• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 16:58:18
Алматы
+35°

11 Қазан, 2018 Әлеумет

«Ұлтшылдан» неге жеріндік?

Мәдениеттен жырақ жатқан қазақ секілді жұртты салғаннан көпшіл қыламын демей, әуелі ұлтшыл қылу керек

«Ұлтшылмын» деген сөзді ауызға ала қалсаң көк есекке теріс мінгізетін не ат тонын ала қашатындардың қарасы көп. Тіпті, «ұлтжандымын» дегенің жөн деп түзету енгізіп, қалыптасып қалған қасаң түсінікті сенің санаңа да сіңіргісі келетіндер табылады. Қазақтың тектік тұқымын құртуға бар күшін салған, ақыл-ой қуатын отарлап, бетіндегі қаймағын сыпырып алуға тырысқан Кеңестік үкіметтің біздің санамызға еккен 70 жылдық уытының «жемісі» еді бұл. Ал ұлттық идеямыздың темірқазығы саналған, мұқым қазақтың азаттығы жолында қайраткерлік танытқан алаш арыстары бұл сөзді қолданды ма? Дерекке құрық салайық.

«Қазақ» газетінің 1915 жылғы санында Ж.Тілеулиннің «Ұлтшыл жігіт» деген атпен мақаласы жарық көреді. Мақалада өзі де білім алып әрі Уфа мен Троицкіден мұғалімдер алдыртып балаларды оқытпақ болған Ахмет Жанталинге қатысты: «Ахмет Көкшетау һәм Қызылжар – екі уезде – ұлт қамына қайғырған бірінші адам»,-деп көрсетеді. Ұрпағымыз сауатты болсын деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген Ахметті неге «Алаш» партиясының облыстық комитетінің мүшесі Жұмағали Тілеулин «ұлтшыл» деп айтып отыр?! Бір бұл емес. ХХ ғасырда жарық көрген көптеген мақалалардан тұлғаның жеке қасиетін сипаттауда «ұлтшыл» ұғымының жағымды мағынада қолданылғанын, тіпті, өзгелерден даралап тұрар артықшылық іспетті болғанын байқаймыз. Дәл осы газетте жарық көрген «Алаш партиясы атынан учредительное собраниеге аталған депутаттар» атты хаттамада Семей және Ақмола облыстарынан үміткер ретінде ұсынылғандардың қатарынан Халел Ғаббасовты: «Халел студент күнде-ақ ұлтшыл, жинаған білім қазынасын халыққа таратуды өзіне борыш санаған һәм сол пікірін іспен көрсете бастаған қазақтың үмітті ұлы»,-деп сипаттайды. Ал осы облыстан депутаттыққа өткен Асылбек Сейітовке: «...жас доктор, қыз мінезді, ақ қағаздан ақ, ұлтшыл жас»,-деп баға берген. «Ұлтшыл» деп көрсетілгендердің ішінде фельдшер, «Қазақ» газетінің тілшісі есепті болған Жұмағали Тілеулин, Ахметжан Қозыбағаров, мұғалім Әбікей Сәтбаев, фельдшер Ахмет Райымбеков, облыстық қазақ комитетінде істеген Ғабидолла Әлібеков, дәрігер Ғайсы Қашқымбаев та бар. Әлде, басыңда ноқта, тірсегіңде тұсау жоқ бостандық үшін жанын саудаға салған алаш зиялыларының бұл сөзді қолдануында өзгешелік болды ма? ХХ ғасырда оң көзқарасқа ие болған бұл сөздің ХХІ ғасырда «өз ұлтыңнан өзге ұлтты төмен санау» мағынасын беріп, өңі теріс айналғаны қалай?

«Алаш ақиықтары» жинағында да Мәнән Тұрғанбайдың «Ұлтшылдық» атты мақаласы басылған болатын. Енді осы мақаладағы «ұлтшылдық» ұғымына тоқталсақ. Ол: «...Ұлтшылдардың мақсаты әрбір ұлттарға мәдениет кіргізіп, бақыт таңының атуына себепші болмақ. Мәдениет күшейген соң өздері-ақ кісішілдік пікірін тауып алады. Ұлтшылдар әр жұртты шиеленістіріп, қырылыстыру, өз ұлты үшін басқаларды құрбан қылу деген ойдан жырақ»,-дейді. Бірақ, осындай соны пікірлердің болғанына қарамастан ХХ ғасырдың І жартысы қазақ үшін аса қиын әрі қысылтаяң кезең болды. Осы сөзді өздеріне қарсы қару етіп қолданып, қазақтың қаймақтарын «ұлтшылсың» деп сыпырып алған, тарихқа қанмен жазылған қасіретті жылдар еді бұл. Халықтың рухын жаныштаған, Алашордалықтардың ұлттық-демократиялық мемлекет құруды көздеген армандарын белден басып, басын жұтқан Кеңестік биліктің қоластындағы ұлттарға жасаған солақай саясатының салдары еді бұл.

Ал Мәнән Тұрғанбай аталмыш мақаласында қазақтарды ең бірінші ұлтшыл ету керектігін алға тартады. «Ұлтшылдық(ты) кісішілдікті айыра білмеген, бас пайдасынан басқаны ойына алмаған, дін хүкімі шариғатқа бас иіп іске асырмаған, мәдениеттен жырақ жатқан қазақ секілді жұртты салғаннан көпшіл қыламын демей, әуелі ұлтшыл қылу керек»,-деген пікір айтады. Демек, ұлтшылдықтан асып елдік мәдениет, қазақта қара басының емес, халықтың қамын жейтінШыен ұлттық мүдде жолындағы күрес, мемлекетте прогресс пайда болады екен. Бұл жолды ту етіп ұстап, әр қазақтың кеудесіне ұлтшылдықтың шоғын үрлей алса Қазақияның күні жақын арада сөнбейтінін білген Құдайсыз үкімет әуелі елді соған үгіттеп, іс қылып жүрген тұлғалардан тазартуға тырысты. Мұның соңы 1937-1938 жылғы репрессияға апарғаны оқулығы жұқа, ал өзі атан түйеге жүк болатын тарихымыздан мәлім. «Біз тарихтағы оқиғалардың деректерін көп білеміз, бірақ әрбір құбылыстың себебіне ой жібермейміз» (Ключевский). Әлемдік аренада өз орнын тапқысы келген ел әуелі қайтсек мемлекеттің мерейін өсіріп, халықтың әл-ауқатын жақсартамыз деген ортақ мүдде тоғыстырған ұлтшылдарды көбейтуге, оны насихаттауға күш салу керек. Сонда ғана Қазақстанның дамыған он елдің көшін бастайтынына, өз Отанында отырып бабасы басын имеген жерде өзгеге тізесін бүкпейтін асқақ рухты ұрпақ тәрбиелеп шығатынына үміт мол.

 

Шынәділ Салтанат

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір