• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:52:29
Алматы
+35°

19 Ақпан, 2018 Әдебиет

«Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» (Мырзан Кенжебайға жауап)

«Әкең жақсы кісі еді...» деп басталатын ежелгі ауыр сөзді бетіне басуыма болатын еді.

Мырзан! Мың жерден арпалысқаныңмен Аманханды ми батпақтан алып шыға алмайсың. Мұның бос әурешілік. Оған ара түскен болып, мені ағаш атқа мінгізгің келгені – далбасалық. Оны қыздың баласындай мәпелеп бақсаң да,  алпыстан асқан шағында қазақтың қара тілінің қазанын қайната алмайды. Осы күл тасығаны - тасыған. Менің мақаламның шымбайына батқаны сонша, ол артымен сүңгіп, сасқан үйректің кебін киді. Атына айтылған ащы да болса әділ сынды қасқайып тұрып қабылдауға, келіспесе, қайқайып тұрып жауап беруге жарамады. Әлдеқашан жарық көрген жинағына Есенғалидың жазған алғысөзін қайта жариялап, ақындығын дәлелдеп әлекке түскені қызық болды. Рас, Раушанов үлкен ақын. Досының өзіне ұнаған өлеңдеріне пікір жазса, жазған шығар. Дардай ақын атанып жүрген адамнан мысалға алар бірер өлең табылмаса, несіне қырық жыл бойы қолына қалам ұстап келген?.. Не түлен түрткенін білмеймін, осы тұста жақсы көретін Амангелді інімнің менің соқырға таяқ ұстатып, тайға таңба басқандай сын- пікірлеріме  көзін жұма қарап, тазалық туралы «уағыз» айтқанына таң қалдым. «Әкең жақсы кісі еді...» деп басталатын ежелгі ауыр сөзді бетіне басуыма болатын еді. Ауызым бармады. Баланың көңілін қимадым, Кеңшіліктің аруағын сыйладым. Мейлі. Білгені сол шығар...

Әдетте іші пасық адамның қолқасы сасық келеді. Мүңкіген иісті алдымен өз танауы сезеді.  Сонысын жасыру үшін «Мен тазамын!» деп айналасына жар салады. Шын таза кісі үндемейді. Тазалығы онсыз да айқын. Сондықтан тазалық жөнінде көп айтып, көпіре сөйлегендерден сақтану керек.

Менің мақалам шыққан күні Аманханның жыртысын жыртушылар әлеуметтік желілерде бөрінің артындай шулап қоя берді. Арыма тиіп, айтпаған сөздері қалмады. Мұхтар Шахановтың есімі тізімде неге жоқ деп қиғылық салды. Мұхтар Шахановқа мені жек көрінішті еткісі келіп жанталасып бақты. Мұхиттың арғы жағында жатқан Мұхтар Мағауиннің атына да ауыр сөздер айтып, өздерінің бет-пердесін ашып, кісілік кейіптерінің сиқын анық көрсетті. Бір мақалада әдебиетке қатысты бүкіл қасқа мен жайсаңдарды атап шығу мүмкін емес екендігі ойларында жоқ. Сен де сол көп шуылдақтың маған жасаған қысастығын қайталап, мені жарға жығып, арандатқың келеді. Сүттен ақ, судан тұнық азамат болсаң, тек Жұмекенді ғана емес, Ахмет Байтұрсынұлын, Бауыржан Момышұлын, Ілияс Есенберлинді, Жұбанды, Сырбайды, Ғафуды, Сайынды, Қалиханды, Фаризаны, Оралханды, Ақселеуді, Рымғалиды, Сағиды тағы басқаларды неге ауызыңа алмайсың?  Демек жан сарайың былық, бір бармағың бүгулі. Мұнымен қоймай, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда Жұмекенге қарсы шыққан деп көпе-көрнеу жала жабасың. Сен, бір кебісті бір кебіске сұғып, жұртты шатастырма! Шатассаң, өзің шатас. Есіңнен жаңылсаң есіңе түсірейін. Мен сол жолы «Өлгеннен кейін біздің де кезегіміз келер» деген мақала жазғанмын. Онда Жұмекен марқұмға қарсы айтылған жарты ауыз сөз жоқ. Мақалада өлілер мен тірілерді жарыстырмау жөнінде өте принципті мәселе көтерілген болатын. Менің орынды пікірімді Қалихан Ысқақов, Оразбек Сәрсенбаев, Аян Нысаналин секілді қабырғалы қаламгерлер қостағанын сен ойыңа түсіргің де келмейді. Бар қолыңнан келетіні – біреу оза шапса шәужайынан алу, аяғынан шалу. Қашан көрсем де ішіңдегі қызғаныштың қызыл иті ырылдап үреді де тұрады. Ол да жалықпайды, сен де жалықпайсың. Тірлігіңнің түрі – осы.

 2010 жылы  10 маусым күні «Жас Алаш» газетінде  Мемлекеттік сыйлыққа байланысты шыққан мақаламда «... Оу ағайын, қай заманда халқымыз өлі мен тіріні бәсекеге салып жарыстырушы еді? Біз – аруақ сыйлаған елміз. Қазақ «аруақ аттаған оңбайды» деп жатады. Аруақпен жарысып, өлінің алдына түскен жан бұрын-соңды  болған емес, – дей  келіп, аруақтарынан айналайын, Жұмекен мен Шамші ағамыздың қай-қайсысы да қандай да бір мәртебелі сыйлыққа лайықты тұлғалар. Оларға еңселі ескеркіш қойса да, қаһармандық атақ берсе де артық емес. Аттары аталып қалған екен, Мемлекеттік сыйлық берілсін! Екі қолымды көтеріп қолдаймын!» дегенімді қайда қоясың? Ал, сен болсаң мені жерден алып, жерге салып, «Жұмекен Нәжімеденовке Мемлекеттік сыйлық лауреаты берілуіне байланысты зар-мақала жазғаны адам айтқысыз ұят болды» деп жорта күңіреніп, қара аспанды төндіресің. «Қобызым не дейді, жыным не дейді?» депті баяғыда бір бақсы. Сол айтқандай, мен не деп отырмын, сен не деп отырсың? Ұяттың әкесі – ар, шешесі – иман екенін мүлде білмейді екенсің. Білсең, мұндай ғайбат сөзге бармас едің.

Біреудің түзу сөзін бұрмалап, адал ойын былғап, жалған айтып, жала жабуға келгенде алдыңа жан салмайсың. Бетің бүлк етпейді. Сөйтіп отырып ұятты қалай аузыңа аласың?..

Ал, сенің Мемлекеттік сыйлық алғандарға жағалай күл шашып, поэзия, поэма туралы айтқан пәтуасыз пайымдарыңа күлкім келеді.  Әрі-беріден соң Мемлекеттік сыйлыққа төрелік етіп, сарапқа салатындай сен кім едің?

Мемлекеттік сыйлықты кімнің алғысы келмейді. «Арсадағы еттің сасығын-ай!» депті бір мысық жете алмай. Сен Мемлекеттік сыйлық жөнінде аузыңа не келсе соны айтқан сайын сол мысық көз алдыма елестей береді.   

Менің мақаламда көтерілген өзекті мәселе саған шыбын шаққан құрлы әсер етпепті. Өз сөзіңмен айтқанда «ордалы ой, биік парасаттың иесі» болсаң, Аманханды қорғап құныперен болғанша, туған тіл үшін шырылдағаның жөн еді... Өзгесін айтпағанда,   сәбидің еңбегі мен маңдайын, ши мен сырықты, жекен мен бөкенді, көктем мен жазды, жар мен жартасты айыра алмай отырғандығын немен түсіндіресің? Дүмің шыдаса, Аманхан дұрыс айтып отыр деп дәлелдеп көр?! Осындайда «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» деген мәтел еріксіз ойға оралады.

Қазір Тіл мәселесінен үлкен қандай мәселе бар? Сен болсаң, Жазушылар одағының жағдайын айтпады деп басты нысанадан елдің назарын басқа жаққа аударып, қоян бұлтаққа саласың. Жымыңды жасырып, жымысқы ойыңды жүзеге асырғың келеді. Жазушылар одағының ұзақ-сонар жырына да нүкте қойылар. Оған қайғырма, Мырзанқайғы! Сенің «қайғыңның» нендей қайғы екені енді анық болды. Асанқайғы сияқты Алты алаштың қайғысы екен десем, сенің қайғың Аманханның қайғысы екен ғой...

Көктем жайында жазған бір өлеңіңде: «Бір жыбыр бар... ұғынба, ұғын мейлің» дейсің. «Жыбырың» былай тұрсын, «ұғынба, ұғын мейлің» дегеніңді өзіңнен басқа ешкім ұға қоймас. Сонымен бұл жыбырың қай жыбыр? Мен білетін жыбыр – сенің бойыңдағы пендешіліктің жыбыры.

«Жыбырың» жаныңа маза бермегендігі сонша, көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлап, менің «Бәйтерек» бастатқан поэмаларыма соқтығасың. Елбасының аты аталған жерге таскенедей жабыса кетесің. Сыңаржақ сын, пәтуасыз пікір, дәлелсіз тұжырым жасайсың. Бұл бір емес бірқанша жылға созылып келеді. Мемлекеттік сыйлыққа ұсыныла қалсам, не бір бәйгеге түсе қалсам қылышыңды қайрап, сойылыңды сүйретіп шыға келесің. Таппайтын бәлең, жаппайтын жалаң жоқ. Рас, «Бәйтерек» поэмасының кейбір тұстарына келіспейтіндер бар. Олардың кеңес ретінде айтқан әділ сынын кезінде өзім де қабыл алғам. Алайда, Астана, Елбасы жөнінде неге жазасың деп мені жазғырып, тақырыптық шек қоюға ешкімнің қақысы жоқ. Ол – менің жеке басымның ісі, азаматтық позициям! Болашақ, тарих алдында әркім өзі жауап береді. Патша да солай...

Осы жолы домалап кеп құйысқанға өзің қыстырылдың. Мақалаңда: «...Мемлекеттік сыйлық әперген «дүниесі» де белгілі бір адамның ата-бабасының, атап айтсақ Наурызбайдың да ерлігін жырлауға бүйрегі бұрып тұрғанын көзі ашық адамға аңғару да аса қиын емес», - деп, қоңырсытасың. Егер әр қазақ өз ата-бабасын әспеттейтін болса, не болғанымыз? Менің Мемлекеттік сыйлық алған кітабым исі қазаққа ортақ ұлы баһадүр Жалаңтөс поэмасымен ашылады. Сен құсап ала қойды бөле қырқып, жүзге бөліп отырсақ,  Жалаңтөс бір рудың ғана бабасы болып шыға келеді. Естиін дегенің осы ма?

Рас, мен Астанаға келгелі Тәуелсіздікті көп жырладым. Бостандық жолында қан кешкен қазақ батырларын бөліп-жармай, тұтас толғадым. Саусақпен санап айтайын: «Бөгенбай батыр», «Ту» (Қабанбай туралы), «Бердіғожа батыр», «Жалаңтөс», «Наурызбай батыр», «Ақмола шайқасы» (Кенесары туралы), «Төлегетай», «Мұқағали – Желтоқсан», «Шақантай батыр», «Көкала үйрек», «Бәйтерек», «Сүйінбай», «Құлмамбет», «Жер – жаннан  қымбат» (Жұмабек Тәшенов туралы), «Жаңғыру жыры»  т.б. жиыны – жиырманың үстінде поэма  жазыппын. Мемлекеттік комиссия осы еңбегімді ескерген болар.

Басқаны білмеймін, өз басым Абылай заманынан бастап, Тәуелсіздікке дейінгі халқымыздың азаттық жолындағы күресінің ерлік шежіресін жасағаныма сенімдімін! Міне, мен азды-көпті осынша шаруа бітірдім, ал сен не бітірдің?..

Өлең табиғаты өте шетен. Оның лүпілдеп тұрған нәзік тамырын тамыршыдай дәл баспасаң адасасың. Сондықтан, қайталап айтамын, сөз танитын көз керек, өлең танитын өре керек. Бұл екі қасиеттің сенде бірі де жоқ. Өйткені тани да алмайсың, талдай да алмайсың. Әділдікке жүгінуді, көркем шығарманың өзегіне үңілуді білмейсің. Тізеге салуға, белден басуға шеберсің. Сенікі сын емес – сындыру. Қарғаның балапаны өзіне аппақ. Әркімнің іштен шыққан шығармасы өзіне ыстық. Сынағыш болсаң, теріден телшік сыдырғандай, майдан қылшық суырғандай, қара қылды қақ жарғандай әділ сына, қиянатқа бару, біреудің обалына қалу – барып тұрған күнә!

Кітаптарыңды көктей шолып шыққанда сүйсініп оқырлық, көңілге тоқырлық бір өлең таппадым десем, қапаланба! Барың сол болса, қайтейін? Ойқы-шойқы ойларыңды, қиқы-жиқы тіркестеріңді, ақсақ-тоқсақ ұйқастарыңды қойдай қосақтап, қозыдай көгендемей тұра тұрайын. Алдымен әсемдіктен тырдай, әдептен жұрдай өлеңдеріңнен бастайын: «Күзгі арасан» деген өлеңіңде: «Қойтастар дәрет сындырып, тоңқайған қара қатындай немесе айырылған ар мен ұяттан ақ қайың тырдай жалаңаш» дейсің қымсынбай. Мына жолдарды оқыған ауылдағы шешелерің, әпке-жеңгелерің, қарындастарың, қыздарың қызарған бетін басып, ұяттан өле жаздаған шығар-ау? Осы өлеңде «Шуда бұлт кілең шала мас» дейсің тағы да. Неге екенін білмеймін сенің көзіңе табиғат көріністері бірде тоңқайған қара қатынның бөксесі, бірде тыр жалаңаш ұятсыз, арсыз әйел, бірде маскүнем болып елестейді. Мастық жайында көп айтасың. Маскүнемдіктің сырын жақсы білетін сияқтысың. Туған ауылыңа барған сайын әйтеуір айықпай жүресің.

Болмай-ақ ұлы ақындай терең жырың,

Жарасар саған арнау өлең бүгін (?).

«Құланды бір өзіңді жырлау үшін,

Шаңдатып қара жолды келем бүгін (?).

Шаңдатып келе жатырсың ба, шаңдатпай келе жатырсың ба, Құланды қайдан білсін? Шаңдатып келе жатқаныңды өзің және біз білеміз. Өйткені өлеңдеріңнің басы-көзі шаңнан көрінбейді.

Біз шыққалы көп болды Құландыдан,

(Масаң еді қасымда шофер егде). 

«Ұлы атаңның бейіті анау тұрған,

Қане, бала, түнейміз осы жерде», –

Деді-дағы сабазың құлап түсіп,

Ұйықтап қалды зираттың етегінде, – деп шұбыртасың. Ұлы атаңның басына түнегенің жөн-ақ. Бірақ өзің сау болсаң, мас шофердің көлігіне қалай қорықпай мініп жүрсің? Ал, енді шаңдатып барған Құландыдан шаңдатып қайта қайтқаныңды, шофердің мас екенін, сұлап түсіп, зираттың етегінде ұйықтап қалғанын қарабайыр сөйлемдермен хабарлағаның кімге керек? Өрнекті тіл, кестелі келісім, оймақтай ой қайда?

Қалатынын бәрінің өлгеннен соң,

Тіршілікте ойлай ма, қарай ма адам?

Мына жым-жырт тылсымға келгеннен соң,

Қалай жатам, құдай-ау, қалай жатам?

          Өлгеннен соң мына дүниенің қалатыны айтпасаң да белгілі. Зәрең ұшқанына ішек-сілем қатты. Қалжыңға сүйеп айтайын, жаның сондай тәтті. Пәни мен бақидың шегарасында тұрып, татымды ой айтудың орынына «Қалай жатам, құдай-ау, қалай жатам?» деп зар қағасың. Аман жүр, жүз жаса! Алайда, зират жұмыр басты пенденің бәрінің баратын мәңгілік мекені ғой. Шетінеген сәби туралы бір өлеңімде: «Шошынба қараңғыдан, құлыншағым, ол жаққа мекендеуге бабаң кеткен» дегенім бар еді. Бабалардың қасына барып кезегіміз келгенде бәріміз де жатамыз. Шошынба, сен де жатасың. Қайда барасың?

          Өзің ойға жұтаң болған соң өзгеден жымқыруды да ұмытпайсың.

 

Арман жоқ өз ауылымда ұйықтап жатып,

Не қарақұрт, не жылан шағып өлсем, – деп, 

Жәркен Бөдешке аяқ астынан жиен боп шыға келесің. Бұл қарға тамырлы қазақты қойсаңшы?

                      Туған жердің бұлағы,

Толқыныңмен ат мені,

Туған жердің жыланы,

Шырылдатып шақ мені!

         Өлең осылай болуы керек. Жәркеннің туған жерге деген сүйіспеншілігі әр жолда жалын атып, атойлап тұр. Сен болсаң, «жымқырғаныңның» өзін жөндеп іске жарата алмапсың. Жәркен құсап жыланмен бетпе-бет келуге де жүрегің дауаламайды. Өзіңше қулық жасап, ұйықтап жатып оп-оңай өле қалғың келеді.

Алыс жолды алты айлық,

Артқа тастап жасағың (?).

Жағаға кеп жантайып,

Ұйықтап кеткен мас алып.

Сенің «талантыңда» шек жоқ. Енді жартасты маскүнемге айналдырып жіберіпсің. Әліңе қарамайсың, аттаған сайын ұйқастан сүрінесің. Сөйте тұрып, жұртқа жөн айтып күбінесің.  «Жасағың» мен «мас алыбың» ұйқастан ұятты. Мұндай мысалдар жетерлік.

Үндемесең, біреуі ынжық дейді,

Қарсы келсең: «Дөрекі, ұр-жық»(?) дейді.

«Ұр-жық» деген сөз тіркесі жоқ. Ұрда-жық бар. Мұны сөздің басын жарып, көзін шығару дейді.

Келуіне көктемнің бір ай қалды,

Кәрі қақпас қыс енді тұра алмайды.

Өрекпіген жүрекпен қарсы ап тұрмын,

Қыр жағалап жүгірген құмай таңды (?).

Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетіне» еліктеген түрің болу керек, таңды құмай тазыға айналдырып қыр жағалатып қойыпсың. Біріншіден, қазақ «қыр жағалап» демейді. Өзен жағалап, жар жағалап дейді. Қырды кезеді, қырға шығады, қырды асады. Екіншіден, таң жүгірмейді. Таң атады, таң арайлайды, таң білінеді, таң рауандайды, таң келеді, таң құланиектенеді, таң бозарады.  Аманхан айды мысыққа теңеп масқара қылып еді, сен таңды итке теңеп итін шығарыпсың. Екеуің бір қап, бір саптан шыққандайсың. Аманханды шыр-пыр болып қорғап отырғаныңды енді түсіндім.

Аманхан үшін күйінгенің сонша, «...Кемшілік атаулыны қаржы полициясының жемқордың жеген ақшасын жіпке тізгендей түгендеп-ақ шығыпты» деп, кінәлайсың. Бұл қай сасқаның? Оның өлеңдеріндегі кемшілік атаулыны мойындай отырып, жауырды жаба тоқығың келеді. Олай болмайды, Көке! Дәлелсіз айтқан сөз далаға атқан оқпен бірдей.

Сондықтан сенің де күлдікөмеш, дүмбілез дүниелеріңді жаңғақтай шағып көрейін:

Бұл кім десем елге арнаған мол күйді (?),

Рүстемнің ұлы деп ел сергиді (?).

Атақ алды «Құрметті құрылысшы»-боп,

Төрағасы «Атамекен холдингі».            

Осыны да өлең деп отырған саған не дауа? Өлең арнап отырған ағаң өзі құрылысшы болса, елге қалай «мол күй» сыйлайды? Сен күйші емес құрылысшы жөнінде жазып отырсың ғой. Айтайын дегенің құрылысшы ағам елге жағдай жасады болуы керек. Бірақ сол ойды дәл жеткізе алмай діңкең құрып отыр. «Рүстемнің ұлы деп ел сергиді» дейсің. Сергитіндей ел сырқат па еді? Сергу сөзі көңілі пәс, еңсесі түскен немесе науқастан сақайып келе жатқан адамға қатысты айтылады. Қазақтың қарапайым сөзінің ара-жігін, мән-мағынасын ажырата алмайсың.  Оған мына «техника тілімен» жазылған жырларың куә:

Ит өмір өмір емес – автобаза,

Біз сірә – ішіндегі «КрАЗ», «МАЗ-ы».

Қираймыз бір күні әлі тасқа соғып,

Осылай жүреміз де біраз ғана.               

Абай сөзімен айтқанда, «қиыннан қиыстырған» шатты-бұтты өлеңсымақтарыңның  сұрқынан адам шошиды. Аманханнан озған жерің осы! Алда-жалда халтураға Республикалық бәйге жарияласа, ең алдымен қасқайып сенің келетінің сөзсіз...                  

                    Саған жазған жауабымды аяқтай келе, «Бүгінде «Мисыз» деген атағым бар» деген жолыңа кезіккенде шалқамнан түсе жаздадым. Жерге бір түкірдім. Сөзімді қор қып, осынша уақытымды кімге шығындап отырмын деп  пұшайман болдым. Мұндай «Мәртебелі атағың»  бар екенін білгенде, сенде нем бар? Дегенмен өзіңе-өзің диагнозды дәл қойыпсың...

«Жетектеген тазы түлкі алмайды». Көркем сөз өнерінің биігіне, арындап шыға алмағандардың өз обалы өзіне. Әдебиет – ардың ісі! Оған адвокаттық жүрмейді...  

 Астана

Несіпбек АЙТҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір