• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 02:10:45
Алматы
+35°

13 Қараша, 2017 Аймақтар

«Менің депозитім де, инвестициям да – балаларым»

Бұл жанұядағы балалардың лақап аттарын естіп таңқалдық.

Рухани-өнегелік тәрбие негізі  отбасынан туындап, отбасынан әрі қарай дамиды. Отбасындағы бас ұстаз - ата-ана. Ұлтымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген дана сөз бар. «Бала қыран болу үшін, оны самғатып ұшыратын ата немесе әке де қыран болу керек» - деп, отбасылық тәрбиеге ерекше тоқтаған. Әр отбасында ата- ананың орны бөлек. Бала әкеден - ақыл, анадан - мейірім алады. Осы орайда оралдық  Біржановтар жанұясы туралы сөз қозғамақпыз. Бұл жанұя  «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңінде бас жүлде алып, облыстық турда арнайы аталымға қол жеткізген болатын. Отағасы Серікжан Біржанов жеті перзенттің асқар тау әкесі. Ол 1973 жылы Қостанай қаласында дүниеге келгенімен, оның балалық шағы бұрынғы Тайпақ ауданының Өлеңті ауылында өткен. Сондағы орта мектепті тәмамдаған. «Нағашы жұрт сыншыл, жақсыңа сүйінеді, жаманыңа күйінеді, әрдайым тілекші, тілеуқор боп жүреді» деген рас екен. Нағашы атасы Әушет Жұмағалиевтен көп тәлім-тәрбие алды. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген қағиданы ұстанған атасы еңбекке баулыды, салауаттылықты жанына серік етуге дағдыландырды. Айтар ойын анық та қысқа жеткізуге әрі бір сөйлеуге машықтанды. Жылқы үйретіп, ат әбзелдерін жасап, ұлттық өнерді, салт-дәстүрді меңгерді.  Мұның бәрі әскерде де, үлкен өмірде де көп көмегін тигізді.

          Әскерден келген соң ауылдасы Гүлмаржанға көзі түсіп, артынан екеуі отау құрған. 90-жылдардың ортасында қаладағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші болып жұмыс жасап жүрген Гүлмаржан алдағы уақытта 7 баланы дүниеге әкеліп, шын мәнінде тәрбиеші атанатынын әсте білген жоқ.

          Гүлмаржан шынайылығымен, қарапайымдылығымен ұнады. Мысалы, отасқанымызға ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де оның әлі күнге дейін боянғанын көрген емеспін. Үйленбестен бұрын оған бетке жағатын қымбат бояу алып бергенім есімде. Сол ақыры пайдаланылмай қалды. Жан дүниесі де таза әрі бай. Сосын көпшіл адам. Үйге бір күн қонақ келмесе, біртүрлі боламыз. Біздің шаңырақ көтерген кезіміз ел тәуелсіздігінің елең-алаң шағы, қиын уақыт қой. Ауылдағы жағдайымыз мүшкілденіп кеткесін, амалсыз Оралға көштік. Алғашында базарда жүк тиеуші болдым. Мен секілді жігіттер көп, бәрімізге бірдей жұмыс бола бермейді. Кейде құрқол қайтасың. Ал үйімізден келімді-кетімді кісі арылмайды. Сондай кезде бір қабақ шытпады ғой. Өмір жолымызда кездескен түрлі қиындықтарға мойымады. Ең бастысы, менің тік мінезіме әлі күнге дейін шыдап келеді. Адам есейе келе мінезі жұмсарады екен. Өз-өзіңді тәрбиелей бастайсың. Бұған зайыбымның да қосқан үлесі бар. Марқұм қайын атам Амангелді Шүйінішқалиев көпті көрген ерекше жан еді. Оның да тәрбиесін алдық. Мәселен, бір қателігіңді көрсе, тіке бетіңе айтпайды. Біреуді мысалға алып, соның қылығы мен ісін әңгімелеген болып жеткізеді. Сол кезде ағаттығыңды түсінесің. Міне, осындай өмір көрген, ауызында аталы сөзі бар жандардан көбірек тәлім алуға тырыстым. Осындай көрген-білгендерімді, оқыған-тоқығандарымды енді балаларыма айтып отырамын. Құр айту аздық етеді ғой, іспен де көрсетуге тырысамыз. Нақтылап айтсам, отбасымызда барынша ұлттық салт-дәстүрімізді ұстанамыз. Балаларыммен бірге кітап, газет-журнал оқимыз. Мысалы өзім Мұқағалидың, Мұхтардың өлеңдерін жиі-жиі оқуға тырысамын. Үлкен балаларым «Абай жолын» оқуда. Баланың интернетті білгені жақсы, бірақ ол кітап пен газеттің орнын бас алмайтыны анық. Балаларымның сөздік қоры мол, рухани тұрғыдан бай болғанын қалаймын. Сол себепті оларды кітапханаларға апарып тұрамын. Жалпы менің депозитім де, инвестициям да балаларым. Қаржы түссе, оны ойланбастан балаларымның қосымша білім алуына, шыңдалуына жұмсап отырамын.  

Жеті перзентімнің үшеуі ұл бала. Әке ретінде олардың тәрбиесіне де көңіл бөліп тұрамын. Ер бала физикалық тұрғыдан мықты, шымыр болуы керек деп есептеймін. Ертең олар отбасын, Отанды қорғауға қабілетті болуға тиіс. Соған орай Тимур, Рустам, Әмірсұлтанның қол еңбегімен, спортпен айналысуын қадағалап жүремін, дейді Серікжан.

Осы әңгіме барысында ұққанымыз, Біржановтар отбасын нарықтың қыспағынан сауда құтқарыпты. Бастапқыда базарға шығып көкөніс сатты. Саудаға шығаратын өнімдерді қол арбамен әкеліп жүрген. Кейін велосипедпен тасыды. Артынан көлік алды. Тиыннан тиын құрап, өздері шағын дүкен салды. Осылайша жеке кәсіпкер атанды. Қазір Серікжан шағын серіктестік ашып, құрылыс саласында қызмет етуде.

Бұл жанұяның  1997 жылы екінші перзенттері дүниеге келеді. Есімін кім қоямыз деп жатқанда достары «Банкротбек десе қалай?» деп әзілдемесі бар ма? Серікжан оған намыстанып «бұл балам бізді де, елді де банкрот қылатын емес, жарылқайтын азамат болады әлі» деп атын Тимур қойыпты. Артынан дүкеніне осы атауды берген екен. Шүкір, сол Тимур биыл Құрманғазы атындағы саз колледжін интерьер дизайнері мамандығы бойынша бітіріп, енді БҚМУ-да жоғары білім алуда.

Ал тұңғыштары Назерке биыл БҚМУ-дың педагогика факультетін үздік бітіріп, магистратурада оқып жатыр. «Негізі менің мінезім әкеме тартқан, сол себепті әскери саланың маманы болуды ойлағанмын әлі де армандаймын. Бірақ ата-анам қыз балаға мұғалімдік қолайлы ғой дегесін гуманитарлық салаға бетбұрдым, дейді Назерке. Өзім әкемді үлгі тұтамын. Бойында бұрынғы қазақ батырларының мінезі барына қуанамын. Осы мінезіне орай оны көпшілік сыйлайды, кейбіреулер жүрексініп сырт айналып жүреді. Егер әкем оқыған болса, ол саясаткер болар еді деп ойлаймын. Себебі, саяси сауатты, әр нәрсенің артын біліп, болжап отырады, ойын адамның жүрегіне дейін жеткізе біледі. Ең бастысы ол адамды сендіре алады. Мысалы үшін биыл бізге магистратураға түсуге 3 грант бөлінді. Оған 8 адам таластық. Университетте жүріп гранттардың бәрі сатылып кетті, еш мүмкіндік жоқ деп естіп уайымдап жүргенбіз. Әкем басынан-ақ уайымдама бір грант сенікі деді. Егер сатылып кетсе, не басқа жағдай болса, қарап қалмай, әділдік үшін күресетінін айтты. Нәтижесі әкем айтқандай болды. Бір граттың иесі атандым».

Серікжан отбасы

Бұл жанұядағы балалардың лақап аттарын естіп таңқалдық. Мәселен, Назерке – министр, Тимур – сәулетші, Рустам – ботаник, Ділназ актриса, Әмірсұлтан – генерал (Асылым мен Медина балабақша қабырғасында жүргендіктен әзірге күлімкөз бен аққұлыншақ атанып жүр). Әкелері қойған бұл бүркеншік ат балалардың өздеріне деген сенімдерін қалыптастыруда. Ұрпағының бойына ұлттың салиқалы салт-санасын сіңіріп, ұлын имандылыққа, қызын инабаттылыққа тәрбиелеп, ақ адал еңбегімен ел-жұртқа еленіп отырған Біржановтар отбасы берекелі шаңырақ ретінде осындай беделге ие.

 Гүлім АҚАП,

Батыс Қазақстан облысы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір