• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 16:26:12
Алматы
+35°

01 Мамыр, 2019

«Рухани жаңғыру-Spiritual development» волонтерлік клубы жұмыс жасауда

Мерекелік шараны "Дала сазынан" келген өнерлі қыз-жігіттер қыздыра түсті.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде "Рухани жаңғыру-Spiritual development" волонтерлік клубының аясында "Ұлы дала ұландары" атты бағдарламалық кеш ұйымдастырылды. Бұл жастардың волонтерлік клубы халықаралық қатынастар факультеті шетел тілдері кафедрасы жанында қызмет атқарады.

Клуб жетекшісі – аға оқытушы Салиева Динара Оңғарбайқызы. Ақ дастарқан жайылып, өнерпаздар ұлттық нақыштағы киімде өнер көрсетті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған кеште мың бұралған бишілер, күйшілер, күміс көмей әншілер, қазақтың төл өнері айтыс, салт-дәстүр,ойын-сауық – барлығы болды.

Кештің қадірменді қонақтарының арасында Германиядан келген профессор – Майкл Недэр, Испаниядан – Хулио Новилло, Польшадан – Эдита Денст-Гарсия және халықаралық қатынастар факультеті, тарих факультеті мен журналистика және саясаттану факультетінің басшылығы және оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттері болды.

Кеш барысында журналистика және саясаттану факультетінің 1-курс студенті Риспанбетов Қайрат пен ақпараттық технологиялар факультетінің 1-курс студенті Оғаспаев Мұхтар сахна төріне шығып, айтыс өнерін жаңғыртып, сүбелі сөз бен өнегелі ой айтты. Ал, Ерасыл Мамыр мен Сәрсенбек Аружан әуезді ән айтып, құлақтың құрышын қандырып, көрермендердің көңілін бір көтерді.

Мерекелік шараны "Дала сазынан" келген өнерлі қыз-жігіттер қыздыра түсті. "Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ- домбыра" демекші, жиналған қауымға "Адай" күйін орындап, құрмет- қошеметке бөленді. Қаймағы бұзылмаған қазақилықты бойына сіңірген клубымыздың мүшелері – "Шаңырақ" театрының әртістері ұлтымыздың салт-дәстүрлерін көрнекілеп көрсетті. Сонымен қатар, арнайы қонаққа келген шетелдік профессорлармен "Қара жорға" биі биленіп, ұлттық киімдеріміз сыйға тартылды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Массагет сайтына сілтеме жасап.

Жастардың әдет-ғұрыпқа қаншалықты жақын екендігін сынау үшін ойын ұйымдастырылып, "бастаңғы, есік ашар, бата беру, тілашар дегеніміз не?" деген сұрақтар қойылып, дұрыс әрі толық жауап берген көрерменге кәде сый ұсынылды. Қазақ өнерін, құндылықтарын дәріптеуге бағытталған іс-шара еліміздің басты әндерінің біріне айналған, Қадыр Мырза Әли атамыздың сөзіне жазылған "Өз елім" әнін барша өнерпаздардың орындауымен аяқталды.

Қазақстан – көпэтникалық мемлекет, қазақтың ұлттық құндылықтарын еліміздің өзге ұлт өкілдері де құрметтеп, дәріптейтіндігін украин қызы Левченко Алина дәлелдеді. Ол отанына деген махаббатын "Туған жер" атты әнмен жеткізіп, салт-дәстүрді жақсы меңгергендігін көрсете білді. Қорыта келгенде, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді ұлықтаудың маңыздылығын баса айтамыз. Болашақ – елін сүйетін, халқының құндылықтарын сыйлайтын және өзінің әлеуетін толық жүзеге асыра алатын озық жастардың қолында. Осы орайда, кештің ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде өтуіне үлес қосқан барлық белсенділерге алғыс білдіреміз.


Ұсынған: Әділет Мәдениет

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір