• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:39:26
Алматы
+35°

13 Желтоқсан, 2018 Аймақтар

Рухани жаңғыру тарихтан бастау алады

Аталмыш мақаланы оқи отырып, тарихшы ретінде, ұлтымыздың рухани жаңғыруында тарихшыларға жүктеліп отырған жауапкершілікті ерекше сезіндім

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жуырда ғана шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы, Қазақстан қоғамын рухани модернизациялау бағытындағы, сол модернизациялауды іске асыру тетіктерін нақты көрсететін кезекті бір бағдарламалық мақала деп бағалаймын. Аталмыш мақаланы оқи отырып, тарихшы ретінде, ұлтымыздың рухани жаңғыруында тарихшыларға жүктеліп отырған жауапкершілікті ерекше сезіндім.

Кез-келген халықтың рухани құнды­лықтары сол халықтың тарихымен тығыз байланысты, тарихпен біте қайнасып, астасып жататын дүние. Жалпы, ұлттың рухани құндылықтары деген не? Бұл әр халықтың алғаш халық болып қалыптаса бастаған уақытынан бері, сол халықпен бірге қалыптасқан қасиеттері: әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері, діні, ділі, дүниетанымы, философиясы, адамгершілік, ізгі қасиеттері болып табылады. Бұл қасиеттер тарих қойнауында қалыптасады және тарихи дәуірлерде оның озығы халықпен бірге өмір сүруін жалғастырса, тарих тезінен, сынағынан өте алмай, ескіргендері, тозғандары, яғни халықтың дамуы үшін кедергі болатындары жойылып отырады. Бұдан шығатын қорытынды – ұлттың руханижаңғыруы оның тарихын жіті зерттеуденбасталуы тиіс, ең алдымен ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық құндылықтарымызды анықтап алуымыз қажет.

Елбасының мақаласында халқымыздың тарихи даму барысында қалыптастырған ұлттық құндылықтары, соның ішінде, тек түркілер өркениетіне ғана емес, әлемдік өркениетке орасан зор ықпал еткен  құндылықтар «Ұлы даланың жеті қыры» ретінде ерекше атап көрсетілген. Елба­сының аталмыш мақаласын еуропацент­ристік ғылымда көшпелілерге, түркі халық­тарына қатысты қалыптасқан «адамзаттың арамтамағы», «өркениет жасай алмаған халық», «жаулаушы, қиратушы, құртушы-жоюшы» деген «қара аңызды» жою бағы­тында терең тарихи зерттеулер жүргізуге бағдарламалық негіз деп есептеймін.

Осы орайда, мақалада көрсетілген, халқымыздың әлемдік өркениетке қосқан салмақты үлесі, ұлттық құндылықтары қандай тарихи жағдайларда қалыптасты деген заңды сұрақ туындайды. Кез-келген тарихи құбылыс белгілі-бір тарихи кеңістікте және тарихи уақытта (Елбасы мақаласындағы кеңістік, уақыт өлшемдері), яғни бір сөзбен айтқанда, тарихи жағдай­ларда қалыптасады. Біздің ата-баба­ларымыз қалыптастырған көшпелі өмір салты сол көнезамандарда (өндіргіш күштер, ресурстар мардымсыз ерте дәуірлерде) және сол аймақта (Орталық Еуразияның аридтік белдеуінің сұрапыл климаттық, ландшафтық жағдайларында) ең тиімді өмір салты болды. Оның үстіне көшпелі мал шаруашылығы ерте дәуірлерде егіншілікке қарағанда рентабельді болды. Мұның өзі халықтың тұрмысының тез көтерілуіне, қосымша өнімнің (материал­дық өндіріспен тікелей айналыспайтын қоғамның «зиялыларын» асырауға қажетті қор) жасалуына, бір сөзбен айтқанда мемлекет, өркениет қалыптастыруға алғы-шарттар дайындады.

Бір сөзбен айтқанда, біз тарихында мақтан тұтатын, жарқын беттері көп, жасампаз, жаңалық атаулыға ашық, рухани құндылықтарды бетке ұстаған ерекше дарынды халықпыз. Алайда, өкінішке орай, осы даңқты тарихымыздың барлық беттері, барлық мәселелері егжей-тегжейлі зерттеліп болды дей алмаймыз, әсіресе, көне дәуірлер мен орта ғасырлық тарихта  толық зерттеліп болмаған, өзінің объек­тивті бағасын алмаған мәселелер жетіп-артылады. Осы орайда, Мемлекет басшысы тарихшыларға жүктеп отырған жауап­кершіліктітерең сезініп, тарихымыздың ақтаңдақбеттерін жан-жақты әрі тыңғы­лықты зерттеу және зерттеу нәтижелерін жастарымызды ұлттық құндылықтар негізінде ұлтжандылық және отан­сүйгіштікке тәрбиелеуде пайдалану әрбір тарихшының кезек күттірмес ең маңызды міндетіне айналуға тиіс деп ойлаймын.

Е.Қартабаева

Алматы ақшамы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір