• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 00:01:04
Алматы
+35°

15 Наурыз, 2019 Ғылым-білім

Сүйінші! "Әліппе" қайта оралатын болды!

Әліппеге байланысты биылғы оқу жылында үлгермейміз. Келесі оқу жылында әліппе орнына қайтып келеді.

«Әліппе» оқу бағдарламасына қайта оралатын болды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап.

Нақтырақ айтсақ, келесі жылы енгізіледі. Бұл туралы Ақтөбе жұртшылығымен кездесу кезінде Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова мәлімдеді. Ата-аналар қауымы бұл жаңалықты үлкен қуанышпен қабылдады.

Айта кетейік, 2016 жылы елімізде бастау сыныптарға арналған «Әліппе» мектеп бағдарламасынан алынып тасталған  еді. Оның орнын «Сауат ашу» деп аталатын оқулықтар алмастырды. Бұл өзгеріске халықтың басым бөлігі қарсылық білдіріп, осы уақытқа дейін бұл мәселе қызу талқыланып келеді.

Жаңадан тағайындалған Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова халықтың пікірі ескерілгенін және айтқан талабын алдағы оқу жылында толық орындауға барлық мүмкіндік бар екенін айтты.

Күләш Шәмшидинова: "Әліппеге байланысты биылғы оқу жылында үлгермейміз. Келесі оқу жылында Әліппе орнына қайта келеді. Жаңа оқу жылы басталуына аз ғана уақыт қалды. Қазір басқа кітаптар басылды. Елдің есін шығармай, келесі жылы Әліппені қайтарамыз. Білімнің сапасы туралы әр мектеп білгенін жасайды деп айтып жатырсыздар. Олай емес. Мемлекетте стандарт – біреу" - деді.

"Мектепке сабақ беруге ер азаматтарды шақыру керек. Балабақшада, мектепте әйелдердің тәрбиесін алып өскен балалар қыз секілді болып барады. Үш тілділікте балаларымыздың барлығы дүбара болып кетеді. Бала 12 жасқа дейін өз тілінде тәрбие алсын, өз тілін терең меңгерсін. Білім сапасы бізде неге төмендеп кетті?! Әр мектеп әртүрлі бағдарламамен оқытып, баланың басын шырдай қылады. Үйге берген тапсырмаларды ата-ана шеше алмайтын жағдайға жеттік. Әліппе мен әдебиетті қайтару керек деп ойлаймын».- деді ақтөбелік қоғам белсендісі Көшкімбай Ахметов.

Жүйесі жиі өзгеріске ұшырайтын жаңа Білім министрі  алдағы жаңалығын да айтты.

"Мектепке ер азаматтардың келуі бізді де ойландырады. Көп нәрсе мектептің басшысына байланысты. Кезінде мен де мектеп директоры болдым. «Өз жұмысын айтты» деп сөкпеңіздер. Санап отырып ер азаматтарды көбейттім. Сол сияқты жұмыс жасауымыз керек. Қазір ауылдағы мектеп мұғалімінің төменгі жалақысы 110 мың теңгенің айналасында, орташа жалақы –160 мың, ал ауылдағы 15 жыл өтілі бар жоғары санатты мұғалімдер 190 мың теңгеге дейін алады.

Мен мұндай қаржыға ер азаматтар да мектепке жұмысқа келе алады деп ойлаймын. Қаладағы жағдайда 30 пайызға төмен. Себебі мемлекет ауылды қолдап, жас мамандардың ауылға баруы үшін осындай жағдай жасап жатыр. Ал тілдік оқыту мәселесі қаралатын болады. Әліппеге байланысты, биылғы оқу жылында үлгермейміз, келесі оқу жылында Әліппе орнына қайтып келеді. Біз балаларға білімді өзі іздеуге үйретуіміз керек. Осы жағынан сүрініп жатырмыз.

Сондықтан қазір мемлекет 144 мың мұғалімді оқытуға қаржы бөліп отыр. Адамға ең қиын нәрсе – артқан сенімді ақтап шығу. Сіздердің айтқан пікірлеріңііз мені күнде ұйықтатпайды, осыны ақтай аламын ба, жоқ па деймін",- деді Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова.

Ұсынған: Мақпал Сембай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір