• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:26:09
Алматы
+35°

17 Қыркүйек, 2018 Денсаулық

Өзін-өзі бағалай алмайтын адамдарға арналады

Барлығы дерлік өздерін жек көреді және өздерін кінәлі сезінеді.

Психологияға қызығатын жандар Луиза Хей деген есімді жақсы таниды. Мотивацияны май шаммен іздеп жүргендер де түбінде Луиза Хейдің жазғандарын шолып өтеді. Тән азабынан бұрын жан азабын тартып жүргеніміз көп болғандықтан Луиза Хейдің кітаптарын жай ғана көзбен шалып өтпей, көңілге тоқып, санаға түйіп, он рет қайталап оқу қажет сияқты. «Қамшы» жақсылықтың жаршысы болғысы келеді. Сондықтан да жазушы Мырзагелді Кемелдің аудармасындағы Луиза Хейдің «Көгілдір кітабын» бірнеше бөлімге бөле отырып, тұрақты түрде оқырманның назарына ұсынып отыруды жөн деп шешті. Бірінші бөлім сайт бетінен шығып үлгерген болатын. Ендігі кезек екінші бөлімде. Аталмыш бөлім адамның өз-өзін жақсы көрмеу мәселесіне арналған. Қатерлі ісікті небәрі 6 айда жеңіп, барша дәрігерлерін таң қалдырған, 2017 жылы 91 жасында ауырмай-сырқамай көз жұмсаған Луизаның оқиғасы жігерін жасытып алған жастарға үлгі болсын дейміз.

Луиза Хей

I тарау. Өз өміріңді сауықтыр

Менің кейбір ойларым:

Біз барлық іс-әрекетіміз үшін 100 пайыз жауапкершілік арқалаймыз.

Біздің әрбір ойымыз біздің болашағымызды құрайды.

Күш өз бастауын әрқашан қазіргі сәттен алады.

Барлығы дерлік өздерін жек көреді және өздерін кінәлі сезінеді.

Барлығы өздері туралы: «Мен онша жақсы емеспін» деп ойлайды.

Барлығы ойға байланысты, ал ойды өзгертуге болады.

Жасырын реніш, ашу, өзін және басқаларды сынау, кінәлі сезіну – денсаулық үшін ең зиянды көңіл-күй.

Қордаланған реніш пен ашудан толық арылу маскүнемдік кеселінен емдейді.

Біз өзімізді өзіміз шын мәнінде жақсы көрген кезде, біздің өміріміз де жақсарады.

Біздің өткеннен арылуымыз және барлығын да (өзімізді қоса) кешіруіміз қажет.

Біз қазіргі сәтпен өмір сүруді үйренуіміз қажет.

Өз-өзіңді қабылдау мен өз іс-әрекеттеріңді қолдау - ұзақ өзгерістер кілті болып табылады.

Біз, тек қана біз, өзіміздің тәніміздегі «ауруды» қолдан жасаймыз.

Мен неге сенемін?

Өмір өте қарапайым. Біз не берсек, соны аламыз.

Жұрттың барлығының, оның ішінде мен де, біздің өміріміздегі жақсы-жаман оқиғалар үшін 100 пайыз жауапкершілік арқалайтынымызға сенімдімін. Біздің әрбір ойымыз біздің болашағымызды құрайды. Әрбір адам өмірде оқиғаны ой мен сезімнің қатысы арқылы жасайды. Біз ойлайтын ойлар мен сол ойларды бейнелейтін сөздер өмірде басымыздан өткізетін жайлардың бәрін туындатады. Өмірдегі сол немесе басқа жайлардың барлығын да біз өзіміз қалаймыз, сосын өзіміздің бақытсыздығымыз бен келеңсіздігіміз үшін басқаларды қарғап, күш жұмсап жатамыз. Біз өзіміз - өз уайымымыз, қоршаған орта шындығы мен ондағы барлық нәрселердің бастауы болып табыламыз. Екінші жағынан алғанда, өз санамыздағы үйлесімділік пен тепе-теңдікті ұстана отырып, біз өмірде сол нәрселерді кездестіре бастаймыз.

Сізді дәл суреттеген қай сөйлем?

«Бұл өмірде адамдар маған жамандық жасайды».

«Жұрттың бәрі менің проблемамды шешуге көмектеседі».

Біз неге сенсек, сол біздің шындығымызға айналады. Біз өзіміз сенетін нәрселер мен өз ойларымызды өзіміз таңдаймыз. Біздің санамыздан тысқары ақылымыз біз сенетін нәрселердің бәрін қабылдайды. Біздің нені ойлауды миллиондап таңдауға мүмкіндігіміз бар. Біз осыны сезінген кезде, «Адамдар маған жамандық жасайды» дегеннің орнына «Жұрттың бәрі маған көмектесуге тырысады» деп ойлауға болады. Жаратылыс күштері бізді ешқашан соттамайды да, сынамайды да. Олар біз қандай болсақ, сол қалпымызда қабылдайды. Сосын автоматты түрде танымды бейнелейді. Егер сіз ылғи да жалғызбын, мені ешкім жақсы көрмейді деп ойлауды жөн көрсеңіз, онда сіз солай өмір сүресіз.

Бірақ, сіз «Дүниеде махаббат бар, ал мен ұнатамын және ұнамдымын» деп ойласаңыз, және бұл сөзді жиі қайталасаңыз, онда сіз бұны өз басыңыздан өткере де аласыз. Сіздің өміріңізде күтпеген жерден көптеген тамаша адамдар пайда болады, ал сізді жақсы көретіндер одан сайын жақсы көретін болады.

Біз кішкентай кезімізде де өмір туралы түсінікті үлкендерден аламыз

Егер сізге аса бақытты болмаған, жексұрын немесе өздерін кінәлі сезінген адамдармен өмір сүруге тура келген болса, онда сіз қоршаған орта мен өзіңізді керісінше қабылдауды үйренгенсіз. «Мен ешқашан ештеңені дұрыс жасамаймын», «Бұл менің кінәм», «Егер мен ашулансам, онда менің жаман адам болғаным» - міне, сіздің кейбір ойларыңыз. Өмірді түңілулерден тұратын осындай ойлар құрайды.

Біз өскен кезде балалық шақтағы көңіл-күй ортасын жаңғырту бейімділігі болады

Бұл жаман да емес, жақсы да емес, дұрыс та емес, біз тек «үйдегідей» сөзінің нені білдіретінін білеміз. Біздер жеке қарым-қатынасымызда әкемізбен немесе шешемізбен қалыптасқан қарым-қатынастарды жаңғыртамыз. Сіздің әкеңізді немесе шешеңізді дәл еске түсірерліктей нақсүйеріңіз немесе бастығыңыз болғаны туралы ойлаңыз. Бізге ата-анамыз қалай қарым-қатынас жасаса, біз өзімізге солай қарым-қатынас жасаймыз. Бізді ата-анамыз қалай сөгіп, қалай жазаласа, біз өзімізді солай сөгіп, солай жазалаймыз. Олардың осындай жағдайда қолданған сөздерін біздер естиміз де. Егер бізді сәби кезімізде сүйсе, есейген кезде біз де өзімізді дәл солай сүйеміз.

«Сен ешқашан ештеңені дұрыс жасай алмайсың». «Сен кінәлісің». Сіз өзіңізге осылай қаншалықты жиі айтасыз?

«Сен кереметсің». «Мен сені сүйем». Ал осындай сөздерді сіз өзіңізге қаншалықты жиі айтасыз?

Мен бұл үшін ата-анамды сөкпеймін

Біз бәріміз құрбандықтың құрбандығымыз, және біздің ата-аналарымыз да өздері білмеген нәрсеге бізді үйрете алмады. Егер анаңыз өзін қалай жақсы көруді білмесе, немесе әкеңіз өзін қалай жақсы көруді білмесе, онда сіз өзіңізді қалай жақсы көру керек екенін үйрене алмауыңыз мүмкін нәрсе. Егер ата-анаңызды өте жақсы түсінгіңіз келсе, олардың балалық шағы туралы сұраңыз, егер жан-жүйеңізбен беріліп тыңдасаңыз, олардың қорқынышы мен өмірге деген қатынасының негізін түсінесіз. «Сізге қиналу әкелген» адамдардың өздері де қазіргі сіз сияқты қорқынышта болған.

Біз ата-ананы өзіміз таңдаймыз дегенге мен сенемін

Осы планетада, осы немесе басқа уақытта, осы немесе басқа жерде қайта туу оған керек пе, әрбір адам өзі шеше алады. Өмірден сабақ алу үшін, өз кезегінде эволюциялық жолдағы біздің одан әрі рухани дамуымызды қамтамасыз ету үшін біз осы жерде тууды жөн көрдік. …Сосын, есейе келе, біз әдетте оларға саусағымызды шошайтып: «Сендер кінәлісіңдер» деп қыңқылдаймыз. Шындығында, біз оларды өзіміз таңдадық, себебі біздің осы өмірде еңсермек болған тілегімізге олар сай келді.

Біз өз танымымызды балалық шақта қалыптастырамыз, ал сосын өмірде біздің танымымызға сай келген жағдайларды туындата отырып қимылдаймыз. Өткен өмір жолыңызға бұрылып қараңыз, сонда сіз сол бір ғана жағдайды қайта-қайта туындатып отырғаныңызды көресіз. Сіз неге сенсеңіз, соны туындатып отырсыз, өйткені сол сеніміңіз сіз сеніп отырған нәрсені бейнелейді, мен бұған сенімдімін. Бұл жағдайда сіз бұл проблеманың қатысын, оның мөлшері немесе ондағы қауіпті қанша уақыт сезінетініңіз соншалықты маңызды емес.

Күш бастауын әрқашан қазіргі кезден алады

Осы кезге дейін өміріңізде болған оқиғалардың бәрі де өткен тәжірибелерге негізделген сіздің танымдарыңыздан туындаған.

… Ең маңыздысы – қазір сіздің нені ойлап, неге сенуді өзіңіздің таңдауыңыз. Бұл ойлар мен сөздердің сіздің болашағыңызды жасайтындығын әрқашан есіңізден шығармаңыз. Сіздің күшіңіз – осы қазіргі сәт.

Сіз жұмыс істеуге тиіс жалғыз нәрсе – ол сіздің ойыңыз, ал ойды саналы түрде өзгертуге болады

Сіздің проблемаңыздың сипаты қандай болса да бәрібір, ол – бар болғаны сіздің ойыңыздың бейнеленуі. Мысалы, сіз: “Мен жаман адаммын” - деп ойлайсыз. Ой өзінің соңынан сіз берілетін сезімді ергізеді. Сізде бұндай ой болмаса сезім болмас еді. Ойды саналы түрде өзгерту қиын. Мұңды ойды өзгертсеңіз, мұңды сезім де өзгереді. Кертартпа ойды қанша уақыт ойлағаныңыз тіпті де маңызды емес. Күш өткенде емес, әрқашан да осы сәтте. Сондықтан да тура қазір азаттыққа шығыңыз!

Сіз бұған сенесіз бе, жоқ па, бірақ біз өз ойымызды өзіміз таңдаймыз

Біз қайта-қайта бір нәрсе туралы ойлай беруге бейімбіз, сондықтан бізге, өз ойларымызды өзіміз таңдайтындай болып көрінеді. Біздің белгілі бір нәрсе туралы ойлағымыз келмейді. Біз өзіміз туралы қаншалықты жиі жақсы ойлағымыз келмейтінін есіңізге түсіріңізші. Ал, қазір өзіміз туралы жаман ойламауды үйренейік. Осы планетадағылардың барлығы да, мен білетін, мен бірге жұмыс жасайтындар артық-кем дәрежеде өзін кінәлі сезіну мен өзін-өзі жек көруден жапа шегіп жүргендей көрінеді. Біз өзімізді қаншалықты жек көрсек, соншалықты біздің жолымызда сәттіліктер де аз болады.

Біздің ортақ ішкі танымымыз: “Мен онша жақсы емеспін”

Біз “Бұл өмірде менің қол жеткізгендерім аз” немесе “Мен бұған татымаймын”… дегенді жиі-жиі үстемелейміз. Сізге ұқсай ма? “Мен онша жақсы емеспін” деп сіз жиі ойлайсыз ба, әлде айтасыз ба? Бірақ, кім үшін? Оның қандай өлшемі бар? Сізде осы сияқты таным өте күшті болатын болса, онда қуанышты, қамсыз, толыққанды өмірді қалай жасайсыз? Сіздің санаңыздан тысқарыдағы танымыңыз іс-әрекетіңізді үнемі басқарады, сондықтан ол сіздің өміріңізде үнемі пайда болады.

Біздің проблемаларымызды ашу-ыза, басқаларды сынау, өзін кінәлау мен қорқыныш тудыратынына мен сенімдімін

Бұл сезімдер өзінің проблемасына өзгелерді кінәлайтын адамдарда болады. Түсінесіз бе, егер біз өзіміз басымыздан өтіп жатқан жайларға өзіміз 100 пайыз жауапкершілікті арқалайтын болсақ, онда кімді сөгеміз?! Сіздің өмірде басыңыздан өткерген жайлардың бәрі - сіздің өз ішкі ойыңыздың бейнеленуі. Мен кейбір адамдардың келеңсіз қылықтарын жақтамаймын, біз үшін маңыздысы бізге осылай қарым-қатынас жасаған адамдарды біздің танымымыз өзіне тартатынын түсіну. Егер сіз: «барлығы мені сынайды, мен үшін ешкім ештеңе істемейді, менімен еден сүрткісі келеді» деп ойласаңыз, бұл сіздің ойлау қалыбыңыз. Сіздің бүкіл өміріңізде осындай адамдарды өзіне тартып тұратын ой сізде терең сақталған, егер одан бас тартсаңыз, ондай адамдар сіздің өміріңізде өз-өзінен жоғалады. Сіз бұдан былай мұндай адамдарды өзіңізге тартпайтын боласыз.

Мен төменде тәни дәрежеде көрініс табатын осындай ойлау қалыбының нәтижесін келтіремін: 1. Ұзақ уақыт бойы жинақталған ашу-ыза, өз-өзіне көңіл толмаушылық, реніш тәнді жеп, ҚАТЕРЛІ ІСІК (рак) ауруына айналады. 2. Басқаларды үнемі сынау ревматизм сырқатына шалдықтырады.

Кінәлі сезіну әрқашан жазалануға алып барады, ал жазалау қиналуды тудырады. Ол тудыратын қорқыныш пен тығырық асқазан жарасы мен аяқ ауруының және шаштың түсуінің пайда болуына бірден бір себепкер. Мен өз тәжірибемнен реніш пен ашу-ызадан құтылу тіпті қатерлі ісікті де жоқ қылатынын білдім. Сырттай қарағанда бұлай түйіндеу қарабайыр боп көрінуі мүмкін, бірақ менің өзім оны көрдім және өз басымнан өткердім.

Біз өткен уақытқа деген өз қарым-қатынасымызды өзгерте аламыз

Өткен уақыт мәңгілікке кетті. Бұл факт және бұған ештеңе істей алмайсың. Бірақ өткен уақытқа деген біздің ойымызды өзгертуге болады. Сізді баяғыда біреудің ренжіткені үшін қазіргі сәтте өзіңді-өзің жазалау қандай ақымақтық болып көрінеді. Мен реніш сезімдері кернеген өз клиенттеріме: «Салыстырмалы түрде жеңілдеу болып тұрғанында реніштеріңізден қазір құтылуларыңызды өтінемін. Хирургтің пышағының сіздің үстіңізден төніп тұрғанын немесе табытта жатқан сәтіңізді күтпеңіз. Онда сізге үреймен қоңсы қонуға тура келеді. Үрей жағдайында жазылу туралы ойға көңіл бөлу өте қиын болады. Бірінші біз өз қорқынышымыздан құтылуымыз керек» деп кеңес беремін.

Егер біз дәрменсіз құрбанбыз және біздің өмірімізде барлығы да баянсыз деген танымды ұстанатын болсақ, онда Жаратушы біздің танымымызды қолдайды да, біздің өміріміз қоқысқа айналады. Бұлардың барлығы да ешкімге ешқандай пайда әкелмейтін, жартыкеш кертартпа пікір екенін түсіну біз үшін өте маңызды. Тіпті Құдай туралы да ол біздің жағымызда, бізге қарсы емес деп ойлау керек.

Өткеннен азат болу үшін кешіруге дайын болуымыз керек

Өткеннен өзіңді өзің азат ету мен жұрттың бәрін, әсіресе өзіңді өзің кешіру үшін біз өзімізге таңдау жасауымыз керек. Біз қалай кешіруді білмесек те, бірақ мұны қатты қажет етуіміз керек.

Кешірім жасауға құлықтану фактісінің өзі сауығуға ықпал етеді

«Сенің мен қалаған бейнедей бола алмағаның үшін де сені кешіремін. Мен сені кешіремін және сені толықтай азат етемін». Осындай тоқтамға келу сіз кешірім ететін адамды да, кешірім етушіні де азат етеді. Тоқтамға келу үшін өзіңе-өзің қайталай беру ғана емес (ішіңнен және дауыстап), жазу да маңызды, әсіресе машинкада – бұл өте жылдам, 7 күн бойы, күніне 70 реттен. Егер сіз белгілі бір адамды кешіргіңіз келсе кешірілушінің де, кешірім етушінің де есімін айту керек.

Барлық ауру кешірмегеннен болады

Қалай адам ауыра бастайды, солай ол өз кеудесінен кешірім етілуі қажет адамды іздеуі керек. Егер сіз кешірім жасалуы өте қиын адамды тапсаңыз, онда тап сол адамды кешіру керек. Кешіру – демек, азат болу. Сізге қалай кешіруді білу қажет емес. Ең керегі – кешіруге құлықтылық. Ары қарай сізге Жаратушының өзі көмекке келеді. Біз өз қиналысымызды жақсы түсінеміз. Бірақ кешірім жасауға тиісті адамдардың да қиналысты басынан өткеретінін қабылдау бізге қалай қиын. Сол сәтте олардың өзгеше іс-қимыл жасай алмағандығын түсіну қажет.

Маған адамдар кеңес алуға келген кезде, олардың проблемасының шығу негізіне басым ауырмайды, бұл денсаулықтың нашарлығы ма, ақшаның жетімсіздігі ме, қарым-қатынастың нашарлығы немесе дамымаған талант па – мен бірден тек қана бір нәрсемен, өз-өзіңді жақсы көруді қалай дамыту керектігімен жұмыс жасай бастаймын.

Өзіңді жақсы көруді дамыту

Мен мынадай қорытындыға келдім: біз өзімізді жақсы көрген кезде, өз іс-әрекетімізді мақұлдаған кезде және өз-өзімізбен қалған кезде біздің өміріміз жайнай түседі, тіпті сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Барлық жерде - кішкентай ғажайыптар. Денсаулық жақсарады, қолға ақшаның өзі келеді, біздің басқалармен қарым-қатынасымыз гүлдене түседі, біз өзіміздің тұлғалық қасиетімізді шығармашылық негізде білдіре бастаймыз. Біз өзімізді бар жан-тәнімізбен жақсы көріп, құрметтеген кезде және өз іс-әрекетімізді мақұлдаған кезде біз ақылдың белгілі бір ұйымын жасаймыз. Осыдан – қоршағандармен ғажайып қарым-қатынас, жаңа жұмыс: біз тіптен жүдейміз, өзіміздің қалыпты салмағымызға ораламыз.

Өзіңді мақұлдау мен өзіңді қабылдау – біздің өміріміздегі оң өзгерістердің кілті

Өзіңді бұлай жақсы көру ешқашан, ешбір жағдайда да өзіңді сынауға болмайтынын сезіну фактісінен басталады. Өз басымызды сынау біздің құтылуға тырысқан ойдың бейнесіне әсер етеді. Өз-өзіңді түсіну сиқырланған құрсаудан шығып кетуге көмектеседі.

Сіз жылдар бойы өзіңізді сынадыңыз, сонда да бұдан ешқандай жақсылық шықпағанын естен шығармаңыз

Өзіңізді жақсы көруге тырысып көріңіз, және бұдан не шығады екен, байқаңыз.

Өзіңді жақсы көру деп ешқандай эгоистік жақсы көруді немесе «өзін жақсы көруді» нысана ету емес. Өзін жақсы көру – демек, өз басыңның тірлік кешу фактісін мерекелеу мен өмірдегі сыйы үшін құдайға шүкірлік ету.

Өзіңді жақсы көру – демек, бәрінен бұрын, өз басыңды құрметтеу.

Мен жақсы көруді сезінемін:

*өмір процесінің өзіне деген;

*тірі болғаныма қуанамын;

*өзім көріп тұрған сұлулыққа;

*басқа адамға деген;

*білімге деген;

*ойлау процесіне деген;

*біздің денемізге және оның құрылымына;

*жануарларға, құстарға және барлық тірі құбылысқа деген;

*Жаратылысқа және оның қалай құрылуына деген.

Сіз жеке өзіңіз бұл тізімге не қоса алар едіңіз?

Ал енді, біз өзімізді қалай жақсы көретінімізді байқайық: *Біз үнемі өзімізге ұрсамыз және өзімізді сынаймыз;

*Біз өзімізді тамақпен, ішімдікпен және есірткімен улаймыз;

*Бізді ешкім жақсы көрмейді деген сенімді таңдаймыз;

*Біз толық хаос пен берекесіздікте өмір сүрудеміз;

*Біз өзімізге қарыз бен төзгісіз ауыртпалықты жасаймыз;

*Біз қадір-қасиетті аяққа басатын ашыналар мен күйеуді (әйелді) өзімізге тартамыз.

Қандай жағдай да, егер сіз өзіңіздің жетістігіңізді жоққа шығарсаңыз, бұл сіздің өзіңізді жақсы көрмейтініңізді білдіреді. Менің есіме көзілдірік киген өзімнің бір пациенткам түседі. Бір сабақ бойына ол өзін түп негізі балалық шақта жатқан бір қорқынышынан азат етті. Келесі күні ол оянады да, көзілдіріктің өзіне енді қажеті жоқ екенін түсінеді. Оның жанары 100 пайыз көреді. Бірақ үнемі өзіне: «мен бұған сенбеймін, мен бұған сенбеймін», деп айтып бүкіл күнді өткізеді. Сөйтіп, ол келесі күні тағы да көзілдірік киеді. Біздің санамыздан тысқары ойымызда юмор сезімі жоқ. Ол өзінде 100 пайыз көретін жанар пайда болғанына тіпті де сене алмайды.

Кішкентай балалардың мінсіздігі

Сәби болған кездеріңізде сіздер қандай мінсіз едіңіздер! Балаларға мінсіз болу үшін ештеңе істеудің қажеті жоқ. Олар мінсіздіктің өзі. Және де біледі, олар – Жаратылыс аясы. Олар нені керек етсе соны сұраудан қорықпайды. Өздерінің эмоциясын еркін білдіреді. Сәби ренжіген кезде, бұл туралы көршілердің бәрінің білетінін сіз білесіз. Сондай-ақ сіз сәби шаттанған кезде оның күлкісі бүкіл дүниені нұрға бөлейтінін де білесіз. Балалар махаббатқа толы. Кішкентай балалар махаббаттың жоқтығына төзе алмайды. Өсе келе, біз махаббатсыз өмір сүруді үйренеміз. Сондай-ақ балалар денесінің әрбір бөлшегін жақсы көреді, тіпті өзінің қалдығын да.

Сіздер де сондай болғансыздар! Ал сосын сол уақытқа дейін қорқуға үйреніп алған үлкендерді тыңдай бастадыңыздар, сөйтіп сіздер біртіндеп өз мінсіздіктерімізді жоққа шығара бастадыңыздар.

Айна алдындағы жаттығу

Мен пациентімнен айнаны алып, өз көзіне қарауды, және есімін атап, «Мен сені жақсы көремін және сен қандай болсаң да сол күйіңде қабылдаймын»,-деп айтуды өтінемін. Бұл кейбіреулер үшін мүмкін емес! Адамдардың қалай әртүрлі қарайтынын мен көріп отырамын – кейбіреулері жылай бастайды, екіншісі ашуланады, ал үшіншісі ешқашан бұлай істей алмайтынын мәлімдейді: менің бір пациентім айнаны маған лақтырып, қашып кетті. Оған айналып келгенде жағымсыз эмоцияға берілмей өзін айнадан көру үшін бірнеше ай қажет болды.

Біздің ойымыздағыдай елестеткен «проблеманың» нағыз проблема болып шығуы сирек кездеседі

Мысалы, артық салмақты алайық. Адамдар жылдар бойы артық салмақпен күреседі, бірақ бәрібір семіз күйінде қалады. Сонда олар өмірлеріндегі барлық проблема – олардың толықтығынан деп айта бастайды. Артық салмақ – тереңірек ішкі проблеманың сыртқы көрінісі. Менің пікірімше, - бұл әрқашан да қорқыныш пен қорғанысқа деген қажеттілік. Біз қорқыныш пен өзімізге сенімсіздікті сезінген кезде біз соншалықты «жақсы» емеспіз деп ойлаймыз, көбіміз біздің ағзамызда қорғаныс қызметін атқаратын майлармен қапталамыз.

Семіз болғаның үшін үнемі өзіңді тұқырту, артық желінген кесіктер үшін өзіңді кінәлі сезіну – уақытты босқа өткізу. 20 жыл өткеннен кейін де сіз семіз боласыз, өйткені сіз нағыз проблемаға тіпті де маңайлаған жоқсыз. Сондықтан мен жеке өз басым әртүрлі диеталардан бас тартамын. Диета көмектеспейді. Жалғыз ғана ұсынысым - бұл жаман ойлар диетасы. Менің клиенттерім семіз болғандықтан өздерін жақсы көрмейміз деп айтады. Ал, мен түсіндіремін: олар өздерін жақсы көрмегендіктен семіз.

Біз өзімізді жақсы көріп, құрметтей бастаған кезде барлығы да автоматты түрде ғайып болады…

Нағыз проблема

Сонымен зиянсыз, құртақандай айнаға қарайды да, пациенттің көңілі бұзылады. Мен масаттанып күліп: «Тамаша, енді біз нағыз проблеманы көреміз» деймін. Мен онымен өзіңе деген махаббаттың маңыздылығы туралы қажеттілікпен әңгімелесемін. Ешқашан, ешқандай сылтаумен ештеңе үшін өзіңді мінеуге болмайды, содан өзіңе деген махаббат басталады деймін мен. Мен өз пациенттерімнен не үшін олар өздерін сынайды деп сұраймын да, соның ұзын тізімін жасаймын. Олар өте семіз немесе өте арық, өте ақылды немесе өте ақымақ, өте көріксіз (бұны өте әдемілері айтады) немесе өте әдемі. Аңғарсаңыз - әрқашан «өте». Ақырында, істің анығына жетеміз: «Мен соншалықты жақсы емеспін». Ура! Міне, біз нағыз проблемаға жетеміз. Олар өздерін сынайды, себебі олар жақсы емеспін дегенге сенуге үйренген. Біз бүкіл энергиямызды бір проблеманы шешуге жұмсауымыз керек: махаббат жетімсіздігі және өзіңе құрмет!

Ой тазалығы

Енді өткенге қайырылып қарайық, біз неге сенеміз. Кейбір жандарға өткеннің әсерінен арылу өте қиынға түседі. Сіз өз пәтеріңізді жинаудасыз делік. Ондағы кейбір заттарға сүйіспеншілікпен қарап, одан сайын әдемілеу үшін оның шаңын сүртесіз. Басқа заттар жөндеуді қажет етеді. Бұл фактіні сіз ойыңызға түйіп қоясыз. Сіздің пәтеріңіздегі кейбір заттардың ескіргені соншалық, олардан тезірек құтылу керек. Ескі журналдар мен газеттерді, керек емес кітаптарды сіз лақтырасыз. Және бұған бола ренжудің және ашуланудың жөні жоқ.

Біз ойымызды тазартқан кезде де дәл солай болады. Кейбір танымдарымыз ескіріп, бізге олардан құтылу керек болса, оған бола ренжуге болмайды. Олар біздің өмірімізде өтіп кеткен. Біз өзімізге бүгін түстік жасау үшін кешегі жуындыны қопармаймыз ғой. Болашақ өмірді жасау үшін ой жуындысын қопарудың да қажеті жоқ.

Біздің кейбір шектеулі танымдарымызды қарап көрелік: шектеулі таным: «Мен онша жақсы емеспін». Оның түбірі, әкесінің өз сәбиіне үнемі сен ақымақсың деп айтуында жатыр.

Шектеулі таным: «Мен өзімді онша жақсы көрмеймін». Оның негізі мынада: қызы әкесіне ұнаған нәрсені жасауға тырысқан. Олар ешнәрсеге келіспей, үнемі ұрсыса береді. Қыз әкесінің қолдауын күтті, бірақ оның орнына қатал сынға ұшырып отырды. Қыз әкесінің жанын ауыртқан оның реніштері екенін түсінген жоқ, сол сияқты әкесіндегі реніштер де оның өзінің жанын ауыртты.

Шектеулі таным: «Өмір қауіпті». Оның шығу негізі: үрейлі әке… Менің басқа бір әйел клиентіме өмір қатал да қиын болып көрінді. Оған күлу қиынға түсті, кейде бұлай істесе осыдан кейін жаман бір нәрсе болардай қорқыныш пайда болды. Оны: «Күлме, егер күлсең одан ешқашан жақсы болмайды»,- деп қайталай отырып тәрбиелеген екен.

Жаттығу

Бір парақ қағазды алыңыз да сіз туралы ата-анаңыз айтқан келеңсіздіктердің тізімін жасаңыз. Қаз-қалпында еске түсіру үшін ең аз дегенде жарты сағат керек. Олар ақша туралы не айтты? Олар сіздің денеңіз туралы не айтты? Адамдар арасындағы қарым-қатынастар мен махаббат туралы ше? Сіздің қабілетіңіз туралы ше? Егер қолыңыздан келсе тізімге әділдікпен қараңыз және өзіңізге: «Маған бұл ойлар қайдан келген» деп айтыңыз. Таза парақ алайық та, одан әрі аздап жүрейік. Тағы кімнен сіз үнемі теріс пікір естідіңіз?

- Туыстардан;

- Мұғалімдерден;

- Достардан;

- Билікке иелік етушілерден.

Бәрін жазыңыз. Бұның бәрін жазған кезде, байқаңыз, сіз өзіңізді қалай сезінесіз. Сіздің қолыңызбен жазылған екі парақ қағаз – бұл сіз тез арада құтылуға тиіс ойлар! Бұл сізге өмір сүруге кедергі жасап жүрген ойлардың дәл өзі.

Өзіңді сәби етіп елестету

Егер біз үш жасар сәбиді алып, оны бөлменің ортасына қойып, оған бар күшімізбен айқайласақ, оған ақымақ деп және оған не істеу керектігін айтсақ (тіпті бір-екі рет ұра да аламыз), онда қорыққан сәби бұрышта тыныш отырады, немесе өзін тәртіпсіз ұстай бастайды. Бұндай сәбилерде бар болғаны таңдаудың екі-ақ мүмкіншілігі болады. Бірақ біз бұндай сәбилердің шын мәнінде қолынан не келетінін білмейміз.

Егер сол баланы алып, оған біз сені жақсы көреміз, қастерлейміз, ол ақылды, зерек, оның ойнағаны бізге ұнайды, оның қате істегенінде тұрған таңқаларлық ештеңе жоқ (оны барлығы да істейді), және біз ештеңеге қарамастан оны әрқашан жақсы көреміз десек, - онда 

бұндай баланың мүмкіншілік әлеуетін тіпті де көзге елестете алмас едік!

Біздің әрқайсымыздың (жасымызға қарамастан) көңілімізде осындай үш жасар бала бар…

Біздің өміріміздің сценариінің негізі – біздің ерте кездегі «бағдарламамызда» жатыр. Біздің бәріміз де «олардың» бізге айтқандары мен «шындық» түріндегі уағыздарын әзірлікпен қабылдаған тәртіпті үлгілі балалармыз. Бірақ тағы да бұл үшін отбасын кінәлап емес, түсініктің ең жоғарғы деңгейіне жету маңызды. Өткенді өзгертуге болмайды, бірақ біз өзімізге тамаша болашақ жасаймыз. Біз мұнда, мына жерге біздің шектеулерімізді жеңу үшін келгенбіз. Біз мұнда «олардың» бізге айтқандарына қарамастан, өзіміздің ерекшеліктерімізге қайран қалу үшін келгенбіз. Сондықтан сіздерге шектеулеріңізді жеңу керек, ал маған өзімдікін жеңу керек.

Өзгеруге деген шешім

Өмірге деген біздің көпшілігіміздің қатынасымыз – бұл, бәрінен бұрын, дәрменсіздік сезімі. Біз баянсыз өмірге баяғыда-ақ қол сілтегенбіз, одан үміт ете бермейміз. Оған, біреулер үшін – сансыз түңілу, ал біреулер үшін – тұрақты қиналыс т.с.с. кінәлі. Бірақ бәрі үшін бір-ақ нәтиже -өмірден толық түңілу мен өзін және өз өмірін мүлдем басқа негізде көруге деген құлықсыздық. Жақсы, егер сіз өзіңізге сұрақ қойсаңыз: «менің өмірімде ұдайы түңілулер неден туындайды?». Басқаларды сізді ашуландыруға мәжбүрлейтін не, нені сіз соншалықты мол үлестіресіз? Сіз не істесеңіз, соны қайтара аласыз. Сіз неғұрлым көбірек ашулансаңыз, сізге ашу туғызатын жағдайларды сіз соғұрлым туындатасыз. Біздің барлығымыз, біздің өміріміздің өзгергенін қалаймыз, бірақ біздің өзіміз өзгергіміз келмейді. Басқа біреулер өзгерсін, «олар» өзгерсін, ал мен күте тұрамын. Басқа біреуді өзгерту үшін, алдымен сіздің өзіңіз өзгеруіңіз керек. Және сіз іштей өзгеруіңіз керек. Біз ойлау әдісімізді, қалай сөйлеуді, нені айтуды өзгертуіміз керек. Тек сонда ғана нағыз өзгеріс басталады…

«Мен өзгергім келеді» жаттығуы

«Мен өзгергім келеді» деген сөз тіркестерін мүмкіндігінше жиі қайталаңыз. Осы тіркестерді айта отырып, тамағыңызға қолыңызды тигізіңіз. Тамақ – бұл өзгеруге қажетті энергиялардың барлығы жинақталған орталық. Өзгеріс сіздің өміріңізге енген кезде сіз оған дайын болыңыз. Сондай-ақ сіз кей жерлерде өзгертуге дәрменсізбін деп есептесеңіз, тура сол жерде сізге өзгеру қажет екенін біліңіз. Менің өзгергім келеді, менің өзгергім келеді. Жаратылыс күші сіздің ниетіңізге автоматты түрде көмектеседі, ал сіз өз өміріңіздегі көптеген өзгерістерді таңқала отырып тап басасыз.

Өзге жаттығу

Айнаға жақындап, өзіңізге: «Менің өзгергім келеді» деңіз. Осы кезде өзіңізді қалай сезінетініңізге көңіл бөліңіз. Егер сіз қарсыласып немесе қобалжып тұрғаныңызды байқасаңыз, өзіңізден сұраңыз – неге? Құдай үшін, өзіңізге ұрыспаңыз, көңіліңізге түйіп қойыңыз. Қандай пікір немесе ой сізді бұлай сезінуге мәжбүр етеді. Оның қайдан келгенін сіз білесіз бе, жоқ па, оған қарамастан оны сіз жоқ қылып жіберуіңіз керек. Тағы да айнаға жақын келіп, көзіңізге тесіле қарап, қолыңызбен тамағыңызды ұстаңыз және 10 рет: «Мен барлық қарсылықтардан құтылуым керек» деп айтыңыз. Айнамен жұмыс істеу жақсы көмектеседі. Өзіңнің көзіңе қарап өзің туралы жақсы пікір айту – жақсы нәтижелерге жетудің ең жылдам әдісі.

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір