• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 15:35:38
Алматы
+35°

16 Қазан, 2018 Тәлім мен тәрбие

Лениннің көлеңкесінен неге қорқамыз?

Қазақ қоғамы Сталиннен қалған қағазды түгендеп бола алмай жүр. Бір қағазды он қағазбен растай алмайсың.

Егемендік алғаннан бері балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп, адам тәрбиесі тоқтады. Отбасы институты ыдырауға шақ қалды. Сол жанбағыстың қамында шапқылаған жылдардан бастап елдегі идеология қызметінің әлсіреуінен біз үлкен зиян тарттық. Кезіндегі мектептен басталатын Пионер, Комсомол сияқты идеологиялық ұйымдарды қазақи баламамен ауыстыра алмадық.

Астана мен Алматы қазақтың бас қаласы, қос қаланы көре отырып шетел азаматтары қазақ елін бағалайды, ал  мұндағы мемлекет тулары, елтаңба, түрлі-түсті жалаулар, мешіт  күмбездері, сонымен қоса көше аттары мен қоғамдық көлік тілі, аялдамадағы сан мың жарнама, БАҚ тілі мен ділі, маңдайшалар, жұрт көп баратын саябақтар елдіктің айнасы, идеологиямыздың көрсеткіші және осында жүрген адамдардың іс-әрекеті, сөз сөйлеуі болмақ.

Алматы көшелеріндегі маңдайшалардағы алабажақ суреттер мен шетел жазулары, қате жазылған қазақ сөздері, аялдамадағы сұмдық суреттер, ұятсыз жарнамалар, селдей ағып жатқан бүгінгі ақпараттың теңізі өсіп келе жатқан жастардың ішкі дүниесін, тәлім-тәрбиесін тас талқан етуде.

Бүгінгі таңда сол тоқтаған адам тәрбиесін қайта жалғастыруға, оған жан бітіруді ойлаған Елбасы биылғы өз жолдауында «Жастар мен отбасы институты кешенді қолдау, мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналу тиіс»,- деп атап көрсетіп, келесі жылды «Жастар жылы» деп бекер белгілемесе керек.

Қоғамдағы идеологиялық бағыттағы барлық нәрсені қадағалауға жергілікті ішкі саясат және идеология бөлімі міндетті. Олардың тек түрлі іс-шара өткізумен  жұмыстары бітпейді. Көшедегі сан мың  жазулардан бастап адамдардың киім-киісі, жүріс-тұрысы, қоғамдық көлік іші мен сырты, қоғамдық көлікке міне қалсаң, «ақша сал, билет ал» деген жүргізушінің жағымсыз даусы мен аяқ астынан жерден шыққандай  «карточкаларыңыз бен билеттеріңді даярлап отырыңдар» деген тексергіштер айқұлақтанып қодыраңдап кетеді екен. Мұның барығы еліміздің қандай деңгейде екенін көрсетіп береді.

БАҚ түзелмей, ел түзелмейді,  адамды сол баспасөз, интернет, тележәшік тәрбиелейді. Елдіктің көзге көрінбейтін тізгіні аталмыш қызметкерлердің қолында. Адамдардың қандай киім киюі, әрине, өз еркінде, десе де күн ыстық болып кетті деп жалаңаш ел алдында жүруіне, көлікті тырдай болып айдауына жол берілмеуі керек. БАҚ-тағы кино, жарнама, сурет, жаңалықтарға шамасы жеткенше араласуы керек, кейбір ақпарат пен оны таратушы басқа болғанмен, ел біздікі, халық біздікі. Сенің балаңа берген керемет тәрбиеңді сол телевизор бір сағатта тас-талқан етеді. Зиянды кім тартты?

Балабақшалар ұлттық нақышпен сәулеттенуі, халық ертегісімен ауыздануы, эпостық жырымыздағы батырлар суретін салдыртуы керек. Мектептер біртұтас мемлекеттік бағдарлама бойынша нақтылы қоғамға  керекті пәндер оқытуы тиіс. (Бұл күнде мектеп пен жоғары оқу орнында біреу ана баспадан, біреу мына баспадан оқулық алдырып жатыр). Мемлекеттік деңгейде үздік мамандарды таңдап, қаржыландырып, арнаулы оқулық жазатын институттарды мықтап дамытуды қолға алу мақсат.

Нағыз идеология көшеде, аялдамада, саябақта, маңдайшаларда, мектепте, университетте көрініс табады. Бүгінгі ғаламтор шекараны керек етпейді. Бүкіл әлем кішкентай елдімекенге айналған бұл шақта кімнің ғаламтордағы үлес салмағы басым сол әлемнің қожасы деген сөз. Сондықтан біз өзімізге-өзіміз антивирус қоюды ұмытпағанымыз жөн. Ал осы тосқауылды кім қояды? Оны әр жердегі ішкі саясат және идеология бөлімі қояды.

Алматыдағы Сейфулин даңғылы мен Шолохов көшесінің қиылысындағы саябақта Лениннің ескеркіші әлі тұр. Ленин қайда, біз қайда, Совет одағының тақ мұрагері Ресейдің өзі керек етпей қойған сол күн көсемді біз әлі сары майдай сақтап, көлеңкемізден қорқып отырмыз. Неге?

Бүгінгі таңда көп отбасылар «заман көшіне ілесеміз» деп өмір сүрудің жүгін өз қолдарымен қиындатып отыр, айтар болсақ кезінде бір бесікпен бір ауыл баласы ер жетсе, бүгінде бір сәбидің басында бір ауылдың баласына жететін бесіктің түр-түрі мен ойыншықтар бар, керек емес кейбір заттарды үйге жинай береміз, жүріп тұрған машинамызды сатып, қарызданып, қымбат машина сатып аламыз, ақшамыздың жоғын елеместен несие алып той жасаймыз, бұл үшін әлі де талай жанталасу керек. Бұл да түзетуге тиісті идеологияның бір түрі.

Қазақ қоғамы Сталиннен қалған қағазды түгендеп бола алмай жүр. Бір қағазды он қағазбен растай алмайсың, адам анасының құрсағына пайда болғанда қағазды жинау бастап, қара жердің қойнына кірген соңда біразға дейін қағаз жиналады. Осылай бүкіл халық қағаз жинап шаршап жүреді. Бір үйдің ауыры мен жеңілін көтеретін нар азаматы отбасының қағазын жинауымен айналысып, бүкіл тірлігі тоқтайды, сонда оның отбасы тұрмақ өзін кім бағады?

Барлық мемлекеттік мерекелеріміз және дәстүрлі мерекелеріміз дерлік орыс халқымен тығыз байланысты, солардың тарихын, дәстүрін үгіттеп кететін сияқтымыз. Мысалға: жаңа жыл келгенде шырша іліп, рождествоны тойлатады, аяз-ата балаларымызға орысша әуенмен сыйлық береді. 8-ші наурыз орысша сөйлеп келеді, 1 сәуірде ылғи өтірік алдайды, 1-ші мамыр халықтар достығы деп сан түрлі тілде ән салады. 9 мамыр Жеңіс күні деп  Сталинградты сағына еске түсіртеді.

Аз күнде қар жауады, бүкіл ел қалың қарларын көшеге лақтырады. Біз көшеде аузымыздағы түкірікті бет-албаты түкіруге, қолдағы қоқыс қағазды тастай салуға қалай дәтіміз барады. «Бұл біздің  өз Отанымыз, өз қаламыз»,- деп бір сәтке ойланып, қоқыс жәшігін іздесек қой. Міне, отаншылдық идеология.

                                                          ***

Мектеп оқушыларының сандары жалтырап, көйлектері белінде шолтаң-шолтаң етеді, жаның ашиды. Осындай оңбаған киімді тігіп, соны сатып отырған киім фабрикасына налисың. Берісін айтсақ, оны көрген 9,10,11-сынып оқушылары түнде телевизордан, қол телефоннан көрген істерді қайталағысы келеді, арысын айтқанда, бүкіл қоғамға тосқауыл қоя алмай, зардабын тартып отырған педофилдерді қоздырған осы қысқа көйлек емес пе? Біз бұл арада қыз балалар хиджап кисін деп айтқымыз келіп отырған жоқ, десе де ол қасиетті Құран кәрімде «әйел адамдар әурет жерін жабуы» ескертілген. Әрине, ол кәмелет жасқа толғандарға мұсылмандық парыз ретінде бағытталып айтылып отыр (Мұсылман кәмелет жасқа толған, ақыл-есі дұрыс, еркіндікте болу алғы шартымен). Мектеп көйлегі аз-маз ұзарып, тобыққа жетпей тұрса жетеді. Жел шайқағанда ашылып кетпесе, жеткілікті емес пе?!

 Алдымда жалаңашқа жақын киіммен кетіп бара жатқан қыз-келіншек құдды менің көз алдыма төбесіне доллар мен евроны байлап алып, жарқылдатып, барша елге барын көрсетіп бара жатқан момын байды елестетеді. Жалаңаш әйел де осындай, тіпті, оның байлығы жаңағы момынның байлығынан әлдеқайда артық. Сосын отбасы бұзылып, қоғамның астан-кестені шығады. Қазақ әйелдері осы уақытқа дейін хиджапсыз-ақ, үстілерін тамаша бейнеде жабық ұстап келді емес пе? Айналайын, қыз-келіншектер-ау, сұлулық деген ол санада қалыптасады. Мысалға Африкадағы қара нәсілділер өз қыздарын сұлу деп тамсанады, біздің қазақ санасындағы сұлулық ұятты жерін жабуды білдіреді.

 «Мәңгілік ел» деген межеге жету үшін біз бүкіл қоғам болып жұмыс жасап, ішкі мәдениетімізді күшейтіп, өзімізді және ұрпағымызды отаншылдық санада тәрбиелеуіміз, идеологиямызды мықты ұстауымыз қажет.

Нұрхалық Абдырақын

 ҚазҰУ PhD докторы, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір