• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 20:19:40
Алматы
+35°

21 Мамыр, 2019 Оқиғалар

Сириядан келгендер көрген қорлықтары туралы айтты (видео)

Соғыс ошағынан келген бала түрлі-түсті сурет салуға болатынын білмейтіндей көрінеді.

Қашпақ болған бірнеше адам мина басып мерт болды. Біразын снайперлер атып тастады. "Жусан" операциясы кезінде Сириядан елге жеткізілген отандастарымыз соғыс ошағында жүріп, көрген қорлықтарымен бөлісті. Содырлар ересектерді былай қойғанда,  балаларға да қару кезенген екен. Абақтыға да қамаған деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасының дерегін негізге алып.

Соғыс ошағынан келген бала түрлі-түсті сурет салуға болатынын білмейтіндей көрінеді. Бұл - "Жусан" операциясы шеңберінде елге оралған 156 баланың барлығына ортақ жайт. Бүлдіршіндер үйді де, даланы да тек қара түсті қарандашпен бедерлеген. Психологтар мұны "терең депрессияның белгісі" дейді.

"Алғаш келгенде балалар ұшақты көріп қашатын. Үстелдің, орындықтың астына тығылып отыратын. Кей балалардың ақыл-есінде кемістігі бары анықталды. Оған аналарының жүктілігі адам төзгісіз жағдайда өткені себеп болған. Олар дәрігердің көмегінсіз қараңғы жертөледе босанғандарын айтқан еді", - дейді Лола Шакимова атты психолог.

Оңалту орталығындағы психологтың мұндай байлам жасауына не түрткі болғаны оралған әйелдердің сөзінен кейін аңғарылады. Шам жеріне аяқ басқан адам елге қайту туралы ұмытуы шарт. Болмаса оққа ұшасың.

Оқ тек әйелдерге ғана емес, балаларға да атылған секілді. Өйткені елге қайтқан кішкентай отандастарымыз ойыннан емес, қарудан жараланғаны белгілі болды.

"Сегіз-тоғыз жастағы балалардың диагнозы "огнестрельное ранение". Сонымен жатқан балалар бар", - дейді Мұнайлы аудандық емханасының дәрігер-педиатры Альбина Айтпағамбетова. 

Кейін қайтқысы келетіндер үшін түрме де болған сияқты. Асыр салып ойнаудың орнына бүлдіршіндер темір тордың ар жағын көрумен жүрген екен. 

"Касра дейтін жерге апарды түрмеге. Сол жақта 12 күн отырдық. Сосын бізді Холға жіберді. Сол Холда 4 ай отырдық. Сол жерде шамамен 5 ай болдық", - дейді соғыс ошағында болған жасөспірім. 

Бағынбағаны абақты, еркіндіктегісі атылған оқ пен бомбаны көрген, сөздеріне сенсек. "Тозақтан шығатын жол болмайды" дегендердің енді үміті пайда болды.

"Ұшаққа отырған сәтте жылай бастадым. Жан-жағымдағылар "неге жылайсың?" деп сұрады. "Қуанғанның әсері" дедім. Балаларым үшін қуандым. Енді емін-еркін ойнайды. Ұйықтауға жатқанда ертең оянамыз ба, жоқ па, білмейтінбіз. Ол қорқыныш енді артта қалады деп ойлаймын", -дейді ол.

Енді қабағы түскен балалардың езуіне де күлкі ұялады...

Ұсынған: Әсел Болатқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір