• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 13:00:18
Алматы
+35°

22 Қыркүйек, 2018

"Қалаулымның" жақсы жағы да бар...

Жақсы жағында жоқ  деп,  айтуға келмес.

Өткен 2017 жылдың шілде айынан бері «Қалаулым» атты бағдарлама “Еуразия” бірінші арнасынан күн сайын түскі 12.00-ден 3.00-ге дейін  эфирге шығып келеді. Білетіндер 6 млн-нан астам көрермендері бар дегенді айтады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «бағдарлама сүйіктісін тауып, отбасын құрғысы келетіндерге арналған. Жобаның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды қолдау». Міне содан бері бақандай бір жыл өтіпті. Қортытындысында, cаусақпен санайтындай  ғана жұп отау құрған. Демек,  Біз «Қалаулымның» бағыт-бағдарын басшылыққа алатын болсақ, қазақтың ұлы үйленіп, қызы ешқашан тұрмысқа шықпайды, бұл бағдарлама қазақтың санын өсіруге қызмет етпейді деген сөз.

Сан миллиондаған қазақ тілді көрермені бар «Қалаулымға» барып қатысушылардың мемлекеттік тілімізді қорлап, екі сөздің басын құрай алмай, немесе аудармашы арқылы сөйлесулері бұл бүкіл қазақ халқының бүгінгі күнгі қасіреті. Қатысушылар мен жүргізушінің өздері де сөздеріне орыс сөзін қосып «қойыртпақ-көже» жасап жатады. Оны өздері де байқамайды. Әбден еттері өліп кеткен.

Жап-жас қыз баланың өзі таңдап барып отырған өзінен анағұрлым үлкен жігіттерге «бала» деп сөйлейтін жағдайлары кездесіп жатады. Ақиқатында, «баланы» тұрмысқа шығып туып алулары керек емес пе? Тимей жатып, жұбайын бала деп атайтын «көргенсізден» қандай жақсы жар болуы мүмкін деген сұрақ өзінен-өзі туындап тұр.

Түсініктеме: Бала деген сөз негізінен 13 жасқа дейінгілерге қаратып айтылады. Аталарымыздың «Он үште отау иесі» деген сөзі бекер айтылмаған. Одан кейін бозбала, жігіт, жігіт ағасы, ел ағасы, азамат, қария т.т. болып кете береді. Өздеріңіз көріп отырғандай, «бала» деген сөз, тек қана балаға қаратып айтса жарасымды. Ал, өзін азамат деп есептейтіндерге қаратып айтса, ол сенің санаң, яғни ақылың мен білімің  баладан артық емес деген сөз.

Жап-жас жігіттердің өздерінен 5-10 жас үлкен қыздарды таңдап баруы мүлдем қате. Жалпы әйел адамның ер адамнан гөрі тез қартаятынын білмеу, келешекті болжай алмаушылық. Бұл жерде мұндай жағдайдың керісінше болғаны жөн болады.

Иә, ежелгі қазақ қоғамында мұндай жағдайлар болған. Бірақ оларда ағалы-інілі адамдардың жасы үлкені бақилық болған жағдай да, балаларды жетім етіп, ешкімге көз түрткі етпеу үшін амалсыздан жасалған әрекет.

Бағдарлама жоспары да, жүргізушілері де қазақ қыздарының шетел азаматына тұрмысқа шыққанын ашықтан-ашық уағыздайды. Айғағы, осы бағдарлама барысында қазақ қызын орыс жігітіне жұп етіп қол ұстатып жібергенініне бүкіл қазақ куә болдық. Әлгі «күйеу» бағдарламаға қанша рет қатысса да, ең болмаса мемлекеттік тілде көпшілікпен амандасуды үйренбестен кетті. Соны осы бағдарлама да отырғандар «жалынып» сұрағанда да тыңдамады.

Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай, бүгінгі таңда 24 000 қазақ қызы қытай жігітіне шыққан. Бағдарлама сол үрдісті қарқынды деңгейде жалғастыруда. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Болашақта Қазақстан азаматшасына үйленген қытай күйеу балалар сан миллиондаған га жерді жалға алып, қытай құдаларды қаптатса қайтеміз? Сондықтан аралас некедегі адамдардан келетін қауіпті «Жер туралы заңға» енгізуіміз және осыған ұқсас уағызды  бағдарламада да тоқтату қажет.

Қатысушылар барған үміткер қыздарға көбіне неше бала жоспарлайсыз деген сұрақ қойып жатады. Сұрақ орынды. Алай да үміткер қыздардың берген жауаптары көкейге қонбайды.  Біреуі екі бала десе, екінші біреулері 4 бала, деп кесіп жауап береді. Құдайтағала қанша бала берсе, соны аламын, шектеу қоймаймын деген жауап ешбір қыздың аузынан шықпай жатыр. Бізге мұны бүгінгі бойжеткен қыз балалардың ортақ көз қарасы деуімізге әбден болса керек.

 Айтар уәжіміз: Біз қазақтың санын өсіре алмай жүрміз. Осыдан 27 жыл бұрын 18 млн-ның шамасында едік. Әлі сол санның айналасынан ұзап шыға алмадық. Жақында ғана 18,2 млн-ға жеттік деген ақпарат жарияланды. Ал, мына көрші өзбек халқы 20 млн-нан 32 млн-ға бірақ қарғыды. Демек, мына жағдай да, яғни қазақ отбасында бір-екі, тіпті төрт  баласы бар болса да, ешқандай табиғи өсім болмайды. Ол ел ақырындап, азайып барып ұлт ретінде тарих сахнасынан кетеді. Елдің қарқынды өсімі қазақ отбасыларында бес баладан жоғары болуынан ғана басталады. Біреулер дау айтуы мүмкін, өсім 3 баладан басталады деп. Бұл жерде «жан бар жер де, жазым бар» дейтін «кездейсоқ» жағдайларды қатерде ұстауымыз керек.

Демек, бұл бүгінгі қазақ қыздарының да, мына «Қалаулым» бағдарламасының да қазақтың қазақ болып, мына ұлан байтақ даламызды ұл мен қызға толтыру жайлы мүлдем ойламайды деген сөз. Бағдарлама қазақ халқының санын көбейтуге емес, қазақтың санын өсірмеуге  арналған. Дәлел ме? Дәлелі, жоғары да айтқанымдай, «Қалаулым» қызметінің бір жылғы жүргізген уағызының қорытындысы бойынша бар-жоғы екі-үш жұптың ғана отау құрғаны. Олардың да бір жұбы 67 жастағы Сейсенбек ақсақал мен 50 жастағы Ләззат ханым.  Екіншісі, өзге ұлтқа кеткен кеткен қыз.

Жап-жас 18-19-дардағы қыз баланың жігіт іздеп бүкіл жұрттың алдына шыққандары мүлдем ұят тірлік. Барған жігіті қабылдамай, тауы шағылып жылап қайтқандары жөнінде не айтарымды да білмей отырмын.  Қазақтың  әйгілі көріпкел әулиесі Мөңке би атамыздың Ақырзаман келген де «Қарап тұрған жігітке қыз артылардың» кері келді. Демек, бұл біздің орыс тілді билік иелерінің 70 000 жыл бойы “Мың өліп, мың тіріліп» бүгінгі күнге жеткен   қазақтың басына «ақырзаманды» орнатты деген сөз.

 Бағдарлама залында үлкен әжелер отыр. Сөзге араласпайды, көпті көрген тәжрибелі қариялар ретінде олардан талқыланып жатқан мәселеге байланысты ой-пікірлері сұралмайды. Сонда, сол әжелер Кім? Көрмеге қойылған тірі қуыршақ па?

Бағдарлама қазақи мәдениеттен жұрдай. Бағдарлама барысында, талай сорақылықтарға (ұрыс-керіс, бірін-бірі балағаттау, тіпті әйел адамның ер адамға қол көтергеніне де)  куә болдық. Замира қарындасымыздың ер адамның басына аяғымен тепкені бұл біздің бүгінгі келбетіміз. Бұл көрініс «Беспредел на Казахстанком ТВ» деген атаумен бүкіл әлемге «атымызды» шығарды.

Ең жаманы жас қыздардың пікір алмасу кезінде ер адамдардың беттерінен алып, ауыздарынан ақ ит кіріп, қара ит шығып жатқаны. Демек, бұл жерде отырғандардан жұбайларын «пірім» деп түсінетін Айғаным мен Зерелер және Зейнептер (Бауыржан атамыздың келіні) ешқашан шықпайды. Бұлар ешкімге жар болып та жарытпайды.

Жақсы жағында жоқ  деп,  айтуға келмес. Олда бар. Бағдарлама, қазіргі жастарымыздың ой-өрісін, отбасындағы, мектептегі, жоғарғы оқу орындарындағы, еңбек ұжымдарындағы  алған тәрбиелерін, адами болмыстарын толықтай ашып көрсетіп отыр деуге әбден болады. Өздеріңіз көріп жүргендей, бағдарламаға өздерін тәртіпті, тәрбиелі, мен өзгеге үлгі бола алатындай қазақ азаматымын деп есептейтіндер ғана барып жүр.

Әлеуметтік желідегі көпшіліктің таңдауы Қалаулымды қазіргі болмысында жапқан дұрыс деп есептейді. Қалаулым жоғарыда айтқанымдай, «жарамыздың» бетін тырнап, қанатып берді. Біз бұл жерде "ауруын жасырған өледі" деген мақалды естен шығармауымыз керек сияқты.

 Қазіргі барыста мұны жабу оңайға соқпас. Бірақ, бағдарламаның ұлттық мүддемізге (қыздарымызды шетелдіктерге тұрмысқа шығуын ашық уағыздау, елдің мүддесін мүлдем ұмытып, тек қана қарабастарының қамын күйіттеу, жап жас қыздардың өзінен бес-он жас үлкен жігіттерге мына бала деп сөйлеулері сияқты) сай келмейтін жағын қатты сынға алып, ұлтқа қызмет жасатуға әбден болады.

Сөзімнің соңында айтарым, тәуелсіздік алғалы бері елімізде жұбайлардың ажырасулары «жауыннан кейінгі саңырауқұлақтардай» тым көбейіп барады. Ұлттың мүддесін қорғайтын БАҚ-тардың Қазақстан ажырасудан мұсылман елдері арсында бірінші орынға, ал әлем елдері арасында алғашқы ондыққа кірді деп, дабыл қағып жатқандарын бәрімізде естіп жатқан болармыз. Бағдарлама да осы мәселе назардан тыс қалмауға тиіс.

Ежелгі қазақтарда, тіпті күні кешегі тәуелсіздік алғанға дейін ерлі-зайыптылардың ажырасуы мүлдем болмаған. Жұбайларды тек қана өлім айырған. Әйтпесе, мына: «Атың жаман болса сатып құтыларсың, сыңарың жаман болса қайтып құтыларсың» деген мақал болмаған болар еді.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – «отбасылық құндылықтарды қолдау» болатын болса, осы ажырасу мәселесі де Бағдарлама назарынан тыс қалмауға тиіс.

 

Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы, Маңғыстау

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір