• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 00:38:38
Алматы
+35°

Исламдағы  шейх сопылар мен қазақ арасындағы әулиелер, пірлер, бақсылар, йогтар мен монахтар арасында небір керемет көрсететін, адам рухын шыңдаудың, жан тазалығының  шыңына жеткен, отқа күймейтін, суға батпайтын, аспанда ұшатын ғажап қасиетке ие таңдаулы  жандар болғанын кәрі тарихтан жақсы білеміз. Құдай жалғыз болғандықтан, діннің де түп атасы бір. Әр халықта әр түрлі аталғанмен, ғажайып қасиетке ие жандардың бәрі да Алланың ерекше назары мен мейірімі түскен адамдар екені анық. Олардың хикметінің қыр-сырын қарапайым жандар ұғына алмасы тағы мәлім. Исламда Құран мен сүннетке сай болса, сопылық тура жол саналады. Сондықтан ислам ғалымдарының бірде-бірі сопылыққа қарсы шықпаған. Таза сопылық  дінімізде өте ауыр жол саналады. Оған тек ауыр сынаққа төтеп беретін таңдаулылар ғана қол жеткізе алады. Осы тұрғыдан қарағанда,  Сахара сопылары мен Тибет монахтарының арасында ұқсастық бар. Жер бетінде, бақытымызға орай, сопылар мен монахтар  арасында қандай сұмдық табиғат апатынан да аман шығатын адамдар болған және Тибетте қазір де бар. Мәселен, «Мәңгілік материк» аумағындағы үңгірлерді мекендейтін йогтар өмірі соның анық дәлелі.  

Йогтар дегенде біздің көз алдымызға циркте қарнына қарыстай қанжар сұғып, мұрнынан жіп өткізетін сиқыршы-клоундар елестейді. Клоундарды Гималайдағы йогтармен шатастырмау керек. Нағыз йогтар – біздің өркениет өркешінде дүниеге келген ерекше ұрпақ – болашақтың адамы. Гималай мен Тибетті мекендейтін олардың бойында бізге беймәлім ерекше энергия бар. Бүкіләлемдік катаклизм болса да, йогтар аман қалады. Таудың сұмдық суық ауасы мен көп жылдық аштыққа әбден шыңдалған ұрпақтың ішінен нағыз шыңдалғандары ғана Сомати жағдайына жете алады. Сомати дегеніміз – медитацияның ең жоғарғы формасы. Оны летаргиялық ұйқымен немесе клиникалық өліммен шатастыруға болмайды. Летаргиялық ұйқыда адамның жүрегі, миы жұмыс істеп жатса, сомати жағдайында дене өлген адамдыкінен де ары тас болып, сұп-суық болып қатып қалады. Бірақ жаны тірі. Тірі болғанмен – денесіз. Осылайша әлгі жан мың жыл жатқан тас денеге қайтып орала алады. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де – осы!

Дәрігерлер мен биологтар адам денесінің мұз болып қатуы клеткалардың бұзылуына апарып соқтыратынын жақсы біледі. Сондықтан мұз болып қатқан адам міндетті түрде өледі. Ал сомати – йогалардың мың немесе миллион жылдан кейін де мәңгілік мұз құрсауынан тірі шығуының себебі ғылымға әлі белгісіз. Мұны аюдың 9 ай бойы үңгірде ұйықтап жатқанымен салыстыра алмайсыз.

Әрине, жоғарыдағыдай сомати жағдайына ерекше таңдалған адамдар ғана ене алады. Ал ондай ерекше күшке ие емес монахтар күніне үш рет сомати жасап, үш сағатқа ғана өліп, қайтадан тіріліп, жаттығатын көрінеді.

Жаратқан Иеміз жаһандық катаклизм болып, жер бетіндегі күллі адам баласы қырылып қалатындай жағдай туса да, Адам ата ұрпағын сақтап қалудың амалын алдын-ала ойластырып, бүгінгі тілмен айтқанда, сақтандырып қойған екен-ау дейсіз. Оның бір жолы біз айтып отырған – Сомати. Тибеттік ламалардың айтуынша, қажет уақытында бұл адамдар тіріліп, адамзаттың қайтадан ұрпақ жаюына мүмкіндік береді. 850 000 жыл бұрын Атлантиданы жұтып қойған Бүкіләлемдік топан су кезінде үңгір ішінде аман қалғандар кейін жер шарына тарап, адамзат ұрпағын жайған деседі.

Бір қызығы, Тибет монахтарында адам рухын шыңдаудың неше түрлі амал-тәсілдері болған. Соның бірі – тас қараңғы терең үңгірден жылдар бойы сыртқа шықпау. Яғни, адамды өзінің қалауымен көзге түртсе көргісіз тас түнек үңгірге қамайды. Өліп қалмау үшін кішкене тесіктен сусын мен тамақ қойып қояды. Тірі екенін содан білуге болады. Болды, тас қараңғы үңгірде жападан-жалғыз жатасыз. Тірі тіршілік иесі тұрмақ, тырс еткен дыбыс болмайды. Мәңгілік тыныштық. Тастай қараңғылық. Уақыттың қанша екенін, қай жыл мезгілі екенін сезіп-білу, айыру мүмкін емес. Жай жатпайды, үнемі дұға оқумен болады. Соның арқасында ешқандай аурумен ауырмайды. Шамасы үңгірде аса қуатты энергия болатын болса керек, қандай ауыр сырқат та жазылып шығады екен. Кейбіреу мұндай жағдайда үш күн, кейбіреу үш ай не асып кеткенде бір жыл ғана шыдауы мүмкін. Шыдамаса, шығарып алады. Өлсе, ішіне жерлейді. Ал енді кейбір монахтар осындай үңгірде 6-7 жылға дейін шықпай жатып алады екен. Осынша уақыттан кейін шыққандары анасынан жаңа туғандай болып жарық дүниеге оралады. Оларды күллі монахтар Құдайдай көріп, әспеттеп күтіп алады. Төбелеріне көтереді. Өйткені ол ерекше тылсым күшке ие болып шығады.

Ал енді мүлдем ас-су ішпей ондаған жылдар бойы ұйықтап жатып, оянатын да монахтар кездеседі. Мұндай жағдайға жету үшін олар мың күн, яғни үш жыл бойы тек қана жаңғақ пен пістемен ғана қоректенетін көрінеді. Нәтижесінде денеде титімдей де май қалмайды. Одан кейін монахтар тағы диетаға отырып, енді тек шөп тамырларымен ғана қоректенуге көшеді. Бұл да үш жылға созылады. Нәтижесінде денесі тірі қаңқа болып шығады. Одан кейін улы шайға көшеді. Оның пайдасы – өлгенде денесін бактериядан қорғайды.

 Жалпы, Гималай мен Тибетте әлемді басқарудың «кілті» бар делінеді. Британия, Германия, кезіндегі КСРО миллиондаған қаржы бөліп, ондаған экспедицияларды құпия түрде Тибетке аттандырғанына қарағанда, «кілттің» бары рас болуы да мүмкін. Барлығы да құдіреті күшті тылсымды игеріп, әлемді билеп тұруға ұмтылғаны шындық. Жалпы, аңыздағы Шамбаланы іздеп аттанған ондаған экспедициялар оны тапты ма, жоқ па, белгісіз. Бәрі бүгінгі күні құпия. Шынтуайтында, Тибет әлемдегі ең жұмбағы ашылмаған мекенге жатады. Ондағы бар құпия тылсымды бойына сақтаған Нам-цо көлі, Ярлунг Цангпо өзені, Қайлас тауы әлі сырын адамзатқа аша қойған жоқ. Тіпті, Қайлас тауынан «тірі» және «өлі» су табылғаны жөніндегі сенсациялық дерек әлем баспасөзінің «нанына» айналғаны да белгілі. Тибет йогалары осы «өлі» суды ішіп, өздерін біраз уақыт, не болмаса ондаған жылдарға «өлтіріп», сосын «тірі» суды ішіп, қайтадан тіріледі деседі. Бұл сулардың қасиеті адамдардың ағзасын жасарта алатын құдіретке де ие делінеді.

Төреғали Тәшенов

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір