• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 17:04:25
Алматы
+35°

23 Қазан, 2018 Экономика

Каспий мәртебесі - қауіпсіздік кепілі

Биылға жазда Каспий жағалауы елдерінің V саммиті болып, онда ең үлкен су қоймасының мәртебесін бес ел басшылары нақты айқындады

Биылға жазда Каспий жағалауы елдерінің V саммиті болып, онда ең үлкен су қоймасының мәртебесін бес ел басшылары нақты айқындады. Бұған дейін саммит Ашхабадта (2002), Тегеранда (2007), Бакуде (2010) және Астраханьда (2014) өткен белгілі. Биылғы кездесу 2008 жылдан бері аталып өтіп келе жатқан Каспий күніне тұспа-тұс келді. Сол кезден бастап теңіздің табиғи ортасы мен экологиясын қорғау туралы халықаралық Конвенция күшіне енген. Экологиялық мәселелер заң арқылы реттелгенмен, оның саяси жағдайы сонда да шешілмей келе жатқан мәселе еді. Оған дейін қарым-қаынас Кеңес Одағы мен Иран арасында 1921 және 1940 жылдарда қол қойылған келісім бойынша реттеліп келген. Түйінді мәселе Каспий жағасында 1991 жылдан кейін 2 мемлекет орнына 5 мемлекет пайда болғаннан кейін туындап еді. Иран көп жағдайда Каспий теңізін пайдалану туралы ешқандай келісімге қол қоймай келе жатса, Түркіменстанның да көп жағдайда келіспейтін позициясы болды. Осылайша бұл бүгінгі күнге дейін басы ашық мәселе күйінде қалды.

1992 жылдан 1996 жылға дейін аталған 5 елдің Сыртқы істер министрліктері теңіздің құқықтық мәртебесін айқындаудың алғашқы кезеңін өткізді. Одан кейін шара министрлердің орынбасарлары деңгейінде көтеріліп, қарқынды жұмыстар басталды. Соның нәтижесінде 1997 жылы барлық жағалаулық елдердің ұсыныстарын елеп-ескерген Конвенцияның алғашқы жобасы пайда болды. Бірақ әр елдің ұстанымдары әр түрлі.

Иран «Каспий теңізі теңдей беске бөлініп, әр елге 20 % мөлшерінде берілуі керек» деген қағиданы ұстанды. Ресей «кондоминимум ретінде әр елге жағалаудан есептегенде 10 теңіз милі тиесілі болады да, қалған бөлік ортақ пайдалануда болады» деген пайым айтты. Әзірбайжан елі теңіз қайраңы пропорционалды түрде бөлініп, ол судың бетінде де сондай бөлініс орнағанын қалады. Қазақстан болса басынан бастап Біріккен Ұлттар ұйымының теңіз конвенциясын ұстануға шақырды. Яғни, әр елге тиесілі жағалаулық территория, балық аулау аймағы және ары қарай ортақ кеңістік болуы керек. Айта кететін басты мәселе – біздің елдің ұстанымы түптеп келгенде теңіздің мәртебесін айқындаған соңғы құжатқа арқау болып, негізге алынды.

«Каспийді көл деп танимыз ба, әлде ол теңіз болып қалады ма?» деген де сауал оны бөлініске салуда үлкен рөл атқарды. Егер теңіз ретінде қарасақ, онда БҰҰ-ның 1982 жылы қабылданған Женева теңіз құқы туралы конвенциясы басшылыққа алынады да, теңіз түбі жағалаудағы елдердің территорияларының жалғасы болып бөлінеді. Егер көл ретінде қабылданса, бес мемлекет қалай бөліске салатындарын өзара келісіп шешеді. Қарт Каспийден теңіздің де, көлдің белгілерін байқауға болғандықтан мәселенің шешімі ұзақ жылдарға созылған сияқты. Неге десеңіз, көлемі жағынан алғанда Жапон немесе Охот теңіздерімен бірдей және теңізге тән қайраңның болуы оны теңіз ретінде қабылдасақ, оған құятын өзендердің болуы және тұйық су қоймасы болғандықтан оны көл деуге әбден мүмкіндік берді. Бірақ біздің елде Каспий ықылым заманнан теңіз ретінде айтылып келеді.

Бірлесіп атқарған жұмыстар нәтижесінде Ресей және Әзірбайжан елдерінің көзқарастары біздің ұстанымға сәйкестеніп, үш ел өзара бір келісімге келе алса, Түркіменстан мен Иран нақты келісім бермеді. Бұған дейін өткен төрт саммитте келіссөздер болғанымен, ортақ шешімге келудің ауылы алыс болып жүрген еді. Ал, Қазақстан жоғарыда айтылған Ресей және Әзірбайжанмен екіжақты келісім жасау арқылы көп мәселелерді тиімді шешкен еді.

Осылайша бұл тарихи кездесуде осы аймақ үшін базалық халықаралық шарт болып табылатын Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қойылып, жоғары деңгейдегі кездесудің басты оқиғасы болды. Осы құжат негізінде жағалау маңындағы елдердің өзара іс-қимылын жан-жақты одан әрі қарқынды түрде дамытуға бағытталып, теңіздің жаңа құқықтың режимін құрады. Әңгімеге өзек болып отырған Конвенция 20 жылдан астам уақыт дайындалды десе де болады.

Енді Каспийдің түбі өзара келісім бойынша бөлініп, ондағы энергоресрустарды пайдалану мәселесі қиындық тудырмауға негіз болады. Теңіздің қойнауында болжанған 75 млрд баррел мұнай мен 13-15 трлн текше метр газ қоры бар екенін ескерсек, әр елдің экономикасына келер инвестициялар әлі де еселенері айдан анық болып отыр.

Теңіздің бетіне келсек, әр ел өз жағалауынан Каспийдің ортасына қарай 15 теңіз миліне дейінгі қашықтық сол елдің территориясы болып есептеледі. Бұдан әрі балық аулау үшін тағы 10 мильге дейін аумақ қосылады. Ал, су қоймасының қалған ортаңғы бөлігі ортақ пайдаланылмақшы.

Каспийдің тағы бір ерекше байлығы, ол бекіре тұқымдас балық қоры екендігі. Дүние жүзіндегі бұл қордың 90-95 % осы теңізде болғандықтан,  оған да аса қатты қамқорлық керек екендігі түсінікті. Бұл жердегі мұнай мен газ қоры таусылғаннан кейін Аралдың кебін киіп қалмау үшін қоршаған ортаның мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Бұл бағытта Мәскеуде 2018 жылғы 20 шілдеде арнайы қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттамаға қол қойылған.

Конвенцияға қол қойылғаннан кейін алты ай мерзімнен кешіктірмей  консультациялар өткізу туралы да шешім қабылданды. Бірінші кезекте  бастапқы желілерді белгілеу туралы келісім жобасын әзірлеу тапсырылды.

Аталған саммитте жағалау маңындағы мемлекеттердің өнеркәсіптік, сауда, энергетикалық, көліктік-логистикалық, инновациялық, туристік, ақпараттық және басқа салалардағы үкіметаралық келісімдерге қол қойылды. Осы келісімдерді жүзеге асыру мақсатында Каспий маңы мемлекеттерінің құзыретті мемлекеттік органдарының кездесулері тұрақты түрде өткізілмекші. Кәсіпкерлер мен бизнес құрылымдары арасындағы байланыстарды дамыту үшін 2019 жылы Түрікменстанда бірінші Каспий экономикалық форумын өткізу ұсынысы айтылды.

Теңіздегі оқыс оқиғалардың алдын алу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Мемлекет басшылары қауіпсіздік саласындағы мүдделерді қамтамасыз ету үшін Каспийде теңіздегі әскери қызмет саласындағы келісілген сенім шараларын әзірлеу және қабылдау керектігін айтты.

2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасауға, сондай-ақ терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес туралы, шекара ведомстволарының өзара іс-қимылы туралы хаттамаларға қол қойылуы керек.

Әскери сала бойынша әр ел теңіздегі өз территориясында қорғаныс мақсатында әскери-теңіз күштерін ұстай алады. Бірақ ортақ кеңістікте әскери  іс-қимылдар тек 5 елдің өзара келісімінен кейін ғана жасалуы тиіс. 2015 жылғы қараша айында Ресей Қарулы күштері Сирия бағытында террористік ұйымдарға қарсы бірнеше ракетаны осы Каспий теңізінен атқан болатын. Бұл осы аумақты тікелей соғысқа араластыру болып табылады. Әрине, Каспий мәртебесі анықталмаған кезде, Ресей оған ақталатын себеп-салдарды айтатын шығар. Бірақ үлкен державалық елдердің мүддесі үшін біздің елдің ондай соғысқа кірісуі аса қажетсіз дүние болып есептеледі. Осы тұрғыдан алғанда, Каспийдің қауіпсіздігі жақсы қамтамасыз етілсе, Қазақстан тұтастығы үшін ол маңызды фактор болып табылады.

Каспийдің туризмін дамыту – қай ел үшін де аса тиімді экономикалық фактор. Теңіз жағалауында туристік нышандарды халықаралық стандарттарға сай көбейтіп, өзара туристік қарым-қатынасты реттесе, ол жердің гүлденген аймақ болары сөзсіз. Өкінішке қарай, біздің елімізде облыс орталығы болып  табылатын Ақтау қаласының өзінде туризм тиісті деңгейінде емес. Сол себепті де біз үшін Каспий жағалауы елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, барыс-келісті күшейтсек, экономикаға жақсы серпін береді және мәдени дамуымызға да әсер етеді.

Саммитте Каспий теңізі бейбітшілік, келісім, тату көршілік және тиімді халықаралық ынтымақтастық теңізі болып табылатындығы ерекше атап өтілді. Яғни, бес ел басшылары бұл аймақта қандай мәселе болмасын үлкен келіспеушілік жоқ екендігін көруге болады. Түптеп келгенде, Ақтауда қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін тағы бір көтеріп, еліміз үшін саяси, экономикалық және әскери бағыттарда тек қана пайдасын тигізіп, ел қауіпсіздігі үшін тағы бір өпелі кезеңнің артта қалғанын көрсетеді.

Серікқазы Көкенай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір