• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 20:59:33
Алматы
+35°

27 Қыркүйек, 2018 Айтты-ей, бауырың!

Тәуелсіз жұмыскер деген кім?

Министр ханымның мұндай "эврикасынан" кейін жұрт енді құлақ емдеу дәрігеріне емес, психологқа көрінуі керек шығар...

Қазіргі сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары лауызымында жүргенде (2017 жылдың сәуір айы): «Соңғы 16 жылдың ішінде Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі екі есеге азайды, атап айтсақ, 13 пен 5 пайызға төмендеді. Бұл – Елбасының әлеуметтік-экономикалық саясатының тиімділігінің айқын дәлелі. Аталған көрсеткіш бойынша біздің республикамыз Еуропа Одағынан (8,2%), Украинадан (9,7%), Қырғызстаннан (8%), Бразилиядан (12%), Ресейден (5,6%) озып, АҚШ пен Ұлыбританияның (4,8%) көрсеткішіне жақындап қалды. Шет елден және бюджеттен сан миллиардтаған қаржылар тартылып, жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашылып, инновациялық технологиялар енгізілуде. Бізде 445 мың жұмыссыз тіркелген. «Нұр Отан» партиясы мен үкімет бұл проблеманы шешуі тиіс» – деп, айды аспаннан бір-ақ шығарған еді... 
Қарапайым жұрт Мұқаңның бұл «жаңалығына»: «Мен – не деймін, домбырам – не дейді» деп, таң-тамаша қалып еді. Бірақ, ресми өтірік пен жалған деректерге құлақсіңісті болып қалған жұрт таяу күндері тағы да өз құлақтарының есіту деңгейіне «күмәнданды». Дәлірек айтқанда, біздің орыстілді атқару құрылымының жылда бір өкілі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова былай деді: «Соңғы сегіз жылда жұмыспен қамтылғандардың саны 8 миллион 100 мыңнан 8 миллионов 600 мыңға өскен. Жұмыссыздық деңгейі ең төменгі деңгейге жетті 4,9%".
Министр ханымның мұндай "эврикасынан" кейін жұрт енді құлақ емдеу дәрігеріне емес, психологқа көрінуі керек шығар... 
Биылғы жылдың маусым айында ғана Ұлттық эко­номика министрлігінің Статистика комитеті жұм­ыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендердің саны 149,5 мың адамды құра­ған­ды­ғын, ал, бұл көрсеткіштің өзі экономикалық белсенді халық санына шаққанда 1,7 пайыз деңгейіне жеткендігін, сонымен қатар, жалпы Қазақстандағы жұмыссыздардың саны 434,4 мың адамды құрап, бұл – жалпы еңбек күшінің 4,8% пайызына жеткендігін мәлімдеген болатын. Ал, еліміздің еңбек нарығында «тұрақтылық сақталып отырғандығын» тіліне тиек еткен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында: «Жалақы бірқалыпты қарқынмен өсуде. Биылғы жыл­дың қаңтар-шілдесінде орташа айлық жалақы 157,7 мың теңгені құрады және нақты мәнінде 2,3 пай­ыз­ға өсті» – деп, «Мың бір түн» ертегісіне үлес қосты... 
Қазақ Еліндегі бұрын қолданылып келген «Өзін-өзі жұмыспен қамтушы» деген түсінік – мүлдем жойылатын тәрізді. Өйткені, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ету – әсте де оңай шаруа емес: алдымен, бізде заңның талаптары әлі де тым әлсіз және мейлінше қатаң. Жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламалары ыбырсықтай көп және оларды іске асыру тетіктері жұмыс істемейді. 
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лі­гінің ең соңғы мәліметтері мынадай: «Қазір әлем­де өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адам­дарды санатқа бөлу жүйесі өзгеріп барады. Халықаралық Еңбек Ұйымы қазір жаңа санат ойлап тапты. Құзырына қарай, жұмыскерлер «тәуелді жұмысшылар» және «тәуелсіз жұмыскерлер» деп, екіге бөлінетін болады. Экономикалық тәуекелдер бойынша, табысқа бағытталған немесе жалақыға бағытталған жұмыскерлер болады. Жаңа классификация жұмыс істейтін халықты 10 санатта жіктейтін болады. ХЕҰ конференциясында мақұлданған соң, аталған жүйе Қазақстанға да енгізіледі. Біз аталған тәсілдің бірін таңдайтын боламыз. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы «тәуелсіз жұмыскер» атанатын болады. Жаңа жүйе қазан айында енгізіледі». 
Демек, «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» адамдар жаңа классификацияға енгізіліп, қазақ топырағында өзін «жұмыспен қамтығандар» «тәуелсіз жұмыскер» аталатын болады... 
Иә, естімеген – елде көп... 
Біздің билік те сөзге жалқау емес... сөйлейді-ақ... 


Қажымұқан Ғабдолла

 

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір