туындаса, біз ол кезде не істейтінімізді түсінуіміз керек.

Мен тек бүкіләлемдік жалпы кіріс керек деп қорытынды шығарып отырмын

Келесі, өнімдер мен қызметтер өндірісі өте белсенді болады... Автоматтандыру ысырапқа алып келеді. Барлығы өте арзан болып кетеді. Нәтижесінде бәріміз бүкіләлемдік жалпы кіріске келіп тірелеміз. Бұл керек болады. Бірақ мұның артында үлкен мәселе туындайды. Адамдардың өмірдің мәнін түсінудегі мәселесі. Көптеген адамдар өзін жұмыстан бөлек ойлай алмайды ғой. Егер сенің керегің болмаса, сенің еңбегіңді ешкім қажет етіп жатпаса, онда не істеу керек? Мұның қандай мәні бар? Өзіңді қалай қажетсіз сезінбеуге болады? Ал бұл мәселені шешу өте қиын.  Және болашақтың біз қалағандай болатынына қалай көз жеткізе аламыз? Менің бұған әлеуетті шешімім бар...Алайда біз футурристикаға, фантастикаға немесе қандай да бір жоғары ғылыми материяға денден еніп бара жатырмыз...Соған қарамастан, мен биологиялық сананың жасанды санамен аралсып кеткенін көремін. 

Біз белгілі бір мағынада киборгтар болып кеттік. Мысалы, кез-келген сұраққа әп-сәтте жауап алуға болатын Гуглды немесе басқа да іздеу порталдарын алып қараңыз. Қазіргі уақытта бәріміздің жүйке жүйемізде сандық қондырма бар. Лимбиялық жүйе бірінші деңгей деп айтуға да болады. Ол барлық жануарлардың рефлексіне жауап береді. Содан кейін ойлану мен жоспарлауға жауапты ми қабығы болады. Ол екінші деңгей. Ал үшінші деңгей сіздің сандық сәйкестігіңіз болады. Негізі, адам өмірден өткен кезде өзінен кейін осы сандық елесті ақпараттық алаңға қалдырып кетеді. Электронды хаттар, жазбалар және әлеуметтік желілердегі суреттер – олар жоғалып кетпейді. Яғни, менің ойымша, уақыт өте келе биологиялық және сандық сана арасындағы өзара қатынас тығыз бола түседі. Ол ми мен сандық қондырма арасындағы мәліметтердің алмасу интерфейсінің жылдамдығы, әсіресе биологиялық деңгейден сандық деңгейге бағытталған жылдамдық қаншалықты мүмкіндік берсе, соншалықты тығыз болып кетеді. Бірақ бүгінде ерекше даму байқалмайды, бәрі керісінше сияқты. Бұрын біз пернетақталарды пайдалансақ, қазір телефон мен планшеттерде бір-екі саусағымызды пайдаланамыз. Компьютерлер арқылы секундына триллион бит мәліметтерді алмасуға болады. Бірақ біздің саусағымыз секундына тек он бит мәліметті, жарайды жүз бит дейік, жібере алады. Сол себепті миға қосылған кең жолақты интерфейс менің түсінігімде адам мен машиналық сананың арасындағы селбесуге жетуге мүмкіндік береді. Бәлкім бұл бақылау мәселесі мен мағына мәселесін шешуге көмектесер.

Иә, бұл эзотерикамен шектелетін мәселе.

- Ешнәрсе етпейді. Бұл конференция тақырыбына да келеді ғой...Сіз үнемі қалыптан тыс ойлайсыз. Жаспарларыңыздың бәрі өршіл. Ғарышты меңгергіңіз келді, меңгердіңіз. Жеті рет пе, сегіз рет пе, көптеген сәтсіздіктерден кейін де, көп реттік қолданыстағы зымыран жасағыңыз келді, жасадыңыз. 

- Мен мұндай сәтсіздіктерге төрт рет ұшыру талпыныстарын қоспаймын.

-Мұндай ойларды қайдан аласыз? Олардың кейбіреулері адам мүмкіндігінің шегінен шығып кетеді ғой.

- Мен тек белгілі бір мақсатқа жету үшін қандай технологиялық шешімдер қажет деп ойлай бастаймын және осы бағытта барынша ілгерлеуге қол жеткізуге тырысамын. Мысалы, ғарышқа ұшу үшін онсыз ілгерлеу болмайтын ең маңызды бөлім, оларды көп рет пайдалану мүмкіндігі. Ұшақтар үшін де солай. Егер ұшақ тек бір реттік пайдалануға жараса, онда оны пайдаланғысы келетін адамдар табылмас еді. Өйткені «Боинг-747» 250 немесе 300 миллион доллар тұрады.  Оның үстіне елдің бір шетінен екінші шетіне жету үшін екі ұшақ қажет болар еді. Бірақ мұндай сапар үшін ешкім миллиондаған шығын шығарғысы келмейді. Ал ұшақты қайталап он рет, тіпті жүз рет қолдану мүмкін болғандықтан сапар құны түбегейлі өзгереді. Бұл зымыранға да қатысты. Біздің зымыранымыздың құны 60 миллион долларға жуық. Яғни, бір реттік ұшыру кезіндегі шығын 60 миллион доллар болар еді. 

Бірақ егер оны мың рет ұшыратын болсақ, оны ұшырудың өзіндік құны 60 мың доллар болады. Ал егер зымыранның ішінде жолаушылар саны көп болса, онда ғарыштық сапардың құны бір адам үшін ұшақпен ұшу құнынан асып кетпес еді. Бұл расымен де маңызды нәрсе.

Жердегі гравитациялық шұңқыры өте тереңде орналасқандықтан, көп реттік пайдаланатын зымыранды жасау көп реттік ұшақты жасаудан қиынырақ. Дәл сол себепті әлі күнге дейін көп рет пайдаланатын зымыранды әлі жасаған жоқ. Бірақ егер ең жақсы материалдарды, ең үздік жобалау әдістерін қолданып, бәрін ретімен орындаса бірнеше рет пайдаланатын зымыран жасап шығаруға болады. Жердің гравитациялық шұңқыры он пайыз тереңдікте болмағаны да біз үшін жақсы мүмкіндік. Әйтпесе көп ретті қолдану көрсеткішіне ешқашан да қол жеткізе алмас едік. 

- Ойды жүзеге асыру үшін жақсы ұжым керек. Өзіңіз бірге жұмыс істейтін адамдарды қалай таңдап аласыз? Таңдауыңыз неге негізделеді?

- Мен ең әуелі түйсігімді басшылыққа аламын. Бір адамдармен әңгімелесіп отырған кезде, оған ең негізгі бір сұрағымды қоямын...

- Ол қандай сұрақ?

- Мен ол адамға өз өмірі жайлы айтып беруін сұраймын. Қандай шешімдер қабылдадыңыз, не үшін ондай таңдау жасадыңыз деп сұраймын.  Сондай-ақ, ол адамнан өмірінде бетпе-бет келген ең қиын мәселесін қалай шешкені туралы айтып беруін өтінемін. Бұл өте маңызды сұрақ. Өйткені мәселені шешкен адам оның ұсақ-түйегіне дейін, бәрін есіне сақтап қалады. Ал мәселені шешкен сыңай танытып жүрген адамдар ол мәселенің тек бергі жағын біледі. Ал нақтылай түс десең, өз-өзінен қысыла бастайды.

- Ал өзіңіз үшін ең ауыр сынақ қандай болды?

- Ең ауыр сынақ па?

- Ешқандай сынақ болмады ма?

- Әрине, көп болды. Тек, қайсы ең ауыр болғанын түсінуге тырысып отырмын. Бәрі уақытқа байланысты. Ең қиын нәрселердің бірі – түзететін кері байланысты сақтап қалып, адамдар өзіңіз естігіңіз келетін сөздерді айта бастағанда, уақыт өте келе оны бүлдіріп алмау. Бұл өте қиын нәрсе.

- Біздің уақытымыз соңына таяп қалды. Соңғы бір сұрағымды қоя кетсем. Үкіметтердің бүкіләлемдік саммитінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген жастар отыр. Илон Маскқа ұқсағысы келетін осы жастарға қандай жол көрсетер едіңіз?

- Олар маған ұқсауды армандамай-ақ қойғандары дұрыс па деп ойлаймын. Меніңше, сол дұрыс сияқты.

- Жақсы.

- Иә, бұл соншалықты қызық нәрсе емес қой.

- Солай ма?

- Әрине. Бәлкім, бұл да жаман емес шығар. Бірақ, мен өзіме ұқсағым келеді деп айта алмас едім. Бірақ....

Мақсатына жеткісі келетін адамдарға айтар кеңесім... Мен физиканы аналитикалық ойлауды қалыптастырудың ең жақсы негізі деп есептеймін. Физикаға тән бейнеге қол жеткізуге кеңес берер едім. Тек теңдеулер ғана емес, әрине ең маңыздысы солар ғой, бірақ физика дәрежесінде ойланудың өзі – түсініксіз нәрселерге түйсік арқылы жету үшін жақсы іргетас болады.

Әрі қарай. Сіздің қандай да бір дәрежеде қателесіп жүрмін деген ұстанымыңыз болу керек. Бірақ, мақсатыңыз – уақыт өте келе қателікті азайту.

Адамдардың көп жіберетін қателіктерінің бірі, оны ішінде мен де бармын – қалағаныңды шындық ретінде қабылдау. Яғни, сіз шындық болмаса да, бірнәрсенің шындыққа айналғанын қалайсыз. Осылайша өзіңізді-өзіңіз алдап, шындыққа көз жұмып қарай бастайсыз. Мұндай құрықтан қашып құтылу оңай емес. Бұл менің де басымда бар...Сондықтан, бірнәрседе қателесіп жүрмін деген ұстанымды ұстап, бірақ азырақ қателесуге тырысу маңызды. Сыни пікірлерге қол жеткізуіңіз керек. Әсіресе, достар тарапынан. Сізді жақсы көретін, сізге жақсылық тілейтін адамдардан. Олардың мақсаты сізді қапаландыру емес. Яғни, сіз оларға нағыз шындықты естігім келеді деп айтыңыз. Сонда олар сіздің шындыққа көзіңізді ашады.

- Көп рахмет!

Дереккөз: petrimazepa.com

Аударып, ұсынған: Мира Сембайқызы

Мақпал Сембай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір