• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 08:50:29
Алматы
+35°

16 Желтоқсан, 2018 NEWS

Мен алаңға өлім іздеп барған жоқ едім ғой - Ербол Сыпатаев

1986 жылы желтоқсандағы қанды оқиғада құрбан болған қазақтың батыры Ербол Сыпатаев жайында сақталған деректер

1986 жылы желтоқсандағы қанды оқиғада құрбан болған қазақтың батыры Ербол Сыпатаев жайында сақталған деректерді Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырман назарына ұсынады.

«Сырт киімдері жыртылып, иықтарына төгілген шаштары қобыраған қос бойжеткенді ығына алып қорғаштай шегінген Ербол бұларға құтырған итше ақырып жетіп келіп, онды-солды келтегін сермеген сауыттыны аяқтан шалып кұлатты да, қасындағыларға «тез қоршаудан шығалық», - деп қолдарынан жетелеп, қарсыдағы көпқабатты үйлердің қалқасына қарай жүгірді. Бұлар қарулылар қоршауынан жүгіріп өтіп, тар көшенің бойымен төмен қарай түсе бергенде, арт жақтан естілген зілді дауысқа жалт қараса, қолдарында сапер күрегі бар екі формалы қуып келеді екен. Ербол қыздарға: «Ештеңеге қайырылмай тез жүгіріп, үлкен көшеге шығып кетіңдер» дегенше, өкшелеп келіп, көздеріне қан толған қарулы екеу бас салып, Ерболмен айқаса кетті. Қолына, иығына тиген күрек соққыларына карамастан, арпалысқан Ербол оларды біразға дейін алдырмады. Ұзынтұрасын жамбасқа салып, алып ұрды. Тұра бергені сол еді, басына сарт ете түскен соққыдан әп-сәтте көзі қарауытып сала берді. Бар күшін жиып, төніп келген екінші соққыға қолын төсеп үлгерді. Бірақ, аяғы тайғанап, сүрініп құлады. Осы сәтте орнынан әрең тұрып үлгерген ұзынтұра жүгіріп келіп, Ерболдың басына ауыр затпен салып қалды. Қапыда қалган албырт жас гүрс етіп құлады. Аяушылық пен мейірімділік атаулыны ұмытқан әлгі екеуі былапыт сөздерді карша боратып, құлап түскен Ерболды аяусыз тепкінің астына алды. Ауыр соққылардан Ербол есін жоғалтты. Одан әрі не болғанын білмейді. Есін жиып, кірпігін көтеруге ғана шамасы келгенде, байқағаны — маңында тұрған ақ халатты дәрігерлер еді.

Алдында тұрган ақ халаттыларға жалыны сөніп бара жатқан көздерін қадап жатып, ол «Қыздар құтылды ма екен?», - деп ойлады. Оларға қарап жатып, ол «Мен алаңға өлім іздеп барған жоқ едім ғой», «Елім-ай, ертеңің не болар екен?» деп қиналды… 1986 жылы желтоқсанның жиырма үші күні Ербол Сыпатаев небәрі 22 жасында ауруханада жарық дүниемен қоштасты.

Иә, ол алаңға өлім іздеп барған жоқ еді…» 

"Заң" газеті, 1997 жыл 14 желтоқсан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір