• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 09:01:56
Алматы
+35°

14 Наурыз, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Бұл менің әкем. Осыдан 2 жарым ай бұрын айықпас дерт бұл өмірден алып кетпегенде әкем бүгін 72 жасқа толар еді. Ол шалғай ауылдардың тұрғындары таза су ішсін деп жерасты суларының сызбасын салған. Сондай-ақ қазір бас инженер-дизайнер Базарбек Жұмабектің жобасы арқылы жүзеге асқан құдықтардан су ішкен әрбір адам әкеме іштей алғыс айтып жүреді. Мен әкемнің туған күніне орай оған хат жазып отырмын. Оның бұл хатты оқитынына бек сенімдімін. 

Әкешім, егер сіз мені естіп, көріп отырсаңыз, сізді мақтан тұтатынымды біліңіз. Біз сізді қатты жақсы көреміз. Анам екеуіңіз мені адал, адамгершілігі мол адам қылып тәрбиеледіңіздер. "Елге пайдаң тисін, адамдарға пайдаң тисін" деп үйреттіңіздер. Мен сіздер артқан үмітті ақтауға тырысамын. 

Әке есіңізде ме, сіз маған студент кезімде "біраз жылдардан кейін сен арқылы басқа адамдардың тағдыры шешілетін күн туады. Сол кезде сен заңға бағынатын, елге қызмет етіп, әділетті ту еткен азамат болуың керек. Басқа адамдарға емес заңға ғана бағыну – сенің басты міндетің. Егер сен еліңді сүйсең, халқыңды сүйсең - менің үмітімді ақтағаның",- деп едің. Мен бұл сөздеріңді ешқашан ұмытпаймын. 

Сізге ең басты сөзді айтайын, әке! Сіз аспанда мені мақтан тұтатын боласыз. Мен заңға қызмет етуге, халыққа қолдан келгенше көмек көрсетуге бар ғұмырымды арнап келемін. Бұған өкінбеймін де. Мен бұл міндетті өмір бойы зор мақтанышпен орындауға әзірмін. Жер мәселесі аса күрделі екенін білемін. Сіз әрдайым маған адал бол және абай бол деп айтатынсың. Мен барынша сақпын әрі адалмын. Менен көмек сұрағандардың бәріне қолымнан келгенше қол ұшын созудамын. Сенің әр жазбамды оқып, қандай істер атқарып жатқанымды қадағалып отырғаныңды білемін, сеземін. Қазір хатты көзімнің жасын тыя алмай жазып отырмын. Бұл хатты қалай оқитыныңнан да хабарсызбын. Бұл хатты қалай жіберсем болады? Ұшақтар ұшпайтын, пойыздар бара алмайтын жаққа... Бірақ туған күніңде бұл хатты оқитыныңа сенемін. 

Әкешім, білесіз бе, еңбегіңіздің жемісін көріп үлгергеніңізге қуаныштымын. Қуанышты жиындарда, туған-туыстың ортасында мен туралы әңгіме қозғалған кезде мені мақтан тұтатыныңызды жиі айтатын едіңіз. Кейде жай ғана мақтайтынсыз. Бірақ бұл мен үшін өте маңызды еді. Мен сіздің үмітіңізді ақтағаныма ризамын. Сізді дерттен қорғап қала алмағанымыз үшін кешірім сұраймын. Мен, анам, Жазира және ағам бар амалды қарастырдық. Қолымыздан келгенін жасап бақтық, алайда бұл Құдайдың қалауы болды. Сіздің орныңыз ойсырап қалды. Сіздің жоқтығыңыз қатты білінеді. Түсімде сізді жиі көремін. Мүмкін үнемі қасымызда екеніңізді ескерткеніңіз шығар. Сіз менімен мақтанғансыз, әлі де мақтан тұтатын боласыз! Мен сізді жақсы көремін!

Танымал заңгер Бақытжан Базарбектің фейсбук парақшасынан алынған

Аударған: Әсел Болатқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір