• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 13:43:07
Алматы
+35°

11 Наурыз, 2019 Әдебиет

 

– Кездейсоқтық дегенді қойсаңшы,– деді тасадан шыға берген тәпелтек қара маған қолын соза беріп. – Күнде жүретін жолыммен жүрмей, осы жермен кездейсоқ өте салайын десем, тура алдымда өзіңіз тұрсыз. Кездейсоқтық деген міне, осы!

Мынаның сөзінің шынында жаны бар, «Қасқыр мен жорналшыны аяғы асырайды» демекші, шаруа бойынша алыс ауданның «Сөктөбе» аулына бет алған мен қиыр шеттегі осы ауылға кездейсоқ келіп тұрғаным ып-рас. Ауданнан шыққан көлігіміз жарым жолда бұзылып, шопыр жаяу кері қайтты. Ал мен көлденең кездескен тракторға жармасып, осы ауылдан бір-ақ шықтым. Кеңсе аталған тоқал тамның жанында қалқайып тұрғанымда тәпелтек қараға кездейсоқ кездестім. Жол бастап келе жатқан ол дамыл таппай сөйлеп келеді.

–Бұл ауылға келгеніме жиырма жыл бес болды. Кездейсоқ келдім.

Семейге жолдамамен кететін болып тұрғанымда, шешім табанда өзгеріп, осы ауылдан бір- ақ шықтым.

      –Сол кездейсоқтықтың арқасында тұрақтап қалдыңыз ғой,–деп серігімнің көңілі үшін бірдеңе деген болдым. Өзі де қамшы салдырмай лыпып тұр екен.

      –Сонда қызық болды – ай!) Менің мамандығым зоотехник қой. Ал мен мұнда сол кездейсоқтықтың мал дәрігері болып шыға келдім.

      –Қызық екен.

      –Әрине, қызық! Совхоз директоры әуелгіде екі-үш ай мал дәрігері болып істей тұр, мамандығыңа сай қызметті кейін қарастырармыз деген. Соның реті келіңкіремеді де, алғашқы бұйрық сол күйі қалып кетті, әлі мал дәрігерімін.

Осы кезде үйге де келіп қалыппыз. «Стансыздың түсіне екі метр бөз кіредінің» кері келіп, менің есіл-дертім аш қарынның бабын тапсам деймін.., ал үй иесі болса әлдеңені бір айтып дамыл табар емес.

–Тотыш, а Тотыш! Шайды қызылдап құй! Кездейсоқ кездескен бұл кісі басқаға кездейсоқ болса да, бізге кездейсоқ емес. Апырым- ау, мен бір үйде, бір кереуетте бір тұратын келіншегімді сөзбен таныстырмаппын ғой. Бұл Тотыш деген сұлу!

Тәпелтек қара айдаудың даласындай тегіске шығып, еркін көсіліп отыр. «Көбік қарда түлкі ойнар, көк көрпеде жылқы ойнар» деп мен бір құлағымды оған икемдеп, қалайы қасықты палауға ойқастата салып, аузыма дембіл- дембіл қатынатып отырмын.

–Баяғыда қаладан келетін өзіміздің ауылдың автобусынан қалып кетіп, көрші ауылдың автобусына кездейсоқ міне салдым. Содан бір кезде артыма кездейсоқ қарай салсам «ай десе аузы, күн десе көзі бар» бір сұлу отыр. Үрдің қызы мұнда кездейсоқ, қайдан жүр десем, Тотыш екен. Қызыл көрсе іліп түсетін қыран кезім, тайсалайын ба?!

–Сіз осы кездейсоқ «Қашқанкөлге» бармайсыз ба?- деп тиісе кеттім. Ол да ерігіп отыр екен.

–Жоқ кездейсоқ онда бара қоймаймыз,– дейді сыңғырлай күліп.

–А-а. Айтпақшы, сіз кездейсоқ медучилищеде оқымайсыз ба?,- деп едім, онан әрі күлкісімен қытықтай түсті қу қыз.

Асқазаныма ел қонған соң, мен де екі құлағымды әлгінің аузына бірдей төсеп қойдым. Қайтпас қараң осы екен. Сырғытып отыр.

–Сол кездейсоқтықтан ақыры үйленіп тындық қой...

–Шынында,– деді Тотыш сұлу да сыңғырлап,– мен де сол автобусқа кездейсоқ отыра салып едім. Келесі жолықанымызда да  кездейсоқ кездестік.

–Некеге де кездейсоқ тұрып, кездейсоқ тойды өткізе салдық емес пе? Есіңде ме. Тотыш?..

Қулана күлімсіреген отағасы келіншегін мықынынан түртіп қалды. Тотыш сұлу да еріне қарап, наздана жымиды. Көздерінен от ұшқындады. Көзбен көздің сәулесі түйіскен жерінде махаббат маздағандай. Бұл енді кездейсоқтық емес-ау!

Мен кездейсоқ қонақ болған ауылдан ертесіне жолға шықтым. Тек сол үйдегі топырлаған қара домалақтардың жүздері есімде қалыпты.

 Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Сықақшы, Балғабек Қыдырбекұлы сыйлығының лауреаты

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір