• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 13:14:47
Алматы
+35°

15 Наурыз, 2019 Аймақтар

Халықты ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – басты саясат

Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек

«Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Бәсекелестікті дамыту үшін жеке меншіктегі медицина мекемелеріне ММСЖ жүйесі аясында тең жағдай туғызу керек. Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын. Сондай-ақ, заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу қажет». Бұл мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы.

Демек, Президент атап көрсеткендей, заңнамалық тұрғыдан фармацевтика нарығындағы барлық жағдай реттелуі керек. Әсіресе, дәрі-дәрмекке қатысты. Өйткені дәрі -дәрмек өндірісі – өте табысты бизнес көзі. Әрбір адам ауырмай тұрмайды. Мұндай жағдайда барлығы дәрігерге барып, дәріханаға бас сұғады. Керек дәрісін алады. Ал сырттан келетін дәрі-дәрмектің бағасы жоғары. Не істеу керек? Қазақстанда халық денсаулығын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы қабылданды. Аталған бағдарламаның төртінші бағытында Ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын іске асыру көзделген. Ол үшін отандық фармацевтика өндірісін жандандыру керек. Бұл бағытта жұмыстар істелініп жатыр. Дәрі-дәрмек өндірісінің қолжетімділігін және бағасын реттеу бағытында халықаралық тәжәрибе енгізілді. Дәрілік заттар дистрибуциясының бірыңғай жүйесі құрылды.

Ауыл тұрғындарына дәр-дәрмек қолжетімді болуы тиіс. Бұл бағытта дәріханасы жоқ 3 мыңнан астам ауылдық елді мекенде дәрілік заттарды МСАК нысандары арқылы өткізу ұйымдастырылып отыр. Республикамыздың медицина, фармацевтика қызметкерлері мен тұрғындарын ақпараттандыруды жақсарту мақсатында Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығы құрылды. Оның аймақтардағы филиалдары да жұмыс істеп тұр.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Бірыңғай дистрибьютор орталығы қазір отандық тауар өндірушілермен  жұмыс істеуде белсенділік танытуда. Бұл дұрыс та шығар. Өйткені  еліміздің  дәрі-дәрмек саласының дамып, оның шипасын халық көруі тиіс. Бұл орайда дистрибьюторлық орталық отандық тауар өндірушілермен 6591 дәрілік заттарды жеткізу үшін   ұзақ мерзімді 52 шарт жасасты. Қазіргі уақытта  отандық фармацевтикалық зауыттардан алынатын атаулар шамамен 464-тен  асып отыр.  Бұл  Бірыңғай дистрибьютор тізімінің жартысын құрап отырғанын да айта кету қажет.   Жалпы жыл өткен сайын отандық фармацевтика саласы қарқынды дамып келеді. Бірыңғай дистрибьютор сатып алынатын отандық препараттар қатарын кеңейтуді көздеп отыр. Президент тапсырмасына орай, мемлекет те бұл салаға баса назар аударуда, оның үстіне жеткілікті қаржы бөлінуде. Бір ғана мысал,  отандық өнімді сатып алу көлемі күрт ұлғайды. Егер 2010 жылғы 4,8 млрд теңге шамасында болса, 2018 жылы сатып алу шамамен 50 миллиард теңгені құрайды. Бұл отандық өнімдерді сатып алу көлемі 10 есе  ұлғайды деген сөз. Бұл әрине үлкен жетістік және аталған цифр алдағы уақытта мұнан да ұлғая түсетіні сөзсіз. 

Негізі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабы бойынша, әрбір елде отандық дәрі-дәрмектің үлесі шамамен алғанда 25 пайызды құрауы тиіс. Сонда ғана ішкі сұра­нысты отандық өндірушілер тарапынан аз да болса қамтамасыз етуге болады. Бұған біздің елімізде  толықтай мүмкіндік бар. Өйткені мамандардың айтқанына сенсек,  дәрі-дәрмектерге керекті шикізаттың 90 пайызға жуығы  табылады.  Демек бізде болашақта отандық дәрілерді сыртқа  экспорттауға да мүмкіндік мол.

Жалпы сырттан келетін дәрі-дәрмектерді арзандататын мүмкіндік бар ма? Бұл жөнінде біз Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен төмендегідей жауап алдық. «Дәрілік заттарды шет елдік өндірушілермен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 175 аталымдағы медициналық препараттар бағасы орташа 23 пайызға төмендеді, ал отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар аясында бағаны төмендету жөніндегі қабылданған міндеттілікке сәйкес 134 аталымдағы дәрілік заттар бағасы 5пайызғаға төмендеді». Демек, мұнан шығатын қорытынды, сырқат жандар үшін баға қолжетімді болып тұр.

Расында да сатып алынатын дәрілердің бағасының қолжетімді болғаны дұрыс. Осыған байланысты Елбасының Жолдауына орай 2019 жылдың қаңтарында «Кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» арнайы  заңы қабылданды. Жалпы нарықтағы дәрі-дәрмектің барлығы да тексерістен өткізіледі, сөйтіп сапасына кепілдік беріледі. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын ұлттық сараптау орталығымен 2018 жылы дәрілер мен медициналық бұйымдарға барлығы 6,5 мыңнан астам сараптама жүргізді.

Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп екенін айта кеткен жөн.  Сонымен қатар, сараптама орталығы  63 мыңға жуық медициналық өнімнің қауіпсіздігі мен сапасы туралы тұжырымдама берді.

Сондықтан Қазақстанға сырттан келетін немесе отандық фармацевтика өндірісінен жеткізілетін өнімдердің барлығы да қауіпсіз деп тұжырым жасауға болады. Бұл орайда тиісті органдар сапалы жұмыс істеп отыр. Соған қуанамыз.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір