• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 04:04:40
Алматы
+35°

25 Тамыз, 2018 Сұхбат

Өскеменде Шушанников деген азамат бар. Алматыда Шиманская. Бір беттік ақпаратты мемлекеттік тілге аударғысы келмей, мың сылтау ойлап табатын Шушанниковке Полина Шиманскаяны үлгі еткім келеді. Қазақ еліне, жеріне деген сүйіспеншілікке тұнып тұрған жылы жазбаларға толы Полинаның фейсбук парақшасына кездейсоқ тап болған мен шетелде демалып жүрген журналисттің қайта-қайта мазасын алып, орысша сұрақ құрастырып, әупірімдеп сұхбат алдым. Қазақтыққа келгенде менсінбеушілік пен тәкаппарлық танытып жүрген қайырымсыз қазақтардың ар-намысын оятып, өзге ұлт өкілдеріне мотивация сыйласам, мақсатымның орындалып, бәрі бекер болмағаны.

-Полина, жаңбыр мөлшерден тыс жауып, астаналықтар қайыққа мініп жүргенін фейсбуктен көрген шығарсыз. Мадрид қалай аман ба жауын-шашыннан?

Полина ШиманскаяИспанияның оңтүстігіндемін. Бұл жақтың ауа райы жып-жылы, адамдары да жылы жүзді, қонақжай, кеңпейіл. Тұрғындарды жерлестеріме қатты ұқсатамын. Ең қызығы, олар бір-бірін көргенде беттен екі рет сүйісіп амандаспаса, көңілдері көншімейді екен.

-Ел аралап, қыдырып жүресіз. Көрген-білгеніңізді қағазға түсіресіз, көркем фотолармен толықтырып, оқырман назарына ұсынасыз. Мұны травел-журнализм (ағылшыннан аударғанда «саяхат» деген мағына береді) деп атайды. Журналистиканың жаңа жанрының негізгі мәні қандай?

Бір орында отырғанды ұнатпаймын. Саяхатқа жаным құмар. Саяхат деген міндетті түрде мұхит асып, ұшаққа отыру емес. Талғарға немесе Қаскелеңге барсам да толқимын. Себебі кез келген сапар деңгейге, масштабқа, қашықтыққа қарамастан ерекше жаңа әсер сыйлайды: жаңа адамдарды кезіктіресің, жаңа ақпарат аласың, жаңа дүниені танисың.

Полина Шиманская

-Несін жасырамыз, халықтың көңіл-күйі түсіңкі, биліктен, жүйеден көңілі қалған, қалталары болса, тесік. Содан болар қылмыстың түрі көбейген. Денистен айырылған қазақ қайғыдан қан жұтып қалды. Шетелден келген сайын көңіліңізге кірбің түспей ме?

Бойымды депрессия билейтіні рас. Уэльстен келген көршім менің Қазақстаннан екенімді естігенде «Борат» деп айғай салды. Енді бірі Денис Тенді тапа тал түсте қаланың қақ ортасында айнаға бола пышақтап кеткендігі рас па деп сауал қоюға асығады. Көңіл-хошым еріксіз түрде түседі. Бірақ мен Қазақстанға шаң жуытпауға тырысамын. Бірақ отандастарыма бір өтінішім бар: кез келген дүниеге өзіндік көзқарасымыз болса деймін. Батыс елдерінен базарлық қана алып кетуді мақсат тұтпай, көрген-білген дүниелерге сүйене отырып, дүниетанымды кеңейтуге ұмтылуымыз қажет. Мысалы, көшеде келе жатып түкірмеу, қоқысты тек жәшікке лақтыру дегендей ұсақ-түйектен бәрі құрылады. Михас қалашығында жергілікті әкімияттың жастар ісі жөніндегі бөлімі балаларға арнап «Қалайда тірі қалғысы келетін зомби» ойынын ұйымдастыруы маған көп ой салды. Түні бойы сауық-сайран салған бала-шағаға қарап, біздің жастарды аяп кеттім. Бірден «Рухани жаңғыру» аясында  өткізілетін іш пыстырарлық іс-шараларды есіме алдым. Себебі дөңгелек үстелдермен шектелетін шараларда байғұстар қалғып-мүлгіп отырады. Бір қуаныштысы, күні кеше қабырғаға сурет салу бұзақылық деп бағаланатын, ал бүгін сол «бұзақылар» үшін граффити фестивалі арнайы түрде ұйымдастырылады. Демек уақыт зымырап өткен сайын белгілі бір нәрсеге деген адамның ой-көзқарасы да өзгереді. Басты шарт – өзгеріске ұмтылу, өзгерістен қорықпау.

-«Мемлекетке жалтаңдап қарамайтын болдық. Өз-өзімізді емдейміз, қорғаймыз, қолдаймыз, біліммен сусындатамыз. Көмекке мұқтаж жандарға да өзіміз бас-көз боламыз, ақша жинаймыз» деп жазасыз фейсбукте. Турасын айтқансыз. Жерлестердің құмға айналған ерік-жігерін қалайша нығайтамыз?

Пессимизм мен паникадан пайда жоқ. Испанияда 18 жылдан артық уақыт өмір сүріп жатқан қазақ әйелдерімен таныстым. Қызылордалық Бақыттың оқиғасын айтып бергім келеді. Оқыған-тоқыған отбасыдан шыққан, өзі де жоғары білімді Бақыт 23 жасқа дейін күйеуге шығып үлгермегендіктен әулетті масқараламас үшін бірінші кездескен адамға ойланбастан тұрмысқа шығып кеткен. Сөйтсе күйеуі ол ойлағандай ақылды болмай шығады. Жаңа отбасыда ауа жетпей, тынысы тарылған ол екі жылдан кейін қызын алып, үйден жыраққа кетеді. Өз өмірі үшін күресуді қолға алған Бақыт жаңа жұмысқа орналасады. Британдық күйеуін де сол жерде кездестіреді.  Бастапқыда бір-бірінің айтқан сөзін түсінбейтін екі ғашық мимикамен, жүрекпен тілдескендері құпия емес. Біршама уақыттан кейін ғана Бақыт ағылшынша сөйлеп үйренеді. Бүгінгі таңда Бақыт қызымен Испанияда тұрады, күйеуі екеуі кәсіптің тілін тапқан жандар. Өмірін қайтадан ақ парақтан бастаудан қорықпаған Бақыт бірде маған мынандай сөздер айтты: «Алға жылжудан қорықпау керек. Тіл үйренуге болады. Мүмкін емес дүние жоқ. Әділетсіздікке көну өміріңді күл-талқан етеді. Әлемге ашық, өмірге ғашық бол!» «Күйеуім мен анамның айтқандарына көне бергенде өмірге өкпесі қара қазандай, үбірлі-шүбірлі, бірақ іштей бақытсыз, шын таза махаббаттың не екенін білмейтін сорлы болатын едім»,-деп сөзін аяқтаған болатын ол. Бақыттың оқиғасы көп адамға үлгі боларлық, мотивацияға толы оқиға деп білемін. Сондықтан да осындай жігерлі жандардан сұхбат алуға асығамын. Менің сұхбатымды оқыған оқырман да өмірде өз орнын табуға ұмтылса, мен үшін қуаныш, мен үшін жетістік.

Полина Шиманская

-Сіздің жазбаңыздан тағы да бір үзінді келтірейін. «Полицейдің аузынан «құрметті пәленше пәленше» деген сөзді естігенде сені мазақ қылып тұрғандай өзіңді біртүрлі аянышты сезінесің. Құқық қорғау органдарының ғимаратына бас сұға қалсаң, өзіңді кінәлі сезіне бастайтының тағы бар. Кенже ұлымнан «Кімнен, неден қатты қорқасың?» деп сұрасам, «полициядан» деп кесіп жауап қайтарды» депсіз. Полиция көмегіне жүгініп көріп пе едіңіз? Біздің полицей мен шетелдің полицейін салыстырып көрейікші.

Менің жазбаларымды көңіл бөліп оқығаныңызға алғыс айтамын. Полицияға күнім түскен күндер болған. Ондайда амал жоқ қызметтік жағдайымды пайдаланамын. Себебі шындығын айтқанда онсыз мәселе шешілмейді. Жақсы полицейлер бар, бірақ жұмысын немқұрайдылықпен жасайтындары да баршылық. Испандық полицейлердің сымбаттылығына ерекше тоқталғым келеді. Біздікілер қарны қампиып жүрсе, олар өз дене тұрпатына қатты мән береді. Жол көрсетуді немесе белгілі ақпаратты сұраған бойда испандық полицейлер көмектесуге барынша тырысатынына күмән келтірмейсің.  Ал, ақша ұсынсаң, шаруаң бітті дей бер. Бізде керісінше. Халыққа қызмет көрсету орталығындағы Көші-қон полициясының қызметкері ұлымнан қолына алғалы отырған өміріндегі алғашқы паспорты үшін екі мың теңге сұрағанын еске алғым келмейді. Бұл не сұмдық? Жазбамнан кейін сол қызметкерді қызметінен қуды.

-Сөздің басын Шушанников деген фамилиядан бастаған болатынмын. Түсіндіре кетейін. Шушанников деген азамат «Восточник-3» бау-бақша қоғамдастығының төрағасы, Өскемен қаласының тұрғыны, бірақ азаматтығы Ресейдікі. Жиналыстарды қазақша өткізуге қарсы, хабарламаларды, жалпы ақпаратты мемлекеттік тілге аударуға ақшасы жоқ, түптеп келгенде ниет-құлқы жоқ Қазақстанның патриоты (Шушанниковтың өз сөзі-ред.). Қостанайдан тегін аудармашы тауып берсек, «интернетім жоқ», — деп қиыннан қиыстыратын, «Қамшыға» шағымдандыңдар» деп тұрғындардың суын, жарығын өшіріп тастайтын  дөкей. Қазақ жерінде тұрып, қазақ тілін сыйламайтын осындай патриоттарды қайтпекпіз?

Ондай адамдарды түсінбеймін. Құрмет пен сыйластық қайда? Тырысып бағуға не кедергі? Қазақ тілін құрметтемесең, Қазақстаннан кеткенің абзал. Өзіңе ұнайтын тілде қарым-қатынас жасайтын жерге қоныс аудар. Қазақ деген өте мәдениетті халық. Бір орыс үшін бүкіл ауыл қазағы орысша тіл сындырып отырады. Ал, егер арасында қазақша түсінетіндігіңді білдіріп, бір-екі сөз айтсаң, сені қолпаштап, мақтай жөнеледі. Кез келген тілді тез үйреніп алатын қазаққа таң қаламын. Сол үшін де ұяламын. Қазақ тілін үйренуге асықпын, ең құрығанда, қазақша емін-еркін түсініскім келеді.

Полина Шиманская

-Патриот еместерді қайтеміз?

Мен сот емеспін, бірақ олардың жағдайы онсыз да мүшкіл деп ойлаймын. Себебі негативте, қараңғыда өмір сүру оңай емес.

- "Қайда жүрсем де көзбен қазақты іздеймін", — дейсіз. Сіз үшін осыншалықты тартымды, жаныңызға жақын қазақ жанының құдіреттілігі  неде?

Қазақ халқы қарапайым халық. Сол себепті олармен аралас-құралас болған жеңіл. Қазақ жанының құдыреттілігін сөзбен айтып түсіндіре алмаспын. Қазақ десе, көз алдыма асылған бір табақ ет елестейді.

Полина Шиманская

— Қазақ тілінің аударма мәселесін көтерген болатынсыз. Ақпарат министрлігін де құлағдар еттіңіз. Олар болса аударманы сол мемлекеттің өзі жасайтынынан хабарсыз болып шығыпты. Нәтижесінде бұл істі қолға алатындықтарына уәде беріпті.
«Аталмыш әңгіме мамырда болды. Қазақтың ойы, пікірі әлі күнге шейін әлем үшін жабық. Себебі авторлардың не жазып жатқандығынан әлем бейхабар. Олар аударма жасай алмайды. Аудармаға салып, керек ақпаратты алайын десе, аударылатын тілдер қатарында қазақша жоқ.  Қаншама миллион ақша мемлекеттің бет-бейнесі, имиджі үшін жұмсалуда, бірақ осындай маңызды дүниелер назардан тыс қалған. Жақсы, сапалы аударма арқылы авторларымыз танылып, сол арқылы қазақтың үні әлемдік аренадан естілетін  бе еді», — деп ұсыныс айтқаннан бері қаншама уақыт сырғып өтті. Министрлік үнсіз бе әлі?

Министрлікке сұрау салдым. Әзірге бәрі тыныш, өкінішке қарай. Шетелдіктер қазақтардың не жазып жатқанын түсінбейді. Әлеуметтік желі қазақшаны ағылшыншаға аудармайды. Google аудармашы да тым әлсіз. Қысқасы, жағдай мәз емес.

-Қазақ тілін қаншалықты білесіз? Сіздің қызығушылығыңызды кім және қалай оятты?

Қазақ тілін үйрену үстіндемін. Жеке мұғаліммен де айналыстым. Әр күн жаңа сөздерді үйренемін. Дегенмен қазақша сөйлеуден ұяламын. Ағылшынша, полякша, испанша түсінемін. Сол себепті сенімді түрде айтайын, қазақ тілі – қиын тіл. Бірақ шегінбеймін. Журналист болғандықтан тілді білмеу менің жұмысыма кедергі келтіреді. Ресми тілде ой-пікірін айта алмайтындар да көп. Ал, мемлекеттік тілде өткізілетін конференциялар көбейіп барады. Демек бәріміз түбінде қазақша сөйлейміз. Орыс тілі де бізге, әрине, артық етпейді. Абай айтпақшы тілді білу адамның жан-дүниесін байытады. Шетелде бағы жанған біздікілерді кездестіремін. Олардың ең бірінші қолға алған дүниесі – шет тілін үйренуі.

Полина Шиманская

-«Ұятты» қалай түсінесіз? Бұл сөздің мағынасы сіз үшін қаншалықты терең, ауқымды? 

Ұятты болған дұрыс қой. Бірақ «ойбай, анау ұят, мынау ұят» дегенді қабылдағым келмейді. Бұл аяғымызға тұсау болатын өткен күндердің сарқыншағы деп білемін. Ұят деген біреудің өмірін қимау, мүлкін тонамау, зина жасамау, шықбермес Шығайбай атанбау, қалғаны бос әңгіме.

Полина Шиманская

Полина: Қамажайды мың бұрала билеймін. Арнайы хореографтан үйренгенмін. Шетелде қолқа салса, қамажайды билеп беремін. Ауылға барып, құрт жасағанымды мақтанышпен айтқым келеді.

Жазира Байдалы: Аталмыш сұхбат о баста орыс тілінде жарияланған болатын. Бұл мен үшін қызық тәжірибе болды. Арасында ұсақ-түйек қателіктерге жол берген мені орыс тілді аудитория жерден алып жерге салуға дайын тұрды. Тіпті бірі маған тегін корректорлық көмек ұсынды. Осындай жан қиярлықты олар қазақ тіліне келгенде танытса деген ниетім бар. Олар да мен сияқты тәуекелге бел буып, қазақша жазып көрсін, қазақша сөйлесін. Мен сияқты көп қазақ тегін корректорлық көмек көрсетуге даяр. 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір