• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 16:25:52
Алматы
+35°

19 Қазан, 2018 Денсаулық

Үй-күйі жоқ, баласы науқас отбасылар туберкулез диспансерін паналауда

Бұл – Атбасар қаласындағы туберкулезге қарсы емхананың бұрынғы ғимараты.

Атбасарда екі жыл бойы қаңырап бос тұрған туберкулез диспансерінің ғимаратына жергілікті әкімдік әлеуметтік сала қызметкерлерін орналастырмақ. Ал балаларды емдеген бір қабатты нысанға жағдайы төмен оншақты отбасын қоныстандыруда. Алайда, ұл-қыздарының денсаулығына алаңдаған жұрт бұл шешімге қарсы. Нысанның дұрыс дезинфекцияланғанына күмәні көп халық онсыз да әлжуаз перзенттері ғимаратта сақталған қауіпті инфекцияны жұқтырып ала ма деп қауіптенеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.   

«Бұл – Атбасар қаласындағы туберкулезге қарсы емхананың бұрынғы ғимараты. Аталмыш нысанда әкімдік өкілдері қазір жөндеу жұмыстарын жүргізіп, түрлі әлеуметтік сала қызметкерлеріне берген. Ал, өз кезегінде 4 жыл қаңырап бос тұрған балалар емханасының ескі ғимаратына қазір әлеуметтік жағдайы төмен әртүрлі отбасылар қоныстанбақ».

Талай жылдан бері көшіп-қонып, аядай  бөлмеге зар болғандар бұл күнде құрт ауруына шалдыққан балаларды емдеген мекеменің мына бір қабатты ескі ғимаратын паналауда. Басқа амалдары жоқ. Олар жаңа қоныстарына шама-шарқылары келгенше жөндеу жұмыстарын жүргізіп алған. Бірақ, ішкі көрінісі аянышты.  

«Мұнда мен секілді жағдайы төмен 10-ға жуық отбасы қоныстанғалы жатыр. Бұл ғимарат бұрынғы туберкулезге қарсы емхананың балалар бөлімінің ғимараты. Бізге бұл баспананы әкімдік уақытша берді, қанша тұратынымыз белгісіз. Бөлмелерге шамамыз келгенше жөндеу жүргізіп алдық» - дейді Атбасар қаласының тұрғыны Артур Жамалетдинов.

Күннің ызғарына қарамастан ғимараттың алдына жиылған жұрттың қарасы қалың. Бәрінің  талап-тілегі бір, тек науқас балаларына тұрақты ем-дом жүргізетін әлеуметтік қызметкерлерге жөні түзу ғимарат берілгенін қалайды. 

«Мынау тубдиспансер туралы айтсақ, тубдиспансерді біздің балаларымызға беріп жатыр. Оның ішінде инфекция жүріп жатыр, - дейді. Ол біздің балаларымызға керек емес. Өзіміздің балаларымыз әлсіз. Біз оған қарсымыз. Соларды шешіп берулеріңізді өтінеміз» - дейді Атбасар қаласының тұрғыны Құндыз Тілеуқызы.

Ал, туғаннан денсаулығында түрлі ауытқулары бар балалардың ата-аналары өз перзенттерінің болашағына алаңдаулы. Себебі, құлаққа түрпідей тиетін диспансерде қалған-құтқан инфекцияны иммунитеті төмен мүгедек жандар жұқтырып алуы мүмкін дейді. 

«Пусть акимат заселится сюда, а наши дети пойдут в здание акимата».

Мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын ұдайы бақылап жүрген әлеуметтік қызметкерлердің қазіргі жағдайы мүшкіл. Аймақтағы кенжелеп қалған мамандық иелері, аудандық кітапхананың тап-тар 2 бөлмесін жалға алып, өлместің күнін кешіп жүр екен. Ертеңгі күні диспансер ғимаратына көшсе өздерінің емес, балақайлардың денсаулығына алаңдаулы екендерін де айтып қалды.

«Біріншіден, біз мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығына алаңдап отырмыз. Себебі, біздің сала қызметкерлерін бұрынғы жұқпалы аурулар ауруханасының ғимаратына көшіргелі жатыр. Олардың иммунитеті әлсіз. Аталмыш нысан толық вирустардан тазартылды дегенге сенбей отырмыз» - дейді әлеуметтік қызметкер Марина Ничеприенко.

Алаң жұрттың ұлардай шулауы бекерден-бекер емес. Себебі, кезінде бұл ғимаратта туберкулездің ашық түріне шалдыққандар емделген екен. 


Наразы тұрғындар аты жаман аурудың қоздырғышы - "кох таяқшасы" ұзақ жылдар бойы сақталуы мүмкін екенін алға тартады. Ал, жергілікті санитарлық дәрігерлердің пікірі тұрғындарға кереғар. Өйткені, жергілікті қазынадан тек дезинфекция жұмыстарының өзіне 20 миллион теңге бөлініпті. Мамандар мұны тазалыққа көңіл бөлініп отырғандығымен түсіндіреді.

«Бүгінде аталмыш ғимаратқа екі деңгейлі дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Жүргізілген жұмыстар «санитарлық ереже» талаптарына сай орындалды. Ол ережеде туберкулезге қарсы диспансер жабылған жағдайда, арада белгілі бір мерзім өткен соң тазарту жұмыстары аяқталғаннан кейін пайдалануға болады делінген. Сондықтан, біз ешқандай ереже бұзған жоқпыз» - дейді Атбасар аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Қанат Ысқақов.

Ал аудан әкімі бұл қызметке жақында ғана келгенін, жағдаймен әлі толық таныс еместігін айтып, ақталып бақты. Оның ойынша, аталмыш ғимаратта ешқандай қауіпті инфекциялар жоқ, мамандар мұқият тексеріп, барлық құрал жабдықтарын ауыстырыпты.  

«Денсаулық сақтау министрінің нұсқауы бойынша екі рет дезинфекциялық жұмыстарын жүргізіп, кварцевать етіп 4-5 мекемені сол жерге шоғырландырайын деп отырмыз. Біз оларға түсіндіріп айтып жатырмыз. Ол мекемеде екі жыл науқастар болған жоқ. Соңғы жылы 13-ақ адам болыпты. Ол аурулар жұқпалы емес, тек жеңіл формадағы адамдар болған екен» - дейді Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов.      

Алыпқашпа әңгімеден жүректері шайлыққан тұрғындар жергілікті билікке тағы да дезинфекция жұмыстарын жүргізіңдер деген талап қойып отыр. Сонда ғана тынышталып, балаларымызды алаңсыз емделуге алып бара аламыз дейді жұрт. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір