• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 02:59:36
Алматы
+35°

22 Қазан, 2018 NEWS

Кескіндемеші Ж.Қайрамбаевтың туындылары патриоттық сезімін оятатын тылсым күшке ие

Ресей халқының арасында жүріп қазақ нақышын жоғалтпай, отбасына деген сүйіспеншілік пен сағынышын осы дипломдық туындысында жеткізе білген

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Жұмақын Қожақынұлы Қайрамбаев 1953 жылы Құлжа қаласында дүниеге келген қазақ кескіндемешісі. Шығармашылық жолындағы қолтаңба ерекшелігі XX ғасырдың 80-90 жылдарында қалыптасқан. Ол Санкт-Петербург қаласының И.Е.Репин атындағы Мемлекеттік академиялық кескіндеме, мүсін және сәулет институтында 1975-1981 жылдар аралығында білім алып, 1981 жылдан бастап Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Станоктік кескіндеме» мамандандыруының студенттеріне өз шеберлігімен бөлісіп дәріс беріп келеді. 1985 жылдан бері Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі. Бүгінгі таңда Ж. Қайрамбаев көптеген марапаттарға ие екені белгілі, атап айтсақ: «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» құрмет төс белгісінің иегері, ҚР  Суретшілер Одағының «Үздік шығармашылығы үшін»  медалінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Ең алғаш шығармашылыққа қадам басқан жұмыстарының бірі - оның И.Е.Репин көркемсурет институтының қабырғасында жазылған «Отбасы» тақырыбындағы дипломдық жұмысы деуге болады (сурет № 1). Ресей халқының арасында жүріп қазақ нақышын жоғалтпай, отбасына деген сүйіспеншілік пен сағынышын осы дипломдық туындысында жеткізе білген. Нәтижесінде, үздігімен көзге түскен алғашқы күрделі туындысы бір-екі жылдан кейін диплом жұмыстарының Бүкілодақтық көрмесіне Санкт-Петербург қаласынан ұсынылған 5 дипломдық жұмыстар ішінде болып қатыстырылған екен.

Жұмақын

Атаулы институтта оқып жүргенде суретші Мемлекеттік Эрмитажда Рембрандттың атақты «Даная» туындысының көшірмесін жасаған. Ол көшірме сурет институт қорында қалып, кейін Эрмитажда тұрған түпнұсқа «Данаяға» біреу кислота шашып зақым келтіргенде, кәсіби қайта жаңартушылар ұлы туындыны қалпына келтіру үшін институттың қорында сақтаулы тұрған Ж. Қайрамбаевтың көшірме еңбегін пайдаланған болыпты. Өкінішке орай, бұл ерекше жағдайды көпшілік біле бермейді екен. ҚР Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, танымал отандық суретші Б.Әсемқұл осыған байланысты арнайы мақаласында былай жазған: «Суретші Ж.Қ. Қайрамбаевтың айтуынша, ол 1980-ші жылдары Ленинград қаласында музейлік практика өтіп жатқан кезі еді. Өзі оқып бітірген институттың ректоры Еремеев хабарласып кездесуге шақырған. Кездесуде ректор Ж. Қайрамбаевқа кезінде «Данаяның» дәл көшірмесін жасағаны үшін алғысын білдірген. Оның көшірмесінінің арқасында рестовраторлардың көмегімен «Даная» екінші рет дүниеге келді деседі. Яғни, Ж. Кайрамбаев «Данаяның» тура кейпін түпнұсқадағы көлемімен алып кішкентай детальдарына дейін дәлме-дәл көшірген.  33 жыл өтті, Ж. Қайрамбаевты осы күнге дейін ешкім марапаттамады, қолпаштамады. Өнер сыншылары бұл жайтты білсе де, ешкім ешқашан осы өте маңызды оқиғаны жаңғыртпады. Шындықты жазу керек. Әйгілі Рембрандтың «Данаясы» екінші рет дүниеге қазақ суретшісінің арқасында келді. Сол үшін Жұмекеңнің ерен еңбегін бағалайық! Бәрі білсін, әлем естісін! Ол ұлы адам, осыған лайық» [1].

Ж. Қайрамбаев туындыларында ашық, айқын, қанық түстерден бас тартып, тылсым, терең, түпсіз дейтін түстегі реңктермен туындаған тылсымдыққа толы шығармашылығы суретшінің шексіз шеберлігін көрсетеді. Суретшінің бастапқыда бейнелеген туындыларымен кейінгі туындыларын салыстыра келсек, бастапқыдағы ұстаған позициясын жоғалтпай, қайта оны тереңдете түскен. Бастапқы кезде қылқалам іздерін қалдырып, кенептің бетінде майлы бояу бедерлене жазылған [2]. Қазірде, сол батыл жағылған бедерлі майлы бояу түстері араласа келе біртұтастанып ХХ ғасыр мен ХХI ғасыр тоғысындағы заманауи өзгерістерден туындаған ұлттық романтизм бағытындағы туындылары дүниеге келгендей. Шығармашылық туындыларында әлемнің сұлулығы мен жарыққа толы сәттерін іздеп тылсымдықпен тереңдікке бой алған түстер мен философиялық композиция арқылы көркемдеп жеткізеді.

Жұмақын

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру - болашаққа бағдар» мемлекеттік бағдарламасында көрсектілгендей: «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні - бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» [3]. Яғни, елдің болашағы мәдениет пен тарихтың сақталуына тікелей байланысты. Бұл дегеніміз Тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстанның алдында тұрған ең басты міндеттерінің бірі - халықтық өнерді сақтап қалу. Дәл осы еліміз егемендігін алып, тәуелсіздікке қол жеткізген тұста сақталған өнерді кескіндемеші Ж. Қайрамбаев өзінің кереметтей тарихи тұлғаларын сомдаған туындыларымен қайта жаңғыртты. Оның шығармашылық туындылары қазақ халқы мен өркениетіне берер тәрбиесі мен ұлттық рухын демеп, патриоттық сезімін оятатын тылсым күшке ие.

  Ал кеңестік 1980-90 жылдар кезеңіндегі еңбектерін сараптап қарағанда келесі шығармашылық туындыларын атап кетуге болады:

1) «Қарлығаш» 1976 ж.

2) «Жылқышы» 1976 ж.

3) «Әйел образы» 1977 ж.

4) «Автопортрет» 1980 ж.

5) «Отбасы» 1983 ж.

6) «Шеберханада» 1986 ж.

7) «Әке» 1986 ж.

8) «Тілдесу» 1987 ж.

9) «Үйде» 1989 ж.

10) «Жекпе-жек» 1989 ж.

11) «Шұбар тау» 1990 ж.

Жұмақын

 Суретшінің бастапқы туындыларына көз салсақ, ол Ресей көркемсурет институтында білім алып жүріп, сол жақтың кескіндеме салыну мәнеріне еліктеп бойына сіңірген. Тіпті туындыларында орыс кескіндеме өнеріне тән түстік бояулар кездеседі: салқын, қараңғы түстік реңктермен бейнелеу арқылы да өзінің қолтаңбасын іздей бастағаны байқалады. «Жылқышы» (сурет № 2) туындысында бейнелеген образдың характерін толықтай алып шыққан. Бет жүзіндегі қазақылыққа тән түстес сан алуан түрлі реңктер бір бірімен ойнаса жалғасып орнын тапқандай. Бұл туындыда майлы бояуды қылқалам іздерін анық көрсету арқылы кенеп бетіне бедерлене қалдыра жазылуы тіптен туындыға өмір беріп тұрғандай. Бұл жерде қараңғы түстермен жарық түстердің бір біріне үйлесе өтуі суретшінің кәсіптік шыңын көрсетеді.

1980 - 1990 жылдарды кәсіби суретші ретінде қалыптасу кезеңі деп білеміз. Себебі суретшінің осы «Тілдесу» (сурет № 4), «Күн батарда» (сурет № 5), «Абылай хан» (сурет № 2) сияқты туындылары ерекше әсер беріп, тәжірибе алғанның арқасында Тәуелсіздік кезеңдегі белгілі кескіндеме туындылары дүниеге келіп, суретшінің Қазақстанның белгілі тұлға ретінде өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалыптасып шығаруға үлкен себептігін тигізді [4].           

Сөйтіп, 1991 жылдан бастап, суретші тарихи тұлғаларды зерттеуге қызығушылық танытып, бетбейнесін сомдаған туындыларында тұлғаның жан дүниесіне үңіліп, олардан терең мән іздейді. Тұлғаның образын толықтай алып шығады, бетбейнелік туындыларында түр-түсін ғана емес, оның психологиясын, қоғамдағы орнын, образдың сипатын алып шыға біледі. Мысалы, «Абылай хан» (сурет № 3) туындысында Абылай ханның тұлғасын бейнелеген образы Ж. Қайрамбаевтың шығармашылығында ерекше орын алды. 1993 жылы «Өнер» басылымы ең үздік қазақ батырының портрет-плакатына конкурс жариялайды, 1-ші орынды беделді комиссия мүшелері, тек суретшілер ғана емес, сонымен қатар тарихшылар, белгілі мемлекеттік қайраткерлер Ж. Қайрамбаевтың жұмысына береді. Ж. Қайрамбаевтың Абылайханның образын бейнелеген плакаты миллиондаған тиражбен тарап кетеді. Оның біреуі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың кабинетінен орын тапты [5].      

Жұмақын      

Осы «Абылай хан» туындысына келсек, суретші түстік реңктер арқылы Абылай ханның образын алып шыққандай. Қазақ түсінігіндегі көк түс - өсудің, өнудің, көк Тәңірінің белгісі. Өсімдіктер әлемінің негізгі реңі жасыл түсті де көк деп білген [2]. Бұл туындыда қара, көк, ақ түстер басымырақ келіп көзге бірден түседі. Алдыда айтқан туындыдан ерекшелігі бұл жерде майлы бояу кенеп бетіне бір қалыпты жағылып жіңішке қылқаламмен жазылған мәнері - туындыны толықтырып тұрғандай. Бет әлпетіне қою қоңырқай түсті ақ реңкті түспен контраст арқылы нағыз қазақ жерінің бүтіндігін сақтап, мықты қарсыластарға төтеп берген, халықты бір ұйытқыдай ұстай білген Ханның образын бейнелеп паш етті. Сонымен қатар, қазақ мәдениеті өкілдеріне қатысты терең мағыналы бетбейнелері халық көңілінен ерекше орын алады: «Абай», «Яссауи», «Райымбек», «Кенесары», «Жамбыл», «Жалаири» сынды еңбектердің орны бөлек [6].           

Суретші көптеген халықаралық мен республикалык деңгейдегі шығармашылық көрмелерге қатысқан. Және де шығармалары Ресей,  АҚШ,  Франция, Түркменстан, Венгрия, Германия, Жапония елдерінде жеке коллекция иелерінің меншігінде. Бұл суретшіге мақтаныш болғанымен, суретшінің іші ашиды, себебі, республикада көркем шығарма туындыларды әлі де түсіне бермейді, қызықпайды, тіпті сурет өнері аса бағаланбайды. Ал шетел адамдары өнерге деген қызығушылықтары жоғары, әсіресе сурет өнерін бағалай біледі. Сол себепті де, олар Қазақстан суретшілерінің туындыларын сатып алып кетіп жатады. Еуропа елінде  реализмнен бас тартып  абстракционизм, кубизм деген сияқты бағыттарда жұмыс жасайтын суретшілер мол. Бірақ өнер деген өмір сияқты бір орында тұрмайды. Әрине әр бағыт ерекшеленіп кескіндеме өнері заман ағымына сәйкес жетілгенімен, реализмнің орны бөлек, қай заманда да құнын жоғалтпайтын өнер. Оған бірден бір себеп, кәсіби классикалық реализм мен ұлттық романтизм бағытында жұмыс жасайтын суретші  Ж.Қайрамбаевтың Италия еліне жеке кәсіпкер, Марко -деген миллиардерден шақырту алғаны. Суретші Жұмақын Қайрамбаев Алматыдағы Лермонтов атындағы орыс драма театрында жеке сурет көрмесін өткізген кезде, итальяндық кәсіпкер сол сәтте Алматыда болып, көрменің ашылуына қатысып шығармашылығын бағамдап-байқап, біздің суретшімізді бірнеше жылдан кейін еліне шақырады. Рим бүгінде толықтай жоғалтып алған көне өнерін қайта іздеп, оны қайта жандандыруға кірісе бастаған сияқты. Кәсіпкер суретшілерді  ТМД елдерінен, яғни тек Қазакстаннан емес, Тәжікстан, Түркменстан, Беларусь, Қырғыз Республикасы сияқты реализм бағытында жұмыс жасайтын суретшілерде шақырту алған. Суретші Қайрамбаевтың айтуы бойынша, Марко мырзаның үйі үлкен бір сарайдай, оның бірінші қабаты сурет галереясы. Ол жерде Микеланджелло мен Леонардо да Винчидің түпнұсқалық туындыларын кездестіруге болады. Бұл бір керемет емеспе, ол кәсіпкердің сурет өнеріне деген құрметі деп білуге болады. Тіпті, Ресейде де кескіндеме өнері жақсы қалыптасып, тәжірибесі мол, ғасырлап келе жатқан кескіндеме өнерін қолдаушылары да көп [7].           

Мысалға, Третьяков, Мамонтов сияқты ауқатты адамдар орыс бейнелеу өнеріне бүтіндей музейлер ашқан. Бүгінде Третьяков галереясында қазіргі суретшілердің бір ғана туындысы ілінудің өзі олжа. Енді бұл өз елінде, елінің тарихы мен мәдениетін осы шығармашылық туындылары арқылы сақтап, болашақ ұрпаққа өнер жолы арқылы жеткізіп отырған суретшілерді қолдап отырған кәсіпкерлерді айтып жатқаным бекер емес. Дәл осылай неге біздің отандық кәсіпкерлер өнерді қолдамайды екен? - деген сұрақ мазалайды. Біздің отандық суретшілерді қолдап, қазақ өнер мәдениетін әлемге танытсақ елімізге деген мақтаныш емес пе.

Қорыта келе айтқанда,  Ж.Қ. Қайрамбаевтың ХХ ғасыр соңындағы алғашқы туындыларының ерекшелігі кәсіби суретші ретінде қалыптасуға, өзінің қайталанбас қолтаңбасын шыңдауға үлкен септігін тигізді. Сөйтіп, Тәуелсіздік кезеңдегі белгілі кескіндеме туындылары дүниеге келіп, суретші Қазақстанның белгілі тұлға ретінде қалыптасып шығуға ықпал болды. Қазіргі кезде Ж.Қайрамбаевты заманауи Қазақстандағы классикалық академизм дәстүрі бойынша еңбектеніп жүрген станоктік кескіндеме суретші-қайраткер деп білеміз.

А. Орынғалиқызы

Т.Жүргенов атындағы

ҚазҰӨА 2-курс магистранты

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір