• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 16:19:31
Алматы
+35°

04 Қыркүйек, 2018 Сұхбат

Мың сылтау іздеп мұңаятын, түртіп қалсаң, күйзеліске ұшырайтындарға Ернардың айтары бар...

Қаланың ортасында жалғыз қатынап жүрген мүгедекті көріп пе едіңіз, әрине, менен басқа?

«Алысқа мені әкетіңдер, достар!
Тибеттердің ғибадатханасы болсын ол жер...
Жаным сонда ғана тынышталар.
Өзімді өзім кезіктіріп, маңдайдан шығар ыстық тер...»

(Ернар Сәрсеев, «Ынтызарлыққа толы өлең жолдары» өлеңдер жинағынан, орысшадан қазақшаға аударған Жазира Байдалы)

-Ернар, қазақилықтан алысқа кетпейік. Алғашқы сұрағым, қайдансыз және қайда бағыт алдыңыз деген қисында болсын.

-Мен таза алматылықпын. Әке-шешем де өмір бақи Алатаудың бөктерінде өмір сүрген адамдар. Руымды сұрасаңыз, шапыраштымын. Шапырашты болғаныммен шалқып жүргенім шамалы (күліп-авт.). Асфальтта өскен қазақтың қарапайым баласымын. Сіздің қазақ тілді журналист екендігіңізді біле тұра орысша сөйлеп жатқаныма айып етпеңіз. Қазақшаны түсінемін, бірақ, өкінішіме қарай, еркін көсіліп жауап бере алмаймын.

-Балалардың церебральді сал ауруына (ары қарай – БЦС) шалдыққан азаматсыз.  Бұл диагноз сізге 10 айлық кезіңізде қойылыпты. Дәрігерлер бұл ауруды жеңуге болады дейді. 41 жыл бойы сіз БЦС-пен алысып келесіз. Айтыңызшы, осы дерт біздің балаларға неге кенедей жабысты?

-Бұл генетикалық ауру емес. Тұқым қуаламайды. Бала анасының тар құрсағын кеңейтіп, дүние есігін ашып жатқанда шақалаққа зақым келеді. Акушер-гинекологтардың кінәсі дер едім мұндайды. Себебі БЦС-ке шалдыққан балалардың саны күн санап өсуде. Мен дүниеге келген перзентханада, мысалы, менімен бірге бір күнде туылған көптеген балалардың уақыт өте келе осы дертке шалдыққаны белгілі болды. Демек акушерлердің кәсібилігі мен білімділігін таразылайтын уақыт әлдеқашан жетті деген сөз. Жалпы БЦС-пен шынымен де күрессе, ең бастысы, ертерек диагноз қойылса, БЦС шегінеді. 10 айлық кезімде тісім шықпаған, бір орында отыра алмайтын бала болдым. Сол кезде ғана анам күдіктенген болса керек. Қаншама невропатологқа мені көрсеткен. Тек біреуі ғана «бұл – БЦС» деп диагнозды дәл қоя біліпті. Егер де дәрігерлер диагнозымды 10 айда емес, мысалы 4 айымда анықтағанда, бәлкім, арбаға таңылмай, өздігімнен жүре алушы ма едім деген ойға қаламын. Қайталап айтамын,  бұл жердегі ең басты мәселе – диагнозды ертерек анықтау. Менің мұндай халге душар болғаным анама, әкеме оңай тиген жоқ. Бірақ олар білімді, сауатты азаматтар болатын. Менің аяққа тұрып кетуім үшін бар жан-тәнін салды. 16 жасқа дейін бармаған дәрігерім қалмады. 17-ге толғанда анам ұлының өмір бақи мүгедектерге арналған арбада отыратынына амал жоқ көнді.

-Сіз көндіңіз бе? Үнемі күліп жүресіз. Ешнәрсеге қарамастан бақытты болудың сыры неде?

-Анам көнді деген сөз күресуді тоқтатты дегенді білдірмейді. АРДИ деген ұйым жайлы естуіңіз бар шығар. Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына арналған қоғамдық ұйым. Оны менің анам ашқан болатын. Менің тік тұрып кете алмасымды қабылдағанымен, анам БЦС-пен шайқасуды тоқтатқан емес. АРДИ 1991 жылы балалары дертке шалдығып, жүруден қалған ата-аналарға қолдау білдіру, көмек көрсету мақсатында құрылған болатын. Мен тіпті сол ұйымда осы уақытқа дейін әр түрлі қызметте жұмыс істедім. Сіздің екінші сұрағыңызға келсек, бақытты болу оңай. Себебі адам онсыз да бақытты. Әкем кезінде «немере сүйе алмайтын болдым» (мен үйдің жалғызымын-авт.) деп жылаған болатын. Мен болсам, отызға дейін үйлі-баранды болатыныма шүбә келтірмейтінмін. Бірақ ол туралы ешкімге тіс жарып, айтқан емеспін. Тек іштей сенімді жүре беретінмін. Адам жақсылыққа сене білуі шарт. Өзіңіз білесіз, үмітсіз шайтан...

Ернар Сәрсеев

-Үш баланың әкесі екенсіз. Жан жарыңызбен қалай таныстыңыз? Сіздің әкеңіз бұл қуанышты көре алды ма?

-Өкінішке қарай, әкеме бұл күндерді көру пешенесіне жазылмапты. Уәде еткендей 2008 жылы, яғни ордалы отыз жасымда, үйлендім. Әйелімнің есімі Әдепхан. Екеуміз радио арқылы таныстық. Танысу және сезім жайлы сыр шерту бағдарламалары болатын. Соны тыңдайтынмын, бірде ағам екеуміз аталмыш бағдарламаға хат жазу ұйғардық. Содан соң көп бойжеткен хабарласты. 7-8-мен кездесіп, бір шыныаяқ шай ішіп, әңгіме-дүкен де құрдық. Әдепхан екеуміздің әңгімеміз бірден жараса кетті. Бұл 2000-шы жылдар болатын. Алайда сосын ол белгілі бір себептерге байланысты ауыл жағына қайтуды ұйғарады. 5-6 жылдан кейін нөмірін іздеп, тауып алдым. Қайтадан хабарласа бастадым. Сөйтіп екеуміз қайтадан табыстық. Әдепханға сөз салғаным әлі есімде. Жігіттің бәрі «Маған күйеуге шығасың ба? Мен сені сүйемін» деп жатады әдетте. Мен болсам, «Мен сенімен өмір сүре аламын» дедім. Ол бас изеді.

Ернар Сәрсеев

-Ыңғайсыз сұрақ қойғаныма кешірім сұраймын. Әйеліңіздің мүмкіндігі шектеулі ме?

-Жоқ, оның 12 мүшесі сау.  Үй шаруасымен үйде отырады. Ақшаны ер адам табады деген принципті ұстанатын азаматпын. «Сен балаларға бас-сөз бол, ақшаны уайымдама» деп айтқанмын. Бойымды әлсіздік билеп, қиналған сәтте те Әдепхан мені сан мәрте рет көтеріп, жуындырып-шайындыратын. Осы сәтті пайдалана отырып, жан жарыма махаббаты мен қамқорлығы үшін, балаларым үшін алғыс айтқым келеді.

Ернар Сәрсеев

-Бақыттың кілті сықырлаған ақша емес деп жатады. Дегенмен күліп-ойнап жүру үшін әмиянның бос болмағаны абзал ғой. Сіз қалай күн көресіз? Басыңызда баспана бар ма?

-Әкімдікке арыз жазып, кезекке тұрып, мемлекеттің тегін үйін алғанмын. Негізі біз сияқты жарымжан жандар тегін баспаналы бола алады. Тек тетігін білсе болды. Бірақ кезекке тұрғаннан кейін ұзақ уақыт күту керектігі рас. Тіпті ондаған жыл қажет болуы мүмкін. Біз тұратын үйде кілең арбадағылар тұрады. Бір айта кетерлігі, бес қабатты тұрғын үй арнайы біз үшін тұрғызылған болатын. 25 отбасына арналған. Алғашқы кірпішісінен бастап құрылысты бақылап жүрдім. Бөлмелері кең, есіктері даңғарадай. Мүгедек арбасымен қиналмай кіресің, бөлмеден бөлмеге өтіп жүре бересің. Өз басым баспанасыз жүрген 30 шақты мүмкіндігі шектеулі жанның үйлі болуына септігім тиді. Мұның барлығы білімнің арқасы. Екі жоғары білімім бар. Филологпын, сонымен қатар заңгермін. Полицей қызметкері, анығын айтқанда, тергеуші болғым келетін. Алайда алмай қойды. Онымен қоса журналист болуды армандайтынмын. Мақалаларым республикалық басылымдардан жарық көрген болатын. «Май шаммен іздесең де, қате таппайсың. Тіпті сөздердің реттілігін ауыстыруға келмейді. Бәрі өз орнында. Ойы тиянақты» деп айтқаны есімде корректордың. Алайда журналист өмірді, қоғамды өзгерте алмайтындығына көз жеткіздім. Сіздер бір адамның өмірінің өзгертетін шығарсыздар. Бірақ тұтас жүйеге келгенде қауқарсызсыздар. Сондықтан да қосымша заңгерлік білім алуды жөн деп шештім. Ешқашан жақындарыма масыл болып, жұмыссыз отырған емеспін. Күн сайын тірлік жасамасам, азаматтығыма сын. АРДИ-ден кеткеннен кейін «НЛП» деген ұйым аштым. Қазақшаға аударсақ, «еркіндік – ең жақсы сыйлық» деген мағына береді.

-Егемен елде тұрасыз. Еркін ойлы азаматсыз. Еркіндікті аңсауыңызға не себеп?

-Кеңес уақытын өз басым сағынышпен еске аламын. Медицина, білім бәрі тегін болды. Және олардың бәрі шын мәнінде сапалы еді. Қазір бәрі шартты түрде тегін. Жаның қиналғанда жеке меншік ауруханаға қарай қалай жүгіргеніңді өзің байқамай қаласың. Бірақ кеңестік заманның бір кемшін тұсы болды, ол – мүмкіндігі шектеулі жандарды көзден таса ұстау мәселесі. Олар туралы ешкім сөз қозғамайтын. Далаға шықсаң да, арбада отырған азаматтарды кезіктірмейсің. Себебі барлығы үйінде қамалып, құса болып отыратын. Егемендік алғанына 27 жыл болған Қазақстан, құдайға шүкір, біз сияқтылардан қысылмайды. Дей тұрғанмен, қолайлы жағдай жасауға асығар емес. Қаланың ортасында жалғыз қатынап жүрген мүгедекті көріп пе едіңіз, әрине, менен басқа? Ондайлар жоқ. Себебі баспалдақ көп, пандустар аз, жолдан өту реті ыңғайсыз, асфальт жолдың өзі мың тесік. Әкем көзі тірісінде «Алматы – баспалдақтар қаласы» деп айтып отырушы еді. Міне, сол проблеманың шешілмей келе жатқанына 27 жыл болды. Біз сияқтылар, ең біріншіден, өз қара бастарын өздері алып жүруді армандайды. Қайда қашан баратыныңызды өзің шешу – біз аңсайтын еркіндік.

Ернар Сәрсеев

-«НЛП»-ның АРДИ-ден айырмашылығы қандай?  

-АРДИ адамның физикалық жай-күйіне қатты мән береді. Біз болсақ, эмоционалдық көңіл-күйге акцент жасаймыз. Белсенділікті арттыратын, көңілдің хошын көтеріп, күлкіге қарық қылатын, естен кетпес демалыс кештерін, кездесулерді ұйымдастыруды мақсат тұтамыз. Мысалы, қыркүйектің он бірі күнінде арбада отыратын 20 азаматтың арасында караоке-байқау ұйымдастырмақшымыз. Жүргізушіміз де бар. Мұрат Оспанов. Эстрада жұлдызы Айжан Нұрмағамбетова әділ-қазылардың біреуі. Бұл іш пыстырарлық шара болмайды. Жас шектеуі де бар. Тек 21 жастан асқандар ғана бағын сынай алады. Ішімдікті де рұқсат еттік. Шараптан аздап ауыз тигенде тұрған дәнеңе жоқ. Ендігі мақсат – жеңімпаздарға тарту етілетін сыйлықтарға спонсор табу. Байқау болғандықтан жеңімпаз болуы тиіс, ал жеңімпаз марапатсыз қалса, қызық болмайтын сияқты. «Қамшыны» оқып отырған азаматтардың арасында «сыйлық әперейін» дегендер табылса, төбеміз көкке жетер еді. Караоке-клуб «Empire» болса, өз қызметін тегін ұсынды.

-Осының бәрі заңгерліктің арқасы ма?

-Әрине, жоқ. Мінез керек алдымен. Менің аяқ-қолым істемесе де, басым істейді. Сондықтан барлық күш-жігерімді сапалы білім алуға жұмсадым. Өз құқығын қорғай алатын азамат өзгенің әділетсіздікке ұшырауына жол бермейді. Менің өмірдегі ең жек көретін дүнием – әділетсіздік. Бірақ мен құр айғайға баспаймын, әділет жеңіс тұғырынан көрінуі үшін нақты іс-әрекетке барамын. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесімен Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктеріне қаншама хат жаздым. Қаншама келіссөз ұйымдастырдым. Алда әлі тындырар шаруа көп...

-Айтпақшы, жақында ғана Астанада билік басшыларына арналған мерекелік іс-шара өткен болатын. Аида Колпакова есімді ана өзінің фейсбук парақшасында арбаға таңылған қызының сол концертке өнер көрсету үшін шақырылғанын, алайда соңында сахнадан шеттетілгендігі туралы жазба жариялаған болатын. Оны өзіңіз де жалпақ жұрт білсін деген оймен бөліскеніңізді байқадым. Бұл ситуация төңірегінде не дейсіз?

-Бір-ақ нәрсе айтайын. Бұл  идиотизм. Ондайларды биліктен қуу керек.

Ернар Сәрсеев

-Ал өзіңізге көмек керек болған кездер болды ма? «Қалада жалғыз өзі арбамен жүретін мен» дедіңіз бір сөзіңізде.

-Басымнан неше түрлі жағдай өтті. Үш рет автобус қағып кете жаздады. Біреуі тіпті жай ғана ауыз жыбырлатып, кешірім де сұрамады. «Амансыз ба? Жарақаттанып қалмадыңыз ба?» деп жағдайым да білмеді. Қысқасы, мені мысық құрлы көрмеген. Мысық немесе итті басып кете жаздасаң, уайымдап, әбіржисің ғой. Қатыгездігіне ызаланған мен нөмірін жазып алып, шағымдандым. Сотта бірақ көрістік. «4 баласы бар еркекті жеп отырған нанынан қалайша айырасың?» деп ақыл айтқан қасындағылары. «Баласы бар, осындай әрекетке бармас бұрын қалайша ойланбайды?» дедім. Жауап жоқ. Жалпы, соңғы кезде қоғамнан қатыгездік пен тас бауырлықты көп көремін. Менің арбада отырғанымды көріп тұрып, басынғысы, мазақ қылғысы келетіндер баршылық. Джип мінген біреу "темір тұлпарымды сырып кете жаздадың" деп әлек салмасы бар ма!? Қаным басыма шапты. Күртешемнің ішкі қалтасынан тапаншаны нұсқадым. «Айтар әңгімең болса, айт, дайынмын» деп қырсықтандым. «Шатасыппын, бауырым»,-деп өз жөніне кете қалды. Жалпы, өмірімде 8 түрлі тапанша ұстаған адаммын. Ал пышаққа келетін болсақ, ол үнемі өзіммен бірге.

-Суық қару ұстаудан қорықпайсыз ба? Адамзатқа «мейірімді болайық, замандастар» деп үндеу тастап жүрген азаматсыз. Мұны қалай түсінуге болады?

-Жас болдық, мықты болып көрінгіміз келді. Аудан-ауданға бөлініп, төбелесетін едік. Мен де қалыспайтын едім. Бүгінде тапаншамен дос емеспін. Тапанша ұстаған кездің өзінде ешкімге зияным тиген емес. Пышақ тақырыбына келетін болсақ, онсыз менің күнім шынымен де қараң. Бұл ашу-ызадан, жүйкенің жұқаруынан пайда болған жоқ. Байқағаныңыздай, аяғым арбаға баумен. байланған Кейде қысылып, тартылып қалады. Сол кезде пышақтың көмегімен босатамын. Күні бойы далада жүретін адаммын. Қарным ашса, шұжық сатып аламын. Оны да пышақпен турап, жеп аламын. Қысқасы, кез келген төтенше жағдайға дайын болып жүруді әдетке айналдырдым. Біреуге қиянат жасаудан Құдай сақтасын. «Адамның күні –адаммен» ғой. Жаныма тек жақсы адамдарды жинап жүру керектігін ұққаныма бірталай заман болды.  

Ернар Сәрсеев

-Мен сізді сұхбатқа шақырғанда бірден келісе кеттіңіз. Тіпті өзіңіз бірнеше рет қоңырау шалдыңыз. Кездесуге, сөйлесуге асықтыңыз. Бұл сіздің оқырманға, қауымға айтарыңыз бар екендігін білдіреді. Ішіңізге сыймай жүрген дүниелермен бөлісіңізші.

-Өмір маған оңай тиген жоқ. Бірақ мен ата-анамның қолдауының арқасында күрескер болып өтуді дұрыс деп санадым. Мойынұсыну, жеңілу, өкіну дегеннен аулақпын. Өзгерістен, жаңалықтан қорықпаймын. Ашық болудан қаймықпаймын. Көшеде келе жатқан бейтаныс адаммен тез тіл табыса кетемін. Қоғам үшін ашықпын. Өзім сияқты арбаға таңылған достарым да ашық-жарқын болудан қысылмаса екен деймін. Өмір деген ғажап себебі. Әрбір сәтті қуанышпен қарсы ала білу мақсат. "Қамшының" кең аудиториясын пайдалана отырып, «НЛП» ұйымы өзінің кеңсесін ашуды жоспарлап жатқанын айтқым келеді. Сонымен қатар оңалту орталығын ашу да ойда бар.  Осының барлығына көмек көрсетемін деген игі жақсылар табылса, көмек қолынан бас тартпаймыз. Қайырымдылыққа жұмсайтын ақшаңызды мешіттерге емес, біз сияқтыларға берсеңіздер. Сіз ақша бермесеңіз де, молда күн көреді. Мешіт көмектеспейді емес, көмектеседі. Бірақ бәріне емес.

-Мотивация іздеп жүрген адамға таптырмас қазына екенсіз. Жастар алдында сөз сөйлеуге, жалпы семинар, тренинг өткізуге, TEDx конференцияларына шақырту алып па едіңіз?

-Жоқ. Егер шақырып жатса, әркез дайынмын. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға біздің қоғам үрке қарайды. Олардың ойнап-күлгенін, қыдырғанын, билегенін, спортқа ден қойғанын, кинотеатрға барғанын қабылдай алмайды. Физикалық жай-күйіне қарамастан әр адам толыққанды өмір сүруіне құқылы екендігін біз әсте естен шығарамыз. Осы бір дүниелерді мен еске салғым келеді.

«Сенің жолың боларына сенемін, үміт те сенен жырақ кетпейді.
Жалғыздықты та оңай жеңесің, махаббат оты жүрегіңді шарпиды.
Өмір бойы тік ұстайсың еңсеңді, адаспай тауып өмір-дара жолыңды.
Жауын, жел, күнге қарамастан сенімді, бірге болармыз, сүрерміз ғұмыр толымды»

(Ернар Сәрсеев, «Ынтызарлыққа толы өлең жолдары» өлеңдер жинағынан, орысшадан қазақшаға аударған Жазира Байдалы)

Ернар Сәрсеев

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір