• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:47:46
Алматы
+35°

02 Наурыз, 2019 Тәлім мен тәрбие

Мұсылмандар арасында мейірімділік жойыла ма деп қорықтық

Кейін мұсылмандар арасында бауырмашылық әлсірей ме деп қорыққаннан кепіл болдым...

Баяғыда қолы қарулы жігіт бір адамды өлтіріп қояды. Абайсызда. Өлген адамның балалары жиналады, сот болады, оны өлімге кесеміз дейді. «Мәссаған, енді қайттім?» - демейді ол. «Алыста тұрушы едім, дүниемді жанұяма табыстайын, жақындарыммен қоштасайын, қарыздарымды жабайын. Соған 3 күнге рұқсат берсеңіз» - дейді ғой әлгі бейбақ. Сол кезде сот көпшілікке қарайды да: «Бұған кепіл болатын адам бар ма?» - дейді. Ешкім үндемейді. Себебі, анау жігіт алдап кетіп, келмей қалса, оған кепіл болғанның басын шабуы мүмкін. Тағы сұрайды. Ешкім үндемейді әрі оны мұнда ешкім танымайды.

Сол кезде қарт сахаба Әбу Зар шығып: «Мен кепіл боламын. Оны танымаймын, келмей қалса, өліміңе кепіл боламын» - дейді. Бәрі қатты таңырқап қалады. 

Үш күн деген үш сағаттай өтеді де, кетеді. Тұрғындардың бәрі қайта жиналады. Кісі өлтірген жігіт жоқ. Тірі жанның бәрі уәде беріп кеткен жанның жолына қарап тұр. Бірақ ешкім көрінбейді.

"Алдады-ау" деп сандарын соққалы тұрғанда, алыстан қарасы көрінеді. Жүгіріп келеді екен. Сонда оның уәдесінде тұрғанына бәрі таң қалады. Ол болса: «Ауылым алыс болғаннан кейін кешіктім, бәріне үлгердім, енді өлімге дайынмын» - дейді. Серттен таймағанына тәнті болып, өлген кісінің балалары «біз кешірдік» дейді.

Сонда сот өлім жазасы берілген адамнан: «Сен өлетініңді біле тұра осында келдің, неге қашып кетпедің?» - дейді. Ол: «Мен сертімде тұрмасам, кейін мұсылмандар арасында серт жойыла ма деп қорықтым, сол үшін келдім» - дейді. Енді сот Әбу Зарға бұрылып: «Сен бұл адамды танымасаң да кепіл болдың, неге?" -дейді. Әбу ақсақал: «Кейін мұсылмандар арасында бауырмашылық әлсірей ме деп қорыққаннан кепіл болдым» - дейді. Ал әкесі өлген балалар: «Егер біз кешірмесек, мұсылмандар арасында мейірімділік жойыла ма деп қорықтық, сол себепті кешірдік» - дейді.

Міне, бұрын адамдар осындай болған деп айтатындай жағдай. Уәдеде тұру, бауырмал болу, кешірім қылу. Бұл мысалдың арғы түбі сол шүкір қылу шығар.. Өзіне берілген әрбір қасиеттің, әр нығметтің Құдайдың тарапынан саған сыйлық етілгенін білу.

 

Саяхатшы-журналист, Өркен Кенжебектің инстаграм парақшасынан алынды

Ұсынған: Мақпал Сембай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір