• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 23:12:36
+35°

12 Маусым, 2018 Әлеумет

Мен бала кезімде Қадір түнінің сәулесін көргенмін...

Бөлменің іші адам бетіндегі кішкентай мең де көрінетіндей жап-жарық болып кетті! «Мәссаған, бұл не?», – деп орнымнан ұшып түрегелдім.

Бала кезім. Шамамен 11-12 жастамын ғой деймін. Түн ортасы ауып кеткен шақ. Ауылдан 7 шақырым қашықтықта орналасқан қыстаудағы ескі үйіміздің бір бөлмесінде отбасы мүшелері түгел қаз-қатар тізіліп жатырмыз. Адамдардың бәрі ояу. Тақырыптан тақырып туындап, қызу әңгіменің тиегін ағытқан сәт. Кенет...

Бөлменің іші адам бетіндегі кішкентай мең де көрінетіндей жап-жарық болып кетті! "Мәссаған, бұл не?", – деп орнымнан ұшып түрегелдім. Үйдегілер "Не болды?", "Неге атып тұрдың?" десіп, абдырап қалды. Cол кезде әлгі жарық 2-3 секундтай тұрып, ғайып болды. "Жаңағы не жарық?", – дедім қасымда жатқандарға. Сөйтсем, ол менен басқа ешкімге көрінбепті. Әңгіме тыңдап ояу жатқанымды айтсам да сенбей, бәрі мені түсімнен шошып оянған етіп қойды...

Таңертең малды өріске айдар алдында шай ішіп отырып, әдеттегідей әкемнің кеңестік сары радиосын пысыр-пысыр еткізіп, әуе толқынынан "Қазақ радиосының" желісін тауып алып тыңдадық. Міне, қызық! Таңғы жаңалықтардан кеше Қадір түні болғанын, сол түні бәлен адамның мешіттерде дұға оқып, тілек тілегендерін хабарлап жатыр. Демек, мен қасиетті Қадір түнінің сәулесін көргенмін! Ол кезде дұға-тілекке тіл сындырмақ түгіл, Қадір түнінің не екенін де білмейтін кезім еді ғой.

Ес біліп, етек жиып, Астанада газет парақтап отыратын деңгейге жеткенде, Шымкент жақта түнде қонақтан келе жатып, адасып кеткен бір келіншектің алдынан жарық сәуле пайда болып, жолын айқын етіп көрсеткенін оқып қалдым. Бүгін де фейсбук әлеуметтік желісінде Құралай Ізбасарова деген кісі соған ұқсас бір жайтты бөлісті.

"Менің нағашы атам сәресіге дейін малдың жәйін қарайын деп далада жүргенде, дала күндізгідей жап-жарық боп кеткенін көріп, бұрын көрмеген құбылыс болғандықтан, ағашты құшақтап алып "астапыралла" дей беріпті. Тап сол түні масахана құрып, далада жатқан шешем кенет оянып кеткен де "жаңа ғана жатып едік қой, мұнысы несі? Алла-ай, бала-шағам аман болса екен" деп иманын үйіріпті. Бұл тек бірнеше секундқа ғана созылған оқиға екен. Ертесіне Қадір түніндегі аспанның ашылғанын көргендерін үлкен атасы түсіндіріп беріпті. Күшті тілек тілемегендеріне өкінетінін анамыз бізге айтып отырады" деп жазған Құралай ханым. Ал менің әлі күнге дейін көз алдымнан кетпеген бала кезімдегі әлгі тылсымды қағаз бетіне бүгін бір-ақ түсіруіме осы жазба түрткі болды. Бір ғажабы, ол жарықтың нағашы атасы мен шешесіне қатар көрінгенін айтып отыр. Сонда біздің үйде белгісіз сәулені қалайша менен басқа ешкім көрмей қалды екен?..

Негізінде тек бүгін ғана таңғы 7-ге дейін отбасыма, достарыма арнап көптеген дұға-тілектер оқумен болдым.

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір