• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:18:08
Алматы
+35°

15 Қазан, 2018 Әлем

Қытай билігі саяси лагерлердің бар екенін мойындауға мәжбүр болды

Адамның миына тек «қытай» деген түсінікті дарыту, дінді, тілді қытайландыру - саяси үйрену орталықтарының басты мақсаты.

ҚХР ШҰАА (Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы) халықаралық өкілдерінің 13 шақырылымының отырысында Қытай билігі өз елінде саяси лагерьлердің барын мойындады. Бұл туралы «Настоящее время. Азия» порталының материалында айтылды. Сайт деректеріне сүйенсек, құжатта лагерьдің Шыңжан ұйғыр автономиялы ауданында орналасқаны айтылған. Лагерьде мұсылмандарды «саяси сауатты азамат етіп» тәрбиелейді екен. Арнайы жаттығу орталықтарында алдымен құқық, идеология жөнінде сабақ өтіп, ішкі саясат турасында дәріс оқылады. Әсіресе, кішкентай балалардың санасына Қытай саясаты туралы ақпар құюға барынша тырысады. Қытай тілін үйретіп, азаматтардың тәртібі жайлы бөлек сабақ өтетіні тағы бар. Жалпы адамның миына тек «қытай» деген түсінікті дарыту, дінді, тілді қытайландыру, коммунистік партия қалай айтса, сол жолмен жүретін адамды тәрбиелеп шығару - саяси үйрену орталықтарының басты мақсаты. "Мұны геноцидтің мәдени түрі" деп бағалайды кей сарапшылар. Мұндай шара Шыңжанда тұратын түркі тілдес мұсылмандарға қолданылады.

Қытай билігінің лагерьлер жайында мойындауына не себеп болды?

Кәсіпкер, құқық қорғаушы әрі «Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің» президенті Рабия Қадыр  «Настоящее время. Азия» порталының бұл сауалына былай жауап қатты:

 -Біріншіден, ұйғырлар қорықпастан Қытайдағы саяси лагерлерде 7 миллионға дейін мұсылмандардың тәрбиеленіп жатқанын айтып жар салды. «Қытайлар мұсылмандарды азаптайды, шошқа етін жегізеді, тіпті өлтіруге дейін барады» десті. Тіпті Батыс елдерінде тұратын ұйғырлар ашық түрде шеруге шығып, Қытай тарапынан болып жатқан дискриминацияны тоқтатуға шақырды. Әрі Қытайға қарсы санкциялар салуды ұсынды. Екіншіден, мұндай лагерьлердің бар екені әлемдік ұйымдардың арқасында анықталды. Интернет, әлеуметтік желіде соңғы жылдары қытай түрмелері жайлы жиі айтылды, белсенділер бұл мәселені жиі көтерді. Үшіншіден, БҰҰ отырыстарында да саяси лагерьлер сөз болады. Төртіншіден, АҚШ бастаған еуропалық мемлекеттер ондай лагерлерді Екінші дүниежүзілік соғыс уақытындағы Гитлердің концлагерлеріне ұқсатты. Осы сынды ақпараттардың басымдығының нәтижесінде Қытай амал жоқ мойындауға мәжбүр болды.

Рабия Қадыр бүгінгі күнге дейін Қытайда азапталып жатқан ұйғырлардың мәселесін жиі көтеріп, халықаралық ұйымдарда мәлімдеме жасап келді. Мұсылмандардың құқығы үшін күресті.

«Ұйғыр болып тусаң, мұсылман болып тусаң, қылмыскерсің! Олардың Қытайдағы жағдайы қалай екенін бір Алла мен Қытай билігі ғана біледі», - дейді Рабия Қадыр портал тілшілеріне берген сұхбатында.

Қазақ халқы үшін де өзекті...

Қытайдағы мұсылмандардың саяси лагерьлерге «қамалып» жатқанына қазақтар да үлкен алаңдаушылық білдіріп келеді. 2017 жылдан бері Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны жайлы ақпарат дүркін-дүркін жарияланды. Арғы беттегі қандастарымыз Қазақстанға келе алмай, келгендері Қытайға қайта алмады.

Айта кетейік, бұдан бұрын дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында қоғам қайраткері Өмірхан Алтын Қытайдағы қандастарымыздың мәселесін Елбасының алдында  көтерген болатын. Президент бұл мәселемен айналысу үшін Сыртқы істер министрлігіне тапсырма берген.

Ал Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов өзінің мәлімдемесінде «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы істер министрлігіне, басқа тиісті ведомстволарға мәселе көтерілсе, оны егжей-тегжей екі жақты қарастыру жөнінде нақты тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау барысында бізге ресми түрде мәлімет түссе, міндетті түрде Қытай тарапымен, олардың Сыртқы істер министрлігі, басқа да мекемелердегі әріптестерімізбен мәселені көтереміз. Қазақ диаспорасының шетелдегі мүдделері мен құқықтарын қорғау — бұл біздің тікелей міндетіміз», - деген болатын.

Бүкіл қазақты алаңдатқан Сайрагүл тағдыры

Отбасымен қауышу үшін қытай-қазақ шекарасын заңсыз кесіп өткен этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың тағдыры биыл мамырдан бері күллі қазақты алаңдатты. 2016 жылы күйеуі мен балалары Қазақстанға көшіп келіп, 2017 жылы Қазақстан азаматтығын алады. Ал Сайрагүлдің өзі мемлекеттік қызметші, яғни балабақша директоры болғандықтан Қытай билігі құжаттарын алып қалып, нәтижесінде Аспанасты елінде қалып қояды. Содан бері отбасына көре алмаған. Тіпті Қытай тарапы әйелдің отбасы Қазақстанда екенін білген соң, жұмысынан шығарып, саяси үйрену орталығындағы мұғалімдерге мемлекеттің идеологиясын үйрететін староста етіп қояды. Бұл қызметте жүрген Сайрагүл Сауытбай   мемлекеттің біраз құпиясымен таныс болады. Сол себепті биліктен құжаттарын қайтарып алу мүмкін болмайды. Бұған шыдамаған әйел әрі ана Қазақстанға қашып келеді де, түрмеден бір-ақ шығады. Алайда заңды бұзса да,  әйелдің-ананың мақсаты есепке алынған Сайрагүл темір тордан босап шығып, 6 айға шартты мерзімге сотталады. Ең бастысы, отбасымен қауышады. Бүкіл қазақ болып қуанғанда күні кеше Сайрагүлге Қазақстанда саяси баспана беруге тыйым салынды деген хабар тағы еңсені түсірді.

♦Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі: Қытайға қайтарса, оны өлім жазасына кеседі

♦Халықаралық құқық негізге алынып, Сайрагүл Сауытбай бостандыққа шықты

ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов тамыздағы мәлімдемесінде Сайрагүл Сауытбайдың бостандыққа шығуы Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасына ешқандай салқынын тигізбейтінін, бәрі құқықтық негізде шешілгенін айтқан. Алайда саясаттанушы Әміржан Қосанов «Бейжіңнің Қазақстанға әсері мықты болып шықты» деп түсіндірді.

Сайрагүл біреу болғанымен, дәл осыған ұқсас тағдырлар мыңнан асып түседі. Сайрагүл  -  этникалық қазақтардың типтік бейнесі.

ҚР СІМ жауабы

Qamshy.kz ақпарат агенттігі 2018 жылдың басында этникалық қазақтар мәселесіне  қатысты ҚР Сыртқы істер министрі Әбдірахмановқа бірнеше сауал жолдаған еді. Сауал мазмұны төмендегідей:

  • Министрлікке аталған мәселе турасында ресми мәліметтер, шағымдар түсті ме?
  • Министрлік шағым түскенін күтіп отырмай, өз бетімен зерттеу жұмыстарын жүргізді ме?
  • Зерттеу жұмыстары жүргізілген болса, қолда бар соңғы статистикалық мәліметтер қандай?
  • Қазақстан үкіметінен ықтиярхат алған Қытайдағы этникалық қазақтардың саны қанша? Ықтиярхаты бар адамдар не себепті Қытайдан Қазақстанға өте алмай отыр?
  • Министрлік деңгейінде Қытай үкіметімен аталмыш мәселеге байланысты диалог болды ма?
  • Қытайдағы этникалық қазақтарға екі ел арасында құқықтық мәселелерге душар болмауы үшін қандай кеңес бересіз?

Сауалдарға жауап берген министрлік өкілдері Қытай үкіметімен түсінісуге тырысып жатқанын, қам-қарекетсіз отырмағанын мәлімдеп, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстайтынын атап өтіпті. Министрліктің толық жауабы мынадай:

♦ҚР СІМ Қытай қазақтарына байланысты Qamshy.kz сауалына жауап берді

  • Соңғы уақытта Қытайдан келіп, Қазақстан азаматтығын алғандардың Қытай билігімен арадағы мәселелер жиі көтерілуде. Қазақстан азаматтарының Қытайда ұсталғандығы жайлы Сыртқы істер министрлігіне (одан әрі – Министрлік) жолдаған ресми шағымдар саны да артуда.
  • Министрлік келіп түскен шағымдар негізінде Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігіне Қытай аумағында қамауға алынған Қазақстан азаматтары жайлы тиісті ноталарды жолдай отырып, ҚР азаматтарына консулдық-құқықтық көмек көрсетуде.
  • Министрліктің басшылығы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхуэй және Қытайдың Қазақстандағы консулы Лю Цзянпинмен бірқатар кездесулер өткізіп, қазақстандық азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында Министрліктің ұстанымы жеткізілді.
  • Сонымен қатар, Министрлік Қазақстан азаматтығын алып, Қытайдың азаматтығынан шықпағандықтан туындайтын қос азаматтық мәселесі бойынша Қазақстанның құзыретті органдарының ұстанымдарын сұратуда. Одан басқа, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі шұғыл мәселелерді шешу мақсатында Қытайдың құзыретті органдарының өкілдерімен тікелей байланыс орнатты.

ҚР ҰЭМ жауабы

Мұхтар Тайжан Қытай мәселесі бойынша биліктің хатын жариялаған. Хатта Қытайдағы екі миллионға жуық қазақтың тағдырына қатысты Ұлттық экономикалық министрліктен төмендегідей жауап келді.

«Екі мемлекет арасында жоғары деңгейде қол қойылған саяси құжаттар: 2013 жылғы 7 қыркүйектегі ҚР мен ҚХР-дың жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету туралы Бірлескен декларациясы  және Шанхай қаласында 2014 жылғы 19 мамырдағы ҚР мен ҚХР арасындағы Бірлескен декларациясына сәйкес, тараптар егемендікке, қауіпсіздікке және аумақтық тұтастыққа зиян келтіретін қандай да бір одақтар мен блоктарға қатыспайтынын, екінші тараптың егемендігіне және қауіпсіздігіне зиян келтіретін үшінші елдермен шарт жасаспайтынын, өз аумағында қандай да бір екінші тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне және аумақтық тұтастығына зиян келтіруге бағытталған ұйымдар мен топтардың қызметіне жол бермейтінін растайды», - деп жауап берді ҰЭМ.

♦Мұхтар Тайжан Қытай мәселесі бойынша қазақ билігінің аса маңызды хатын жариялады (фото)

Мәселе неге шешілмей жатыр?

Мұның жауабын саясаттанушы Әміржан Қосанов БАҚ-қа келтірілген кедергімен түсіндірді.

«Цензура мен БАҚ-ты қатаң бақылауда ұстау – мәселенің түйінін шешуге кедергі келтіріп отыр. Алайда интернет бар, әлеуметтік желі бар, азаматтар өз мәселелерін, өз қиындықтарын тікелей билікке айта алмағанымен, желі арқала естірте алады», - деген Әміржан Қосанов мәселенің міндетті түрде шешілетінін айтып өтті. Айтуынша, желі – үлкен күш.

 «Мен Астананың саясатын жақсы түсінемін. Ақорданың саясатына жамандық келтіруді қаламаймын. Бірақ қай жеде болмасын Қазақстан – егеменді, тәуелсіз мемлекеті Осы тұрғыда Қазақстанның адам құқықтары мәселесінде анық позициясы болу керек. Әрқашан «біз адам құқықтарының табан асты болуына қарсымыз», - деді Дүниежүзілік ұйғырлар құрылтайныың бас кеңесшісі Қаһарман Қожамберді «Азаттыққа» берген сұхбатында

Мәселенің әлі күнге дейін шешілмеуін Қаһарман мырза құқық қорғау органдарының қысымынан деп түсіндірді.

Иә, Қытай әлемге белгілі ақиқатты кеш те болса мойындады. Алайда «мұсылмандарды босатамыз» деген жоқ. Елбасы да, Сыртқы істер министрі Әбдірахманов та бәрін көзбен көріп, құлақпен естіп отырғанымен, тапсырма беріп «мәселені шешеміз» дегенімен, нәтижесіз. Бұған себеп – екі ел арасындағы достық қарым-қатынас құжаты, ондағы «мемлекеттер бір-бірінің ішкі саясатына араласпайды» деген бөлігі екені бар.

Айтып келеміз, айта береміз, шегіне жете алмадық. Қашан жетеміз? Саяси үйрену орталықтарындағы мұсылмандардың күйі не болмақ? Белгісіз...  

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір