• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 02:55:55
Алматы
+35°

09 Ақпан, 2019 Әлем

Сіз қазақ келіні секілді британ королі әйелдерінің де "сәлем салатынын" білесіз бе?

"Келін сәлем салып тұрғанда өзінің келін, ана, ене екенін сезіп отырады. Сондықтан бұл дәстүрді мүмкіндігіміз келгенше сақтау қажет".

Ал, Сіздер қазақ келіндері мен Британ корольдік отбасы әйелдерінің арасында ортақ не бар деп ойлайсыз? Олардың бәрі (корольдіктегілердің бәрі емес, әрине) «сәлем салады»! Ол жақта тек атауы басқа – тәжім ету (реверанс- curtsy).

тәжім ету

Қазақ халқында келіннің нақты кімге сәлем  салатыны белгілі. Яғни, қазақтың келіні қайын жұртындағы күйеуінен үлкен туыстарының бәріне сәлем салады. Ал, Британияда бұл мәселе анағұрлым күрделі. Ең басты адам ол - билеуші монарх, қазіргі таңда Елизавета - ІІ. Ары қарайғы тізім таққа тұрған кезекке сай анықталады. Демек, Чарльз ханзада, Уильям ханзада, Джордж ханзада, тағысын тағы...

Реверанс
Дәл осы тұста ескере кететін бір жайт. Мысалы, егер Чарльз жұбайы Камилламен, Уильям жұбайы Кейтпен бірге бір жерде кездесіп қалса, Кейт бірден Камиллаға тәжім етеді. Егер Чарльз болмай қалса, ондай жағдайда Уильям жұбайымен бірге бірден ең маңызды адамдар болып саналады да, Камилла Кейтке тәжім жасауы тиіс. 

Тағы бір қызық жайт. Туыс ханшайымдар күйеуінің арқасында ханшайым атанған келіндерден де маңызды тұлғалар. Сол себепті, Кейт пен Меган және өзге де келіндер Анна, Беатрис, Евгения ханшайымдарға тәжім жасауы керек. Бірақ осы тұста да келіндер күйеулерінің арқасында тәжім етуден «құтылып кетуіне» мүмкіндік бар. Егер келіндердің жанында ханзада болса, онда барлық ханшайымдар тақ мұрагерінің жұбайына тәжім етеді. Қысқасы, егер Кейт ешкімге тәжім еткісі келмесе, қайда барса да тақ мұрагері-күйеуімен бірге баруы керек.

Кейт ханшайым
Айтпақшы, туыс ханшайымдар патшайымға өз қалауларымен тәжім жасауына болады. Қаласа тәжім жасайды, қаламаса, жасамайды. Қанша дегенмен, өздері де ханшайым емес пе?

Королевы

Ал, келіндерге мұндай «жеңілдік» қарастырылмаған. Тіпті нағыз феминист Меган Марклдың өзі де бұл "ойынның" ережесімен келіспесіне амалы болмады.  

Тағы бір ерекшелік - тәжім жасау тек корольдің отбасы мүшелерімен шектелмейді. Сонымен қатар, келіндер әлемнің өзге де бекзада отбасыларына да тәжім етеді. Тәжімді тек монарх қана жасамайды. Бекзадалық мәртебесі бар өзге де отбасы мүшелерінің бәрі де бір-біріне тәжім жасайды. Кезінде тіпті Елизавета - ІІ де тәжім еткен. (дереккөз: Hey, baby фейсбук парақшасынан)

Ал, өз қазағымызға келер болсақ, бұл таңсық дүние емес. Сәлем салу - салт, дәстүр. Келіннің жанұядағы қызметі мен әдептілігінің белгісі, ата-ене, қайын жұртына деген құрметі мен сәлемі. Беташар кезінен бастап сәлем салу басталады. Сәлемді ата-баба салтымен иіліп немесе тізесін бүгіп салады. Ал сәлемге ие болған адам:  "Бақытты бол, балам!" деп ықыласын білдіреді немесе қарт аталар мен аналар жас келіннің маңдайынан иіскеп, бақыт пен берекет тілейді. Жас келін бір үйдің берекесін кіргізетін болашақ ана болғандықтан, ата-ене үйлі-жайлы болып, бала-шағалы болуларына үлестерін қосады. "Жақсы келін - қызыңдай, жақсы күйеу - ұлыңдай" деп қазақ даналары бекер айтпаған. (дереккөз: Уикипедия)

сәлем салу 

Тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаев: «Сәлем салу дәстүрі тек түркі халықтарына емес, сондай-ақ, Еуропа халықтарына ортақ дәстүр. Бұл дәстүрдің мәні - жалпы үлкенге деген құрмет. Келін басқа отбасыға келген кезде оның жанұясында белгілі бір орны болады. Сәлем салу арқылы келін сыйластықты сақтап отырады. Үлкендермен және жастармен сыйластықта болады. (...) Ертеде келін сәлем салмай жатса, әжелер тіпті "тізең сынсың" деп айтатын.

Бұл дәстүр өте ерте заманнан бері келе жатыр. Сәлем салу дәстүрі тек түркі халықтарына емес, сонымен қатар, Еуропа халықтарына да ортақ. Ең қызығы, Ұлыбританиядағы, Англиядағы корольдік отбасыларында келіндер әлі күнге дейін сәлем салады. Қазақ келіндері қалай сәлем салса, сол сияқты Англияның корольдік отбасыларындағы келіндер де солай сәлем салады.

Негізінен қазақ дәстүрлерінің көпшілігі ортақ, олардың ортақ ережесі бар. Соның ішінде келін сәлемнің негізгі стандарты - келін бір жақ тізесін буып, оң жақ қолын сол тізесіне қойып, иіліп сәлем береді. Еуропада да осылай. Бір жақ тізесін буып, иіледі.

Келін сәлемі әлі күнге дейін өскелең ұрпақ арасындағы сыйластықты сақтауға дәнекер болып келеді. Келін сәлем салып тұрғанда өзінің келін, ана, ене екенін сезіп отырады. Сондықтан бұл дәстүрді мүмкіндігіміз келгенше сақтау қажет", - дейді тарихшы. (дереккөз: tengrinews.kz сайтынан)

сәлем салу

Ал, Сіз ше? Сәлем саласыз ба? Сәлем салған келінге қандай тілек айтасыз?

Жалпы бұл дәстүрге көзқарасыңыз қалай?

 Ұсынған: Мақпал Сембай

Мақпал Сембай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір