• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 14:40:26
Алматы
+35°

15 Наурыз, 2019 Әдебиет

О, тоба, неге, неліктен осы, болды екем, сірә, мен мұндай...

Маңдайға бақыт жазылған болса, бұйырса түйір бақ маған... Бақытсыз болып жүрем де бір күн бақытты болам... тым оңай.

Мәз болып тұрып, орынсыз кейде жылай салуым – тым оңай,
Түседі сонда есіме енді келмеске кеткен сан жағдай.
Көңілім босап, құлазып жөнсіз, түсемін күйге бір бейжай,
О, тоба, неге, неліктен осы болды екем, сірә, мен мұндай...

Еңіреп, етек көз жасқа толып, күле салуым – тым оңай,
Жылауды білмей, жүрген бір күліп, боламын жандай тек ұдай. 
«Бәрі де жақсы», - дей салам жанға халімді келген, жөн сұрай,
О, тоба, неге, неліктен осы, болды екем, сірә, мен мұндай... 

Теп-тегіс жерде тіп-тік тұрып-ақ, құлай салуым - тым оңай,
Құмға да кейде шалынып қалып, жатамын жерде тұра алмай.
Түймедей нәрсе түйедей болып, көрініп кетер дөң таудай,
О, тоба, неге, неліктен осы, болды екем, сірә, мен мұндай...

Жігерленіп ап, күшіме мініп, батыр болуым – тым оңай,
Толқындай тасып, тауды да асып, соғамын кейде құйындай.
Кейпіне еніп кетемін сонда «көтерген тауды Толағай»,
О, тоба, неге, неліктен осы, болды екем, сірә, мен мұндай... 

Күнәмді ойлап, өлгім келуі кей кезде осы – тым оңай,
Қателік болып көрінед(і) менің жүргенім жерде дәл бұлай.
Адасқан құлға жар бола көр деп тілеймін сонда, о, Құдай.
О, тоба, неге, неліктен осы, болды екем, сірә, мен мұндай... 

Қанағат тұтып барымды, өмір сүргім келуім – тым оңай,
Қалсам да мейлі құз-жардан, таудан, әлдебір шыңнан сәл құлай.
Өмірге ғашық болам да қалам, жүрсем де кейде тек жылай,
О, тоба, неге, неліктен осы, болды екем, сірә, мен мұндай... 

Кетермін ұшып мекенге өзге бір секунд мұнда мен қалмай,
Сұрама сонда жаныма келіп, «қалайша, неге, деп... бұлай?».
Маңдайға бақыт жазылған болса, бұйырса түйір бақ маған...
Бақытсыз болып жүрем де бір күн бақытты болам... тым оңай. 

 

Мақпал Сембай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір