• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 14:56:45
Алматы
+35°

14 Ақпан, 2019 Әлем

Келгендерге ақы төлеп, үй беріп, жұмысқа орналастыратын 14 ел (фото)

Аталмыш ұсыныстар әртүрлі елдегі көптеген адамның қызығушылығын оятты. Тұрғындар негізінен фермерлікпен айналысады, үй жануарларын бағады.

Кейбір елдер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған босқындарды қуып шыға алмай жатса, өзге елдер өздеріне жаңа тұрғындарды шақырумен әлек. Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырмандар назарына «тек осында көшіп келсең болды, сол үшін саған ақы төлейміз, үй береміз, жұмысқа орналастырамыз» дейтін әлемдегі 14 елдің тізімін ұсынады.

Шетелде тұрып, әрі сол үшін ақы алуды армандайсыз ба? Әлемде жаңа тұрғындарға қатты мұқтаж, тіпті сол үшін ақы төлеуге дайын басшылары бар елдер де бар. Оның себебі тым қарапайым. Ол елді-мекендерде тұрғындардың саны күрт азайып кеткен. Сол себепті, тұрғындардың санын арттыру мақсатында жергілікті билік басындағылар «бәске қомақты қаржы тігіп» отыр. Мұндай елдердің тізіміне Америка, Канада, Испания, Нидерланды секілді елдер де кіреді.

Детройт қаласы, Мичиган штаты, АҚШ

Детройт

«Батыстың Парижі», «АҚШ-тың автомобиль астанасы». Қаңырап бос қалудың аз-ақ алдында тұрған бұл қала ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап аталмыш атағынан айырылып қалған. Қазіргі уақытта сол бір даңқын қайтару үшін бар күшін салуда. Жергілікті билік «Детройдқа шақыру» (Challenge Detroit) деген жаңа бағдарлама ұсынды. Бағдарлама бойынша қалада тұрып, жұмыс істейтін индустрияның әртүрлі саласындағы мамандарға 2500 доллар «сыйақы» ұсынған.

Аляска, АҚШ

Аляска

Егер қысты, қыс көріністерін, баяу сырғитын өмір ағысын жақсы көріп, суық ауа-райына селт етпейтін болсаңыз, онда Аляскадағы өмір нағыз сізге арналған дей аламыз. Арнайы үкімет қоры тұрғындар саны күрт кеміп жатқан елді-мекендерге, аудандарға барып жұмыс істеймін деген мамандарға қомақты қаражат бөлген. Ең басты шарты – Аляскада кем дегенде бір жыл тұруыңыз керек.

Саскачеван провинциясы, Канада

Саскачеван

Канада провинциясы жақында ғана жоғары оқу орнын бітіріп, ары қарай не істеу керектігін білмейтін мамандарға керемет мүмкіндік ұсынып отыр. Провинцияда 7 жыл тұрамын, жұмыс істеймін деген ынталы жастарға 20 мың канада долларын төлейді.

Ниагара сарқырамасы, АҚШ

Ниагара сарқырамасы

Тағы бір шындыққа жанаспайтындай көрінетін ғажайып мүмкіндік! Әлемдегі ең әдемі жерлердің бірінде тұрып, әрі сол үшін ақы алу деген... Билік басындағылар жергілікті кәсіпорындарда жұмыс істеймін деген жоғары оқу орын түлектеріне 7 мың доллар ұсынып жатыр.

Понга, Астурия, Испания

Понго

Испанияның солтүстік-батысындағы бұл кішкентай ауыл аталмыш елдегі ең ескі елді-мекеннің бірі. Көшіп келемін деген "жаңа" тұрғындарды қызықтырып, экономиканы көтеру үшін жергілікті билік басындағылар осы ауылға көшіп келуге ниетті жас жұбайларға 3 мың евро ұсынып жатыр. Бұл деген экологиясы таза, өте әдемі жерде тұруға таптырмас мүмкіндік.

Утрехт, Нидерланды

Утрехт

Нидерланды әлемге гуманитарлы және әлеуметтік ғылымды зерттеу саласы бойынша танымал. Ендеше, әлеуметтік тәжірибенің бірімен таныстырайық: бір қалада тұратын тұрғынның бәрі $1 мың алатын болса, сіздің ойыңызша, жағдай қандай болады?

Кертис, Небраска, АҚШ.

Кертис

Қаланы көркейту үшін жергілікті билік түк те жасамайды деп әрқайсымыздың шағым айтқан кезіміз болғаны анық. Американың Кертис атты қаласы мынандай мүмкіндік ұсынды. Егер кім де кім қаланың инфрақұрылымы мен мәдениетін көркейтуге қандай да бір керемет ой ұсынса, аталмыш қаланың кез келген жерінен жер телімін тегін ала алады.

Нью-Хейвен, Коннектикут

Нью-Хейвен

Нью-Хейвен – бұл қалаға деген қызығушылықты ояту үшін құрылған мемлекеттік бағдарлама. Егер сіз осы жерден бірінші рет үй сатып алсаңыз, сізге қарызға пайызсыз $10 мың береді. Егер сол үйде бес жылдан артық тұрсаңыз, онда несиеңіз толықтай жабылады. Сонымен қатар, үйіңізді заманауи энергия үнемдегіш қызметтермен жабдықтау үшін сіз тағы да  $30 мың ала аласыз. Ал, сол үйде он жыл тұрсаңыз, қарызды қайтармай-ақ қойсаңыз да болады.

Балтимор, Мэриленд

Балтимор

Бұл Америкадағы ең  қауіпті қалалар тізімінде жетінші тұрған қала. Бірақ ол өзгергісі келеді. Сол себепті, қаланың кез келген жерінен үй сатып алып, көшіп келемін деушілерге 5 мың доллар ұсынып жатыр. Егер бұған көңіліңіз толмаса, бос тұрған тағы бір үйді сатып алу арқылы бағаны екі еселеп алсаңыз да болады. Иә, дұрыс ойладыңыз! Жөндеу жұмыстарын қажет ететін қаңырап бос тұрған үйді тегін аласыз!  

Канзас штатының үлкен аймағы

Канзас

Егер сіз Линкольн қаласына (халқы шамамен  3500 адам) көшіп барсаңыз, сізге ақы төлеуге дайын. Мысалы, үй салуға тегін жер береді. Егер Линкольн сіз үшін тым үлкен болса, 600 ғана тұрғыны бар Маркетт қаласынан жер алсаңыз да болады.  Ол аздай, 5 жылға кіріс салығынан босатыласыз немесе жоғары оқу орнындағы 15 мың доллар көлеміндегі оқу несиеңізді жауып береді.

Пайпстоун, Манитоба

Пайпстоун

Канаданың Пайпстоун қаласында жерді тегін бермейді. Бірақ ол жерде бір жылдай тұрамын десеңіз, керемет жеңілдіктер ұсынады. Одан бөлек, егер кәсіп бастағыңыз келсе қала билігі 32 мың канадалық долларға дейін (24 мың доллар) грант ұсынады.

Матсайкер аралы, Тасмания

Матсайкер аралы

Егер АҚШ пен Канада сізді шабыттандырмаса, онда Тасманияға қалай қарайсыз? Тасманияның жағалауындағы Матсайкер аралында тұрамын деушілерге жер мен жұмыс ұсынады. Қойылатын талап – шамшырақ қызметін атқару, метеорогиялық мәліметтер беріп тұру, жер мен құрылыс жұмыстарына бас-көз болу.

Мисима, Жапония

Мисима ауылы

Жалғызсыз ба? Онда сізді Жапонияның Мисима ауылы (Мисима қаласымен шатастырмау керек) күтіп жүр. Ауыл кішігірім үш аралдан тұрады. Тұрғын саны бар-жоғы 400 адам. Көбінесе, тек зейнеткерлер. Мисима жапондықтарға көшіп келуге кететін шығынды жабуға және осы ауылда тұрған алғашқы үш жылда ай сайын жәрдемақы ретінде 100 мың йен (шамамен, 840 доллар) береміз деді. Мұнда үш жатын бөлмесі бар үйді 23 мың йенге (207 доллар) жалдай аласың. Және ең соңғы көмек ол – сиыр. Бір сиырды тегін береді!  

Питкэрн аралы, Тынық мұхитының оңтүстік бөлігі

Питкэрн аралы

Егер сіз әлемдегі ең шалғайдағы аралдың бірінде тұруды армандасаңыз, онда Питкэрн аралы дәл сізге арналған! Мұнда бар-жоғы 50-ақ адам тұрады. Сол себепті, әрбір көшіп келуге ниетті жан бұл жұмақ мекеннен қалаған жерді тегін ала алады. Алайда,  өкінішке орай, 2015 жылдан бері ол жерге тек бір адам ғана көшіп барды. Бәлкім, бар гәп аптасына тек үш күн ғана ашық тұратын жалғыз дүкенде шығар? Бәрін алдын ала Жаңа Зеландиядан тапсырыс беруге тура келеді. Дегенмен, жағалау мен жалғыздық жаныңызға жақын болса, онда Сіз ол жерге көшіп барған екінші адам болуға мүмкіндігіңіз бар!

Бормида ауылы Италияның солтүстік-шығысында орналасқан

Бормида ауылы

Таулы аймақтағы Бормида ауылы Италияның солтүстік-батысындағы Савона провинциясында, Генуиден шамамен  80 шақырым жерде орын тепкен. Ауыл таудың биік жерінде, бірақ теңізге жақын маңда орналасқан. Сондықтан, ол жердің ауасы өте таза!

Бормиданың әкімі ауылына көшіп келген әр адамға 2 мың евро беремін уәде етіп отыр. Оған қоса, көшіп келгендерге асбөлмесі, жуынатын, қонақ күтетін бөлмесі, көлікжайы, жертөлесі және төрт жатын бөлмесі бар пәтерді жалға алу құны айына бар болғаны 50 евро. Ал ең қымбат түрлері ары кетсе, 120 евро болады.

Аталмыш ұсыныстар әртүрлі елдегі көптеген адамның қызығушылығын оятты. Алайда, бір кемшін тұсы бар. Ауылда жұмыс атаулы мүлдем жоқ деуге болады. Тұрғындар негізінен фермерлікпен айналысады, үй жануарларын бағады. Қысқасы, ауылсүйер қауымды бұл да тоқтата алмайды. Көпшілігі қашықтықтан-ақ жұмыс істей беруіне болады. Сондықтан, көшіп аруға ниетті жандарды ол ауылдарда Ғаламторға жоғары жылдамдықта қосылу мүмкін бе деген сауал қызықтырады.

Дереккөз: hyser.com.ua

Ұсынған: Мақпал Сембай

Мақпал Сембай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір