• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 11:40:57
Алматы
+35°

11 Қазан, 2018 Әдебиет

Кем дүние куәсі...

Сенсіз қазақ шуласып, Қалар ма екен жуасып...

...Шырт ұйқының таңында,

Шырпы жақтың жалынға...

Бейнең қалды көлбеңдеп,

Мыңбұлақтың шаңында...

 

Ұран құрған – пошымы,

Қыран қылған – тотыны...

Қош бол, қимас қайсарым,

Мұртазаның от ұлы!

 

Үзілгендей жұлыным,

Шырылдады шын үнім...

Шындық тауын өрт шалды,

Қош бол, менің Шымырым!

 

Қайрат-күшін тулатып,

«Шерхандай ұл ту, қатын!»

Ақиқат-шың су басты,

Қош бол, менің Дулатым!

 

Тәлкек тағдыр тарамыс,

Әділ асу – әлі алыс...

Мұзтау қақ-қақ жарылды,

Қош бол, абзал Ақ Арыс!

 

Тартқан тексіз азабын,

Көкірегі – таза мұң...

Жүрегі қарс айырылған,

Қош бол, менің Қазағым!

 

Тәмәмдалды – таласың,

Тарамдалды – дара шың...

Жанын намыс өртеген,

Қош бол, менің Алашым!

 

Арман құсын ұшырған,

Нұр Меккенің тұсынан...

Құлақкесті Хақ құлы,

Қош бол, діндес мұсылман!

 

Нағыз еркек, ер адам,

Ерлігі – елге тараған...

Ерен – екі тумайды,

Қош бол, менің Шер-ағам!

 

«Достарымды – белді етем,

Дұшпанымды – терлетем...»

Деп күлкісін ұмытқан,

Қош бол, менің Шер-көкем!

 

Алатайдай... – ала таң,

Жер тарпыды нар-атан...

Пейішке де – паң керек,

Қош бол, менің Шер-атам!

 

...Шытынады «шатырым»,

Тұқырады тақымым...

Парақтай ма, Әбағам,

«Аңызының ақырын»...

 

Кем дүние – төрі осы,

Қақырады көбесі...

Көріне ме, жан аға,

Оралханның төбесі?..

 

Сенсіз қазақ шуласып,

Қалар ма екен жуасып...

Бір кем жетпес... – Дүр Кісі...

Кем дүние Куәсі!

 

Мыңжан Байжанин

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір