• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 13:05:04
Алматы
+35°

30 Қыркүйек, 2018 Ғылым-білім

Мемлекеттік тілде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері

Қазақ тіліндегі бағдарламаларды еркін жүргізіп келген Майя Веронскаяны да ата-анасы бастауыш сыныптан  кейін  қазақ мектебіне ауыстырған.

Елбасы «Мен бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймын. Мемлекеттік тіл – мемлекет құрушы ұлттың тілі, ал орыс тілін білу – ұлы байлық. Ағылшын тілі ілгерілеушілік пен технологиялардың тілі болғандықтан  оны үйренуге тиіспіз. Ал қазақ тілі барлық Қазақстанды біріктіріп, жақындастырып өзара түсіністік пен сүйіспеншілікке жетелейді... Көп тіл білгеннің зияны жоқ. Мысалы, Швейцарияда такси жүргізушілерінің өзі төрт тілді біледі. Біз ағылшын тілін білмесек, әлемдегі озық инновацияға, технологияларға шыға алмаймыз. Өйткені, барлығы сол тілде жүргізіледі. Жастарға айтатыным – осы», – деп атап көрсетті.

Демек ел дамуы саясатында қазіргі таңда үш тұғырлы тіл кең өріс алып келеді. Қазақстанда бүгінде Елбасы саясатына орай көптілділікке басымдық беріле бастады. Шындығында да тіл білгеннің ұпайы түгел. Ондай азаматтар арамызда көптеп кездеседі.  Біз байқап, бағалай бермеуіміз де бек мүмкін. Мысалы Сыр өңірінің Арал қаласында туған Анна Данченконың есімін қазір бүкіл республика біледі десек, артық емес. «31 арнадағы» Аннаның авторлық бағдарламасын телекөрермендер сүйіп көреді. Оның бағдарламасының рейтингісі де жоғары. Мұның  себебі неде? Ізденіс пен тіл білгендіктен. Қазақы ортада өскен қыз «жас кезімнен әке-шешемнің «Ұят болады» деген ақыл-кеңесін тыңдап өстім. Сондықтан бойыма қазақылық тән» дегенді айтады. Расында да солай. Ол бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет сайттарға берген сұхбатында «Қонақжайлылықты жақсы көремін. Ашық-шашық киінгенді ұнатпаймын» деп біздің ұлтқа тән биязылықты айтады.  Әлеуметтік желіде пікірлерін мемлекеттік тілде жазатын Анна Данченко қазақылыққа  тән барлық ұлы қасиеттерді бойына жиғанын жасырмайды. Өйткені ол сол ұлтпен бірге өседі, жетіледі. Мойындайтын бір нәрсе бар, қазіргі таңда қазақ тілін білуге құмарлық өзге ұлт тарапынан барған сайын артып келеді.

Жақында ғана шаңырақ көтерген жерлесіміз Парламент мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских де  қазақ тілін еркін меңгерген. Қызылорда облысының Сексеуіл ауылында дүниеге келген бала ата-анасы бақилық болғаннан кейін балалар үйіне түседі. Оны өз тәрбиесіне қазақ отбасы асырап алады. Қазақы сөздің майын тамызып сөйлейтін жас жігіт қазір тілді білуінің арқасында парламент мінберінен сөйлеп, қадау-қадау мәселелерді көтеріп жүр.

 ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Оксана Лоскутова көпұлтты отбасында дүниеге келген. Әкесі орыс болса, анасы қазақ. Оксана орта мектепте жүргенде-ақ анасының тілін үйренуге үлкен құлшыныс танытқан. Оксана Лоскутованың ойынша,  «кез-келген қазақстандық шын ниетпен қалайтын болса, қазақ тілін еркін меңгеріп кете алады».

2008 жылдан бастап «Хабар» агенттігінің тележүргізушісі болған Игорь Сахардың есімі де жұртшылыққа танымал. 9-сыныпқа дейін Берекет Жұмалиев атындағы қазақ орта мектебінде білім алып, кейін Ақтаудағы Қайнар колледжінде оқуын жалғастырған оның ортасы қазақы болғандықтан, Игорь тілді тез меңгеріп алған.

Қазақ тіліндегі бағдарламаларды еркін жүргізіп келген Майя Веронскаяны да ата-анасы бастауыш сыныптан  кейін  қазақ мектебіне ауыстырған. Қазақ тілін тез меңгерген Майяның қазіргі таңда абыройы, асқақ, беделі жоғары. Мемлекеттік тілді  білгеннің артықшылығы осы. 2008 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2009 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. 2015 жылғы Хьюстондағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленген әлем чемпионы Александр Зайчиковтың есімі Қазақстанға емес, мұқым дүниеге танымал.

Белоруссияда дүниеге келіп, Қызылорда қаласына көшіп келген ол жастайынан спортқа ден қойған.  Қызылордада қазақы ортада өскендіктен ол мемлекеттік тілді тез меңгеріп алады.

Еркін күрес шебері, Олимпиаданың күміс жүлдегері, Азия чемпионы Ислам Байрамуков әртүрлі жиындар мен мінберлерден тек қана қазақ тілінде еркін көсіліп сөйлейді. Әйелдер боксынан Олимпиаданың жүлдегері Марина Вольнованы да қызылордалықтар жақсы біледі. Марина Қазалы ауданында өсіп-өнген. Қазақ тілін үйрену оған еш қиындық туғызбаған.  Қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған құтты мекен Арал өңірінде жарық дүние есігін ашқан «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі Ирина Теннің есімін де қазір бүкіл қазақстандықтар біледі.  Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, қазақ тілі мен әдебиетінен облыстық, республикалық пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарға ие болған қыз мемлекеттік тілді білуінің арқасында абырой биігінде десек, артық айтпағанымыз. «Астана» арнасында мемлекеттік тілде  жаңалықтар жүргізген Оксана Петерс тіпті мектепті үздік бітірген. Ол Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы Алтынсарин атын­дағы орта мектебінің ұстаздарына «қазақ тілін үйренуге деген ықыласымды өшірмей, ынталандыра білгендері үшін» әркез  алғысын айтады.

Демек көп тіл білген адамның артықшылығы бар. Көп тіл білу адамның мінезіне де, қызметтік өсуіне де, өміріне де оң әсер етеді.  Өзге тілді білу жаңаша ойлауға және бұрынғы қалыптасқан пікірлеріңді одан әрі дамытуға үлкен септігін тигізеді. Жаңашылдыққа, объективті ойлауға жетелейді.

 Мысалы қазақ топырағынан шыққан  Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз  70-ке жуық тілді меңгерген. Ал Пушкин француз, ағылшын, неміс, итальян, испан, латын, грек, славян тілдерін білген. Қазақ поэзиясының алыбы ұлы  Абай орыс-қазақ тілдерімен парсы, араб тілдерін меңгеріп, сол тілдерде бірнеше кітаптарды оқыған. Шоқан Уәлиханов араб, шағатай және түркі тілдерінің біразын білген деген дерек бар.

Бұдан шығатын қорытынды не? Жаһандану дамып, күн сайын жан-жағын жаңалыққа толы бара жатқан заманда көп тілу білудің өзектілігі де артып барады. Сондықтан ана тіліңді ұмытпай,  өзге тілді де білген дұрыс.

 

Еркін Қалдан

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір