• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 05:10:45
Алматы
+35°

11 Наурыз, 2019 Экономика

Несиені мұраға қалдыруды заңнан алып тастамаса, қазақ қарыздан арылмайды

Бір жеңілдігі, мұрагерлікке қалған несиеге пайыздар қосылмайды.

Әдетте әкеден балаға отбасылық құнды заттар, жылжымайтын мүлік, тағы басқа құнын жоғалтпайтын рухани дүниелер мирас болып қалушы еді. Ал қазір несие мұраға қалса, таң қалмайтын болдық. Себебі «ҚР Банктер және банктік қызмет туралы» Заңға сәйкес адам қайтыс болған жағдайда оның мойнында несиесі болған болса, ол мұрагерлік несие болып есептеліп туған-тусына, бала-шағасына өтеді. Осылайша заң бойынша, несие алушы қайтыс болған жағдайда, несиені қайтару міндеттемесі тоқтамайды.

Бір жеңілдігі, мұрагерлікке қалған несиеге пайыздар қосылмайды. Ал банктен алған негізгі соманы қайтару мұрагердің міндеті болып саналады. Қанша жерден наразы болсаңыз да, мұндай жүйемен келіспесеңіз де, заңға бағынуға міндеттісіз.

Жалпы, несиеге қатысты деректерге жүгінсек, елімізде жұмыс істеуге қабілетті 8,5 млн адам болса, олардың 5,1 млнға жуығының мойнында несиесі бар. Бұл - елдегі әр төртінші адамның банк алдында қарызы бар екенін көрсетеді. Қазірде несие алушылардың 1,5 млннан астамы алған қарыздарын қайтара алмай банктердегі проблемалық несие  қорын көбейтіп отыр. Бүгінгі күні елдегі қайтарылмаған несие көлемі 3 трлн теңгеге жеткен.

Банктер алдындағы борышын қайтара алмағандардың мәселесін шешу коллекторлық компанияларға берілген. 2012 жылы Проблемалық несие қоры да құрылып жұмыс істей бастады. Тіпті «ҚР Банктер және банктік қызмет туралы» Заңға да  өзгертулер енгізіліп, заңды бірінші кезекте тұтынушыға емес, банктерге ыңғайлы етіп түзетілді. Соның бір тармағы жоғарыда мысал еткеніміздей, несиені мұраға қалдыруды да заңмен бекітіп қойдық.  Бірақ елдегі проблемалы несиелер қатары кеміген жоқ. Соған сәйкес жеке және заңды тұлғаларды несиелендіруге де шектеу қойылған жоқ.

Несие жүйесіне қатысты экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов, несиеге 24-28% үстеме қосу, қайтарылмаған несиелерге елде жоқ пайызбен өсімпұл қосу, қайтыс болған адамның несиесін мұраға қалдыру Қазақстанда ғана бар үрдіс екенін алға тартты. Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, әсіресе несиені мұраға қалдыру жайы дамыған елдердің тәжірибесінен әлдеқашан алынып тасталған.

«Біздегі банктер шетелден 2% -пен алған қарыздарын халыққа 22-24-28%-пен несиеге берді. Осындай жауапсыз саясат жүргізу арқылы банктер 10-12 есе пайда көреміз деп ойлады. Бірақ қазіргідей дағдарыс кезінде банктердің проблемалы несие портфелі өсе түсті. Жеке тұлғалар алған қарыздарын қайтара алмай бірқатар банктер дағдарысқа кетті. Қазір елдегі қайтарылмаған несиелер көлемі 3 трлн теңгеге жетті. Бұл банктер үшін өте қауіпті жайт. Тіпті банктер қарыз алған адам бақилық болып кетсе, оның несиесін бала-шағасына мұраға қалдырып заңды ұтымды пайдаланып отыр. Негізінде, көптеген елдерде мұндай саясат жоқ. Дамыған және дамушы елдердің біразында несие тұтынушыға 2-3-4 пайызбен беріледі. Сондай-ақ  несие алушыға жазатайым жағдай болғанда сақтандыру компаниялары қарызын өтейді. Ал бізде банктер несие аларда сақтандыру қызметін мәжбүрлеп тұрып тұтынушыға ұсынады. Ол үшін төлем алады. Ал жазатайым жағдай болса  сақтандыру қызметінің толық несиені өтеп беретініне ешкім кепілдік бере алмайды. Болашақта Ұлттық банк басшылығына келген Ерболат Досаев мырза осы мәселені шешуге атсалысса дейміз. Несиені мұраға қалдыру бабын заңнан алып тастауға ықпал ету керек. Халық қалаулылары да осыған мән берген жөн. Егер бұл бап алынып тасталмаса қазақтың қарызға батуы ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қала береді»,- деді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Сөйтіп, Жұмаділда Баяхметов айтып отырғандай, өзге елдерде   Қазақстандағы тәрізді несиені  мұраға қалдыру үрдісі жоқ. Экономист-ғалым «Мұндай үрдіс әзірге Қазақстанда ғана  тәжірибеде қалып тұр. Өзге елдерде қайтыс болған адамның несиесін «бала 18-ге толғанда төлейді» деп кәмелет жасқа толмаған баласына жүктеп қою, артында қалған туыстарына төлету деген жоқ. Біздегі несие саясаты халыққа емес, банкке ғана тиімді»  деді.

Ал қаржыгер Жасұлан Мақсұтовтың айтуынша, проблемалық несие кез келген елдің банк жүйесінде бар. Бірақ оның пайыздық көрсеткіші белгіленген межеден асып кетпеуі керек.

«Проблемалық несиенің көрсеткіші 1-2%-тен аспаса онда қауіп жоқ дер едік. Бізде бұл көрсеткіш 8(!) %-тен асып тұр. Көрсеткіштің бұлайша өсіп кетуі мәселеге байыппен қарау керектігін аңғартады. Банктердің үстеме пайызын көпшілігіміз түсінбейміз. Бұл - шындық. Мысалы, «қандайда бір жағдай бола қалса сақтандыру қызметіне жүгінесіз» деп банктер несие аларда сақтандыру қызметін тықпалайды. Ал жаңағыдай жазатайым жағдай орын алғанда тұтынушының несиесін тұтас төлеп берген сақтандыру компанияларын өз басым кезіктірген жоқпын. Сондықтан бұл жерде халықтың жайын ойласақ, заңға өзгерістер енгізу керек. Мен өзім білім алған Португалия, Венгрия елін мысалға алайын, ол елдерде несие алған адам мүлде жұмысқа жарамсыз болып қалып, өндірістік жарақат алып мойнында несиесі болса оның 40 пайызын жұмыс беруші өтейді. 60 пайызын сақтандыру компаниясы төлейді. Өкінішке қарай, біз мұндай жүйеге жете алмай отырмыз. Халықтың қалтасы банктерге тоналып жатыр. Банктер халыққа тиімді операциялар жасап отырған жоқ. Сондықтан болашақта Үкімет банктерге халыққа тиімді қызмет көрсетуге қатысты заңға өзгертулер енгізіп,  талапты төтесінен қойса жақсы болар еді»,-деді қаржыгер Жасұлан Мақсұтов.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір