• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 21:18:15
Алматы
+35°

23 Қазан, 2017

«Қайғы-уайым бар ма еді жас күнімде...»

Қарттық – қошеметпен келген өмірімізден белгісіз бір нотада шығарып салады. Көңілде мұң, өзекте өкініш.

         Пенде, шіркін, өмір сәулесін алғаш көргенде дүниенің бұралаңға толы жолдары мен келешек мақсат-мұратын, арман-тілегін болжап, білген жоқ. Көзін ашты. Бір жарық әлемді көрді. Қара жер мен көк аспанның арасындағы ғажайып, әрі түсініксіздеу, жұмбақ әлем. Есейе келе, әркім өз сүрлеуімен қиялындағы болашаққа бет түзеді. Барлық мүмкіндіктер мен сәтсіздік атауы кез келген шақта, кез келген жаста, кез келген минөтте пайда болмақ. Мейлі, сен бала бол, мейлі, қария бол. Адам адамға мүмкіндік бермегенімен, өмірдің тосын сыйы таусылған емес.

         Жарық дүниеге «өмір сүрсем» деп келген әрбір пенденің алысқа қараса, көрінетін үш асуы бар: балалық, жастық, қарттық. Сол үш асуды біреулер жәй ғана жүріп өтсе, біреулер бағындыруға талпынады. Әркім өзінше амалын жасап, әлек. Балалық пен қарттықтың арасы, түсінген адамға, сабақ пен сынаққа толы. Түсінбегенге, өмірі ақша жетпей, ұйқы қанбай өткен есіл ғұмыр. Балалық – адамды мына түрлі-түсті әлемге қошеметпен алып кіреді. Санамызды айналамен таныстырып, адамдық өмірге бейімдейді. Бұл кезеңде адамға бәрі мүмкін және кешірімді. Сондықтан да болар, ерекше сағынамыз. Ал, қарттық – қошеметпен келген өмірімізден белгісіз бір нотада шығарып салады. Көңілде мұң, өзекте өкініш. Санада толған жауапсыз сұрақтар: не істедім? не қылдым? қайттім? Өмірдің басы қуаныш, соңы қайғы екені баяғыда-ақ айтылған. Бұл шындықты періште емес, пенде болған соң ба, мойындағымыз келмейді. Адами заңдылық. Тек, жалғыз ақиқат бар: балалыққа қарағанда шынайылау, қарттықпен салыстырғанда зор мүмкіндіктерге толы  шаққа аялдамайтын бірде-бір адам жоқ. Ол қай кезең дейсіз бе? Оны көбі біледі. Бірақ, байқамауы мүмкін. 

         Балалық пен қарттықтың арасын жалғап тұрған өміріміздің өлшемін қалай өлшесек те, өз бағасына жете алмаспыз. Неге десеңіз, ол кездейсоқ   сәттіліктер мен адасқан сәтсіздіктерге, менмұндалаған сенім мен көзсіз ерлікке тұнып тұр. Бұл уақытта адамның қателесуге, қателігін мойындап, жаңаша шешім қабылдауға да хақы бар. Жақсы мен жаманның дәмін татып, өзінің қай жаққа жататынын белгілеп, бағамдайтын шағы. Жағымпаздық, жарамсақтық, жағымсыз әдеттерден ада болып, толық адам ретінде қалыптасуға алғашқы қадамдар жасалатын кезең. Ешкім көріп, білмеген жаңалық ашып, әлемді таңғалдыратын да сол шақтың өкілдері. Ұлттың сапасын жақсартып, өрісін кеңейтетін де сол қауым. Жел қайда тұрса, сонда қарай тұра жүгіретін ессіз, кейде есті адамдардың қызығы мен қиыны қатар тұрған кезі.

         Жас адам қай заманда болсын өз қоғамының негізгі бейнесін көрсетеді. Демек, қоғамның жақсы, не жаман болмағы жастардан. Алдыңғының алғысын алып, кейінгіге өнеге көрсете білсе, міне, бұл таза жеңіс. Ал, керісінше болса, жағдайдың нақ қиындағаны. Кешегі Мағжан сеніп, Міржақып өлеңмен оятқан жас – бүгін кім? Ертең кімге айналмақ? Ой түю сізден...

Маржан ӘБІШ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір