• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 04:36:14
Алматы
+35°

01 Қазан, 2018 Сұхбат

Соңғы екі жылда анимациялық фильмді жасау бағытында үлкен жетістіктерге жеттік

Екі бірдей толықметражды «Күлтегін» және «Мұзбалақ» анимациялық фильмдерін түсірдік.

Адай Әбілдинов,

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның «Анимациялық кино» бөлімінің жетекшісі, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, режиссер, сценарист:

-Бүгінгі таңда еліміздегі анимация қай бағытта келе жатыр деп ойлайсыз?

-Дәл қазіргі уақытта, соңғы екі жылдың ішінде біз анимациялық фильмді жасау бағытында үлкен жетістіктерге жеттік. 2017 жылы қазақ анимациясына 50 жыл толуына орай, біз үлкен сый жасадық. Екі бірдей толықметражды «Күлтегін» және «Мұзбалақ» анимациялық фильмдерін түсірдік. Оның тұсаукесері осы күз уақытына болады деп жоспарланып отыр. Бұл біздің шығармашылық топ үшін үлкен жетістік. Өйткені біз осы қос туындының аясында үлкен техникалық жетістіктерге жетіп, кадрларды толықтырдық. Режиссура және драматургиялық жағынан да үлкен тәжірибие жинадық десек болады. Тағы да айта кететін жайт, жыл сайын бір-екі толықметражды фильм түсіруді үрдіске айналдырмақпыз.

-Фестивальде көрсетілген анимациялық фильмдер жайлы ойыңыз?

-Биылғы жылы алғаш рет «Байқоңыр» фильм фестивалінде қазылық еттім. Сарапқа түскен туындылардын 98%-ы дерлік көрермен назарына ұсынуға тұрарлық. Фестивальдің ұйымдастырылуы да, былтырғыға қарағанда ауқымының кеңеюі де, жастардың кино өнеріне кәсіби тұрғыда бет бұруы да көңіл қуантады.

-«Үздік анимациялық фильм» және «Үздік қоюшы-суретші» жүлдесін иеленген Иван Ардашовтың «Өркеш» фильмі турасында не айтасыз?

-Мені барлық қырынан: монтаж, суретшілік, дыбыс және мағынасы бойынша таңқалдырған осы фильм болды. Әсіресе орыс жігітінің қазақтың ұлттық құндылықтарын, әке мен бала арасындағы берік қатынасын шебер жеткізгендігі жеңіске әбден лайық деп санаймын. Қасқырдың образы арқылы түпкілігін терең етіп түсіндірген бұл фильм ерен еңбектің арқасында қос бірдей марапатқа ие болды.

-Жеңімпаз Иван Ардашовпен бірігіп жұмыс істеу жоспарда бар ма?

-Әрине, тәуелсіз тұлға болғандықтан, әрбір адам өз қалауымен шешім қабылдауға құқылы. Дегенмен, «Өркеш» анимациялық фильмін онан әрі дамытып, бірігіп жұмыс жасайық деген ұсыныс режиссер тарапынан болып жатса, біздің құшағымыз әрдайым айқара ашық.

 -Анимациялық туындыларда қозғалатын тақырыптардың өзектілігі?

-Анимация арқылы әр түрлі әлеуметтік мәселелерді, тарихи, ғылыми, рухани құндылықтарды, балаларға арналған тәрбиелік маңызы зор дүниелерді көрсетуге болады. Нақты осы «Байқоңыр» фильмфестивалі туралы айтар болсам, мұнда сан алуан мәселелер көтерілгендіктен, тақырыптары да әр түрлі. Дегенмен, бүлдіршіндердің сүйікті ойыншығына айналатындай, көзге оттай басылатын кейіпкер шығару үшін әлі де үлкен ізденіс керек. Аниматор әріптестер осы мәселені қолға алса деген тілек бар.  

-Бұл фильмдердің техникалық түсірілімі қай деңгейде деп ойлайсыз?

-Әрине, кәсіби тұрғыдан қарағанда аз-кем қателіктер бар. Өйткені сапалы анимациялық туынды жасау көп қаржыны талап етеді. Мүмкін бір себебі осыдан болар. Сондықтан, мамандар даярлайтын оқу орындары заманауи техникалармен қамтамасыз етілсе деген тілегіміз бар.

 

Сұхбаттасқан Т.Қ.Жүргенов атындағы  Қазақ Ұлттық Өнер академиясының  4 -курс студентті Мария Пилтан

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір