• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 14:02:43
Алматы
+35°

26 Сәуір, 2018 NEWS

Мұхтар Әуезов театрының актрисасы ауыр науқастан қайтыс болды

Марқұммен қоштасу рәсімі 27 сәуір күні сағат 10.00-де М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының кіші залында өтеді.

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы  Наз Құрманғазықызы Жекенова 39 жасына қараған шағында ауыр науқастан дүние салды. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

Наз Құрманғазықызы Жекенова  1979 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Қарасаз орта мектебін және М.Мақатаев атындағы өнер мектебін бітірген.

1994-1998жылдары Есік педагогикалық колледжінің «Музыкалық білім» бөлімінде білім алған.

1998 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық   өнер академиясының «Театр өнері» факультетіне оқуға түсіп, 2002 жылы аталмыш академияны «Музыкалық театр артисі» мамандығы бойынша үздік тәмамдаған.

2002 жылы М.Әуезов атындағы  Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданған актриса, қысқа ғұмырында көптеген бейнелерді сомдап, көрермен жүрегінен орын алды.

Атап айтсақ, М. Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Айман, «Абайында» Қарлығаш,  Ғ.Мүсіреповтің  «Махаббат дастаны» трагедиясында Таңсық, У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясында Офелия, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» трагедиясында Шафақ, М.Байджиевтің «Қылмысында» Мариям, Е.Уахитовтың «Құдаларында» Шапағат, Т.Уильямстың «Шыны хайуанатында» Лаура, Д. Исабековтің «Әпкесінде» Гауһар, Кәмила, М. Мақатаевтың «Қош, махаббатында» Бану, И.Ғайыптың «Қорқыттың көрінде» Неке, «Мен келемінде» Ақмұнар, «Мен ішпеген у бар ма?..» реквиемінде кіші кемпір, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала-бейнесінде» Балерина, Т.Нұрмағанбетовтің «Ескі үймен қоштасуында» Айжан, Т.Нұрмағамбетовтің «Қожанасыр тірі екенінде» Әйел, «Бес бойдаққа бір той» комедиясында Күйкетай, Б.Жәкиев пен Ә.Сығайдың «Жүрейік жүрек ауыртпайында» Немере, Е.Жуасбектің «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» комедиясында  Айка, С.Асылбекұлының «Империядағы кешінде», Иран-Ғайыптың Ә.Рахимовтің «Шәкәрімінде» Қыз, Н.Оразалиннің «Шырақ жанған түнінде» Сәнтай , Ф.Дюмануар мен А.Д.Эннеридің «Дон Сезар де Базанда» Маркиза де Монтефиоре, И.Вовнянконың «Қаза мен жазасында» Мадонна, Р.Белецкийдің «Желіккен жастарында» Эльмира, А.Володиннің «Қоштасқым келмейді» драмасында Ларисаның анасы секілді бір-біріне ұқсамайтын сахналық бейнелер.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырында актерлік талантын танытып, көптеген шығармашылық жетістіктерге жетіп, қазақ театр өнеріне өз үлесін қосты. Театрдың дәстүрлі «Театр көктемі-2004» фестивалінде – М. Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясындағы Айман ролі үшін «Үздік дебют» 2008 жылы М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» трагедиясында Шафах ролі үшін «Екінші пландағы ең үздік әйел бейнесі», «Театр көктемі-2015» фестивалінде Т.Уильямстің «Шыны хайуанат» драмасындағы Лаура ролі үшін «Есте қалар кейіпкер» жүлдесі, «Театр көктемі-2016» фестивалінде А.Володиннің «Қоштасқым келмейді» драмасындағы Ларисаның  анасы ролі үшін «Үздік эпизодтағы әйел бейнесі» жүлдесіне ие болды.

Талантты актриса Наз Жекенованың әкесі Құрманғазы ағамызға, тума-туысқандары, әріптестері мен достарына М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театр ұжымының  атынан қайғырып көңіл айтамыз. Наз Жекенованың адами болмысы, сахнада сомдаған бейнелер көрермен жадында сақталады.

Марқұммен қоштасу рәсімі 27 сәуір күні сағат 10.00-де М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының кіші залында өтеді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір